Жарық нұрдың сәулесі

Бұл дүниенің биігінен көрінген

Біз үшін асқар тауымыз болған асыл әкеміз жанымызда жүргенде өмірден өтпейтіндей көрінген екен…

«Қамшының сабындай қысқа өмір» деген сөздің мағынасына онша мән бермейтін едім. Өмірдегі жақын адамдардан лезде айрылып қалатыныңды қаперге де алмай жүреді екенбіз. Бір сәтте көз жазып қалғанда ғана, енді қайтіп келмейтінін түсінеді екенсің…

Мен үлкен үйде, тәтем мен мамамның (атам мен әжемнің) жанында өстім. Тәтем «Ауданбайдың абыройы үшін бүкіл Облпотребсоюздың жаман атқа ілікпегенін тілеймін» деп, баласының абыройын үнемі дұғасына қосып, тілеп отыратын еді. Ағатайым ұзақ жылдар аудандық және облыстық деңгейлерде жауапты қызметтер атқарғанда ешқашан билікке де, байлыққа да қызықпаған адам. Қызмет бабымен өз заманының алдыңғы қатарлы озық ойлы адамдарымен үзеңгілес болып, жауапты қызметтерде жүргенде алдымен елдің мүддесін қорғап, халықтың жағдайын жасауға баса назар аударды, елдің алғысын алды.

Өмірдің мәнін түсінген адамға уақытша атақ-даңқтың қажеті шамалы екенін жүрегімен ұғынып, қолындағы билік пен мансапты өз пайдасына жаратқан емес. Әкеміз өзінің адал еңбегімен, терең білімімен ел алдында әрқашан абыройлы болды.

Ағатайымды туған-туыстар мен ағайындар құрметтеп, сыйлады, ол кісі бір отбасының ғана қамқоршысы мен ақылшысы емес, тұтас Қожа әулетінің ел ағасы болып еді. Бүкіл ағайын-туысты түгендеп, өзімен бірге туысқан апасы мен інісін, қарындастарын, олардың балаларының жағдайын үнемі сұрастырып, біліп отыратын. Жақын-жуықтың бәріне де қолынан келген көмегін аямай, «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» пана болды. Жезқазғанда тұрған кезімізде үйімізде ауылдағы туған-туысқандардың қыздары – абитуриент және студент қыздар жатып оқитын. Әке-шешеміз солардың бәріне қамқоршы, бас-көз болды. Бауырларының балалары біздің үйімізге келін түсіріп, біздің үйден тұрмысқа кеткендері де бар.

Ағатайым бізге материалдық дүние емес, рухани байлық туралы, ар, ұят, адамгершілік туралы айтқанды жақсы көретін. Өзі жауапкершілігі жоғары қызметте жүргенде әкесінің өзіне «балам, мені сатсаң да, үкіметтің мүлкіне қол сұқпа, ешкімге қиянат жасама!» деп айтқан сөзін біздерге – балалары мен немерелеріне үнемі айтып отыратын еді.

Атақты ислам ғұламасы, «Ілімнің қақпасы» атанған  Әзіреті Әлидің «Білім артық па, байлық артық па?» деген сұраққа білімнің артықшылығы туралы берген 10 түрлі жауабын, сондай-ақ Хазіреті Омарға бір досы сұқбаттасуға келгенде Хазіреті Омар мемлекеттің қаражатына алынған шырақты өшіріп, өз ақшасына алынған шырақты жағып пайдаланғаны жөніндегі тәмсілдерді орайы келгенде жалықпай қайталап, құлағымызға құя беретін еді.

Нағыз байлықтың білімде, кітап пен жақсы шығармада екенін санамызға сіңірді. Үлкен үйде әкеміз жинаған көп кітап бар, олардың бәрі де өзінің оқыған кітаптары, сол кітап­тарды бізге де оқуды ұсынатын.

Біз өмірлік маңызды шешімдерімізді ағатайымның келісімімен жасайтын едік, ол кісі әкелік ақылын айтып, өмірдің талай соқпағынан өткен, көргені мен түйгені мол адам ретінде бізге бағыт-бағдар беретін.

Астана қаласына көшіп келген алғашқы жылдары мен «Астанагорпроект» деген мекемеде жұмыс істеп жүрдім, сол кезде менің Премьер-Министрдің кеңсесіне жұмысқа орналасуыма мүмкіндігім болды. Мен бұл туралы Ағатайыма хабарласып, «осыған қалай қарайсыз?» дегеніме, «Үмбеке, жолдасың да жауапты қызметте, екеуің бірдей ертелі-кеш жұмысбасты болып кетсеңдер, ана екі бала қараусыз болып, бетімен кетіп қалмай ма?» деген ойын айтты. Мен әрине, Ағатайымның айтқанынан асқан жоқпын, жұмысымды ауыстырмадым, бірақ оған өкінбеймін.

Кейде «жұмыс, үй тірлігі» деп жүріп, 2-3 күн хабарласпай қалсам, Ағатайым өзі телефон шалып, балалардың амандығын біліп, хабарласушы еді. Үлкеніміз Арнұр шетелде жұмыс істеп жүргенде үнемі «Арнұр қалай, елге қашан қайтады?» деп сұрап, «Арнұр елге қайтатын болды» дегенді естігенде, «Аллаға шүкір, жақсы болды ғой, аман-есен елге келсінші» деп, балаларымыздың тілеуін тілейтін.

Кенже баламыз Айдын Америкаға оқуға кетерде «Айдын, балам, Америка елінің жақсылығы да көп шығар, бірақ өз еліңдей болмайды. Экономикасы озық елдің жақсысын үйреніп, жаманынан жиреніп, абыроймен елге қайтыңдар, жастарымыз елжанды азамат болуға тиіс. Америкадан Алла қаласа, Камшат екеуің көбейіп келіңдер» деп ақ батасын арнап еді. Бұл мысалдар да Ағатайымның әр баласының отбасындағы қандай да бір сәттерді назарынан тыс қалдырмай, тілекші болып отыратынының белгісі дер едім.

Ағатайым он шақты күндей төсек тартып ауырған кезде Алладан «бауырларымның, балаларымның алдында жаным қиналмай кете берсем –  арманым жоқ» деп тілеген еді. Әкеміздің тілектерін Алла қабыл қылған шығар, ауа райының жылы, күн ашық, мамыражай жаз кезінде дүниеден өтті, жаны қиналмай, жүзі нұрланып жатып, 1-2 рет терең дем алып, көзін мәңгілікке жұмды…

… 22 тамызда Жер-Ананың құшағына тапсырдық. Астанадағы әл-Фараби атындағы мешітте жаназаға көп адам жиналды. Жаназа оқылып жатқанда аздап қана сіркіреп жаңбыр жауып тұрды, маған сол сәтте табиғаттың өзі де жылап тұрғандай көрінді…

Ақын Қалқаман Сариннің

Жерлеген күні сені дертті болып,
Мен түгіл жылап тұрды көк түнеріп,

деген өлең жолдары тура менің көңіл-күйімді білдіргендей…

Алла Тағаланың құдіреті шексіз, жаназаға жиналған жұрттың үсті-басы су болмай, жаурап қалмағанын да ескергендей, сіркіреген жауын да лезде басыла қалды…

Жаназаны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы шығарды. Бас мүфти ағатайымның ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі ретінде көптеген игі істерге ұйытқы болғанын, әкеміздің биік адамгершілік болмысы туралы жылы лебізін білдіріп, Алладан мейіріміне бөлеп, жәннатын нәсіп етуге дұға жасады. Ол кісіге Алла разы болсын!

Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың хадисінде: «Адам қайтыс болғанда амал дәптері жабылады. Мына үш кісінің ғана сауабы жалғаса береді: артынан дұға жолдайтын ізгі ұрпақ қалдырған, ел игілігіне жарайтын дүние салдырған және басқаларға пайдалы ілім қалдырған адам» (Сүнән, Ибн Мажә), – деп, адамдарға ілім үйретушінің сауабы екі дүниеде де тоқтаусыз екендігін білдіріп, ғалымдарды сыйлауға, ұстаздарға құрметпен қарауға шақырған. Біздің әкеміз де дін саласында көп ізденіп, көз майын жұмсап, бірқатар танымдық жазба мұра қалдырды, оны оқып-зерделеп, керегіне жарату – біз үшін мол қазына.

Ағатайым соңғы жиырма бес-отыз жылдай елорда мешіттерінің имамдарымен тығыз байланыста болды. Қазақстан Республикасы Діни басқармасының бас муфтилері Е.Малғажы, С.Ораз, Н.Өтпеновпен сұқбаттасып, елордадағы С.Ғылмани атындағы, Әбу Насыр әл-Фараби атындағы («Нұр Астана» мешіті) орталық мешіті жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі ретінде имамдармен қоян-қолтық жұмыс істеп, мешіттің жұмыстарына аянбай атсалысты. Өзінің дін ілімі туралы жазғандарының барлығын мешіттің имамдарына оқытып, министрліктегі Дін істері комитетінің, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сарапшыларының оң пікірін алғаннан кейін ғана баспасөзге жариялауға тапсыратын және бұл жұмыстардың бәрін өзі жасайтын еді.

Әкеміз жетпістен асқан шағында компьютерде жұмыс істеуді үйреніп алды, өзінің ойларын компьютерде өзі жазып, интернеттен әр түрлі ақпарат оқып, үнемі ізденісте отыратын еді. «Мен мынадай ой жаздым, оқып көрші» деп жазғандарын бізге оқуға беретін. Бүгінде өзіміз немере тәрбиелеп отырсақ та, әкеміздің жазбаларынан қаншама салиқалы, ғибрат алатын, адамға ой салатын дүниелерді оқып, ол кісінің сексеннен асқан жасында да есте сақтау қабілетінің жоғарылығына, айрықша аналитикалық пайымдарына сүйсініп, таң қалатынбыз.

Ағатайымды қызықтырған тақырыптардың бірі –  адамның ойы мен ісі жоғарыдан басқарылатыны туралы ақпарат. Осы тақырыпты зерттеген көптеген ғалымдардың еңбектерімен танысып, оның ішінде, француз философы Анри Бергсонның «Адамның миы телефон станциясы сияқты, ол жаңалықты басқа ақпарат көзінен қабылдап, таратады» дегенін, канадалық танымал нейрохирург У. Пенфилд пен нейрофизиолог, медицина саласында Нобель сыйлығының лауреаты Дж. Экклз бірігіп жазған «Тайна человека» атты кітапта «Адамзатты әлдебір нәрсенің басқаратыны ешқандай күмән тудырмайды» деген тұжырымдарын және танымал нейрофизиолог, м.ғ.д., академик Н.П.Бехтереваның адамның миы туралы пікірлерін және т.б. көптеген мысалдар келтіре отырып, атақты ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» атты трактатында Алланы танудың ерекшеліктерін, аспан денелерінің қозғалу заңдылықтарын, жердегі жаратылыстардың басқарылу заңдылығы туралы талданғанын көрсетіп, оларды қасиетті Құран кәрімнің аяттарымен байланыстыра түсіндіретін еді.

«Құран – сарқылмас ғылым көзі» деген терең танымдық мақаласы, ұлы Абайдың шығармаларының Құран аяттарымен үндестігі туралы, яғни, Құран аяттарын хакім Абай өз өлеңдері арқылы қарапайым халыққа түсіндіре алғанын өлең мен аятты салыстыра отырып жазғаны, өз тәжірибесінен өткізген «Араб әліпбиін үйренушілерге көмекші құрал», «Намаз оқып үйренейік», Меккеге қажылыққа барғаны туралы «Ұлық сапар әсерлері» және  қазақтың салт-дәстүрлері жөнінде, адамгершілікке, сабырлыққа үндейтін, нәпсі тәрбиесі тақырыбына жазған ой-толғамдары, хадис пен ғылымның сабақтастығы туралы зерттеулері және т.б. көптеген еңбектері бірқатар газеттер мен журналдарда, сайттарда жарық көріп, өзінің көзі тірісінде 5 кітабы басылып шықты. Өзінің оқып-тоқығаны мен білген-түйгенін басқаларға түсінікті тілмен жеткізе білу, оны жазып-басып шығару – әркімнің қолынан келе бермейтін іс, сондықтан Ағатайымның жазып қалдырған мұрасы кейінгі ұрпағы үшін – сарқылмас рухани қазына.

Әкеміз бірнеше жыл жан-жақтан мәлімет жинап, көз майын тауысып ізденіп, ата-бабалар шежіресін жинақтап, құрастырды. Белгілі этнограф ғалым, шежіреші Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ шежіресін халық болмысының барлық қырын алуан түрлі үлгіде паш ететін тарихи ақпарат қоймасы деуге болады» дегеніндей, құймақұлақ қариялар азайып бара жатқан қазіргі уақытта шежіре – халық тарихының қайнар көзі екенін түсініп, шежіре кітабын басып шығарып, елге таратқаны да – қажырлы еңбек.

Әкеміздің абыройын асқақтатқан өзінің өмірде шыққан биігі, халыққа қалтқысыз қызметі мен жазып қалдырған өшпес мұрасы. Қызметтес болған тұстастары, достары мен замандастары, туыстары ол кісінің адал өмір сүріп, еліне елеулі еңбек еткенін, терең білімді тау тұлға ретінде халқының есінде қалатынын атады.

Әкеміз туралы естеліктерімен бөліскен ағайын-туыс, жора-жолдас, құда-жекжат, көршілер мен жақын-жуыққа ризалығымыз шексіз! Алладан амандықтарыңызды тілейміз.

Адамзатқа сөзімен де, ісімен де қиянат жасамай, ешкімнің ала жібін аттамай, қолыңнан келгенше адамдарға жақсылық жасап, адал ғұмыр кешуді өз үлгісі арқылы үйреткен әке ақылымен жүру – баланың болашақтағы өміріне сарқылмас азық.

Адалдықты ту етіп, айналасына ізгілік пен мейірім шуағын таратуды үйреткен, өмірімен өнеге болған әкеміздің тәрбиесін ұрпағымызға аманат етеміз!

Асыл әкеміз, жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын!

Жаратушы жалғыз Алла әкемізге Фирдаус жәннатын нәсіп етсін деп тілейміз! Әмин!

Үмбігүлсім Ауданбайқызы

 

БАСПАСӨЗДЕ ЖАРИЯЛАНҒАН ЕҢБЕКТЕРІ:

 

  1. Құран – сарқылмас ғылым көзі, 2011 ж., https://kozhalar.kz/20162595-quran-sarqylmas-ghylym-kozi
  2. Ұлық сапар әсерлері, Ислам және өркениет газеті, №34, 2009 ж. 1-10 желтоқсан;
  3. Амалдарымыз Алланың разылығына лайық па?, Ислам және өркениет газеті, №21, 2013 ж. 21-31 тамыз;
  4. Әулиелер мен бақсылар, Жаңа Сарыарқа журналы, №4, 2009 ж.;
  5. Қайырымы мол қазақ едік, Көкшетау журналы, №3, 2014ж.;
  6. Жақсылардың соңы – Шоң би туралы, Жаңа Сарыарқа журналы;
  7. Әкем асыл жан еді, https://kozhalar.kz/2015682-akem-asyl-zhan-edi
  8. Құран, хадис және Абайдың   шығармашылығы, https://kozhalar.kz/20209248-quran-hadis-zhane-abajdyng-shygharmashylyghy
  9. Араб әліпбиін үйренушілерге көмекші құрал, https://kozhalar.kz/202210405-arab-alipbiin-ujrenushilerge-komekshi-qural
  10. Намаз оқып үйренейік, https://kozhalar.kz/20185796-namaz-oqyp-ujrenejik
  11. Хадис пен ғылым сабақтастығы, http://mazhab.kz/kk/maqalalar/hadis-jane-sunnet/hadis-pen-gylym-sabaqtastygy-2202/, Ислам және өркениет газеті;
  12. Жаратылыстың бәрі тірі, https://old.sunna.kz/kz/last/view?id=463
  13. «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар» шежіресі хақында, Шәкәрім және оның  еңбектерімен танысқаннан туған  кейбір ойлар, https://kozhalar.kz/20219963-9963
  14. Өмірдің кейбір кезеңдері, https://kozhalar.kz/20197450-omirding-kejbir-kezengderi
  15. Замандар үндестігі, https://kozhalar.kz/20162442-zamandar-undestigi
  16. Харамнан қашық болайық, https://kozhalar.kz/20185836-haramnan-qashyq-bolajyq
  17. Нәпсі тәрбиесі, https://kozhalar.kz/20185823-napsi-tarbiesi
  18. Адам және сенім, https://kozhalar.kz/20197901-adam-zhane-senim
  19. Сабыр жақсылыққа жетелейді, https://kozhalar.kz/20162510-sabyr-zhaqsylyqqa-zhetelejdi
  20. Замандар үндестігі, https://kozhalar.kz/20162442-zamandar-undestigi
  21. Қазақ надан болған жоқ, https://kozhalar.kz/202210121-qazaq-nadan-bolghan-zhoq
  22. Ақтың жолы тар болмас, https://anatili.kazgazeta.kz/news/8954
  23. Татулықтың сан сипаты, https://kozhalar.kz/20162437-tatulyqtyng-san-sipaty
  24. Татулық, https://kozhalar.kz/20185864-tatulyq
  25. Ұлтаралық татулық, https://kozhalar.kz/20185861-ultaralyq-tatulyq
  26. Дінаралық татулық, https://kozhalar.kz/20185857-dinaralyq-tatulyq
  27. Мешіттегі игі істер, https://kozhalar.kz/20185808-meshittegi-igi-ister
  28. Салт-дәстүрімізді білеміз бе?, https://kozhalar.kz/20197638-salt-dasturimizdi-bilemiz-be
  29. Сегіз серінің шығармалары және  Сегіз сері кітабымен танысқаннан кейін туындаған ойлар, https://kozhalar.kz/202210554-segiz-serining-shygharmalary-zhane-segiz-seri-kitabymen-tanysqannan-kejin-tuyndaghan-ojlar
  30. Пара алған да пара берген де тозақылық», https://kozhalar.kz/20197910-para-alghan-da-para-bergen-de-tozaqylyq
  31. Балта қожа, https://kozhalar.kz/20174807-balta-qozha
  32. Насыбай ату туралы білгенім, https://kozhalar.kz/20197563-nasybaj-turaly-bilgenim 11.09.2019
  33. Қазақы шапанның қадіріне жетіп жүрміз бе…, https://kozhalar.kz/20197496-qazaqy-shapannyng-qadirine-zhetpej-zhurmiz 6.08.2019
  34. Атамның айтқаны еді, https://kozhalar.kz/20197458-atamnyng-ajtqany-edi
  35. Мына дәстүрімізді білеміз бе?
    https://ummet.kz/makalalar/348-dastur-danalygy/10459-salt-dasturimizdi-bilemiz-be.html
  36. Тазымен түлкі алудың құпиясы, https://kozhalar.kz/20197727-tazymen-tulki-aludyng-qupiyasy
  37. Жезде мен балдыз әзілі, https://kozhalar.kz/20197646-zhezde-men-baldyz-azili
  38. «Қалыңмал» сөзінің мағынасын дұрыс түсінеміз бе?, https://kozhalar.kz/20219740-qalyngmal-sozining-maghynasyn-durys-tusinemiz-be,
  39. Өзімнің өткенімнен айтайын, https://kozhalar.kz/20207998-ozimning-otkenimnen-ajtajyn
  40. Қыл шылбырдың пайдасы, https://kozhalar.kz/20208004-qyl-shylbyrdyng-pajdasy
  41. Тазымен түлкі алудың құпиясы, https://kozhalar.kz/20197727-tazymen-tulki-aludyng-qupiyasy
  42. Ала өгіздің оқиғасы, https://kozhalar.kz/20197476-ala-ogizding-oqighasy
  43. Өткеннен қалған белгі, https://kozhalar.kz/20197465-otkennen-qalghan-belgi
  44. Қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар, https://kozhalar.kz/20162682-qanaghatsyz-zhalghyz-atyn-sojghyzar;
  45. Сөзге абай болсақ…,
  46. Илиашев Рымбек туралы естелік, 27.08.2019

 

 Дін туралы мақалаларына Қазақстан Республикасы дін істері жəне азаматтық қоғам министрлігі дін істері комитетінің оң қорытындысы 09.11.2017 №14-06-13/4-568 берілген.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button