Білген Шайыр айтады

Майлының Тұрлыбек датқаға айтқандары

Ел әкімдерінің бірі Тұрлыбек деген датқа бірде өз буына өзі мас болып отырып, Майлықожаға «мені жамандаңыз» депті. Қасында Шолақ молда, Сағат соқыр деген атарман-шабармандары бар екен Ақын сонда бұларға қарап былай депті:

Бірің көр, бірің шолақ, бірің бүкіш,

Ішіңде бір сауың жоқ өңкей ілкіш.

Ақ шеңгел, қара шеңгел, жиде тікен,

Ата тілін алмаған өңкей тіркіс.

 

Тұрлыбек, орыс болсаң мұжығысың

Он екі ата қоңыраттың бұзығысың.

Қарайғанның бәрінде қан қақсаттың,

Сірә, сенің болған жоқ түзу ісің.

 

Құдай саған қойыпты өкім беріп,

Қорыққаннан қопаңдаймыз к…е еріп.

Қасқырдай мейірімің жоқ, сұр жігітсің,

Бет-аузың қабаған ит секілденіп.

 

Арыстан болсаң ат бұйым, атан бұйым,

Қоңыраттың ордасы боп атанды үйің.

Басқаға қайратыңды мақұл дер ек,

Байжанға қылған ісің пақыл бұйым.

 

Сен едің қоңыраттағы ұлы салдар,

Нар да жесе жазасын бір ынсап бар.

Тынбай озған тұлпардың тап өзі едің,

Енді таты болыпсың құлын шайнар.

 

Дұшпаныңның бәрі де қирады-ай,

Қазір сені халық қорқып сыйлады-ай.

Қылып жүрген ісіңнің бәрі қыңыр,

Қисықсың иттің артқы сирағындай.

 

Заманың өрлей-өрлей өрге келді,

Есікте еш қалмадың, төрге келді.

Шолақ молда шошайып былай тұрсын,

Жамандау Сағат соқыр көрге келді.

 

Сағат ең бей сағат боп жүретұғын,

Шығымың көп, пайдаң жоқ кіретұғын.

Көзің қыдырыс, әңгі көр, сөзің нәдұрыс,

Қайдағы өшер отты үретұғын.

 

Асылбекпен жау болып есірдің көр,

Мойыныңа жүз отыз сом кесілдің көр.

Қайдағы алмайтұғын аңды аулаған,

Өзін-өзі құрытқан кесірлі көр.

 

Тартпасыз, жүгенсіз көр, айылсыз көр,

Ақылдан құры қалған пайымсыз көр.

Кейде Тұрлыбек, кей күнде Нақан дейсің,

Кімге ел, кімге жауың дайынсыз көр.

 

Тұрлыбекпен алысар бел қалмады,

Ақмақтығыңды аңламай ел қалмады.

Шарбақтағы ақырған сен көр есек,

Басыңа кебек ілер жер қалмады.

 

Ол Байжанның әкесі Тоқсап еді,

Шылымына сендей көр от сап еді.

Меніменен айтысып міз табарсың,

Бұрынғы қылған ісің оқсап еді.

 

Ол Байжанның баласы майрық еді,

Сендей көрді дарлардан айырып еді.

Кенттен келген кенелеп кеше соқыр,

Байжанға да айтасың байлық енді!

 

Тұрлыбек болысқа

Қанай датқаның баласы Тұрлыбек болыс ауырып жатып, Майлықожадан «Менің халім нашар, оңалсам қандай болады, оңалмасам қандай болады?» деп сұрапты.  Сонда ақын:

Оңалсаң – таң бозарып атқандайсың,

Оңалмасаң – ай  күйіп батқандайсың.

Шошыды қырда дулат, ойда қоңырат,

Тоғайда бір жолбарыс жатқандайсың, – деген екен.

 

Тағы да Тұрлыбекке

Ту сыртыңнан қарасам,

Жайылған тырна сырттанған.

Қарсы алдыңнан қарасам,

Мұжық, орыс мұрттанған.

Бір қырыңнан қарасам,

Қырыққан серке бұттанған.

Қасқырдан туған қасқырсың,

Зұлымдықпен жұртты алға.

Момын елді қорқытып,

Аттана шаптың шыққаннан.

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған