Білген Шайыр айтады

 Мархаба, Я, Рамазан

Ардақты ағайын алдымызда Исламның бір күрделі парызы Рамазан-Оразасы келе жатыр. Алла тағала бендесіне өзі мархамат етіп берген нығматы Ораза. Ораза тұтып ләпсі әуресінен шығып, өз болмысыңызды өз айтқаныңызға көндіріңіз. Өткендегі күналарыңызды шын жалынып жыласаңыз кешеді.Тек кісі ақысы болмаса болды. Кісі ақысы бар болса арнайы барып кешірім сұрап, ақысын қайтарыңыз. Рамазан тек қана Сіздің мәртебеңіз үшін түсірілген парыз екенін мойындайтын уақыт келді.

  Мархаба, Я, Рамазан

Бұл өлеңмен жазылған жар рамазан, (Қасиетті Рамазан келді деп жар салу) дұға, тілекті жазушы Текес жерінде өмір сүрген Кәрібоз Қаңтарұлы деген азамат. Ел арасында аты недәуір белгілі болыпты. Бірақ өз бетінше талпынып кітап бастыруға шақты келмеген, болмаса жолын таппаған сыңайлы. Сондықтан бұл кітапты Жүсіпбекқожаға жіберген. Жүсіпбекқожа кітап бастырудың қыры мен сырын меңгерген азамат. Кітаптың қатесін түзетіп Қазан қаласынан 1912-жылы бастырып шығарған. Алғашқы бетінде Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы деген сөз бен кітап Жүсіпбектің атына таңылып кеткен. Ыстық суығына шыдап бастырған азаматтың еңбегін бағалап бізде Жүсіпбектің қорына қостық. Кәрібоз Қаңтарұлының атына еш қандай кінарат түскен жоқ.

  ЖарРамазан – Ұлық Рамазан айы келді, дайындалыңыздар Ораза тұтыңыздар деп жар салу. Жаррамазан-кей жерде Жарапазан деп атайды

Бисмилла ар рахман, йа рахым,

Алланың атын айтып көп, көп сыйын.

Ораза ұстап, пітірін бермей қойсаң,

Тәңірім қазы болғанда болар қиын.

 

Ай, жарандар мына дүние өтер әман,

Мұхаммад үмбетіңе Шахри рамазан.

 

Ұлығы он екі айдың Рамазан,

Мазхабында айтыпты Имам Ағзам.

Бұл айдың құрметіне кешіледі,

Он бір айдың ішінде қылған жазаң.

 

Ай, жарандар үміт қылсаң хур мен ғылман,

Мұхаммад үмбетің шахри Рамазан.

 

Ораза он екі айдың шам шырағы,

Құрмет қылған адамның артық бағы.

Бұл айдың құрметіне бір ат берсең,

Ұжмақтың беріледі мың пырағы.

 

Құрмет қыл оразаны болмай надан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Бұл айда күндіз ашпа,түнде ұйықтама,

Садақаны көп қылғын келсе шама.

Бұл айдың құрметіне шығын берсең,

Ұжмақта беріледі бір мың жама.

 

Ай, жарандар Арахим, Алла Рахман,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Ораза он екі айдың падишасы,

Бұл айда қабыл болар көздің жасы.

Шахадат, махрифат, рахмат,

Он-оннан бөлінеді әр қысасы.

 

Ай, жарандар ғибадат қыл келсе шамаң

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Ораза он екі айдың сұлтаны екен,

Алланың осылайша парманы екен.

Бұл жалғанда қадырын білмей қалсаң,

Таңла машхар болғанда арман екен.

Ай жарандар тамұқтан болсаң аман,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Ораза он бір айдың қожасы екен,

Бұл риза болса, Алла ризасы екен.

Ішінде он бір айдың күнә қылса,

Кешпекке осы айда уағдасы екен.

 

Ай, жарандар пәруәз етсін бір шыбын жан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Ораза он бір айдың мырзасы екен,

Иман менен намаздың сырласы екен.

Оразаның қадырын білгендердің,

Тар лақатта иманы жолдасы екен.

 

Бірадарлар жар болар бір күн анаң,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Ораза он екі айдың сардары екен,

Иман, намаз, зекеттің жарлары екен.

Қадырын осы күннің білмегенге,

Таңла машқар күнінде арман екен.

 

Бірадарлар пайда бермес ол күнде арман,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Ораза он екі айдың сайды екен,

Өлгендер оразада шәйіт екен.

Тәубе қылсаң күнаһің кешіледі,

Ұлық күн оразаның айты екен.

 

Бірадарлар саһар тұрып айтқын азан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Ораза айы келсе қуаныңыз,

Шат болар қуансаңыз иманыңыз.

Садақа, пітір, зекет ыхсан қылып,

Бұйырған осылайша имамыңыз.

 

Бірадарлар қадыр Алла болсын панаң,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Ораза айы келсе қуаныңыз,

Бұл айда іш он бір ай жиғаныңыз.

Күндіз ішпей, кешінде тілауат қыл,

Қабыл болар оқыған құраныңыз.

 

Бірадарлар жаннат үміт болса сеннен,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Ораза бес парыздың біреуі екен,

Ислам дінінің ораза тіреуі екен.

Алланың дәргейінде сүйікті айы,

Иман менен намаздың сүйеуі екен.

 

Ай жарандар, қуанышпен әзірленсең,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Айында оразаның шайтан жүрмес,

Өлген жан оразада тамұқ көрмес.

Құрмет қыл оразаны өлгеніңше,

Өлгендер Бұл дүниеге қайта келмес.

 

Бірадарлар дәйім айтқын, Ханнан-маннан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Қай кезде ораза айы келсе егер,

Бұйырар періштеге пәруәрдігер.

«Шайтанды ұстап шынжырлап аяқ қолын,

Түбіне һауияның қазір жібер».

 

Бірадарлар Бұл айда қыл қайыр, ықсан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Айында оразаның шайтан қашар,

Есігін сегіз пейіш Мәулім ашар.

Ораза ұстап пітірін бермей қалса,

Аспанға шыға алмастан болар нашар.

 

Бірадарлар бес парызды қылғын тамам,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Пітір тамам уәжіп малы барға,

Зекетке халі келген малы барға.

Қатын, бала, қызметкер малайға да,

Неше бас бір үйдегі жаны барға.

 

 

Ай, назымшы қалдырма білген заман

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Бидай болса бес қадақ бір адамға,

Арпа болса он қадақ әр бір жанға.

Ақша болса сол бидай бағасын бер,

Аз нәрсе үшін сауабтан құры қалма.

 

Ая хатып, жазып бақ жетпей қазаң,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Пітірің оразаға қанат екен,

Құрмет қылсаң орының жаннат екен.

Алланың сүйген айын құрмет қылған,

Отынан жеті дозақ азат екен.

 

Ай жарандар кешіледі қылған жазаң,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Ораза ғарышқа барып қонады екен,

Разы болса көңілі толады екен.

Аллаға арыз айтып, қабыл болып,

Шапағат тұтушыға қылады екен.

 

Бірадарлар сол күнде болма жаман,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Хазретке барып арыз қылады екен,

Тілегі сонда қабыл болады екен.

Қадырын түгел қылып, бермей қойсаң,

Ұша алмай жер бетінде қалады екен.

 

Ай, жарандар сақыт қыл болмай аман,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Ораза ұша алмаса зарлайды екен,

Қанаттылар шақырып шарлайды екен.

Қанатсыз боп ұша алмай қарғайды екен,

Сауабы оразаның болмайды екен.

 

Ай, жарандар сақтасын содан аман,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Пітірін оразаның ұмытпай бер,

Айттан бұрын сақыт қыл, тыңлаған ер.

Пітірің оразаға екен қанат,

Пітір мен қабыл етер пәруәрдігер.

 

Бірадарлар қапыл қалма келсе шамаң,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Ұмытқан бір пітірді Хазрет Омар,

Бір құл азат етіпті кейін дәр хал.

Пітірді ұмытыппын иә Расул,

Бір Құл азат қылдым деп айтқан сол яр.

 

Ай жарандар осы сөз емес жалған,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Расул айтты қалайша болдың ғапыл,

Пітірді қалдырғаның болмас мақұл.

Жүз құл азат етсеңде таппассың деп,

Пайғамбарым Омарға айтқан нақыл.

 

Бірадарлар пайда етпес кейінгі арман,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Пітірден ғапыл болма бірадарлар,

Бір құл азат етіп таппапты хазреті Омар.

Аз нәрсе үшін сауабтан құр қалма,

Ыбырат ал Бұл сөзден мұсылмандар.

 

Ай жарандар ұмытпасын еш бір ынсан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Сүпі садық шыққан соң тағам татпа,

Құл болсаң Мұстафа айтқан шариғатқа.

Оразаны құрмет қыл тіке тұрып,

Бес күндік дүние үшін дінің сатпа.

 

Ай жарандар ұйықтама атқан соң таң,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Оразада ішпе, жеме, қылма жымағ,

Тағадатқа кеше, күндіз қылғын талап.

Оразаның құрметін таза сақта,

Ғашық дүр сондай жанға сегіз жұмақ.

 

Бірадарлар ешкім қалмас жақсы жаман,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Оразада түседі періштелер,

Келтірер жер жүзіне пәруәрдігер.

Ораза кімге разы, кімге наразы,

Періштелер Аллаға хабар берер.

 

Ай, жарандар жаратқан болсын панаң,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Мәулім айтар; періше болғын куә,

Ораза риза болғанға мен риза.

Ораза риза болмаса, мен риза емес,

Махшарда осы пенде болар расуа.

 

Ай жарандар, сол күннен қорыққын шындан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Оразада жаман сөз тіліңе алма,

Алланы сүйгін сіре ғапыл қалма.

Ғайбаттан тілің сақта, жаманнан көз,

Алланың ұлық күні асы болма.

 

Бірадарлар дәйім айтқын Ханнан-маннан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Қас қылып оразаны сындырмаңыз,

Шайтанға иманыңды ордырмаңыз.

Алланың ұлық айы асы болып,

Құлындай тар лақатта шыңғырмаңыз.

 

Бірадарлар сақтасын сонан жанан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Оразаны қалыстан бір күн қаза қылса,

Кафарат бергін азат риза қылса.

Болмаса алпыс ашқа тағам берер,

Болмаса алпыс күн оразасын ада қылса.

 

Бірадарлар момынға бермесін ондай заман,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Егерде зәру болып сынса бір күн,

Бір күнге ораза ұстар кейін бір күн.

Бір күндік бір күнмен ада болар,

Шариғаттың әмірін тұтсын әркім.

 

Бірадарлар Бұл сөзді оқы әмән,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Оразада түседі Қадыр кеше,

Періштелер ап келер әлде неше.

Он бесі, жиырма екісі, жиырма жеті,

Бұрында жолықтырар момын неше.

 

Ай, жарандар үміт еткін мұны шындан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Мәмілеге келіпті ғұламалар,

Отыз күн тіке тұрған сахабалар.

Отыз күннің бірінде жолықтырған,

Түн ұйқысын арам қып өзіне олар.

 

Ай жарандар сізде қыл ұйқыны арам,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Отыз күн түн ұйқысын арам қылған,

Бірінде отыз күннің жолықтырған.

Бағзылар басқа айдада жалғастырып,

Алла тағала бендеден таса қылған.

 

Ай жарандар Сізде қыл әр түн арам,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Ол кешеде аспанда Бұлыт болмас,

Самалда жоқ,жұлдыздар бейне атлас.

Суларда тәтті болар сол кешеде,

Осылайша рауаят етіпті,бәс.

 

Ай хатып,қалдырмай жаз білсең тамам,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Кар болмас сол кешені тапқан адам,

Тауыпты ұйқы көрмей бағзы ынсан.

Бұл күнде ол кешені тапқан қайда,

Халықтың болып кетті көбі надан.

 

Бірадарлар Сіздерде болма надан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Хазреті Муса шығыпты Тур тауына,

Сонда тұрып сөйлескен субханына.

Рузадар боп лебі сасық екен,

Саяқ боп су іздеді жан жағына.

 

Бірадарлар Бұл сөзді оқы болма алаң,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Алладан сол уақытта болды хабар,

Суды неге іздедің Я пайғамбар.

Муса айтты рузадармын лебім сасық,

Шаймақ боп су іздедім, Қадыр Жаппар.

 

Ай, жарандар не айтар енді ханан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Мәулім айтты; Я Муса сөзіме бақ,

Каламулла құлымсың, пайғамбар Хақ.

Рузадар боп сасыған қалың лептер,

Дәргейімде жұпардан артығырақ.

 

Ай жарандар солай деген Қадыр Ағзам,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Оразада қасиет Анша жасар,

Мусаға солай айтқан Қадыр Жаппар.

Оразаның сауабы әзір шындан,

Ғапыл қалма сауаптан мұсылмандар.

 

Бірадарлар қуаныш ізде қазір шындан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Оразада берекет жерге түсер,

Періштелер есебі жоқ бірге түсер.

Оразада ықласпен Алла десең,

Бір зейнетті құс болып аспанға ұшар.

 

Бірадарлар махшарда болғай панаң,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Осы құс ғарышқа барып қонады-мыс,

Қыямет-қайымғаша тұрады мыс.

Алла атын түні-күндіз зікір қылады-мыс,

Сауабы айтқан жанға болады-мыс.

 

Ай, жарандар дәйім айт «Кәрім Ханнан»,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Сауабын оразаның Алла білер,

Әжірін тұтқан халыққа Мәулім берер.

Оразада бір қысым қайыр берсең,

Мизамда Қап тауындай ауыр келер.

 

Ай, жарандар садақа қыл келсе шамаң,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Оразада намаз Алла парыз ерміс,

Кім ада қыла алмаса қарыз ерміс.

Ораза хақы садақа бір нан берсең,

Мизамда Қап тауындай ауыр ерміс.

 

Ай жарандар ораза үшін қылғын ыхсан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Оразада қанша сауап берген тағам,

Ораза үшін қылыңдар хайыр-ыхсан.

Біреуі үшін он мыңнан артық сауап,

Махшарда қуанарсың әзір шындан.

 

Ай, жарандар оразада берген бір нан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Оразада зекетті қылса ада,

Екі парыз қабатынан болса жүдә.

Сауабы артық депті ол Мустафа,

Дәргейінде қабыл етер Қадыр Худа.

 

Бірадарлар сіздерде қыл тән менен жан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Оразаның рауаяты шыннан әзір,

Оразаның отыз күні, күнде базар.

Ораза риза болғанға мен риза деп,

Мәулім уағда қылған мыс руза махшар.

 

Бірадарлар осы күні тәнде тұр жан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Оразаның әр қасиеті бір-бір кітап,

Бәрін тамам жазуға ешкімде келмейді шақ.

Құран атты кітаптан айттым дауат,

Шаһар рамазан айында қылғын Хатаб.

Ай Кәрібоз біліп жаз айтпай жалған,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Араб, парсы сауатым жоқ мен бір ғайып,

Алты ай оқып кете бердім сауат танып.

Ұстазымда өзіміздің қазақ еді,

Оқымаған адам еді шаһар барып.

 

Бірадарлар қазақ халқында көп дүр надан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Бірінші иман, екінші салат екен,

Үшінші саум, төртінші зекет екен.

Хаж қылмақ күші жетсе бес парызды,

Тамам қылған сурақтан азат екен.

 

Бірадарлар осы іске болғын кәриан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Оразаны күткен жанға жаннат ғашық,

Шығады Һүр мен ғылман жауһар шашып.

Бұрынғы пайғамбардың үмметіне,

Он бір ай ораза екен бір ай ғашық.

 

Барадарлар салауат айт пайғамбардан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Мұхамад достысынан бір ай алған,

Үмматының қамын жеп сұрап алған.

Сауабын он бір айдан кемітпеген,

Сол бір айын күте алмаймыз дүние жалған.

 

Сол Ғали саийдина Хақ пайғамбар,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Мұхаммад үмбетінің қамын жеген,

Үмметінің жүгін жеңіл қылғын деген.

Мұхаммад бес уақыт намаз алған,

Бұрын намаз уақыты елу екен.

 

Бірадарлар салауат айт пайғамбар ан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Елу менен бес уақыт сауабы бір,

Достынан сурап алған Хақ Расул.

Сауабын кемітпе деп  тілек қылған,

Алла тағала тілегін қылған қабыл.

 

Ай, жарандар қамқорың пайғамбар ан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Өзге нәби Бұл дүниеде тілек алған,

Алладан не қажетін тілеп алған.

Мұхаммад Бұл дүниені тілек қылмай,

Үмматы үшін ақыретті қара қылған.

 

Бірадарлар сондай қылған ата, анаң,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Достына Хақ расулым қылған арыз,

Мехражда бес уақыт намаз болған парыз,

Мұхаммадке не көрсеттік асы үммат,

Үммат үшін сұрамаған ұлын жалғыз.

 

Сало Ғали саийдина пайғамбар ан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Жаны шығар кезінде үммат деген,

Үммат үшін жалғыз ұлын тілемеген.

Ата анасы һауияда жылап тұрған,

Шапағат қыл Я Мұхаммад перзент деген.

 

Бірадарлар қамқорың дүр ақыр заман,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Ата-анасын көріп сонда болды ғам-күн,

Мехраждың  кешесінде еді сол түн.

Ата-анасын көріп сонда расм айлап,

Алладан сұрайын деді болса мүмкін.

 

Сало Ғали саийидина пайғамбар ан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Мауламнан сол уақытта хтаб болды,

Жабрейіл перште арқылы хабар келді.

Я-үмматың, Я ата-анаң тіле достым,

Екі тілек бір көңілге сыймас деді.

 

Бірадарлар осы іске болғын кариян

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Расул айтты ата-анамды кештім деді,

Ата-анасы шахадат айтып зар жылады.

Ата-анам перзентімнен тамам кештім,

Үмматыма рахым қыл достым деді.

 

Ай жарандар салауат айт пайғамбар ан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Үмматыңа дозақ арам қылдым деді,

Райхан атты бостандарды бердім деді.

Сізге үммат болса олар маған қадыр,

Сегіз жаннат үмматыңның орны деді.

 

Бірадарлар осы іске болғын шадман,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Жабрайілге әмір қылды изім Жаббар,

Ата-ана разлық алды сонда бейшар.

Дұшпанының орнын көрді достым Ахмад,

Момындардың орнын көрсін жаннатқа апар.

 

Бірадарлар Қадыр, Құдрет, Рахым Маулан

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Мұхаммадтың мойнын құшып балам деді,

Атаң менен жылап тұрмыз анаң деді.

Мұхаммадтың қамкін болып жасы ақты,

Маулам парман қылғанан соң қала берді.

 

Әр не әмір қадыр, құдрет, изім, сұбхан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Мұхаммадтың көзінен жасы келді,

Атаң менен жылап тұрмыз анаң деді.

Дозақ ішінде қалмасын достым жасы,

Маулам парман қылғанан соң қала берді.

 

Алла тағала Жабрейілге әмір етті,

Маулам парман қылғанан соң қала берді.

 

Мұхаммадтың көзінен жасы келді,

Алла тағала Жабрейілге әмір етті,

Дозақ ішінде қалмасын достым жасы,

Түсірместен жасын тосып алғын деді.

Бірадарлар Маулам парман қылған заман,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Жабрайіл расул жасын тосып алды,

Расулды сол сәт бастап жаннат барды.

Рзуанға әмір болып есік ашып,

Жаннатты Жабрайылмен аралады.

 

Әуелінен жазылған ұлық қадам,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Алла тағала Жабрейілге әмір қылды,

Жаннатқа Мұхаммадты бастап келді.

Достының жасын маулам құрмет қылып,

Өзінің әмірі мен сарай қылды.

 

Бірадарлар Алла тағала қылса парман,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Мұхаммад жаннат ішін аралады,

Жаннаттың тамашасы бек жарады.

Көз жасынан біна болған үйін көріп,

Бұл үй кімнің мақамы деп сұрапты.

 

Бірадарлар құдіретке болғын пәруан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Жабрейіл жауап қылды пайғамбар-ан,

Бұл Сіздің көз жасыңнан біна болған.

Алла Тағала әмірі мен сарай етті,

Бұл Сіздің мақамың дүр, ата-анаң.

 

Бірадарлар ғажайып дүр, құдірет субхан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Кейін Сіздің үмматыңнан бір шығар,

Алланың әмірінде, дінге ыхтияр.

Аты оның Баязит Бастамидүр,

Ата-анаңа шапағат сол ер қылар.

 

Бірадарлар қуаныш пен әзір шынан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Аллаға кеші-күндіз зарын қылар,

Ата-анаңның күнасын тілеп алар.

Алла тағала тілегін мақбұл қылып,

Ата-анаңның мақамы сол үй болар.

 

Ай, Кәрібоз сенде қуан әзір шыннан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Мұхаммад муны есітіп болды шадман,

Жаратқанға шүкір қылды, әзір шыннан.

Не берсеңде разымын Кәрім Ханнан,

Бар ыхтияр саған ғой, Рахым Маулан.

 

Бірадарлар құрмет қыл сенде қуан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Он сегіз мың әлем пақры ол Мұхаммад,

Шыннан қыл ғапыл болмай асы үммат.

Бұл күнде оның әмрін тұтпай қойсаң,

Махшар күні пайда емес, қайғы,  қасірет.

 

Бірадарлар шапағатшың ақыр заман,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Алла тағала Мұхаммадтың нұрын қылған,

Әлемнен он сегіз мың бұрын қылған.

Өзінің сүйіп қылған жалғыз досты,

Меке мен Мадинадан орын қылған.

 

Бірадарлар салауат айт пайғамбар-ан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Маула тағала Мұхаммадтың түрін қылған,

Әлемнен он сегіз мың бұрын қылған.

Ол нұрға Рахмет пен назар салып,

Періште төрт махрап құлын қылған.

 

Сало ғали саийдина Расул-ан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Алла тағала алғашқы нұр жаратқан,

Түбіне дарияның нұр көп жыл жатқан.

Иманан, нұрдан алып көп жаратқан,

Жүз жиырма төрт мың пайғамбарға жан жаратқан.

 

Бірадарлар достың нұрын Раһым Мәулам,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

Он сегіз мың әлемнен жақын қылған,

Нұрын әуел, өзін заман ақыр қылған.

Лаулак лама, халхат ал-фалак деген Худа,

Дәргейінде қылған ісін мақбұл қылған.

 

Бірадарлар пайғамбардың хақы Хасбби,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Мұхаммадқа хабар қылған құдрет Кәрім,

Сенің үшін жараттым мен әлем, бәрін.

