Жарық нұрдың сәулесі

Нарбай батыр

Нарбай батыр Қожжан қожаның шөбересі, үшінші ұрпағы Заман ақынның немересі. Заманның баласы Ханқожаның баласы. Қызылорда облысындағы Сырдария ауданы 3-ауыл, қазіргі Амангелді  ауылында дүниеге келген. Бұл кісі алып күштің егесі, жүрегінің түгі бар батыр  болған.  Соғыстың бес қаруын өте жақсы меңгерген. Ат үстінде шуаып келе жатып, астынан айналып, екі жағынан шығып атқа қайта қонатын болған. Жылдамдығы сондай, бірде «Жетікөлдің» ішінде «Шошқакөл» деген көлден қайық үстінен аспандағы құсты атып, бір мезгілде судан балықты шаншып, екеуін де қайыққа түсіріпті дейді.

Бұл кісіні Кенесары мен Наурызбай іздеп, шамасы 1840-1846 жылдар арасында осы күнгі балық өсіріп жатқан (тоғандап балық өсіру шаруашылығы) жердегі  Сайыпназар ахун мешітіне келген. Наурызбай жақ (садақ) Нарбаймен жарысқа түсіп, сынасыпты. Қазіргі «Бірқазан»   стансасының  тұсындағы «Қасым түбіндегінде»  сайыс былай болыпты. Кең жазық жайлауда кетпенді  көз ұшына көміп, сабына Наурызбай батыр өзінің «тайжақты» тақиясын  кигізіп қояды. Тақияның жиек тігісінен  оқты өткізіп, екінші жиек тігісінен өткізу шарт болған. Бірінші Наурызбай батыр атқан. Оқ тақияны алып ұшып, арғы жағындағы 70-80 метрдей жерге ұшып барып қадалған.

Тақияны кетпенге қайта кигізіп, Нарбай батыр атқанда, тақия қозғалмай орнында қалған. Наурызбай Нарбайдың қолын алып: «Сенің қол күшің жойқын екен. Тақия оқты сезбей де қалды, нағыз қол мерген екенсің» депті.

Кенесары мен Наурызбай арнаулы үйге бет алып, батырларымен бірге орналасыпты. Сонда садақ атысқан жерден қара көрім жерге Нарбай өзі мініп келген түйесін көтеріп барыпты. Наурызбай мұның не дегенге: «Сізге бел күшімді білдіргенім» деген екен. Ертеңгісін төрелерді жолбарыс алдыруға апарып,  өзі қалың қамысқа кірген жолбарыстың артынан жалғыз кетіпті.  Түсте жолбарыстың терісін  әкеліп Кенесарыға сыйға тартқан. Сонда Кенесары: «Нарбай бауырым, жүректі және білекті екенсің»деп риза болыпты.  Нарбай батыр Наурызбаймен  сайысқа түсіп, сынасқанда  жас 19-да, Наурызбаймен құрдас болып шығыпты.

 

Шайдарбек қажы Әшімұлының «Өткен әзиз әулиелер» жинағынан

суретті түсірген Сұлтан Сейіт

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button