Сен болмасаң әлем бірін халқ етпес ем,

Уағда қылдым, достым сырға Хақ дидарым.

 

Бірадарлар осы Сіздің пайғамбарың,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Алла тағала достысына төрт яр берген,

Абу Бакр, Омар, Оспан, Шаһимардан.

Дәрежесі бір-бірінен кем болмаған,

Он сегіз мың сахаба соңына ерген.

 

Бірадарлар шапағатшың шаһар яран,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Абу Бакр пайғамбарға бірінші яр,

Екінші яр болыпты хазрет Омар.

Үшінші хазрет Оспан, зуннұр айн,

Төртінші шері Худа Али айдар.

 

Бірадар төртеуіде шари ярлар,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Пайғамбарға төртеуіде жолдас еміс,

Төртеуісіз маслихат болмас еміс.

Бұл дүние, ол дүниеде айрылмапты.

Пайғамбарсыз жаннатта да турмас еміс.

 

Кәрібоз мадақ айла шаһар яран,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Махшарда Пайғамбарда берер жауап,

Төртінің төрт жолға бар, тұрғын қарап.

Жаннат, дозақ таразы екен, сырат көпір,

Умматты құтқаруға қылғын талап.

 

Бірадарлар шапағатшың шаһар яран,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Төртеуі төрт жолға кеп турар еміс,

Біздер үшін көп жапа көрер еміс.

Алланың әзіз қылған бенделері,

Шапағат біз ғарыпке қылады еміс.

 

Ай жарандар қамқорың дүр шаһар яран,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Төртеуіде Алланың сүйген құлы,

Сүйеніш, Хақ пайғамбар Расулы.

Дәрежесі пайғамбарлар дәрежесі,

Күнәһар артық кем деп тисе тілі.

 

Сыддық, Омар пайғамбарға қызын берген,

Пайғамбарға қарсы айтпаған, тіліне ерген.

Екеуі пайғамбардың қызын алған,

Хазрет Оспан, хазрет Али шаһимардан.

 

Ай, жарандар қамқорың дүр шаһар яран,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Али шері Фатиманың күйеуі екен,

Ислам дінінің шері арыстан тіреуі екен.

Хасан менен Хусайын екеуі немересі,

Сүйікті пайғамбардың жиені екен.

 

Ислам дінінің төрт тіреу шаһар яран,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Хасан мене Хусайынды сүйген Худа,

Екеуіде шын сүйікті шаһизада.

Хасанға заһар беріп өлтіріпті,

Хусайын шаһид болған Кербалада.

 

Бірадарлар матам тұтқын оны шындан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Хусайын шаһид болған Кербалада,

Нан таба алмай, су ішпей сол далада.

Әр кім менің өліміме қам күн болса,

Шапағат қылармын деп қылды уағда.

 

Бірадарлар шапағатшың, шаһизадаң,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Тағдыры Кербалада жеткен еміс,

Қырылып жолдастары біткен еміс.

Зейнул Абдинді қасына шақырып ап,

Хусайын өз лебізін айтқан еміс.

 

Ай, жарандар не деп айтқан шаһизадаң,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Хусайын сонда айтқан перзентіне,

Сәлемде Мұхаммадтың үмбетіне.

Нан сурамай, су ішпей шаһид болған,

Әр кім менің қам-кін болсын қастеріме.

 

Аза тутып, қам-кін болғын перзенті Адам,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Қыямет күн қазы болар Қадыр Худа,

Халайықтар бір-бірінен болар жүда.

Шапағат сол уақытта қылармын деп,

Уәде қылған екен Шаһизада.

 

Ай Кәрібоз, аза тутқын оны шындан,

Мұхаммад үмбетіңе шахри Рамазан.

 

Қиямет күн қанды тоның киер еміс,

Астына зулжанағын мінер еміс,

Кербалада Шаһид болған порымында,

Дад! Алла деп келер еміс.

 

Аллаға келіп, арыз қылар еміс,

Машқар халқы тітіреп тұрар еміс.

Пайғамбардың сүйікті перзентісің,

Не тілегің бар болса сұра дерміс.

 

Хусайн айтар айырмыш Жаббар кәрім,

Жарылқағын Кербалада жолдастарым.

Мен үшін әр кім төксе көз жастарын,

Бағышта деп айтар еміс соның бәрін.

 

Құдайым тілегіңді бердім дер міс,

Жәбрейілді Хусайынға ергін дер міс.

 

Хусайынның шапағат қылғандарын,

Сұрақ-жауап Хусайынға бергін дер міс

Хусайын үшін қамкөңіл болған адам болса,

Жауап алып жаннатқа кіргіз дер міс.

 

Мұсылмандар қайғырғын ондай жанға,

Әзіз қылған бендесін Қадыр Худа.

Хусайынға аза тұтып қайғырыңыз,

Арасатта шапағаттан құры қалма.

 

Ай, Кәрібоз көп жазуға сенде жоқ хал,

Жаза берсең білгеніңді сенде ықтияр.

Кәрібоз нәслің қазақ затың Албан,

Руың пәрмен менен қадыр шалған.

 

Атаң қажы, әкең Қаңтар бек боп өткен,

Сөз қалса сен ғарыптен хатқа салған.

Артыңда кітап болып сөзің қалса,

Отыздың жетеуіне келді жасың.

 

Хата болса пендемін сөкпеңіздер,

Оқығандар сөзіңнен тәлім алсын.

Облысың Убрынски жерің Текес,

Үш Қарқара жайлауың, жерге көпес.

 

Жаркент ішкі оязы қарағаның,

Шекара хатамынан жерің Шынтас.

 

Нарын тал ушаскесі тұрған жерің,

Темірлік деген су екен туған жерің.

Атымды атап дұға қыл оқығандар,

Мен ғарып дуаңыздан үміткермін.

 

Аулың сенің Жетісу музафаты,

Қаңтар болыс,Әжіғұл әкең аты.

Өнерім бекер босқа кетпесін деп,

Бейшара Кәрібоздың жазған хаты.

 

Жазылды осы үшбу хатым Барыс жылы,

Наурыздың болып еді нақ он бірі.

Числаның мың тоғыз жүз екісінде,

Жетінші Февральда болған жері.

 

Бұл сөзді бастырғышқа дұғай сәлем,

Қатесі болса түзегін білген адам.

Алла хақы Бұл сөзді бастырғандар,

Абыройын табыңыз екі ғалам.

 

Баспаға бұрын кітап жібермедім,

Бірер кітап жіберсем білер едім.

Баспа боп осы кітап шығып келсе,

Және кітап жазуды тілер едім.

 

Бұл сөзім шығып келсе баспа болып,

Сөзімді бастырсаңыз көңіл толып,

Тұрармыз кеше-күндіз дұғаңызда,

Болмасын жазған сөзім құры жорық.

 

Жазарға Бұл қыссаны келді кезім,

Құдая-бұзылмасын қозған төзім.

Дүние үшін жазбадым бұл қыссаны,

Әлемге мәшһүр болсын жазған сөзім.

 

Баспаның білмеуші едім еш мәнісін,

Бұл сөзді бастырыңыз Құдай үшін.

Баспа боп осы сөзім шығып келсе,

Және де сөз жазармын неше қысым.

 

Кәрібоз ата-анасын түзгін іле,

Тарқасын әр бенденің іште шері.

Оқығандар дуадан үміткермін,

Тамам боп Бұл сөзімнің болған жері.

 

Кітаптың Қазан қаласында басылған нұсқасы Қ.Р Ұлттық кітапханасының сирек қолжазбалар қорынан алынды.

Дайындаған Сейітомар Саттарұлы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу