Білген Шайыр айтады

Һаруд уә Марут қиссасы

Айқожа ишан мұрасынан

              Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймыз

Һарут уа Марут хикаясы Құран мен Інжілдің сюжеттерінен алынған XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басындағы көне түркі тіліндегі ірі туындылардың бірі Насриддин Рабгузидің –  «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегінде жазылған. Екі періштенің хикаясы Құранның Бақара сүресінде  былайша айтылған екен.

وَاتَّبَعُواْ مَا تَتْلُواْ الشَّيَاطِينُ عَلَى مُلْكِ سُلَيْمَانَ وَمَا كَفَرَ سُلَيْمَانُ وَلَكِنَّ الشَّيْاطِينَ كَفَرُواْ يُعَلِّمُونَ النَّاسَ السِّحْرَ وَمَا أُنزِلَ عَلَى الْمَلَكَيْنِ بِبَابِلَ هَارُوتَ وَمَارُوتَ وَمَا يُعَلِّمَانِ مِنْ أَحَدٍ حَتَّى يَقُولاَ إِنَّمَا نَحْنُ فِتْنَةٌ فَلاَ تَكْفُرْ فَيَتَعَلَّمُونَ مِنْهُمَا مَا يُفَرِّقُونَ بِهِ بَيْنَ الْمَرْءِ وَزَوْجِهِ وَمَا هُم بِضَآرِّينَ بِهِ مِنْ أَحَدٍ إِلاَّ بِإِذْنِ اللّهِ وَيَتَعَلَّمُونَ مَا يَضُرُّهُمْ وَلاَ يَنفَعُهُمْ وَلَقَدْ عَلِمُواْ لَمَنِ اشْتَرَاهُ مَا لَهُ فِي الآخِرَةِ مِنْ خَلاَقٍ وَلَبِئْسَ مَا شَرَوْاْ بِهِ أَنفُسَهُمْ لَوْ كَانُواْ يَعْلَمُونَ ﴿۱۰۲﴾

«(Олар Тәуратты қойып) Сүлейманның (ғ) патшалығы заманындағы шайтандар оқыған (сиқыр)-ға ілесті. Сүлейман (ғ) қарсы келмеді. (Сиқыр жасамады.) Бірақ шайтандар, адамдарға сиқыр үйретіп, кәпір болды. Олар Бабылда «Һарут, Марут» атты екі періштеге түсірілгенді үйретті. Ол екі періште: «Біз сынақ үшін келдік, қарсы болмаңдар»,-деп айтпайынша ешкімге үйретпеген. Сонда да олар, екеуінен: Ер-әйелдің арасын айыратынды үйренетін еді. Олар, Алладан бұйрықсыз ешкімге зиян бере алмайды. Олар өздеріне зиян келтіретін, пайда бермейтін нәрсені үйренетін еді. Расында олар оны айырбастап алғанға (Алланың кітабының орнына сиқыр үйренгенге) ақиретте несібе жоқтығын білді. Олар, өздеріне нендей жаман нәрсе сатып алғандықтарын білген болса еді. (2:102)»

Арқауын осы бастаулардан тарататын Һарут пен Марут қиссасының қысқаша тарихын қарасөзбен былайша бастайды.

«Һаруд – Маруд» атанған,

Періштелер болыпты.

Бұрынғының ертегі.

Солардың қылған ісінен,

Аз хикая айтайын.

Қабыл Әбілді өлтіргендіктен, оның баласы да, немересі де соқыр болып туады. Бір күні көрсоқыр немересіне бір жігіт келіп: «Сен менің атамды өлтірдің» деп, оны таспен ұрып мерт қылды.

Қабыл деген боп еді.

Бір баласы бар еді,

Екі көзі жоқ еді,

Бір көзі бар көретін

Бар еді жалғыз ғадеті.

Екеу ара бір көзбен

Иллалап күнін көреді.

Бұл оқиғаны көрген періштелер:
– Иә, Алла, ана жігіт бейкүнә бейшараны себепсіз ұрып өлтірді. Біз озалда «Адамды жаратпа, жер жүзіне таратпа» деп зар иледік. Оның білімі бізден артық болғанымен өзі нақақ қан төгуге, ұрлық-қарлыққа, зина жасауға, өтірік айтуға бейім екен, – деді. Қиссада:

Періштелер осындай,

Адамның ісін аңғарды.

Пенденің қылған бейәдеп[1],

Қылғанын біліп таң қалды.

«Жараттың, – деді, – Құдайға

Неше түрлі жандарды.

Алла тағаланың періштелеріне пендеге берген ауыр сынақты сендерге берсем, сендер де күнәға белшеден батасыңдар дегеніне қоймай:

«Періштелер айтады,

Иа Әһәду, иә Сәмәд!

Жер жүзіне түсіріп,

Қылыңыз бізді адамзат» деп өтінеді.

Аңыз бойынша, ең күшті, ең білімді үш періште шықсын деп, Алла тағала оларды  Адам кейпінде жаратып, жерге жібереді. Һарут, Марут, Әзірейіл есімді үш періште келіседі. Біздің қиссамыз бойынша Әзәия, Әзәния және Әзербек деген үш періштені жерге түсірді. Алла өз құдіретімен бойларына

нәпсінің құмарлығын үшкіреді. Үшінші періште сынақтың ауыр боларын бірден түсініп, тәубасына келіп, періште қалпыма қайтар деп өтінеді. Қалған екеуі адами өмірін бастайды…  Көңілі шапқан оқырман өзі оқып алады деп, қиссаның әрі қарайғы оқиғасын жасырайық.

Қиссаның соңында, жер бетіндегі барлық сиқырды таратып, күнаға белшесінен батқан екі періштеге жазасын осы пәниде не ақиретте мәңгі-бақи тартасыңдар ма деп таңдауға ерік береді. Осы дүниеде жазасын тартпаққа келіскен екі періштені Бабылдағы (Вавилон) тереңдігі 40 құлаш құдыққа басынан салбыратып, аяғынан асып қояды. Олар ақырзаманға дейін аш-жалаңаш, солай салбырап тұрады екен.

Кім көнбейді жақсылар,

Құдіреттің салған жүгіне.

Тастаған соң түседі,

Ол құдықтың түбіне.

 

Басын төмен қаратып,

Аяғын жоғары іліпті.

Құдіретімен бір Алла,

Салыпты жіпті беліне.

 

Құдіретін көр тамаша,

Байлауы кетпес шешіліп.

Қияметкеше ол тозбас,

Байлаған жіп кесіліп.

 

Үзілмейді жібі де,

Басы да жерге жетпейді.

Жібермейді аяғын,

Төмен түсіп кетпейді.

Аңыз желісі бойынша 40 құлаш шыңырауға күндердің бір күнінде бір қойшы байқамай түсіп кетеді. Ол салбырап тұрған екі періштені көреді.  Һарут, Марут одан сусын мен ас сұрайды. Қайтарымына сиқыр дұғаларын үйретіп, сол сиқырдың көмегімен қойшы құдықтан аман шығып, ел ішінде сиқырлықтың сырын жайған екен. Сиқыр жасау, көз байлау  осы Һарут пен Марут үйреткен қойшыдан қалған екен деседі.

Ал назарларыңызға ұсынып отырған  қиссада:

«Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,

Жарқылдап бір күні өтірік алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың білемісің,

Туған соң өлмегіңді ойлан шырақ» деп пенделерді ұлағатқа шақырып, ойын жырды түйіндейді.

Бұл қисса Карамат  Әбламитұлы жазып қалдырған жазбаларынан алынды. Кімнің жазғаны белгісіз. Алайда әдемі аңызға құрылған  өнегелі қиссаны қағазға түсіріп, бүгінгі күнге жеткізген Айқожа ишанның  үлкен баласы Ибадулланың ұрпағы Атамғзұмнан тарайтын Әбламитұлы  Караматқа  мың алғыстымыз.

 

 

Бісміллә сөздің шартына

Әммә сөздің бұрыны.

Бісмілләменен бастасаң,

Үзбейді шайтан жолыңды.

 

Бастарында әр жұмыс,

Келтірер пәтуә тіліне.

Жадынан мұны шығармас

Әр кімнің болса білімі.

 

Бісіміллә сөздің бірі еді,

Һәммә сөзден ірі еді.

«Бісімілләні айтпа» деп

Адамнан шайтан тіледі.

 

Ертелі-кеш аңдысып,

Соңынан қалмай бір жылы.

Адам ата, Хауа ана –

Ерлі зайып бір-бірі.

Пейіштен алдап шығарған

Жегізіп жеміс шіріні.

 

Менмендік қылып Әзәзіл

Азып тозып жүдепті.

Өзі ғалым ғұлама

Әр түрлі ісім біліпті.

«Шығарды, – деп, – пейіштен»,

Әулетіне адамның

Дұшпандық қылып жүріпті.

 

Азғырып кештен ертелі,

Соңынан қалмай әр жылы.

Пейіш еді жүретін,

Адамзаттың мекені.

Түсірді жерге азғырып,

Шайтанның қайла мекері[2].

Һақ жолына берілсең

Шеніңнен үркіп кетеді.

 

Харам жолға айналсаң,

Көбейер шайтан кешегі.

Талап қылған ер жігіт

Мұратына жетеді.

«Һаруд – Маруд» атанған,

Періштелер болыпты.

Бұрынғының ертегі.

Солардың қылған ісінен,

Аз хикая айтайын

Бұл дүние бей опа,

Басыңнан әлі ақ өшеді.

Астыңдағы қара жер,

Денеңнің жатар өтені[3]

Жарлы да өтер, бай да өтер,

Бұл сөздің болмас бекері.

Атадан алтау болсаңда,

Көрерсің бір күн жекені.

 

Бұл дүние көне еді,

Неше ерлер көшіп жөнеді.

Бұрынғы өткен заманда

Қабыл деген боп еді.

Бір баласы бар еді,

Екі көзі жоқ еді,

Бір көзі бар көретін

Бар еді жалғыз ғадеті.

Екеу ара бір көзбен

Иллалап күнін көреді.

Көрді[4] соқыр жетектеп,

Әр жерге барып келеді.

Бір күн емес, әр күні

Болған соң осы өнері.

Жүгірген аң, ұшқан құс –

Бір Алладан қорегі.

Өлшеулі демің біткенше,

Таусылмас Хақтың берері.

Әрекет пен берекет,

Кеудеден жан шыққанша,

Несібесін әркім тереді.

 

Көрмей пенде қалмайды

Жазылған іс Әзелде[5].

Дем таусылса жүрмек жоқ,

Кез болар өмір қазанға.

Жетерін кешке кім білді,

Сау жүргенмен азанда.

Атасын бала жетелеп,

Ауқат іздеп табарға

Жол аралап жүріпті,

Кезі келген базарға.

Өкшесінен жұлынып,

Тамтығы жоқ табанда

«Я, пірім» деп сүрініп

Жоқ еді жүру мажалда[6].

Тумақ бар, өлмек рас,

Кез болса пенде ажалға.

 

Өлшеулі күні тақалды,

Талайға жасын апарды.

Кез болды оған бір бала

Өз баласымен қатарлы.

Келе шалды сөгеді

Сыйламайды сақалды.

Өтірік пе, рас па?

«Өлтірді, – деп, – атамды»,

Солай деп айтып ол бала

Еңкейіп жерден тас алды.

Ашу деген ол шайтан,

Салпақтап ұрды нашарды.

Ажалға бала себеп боп,

Дүниеден қылды сапарды.

 

Сонда аспандағы періштенің Адамды ғайбаттап айтқан сөзі:

 

Періштелер осындай,

Адамның ісін аңғарды.

Пенденің қылған бейәдеп[7],

Қылғанын біліп таң қалды.

«Жараттың, – деді, – Құдайға

Неше түрлі жандарды.

Осы болып көбісі

Бекерге төгер қандарды.

Сабыр, тағат қыла алмай,

Жүреді қалап жанжалды.

Зор мәртебе көреді

Бірісін бірі алдауға,

Өзіне өнер, кәсіп қып,

Себепсіз талап алғанды.

Ұрлық, қорлық мирас қып,

Ант ішіп айтар жалғанды.

Қой дейтұғын адам жоқ,

Баладан өліп шал қалды.

Жараттың, – деді, – Құдайға

Әр түрлі мақлұқ жандарды.

 

Адамзаттың бәрінен

Мәртебесі ұлықты.

«Әзиз пендем» десеңде

Ойлайды жаман қылықты.

Өзгенің қамын көп ойлап,

Беріпсіз мал мен мүлікті.

Асылық қылып көбісі

Қылмайды тәубе үмітті.

Жаратыпты мұны құдірет,

Қылмайды деп құлықты.

 

Жақын болды күнәға

Көңілін қойып зинаға,

Нәпсінің еріп тіліне

Айналар харам мүбаға.

Қанағат қылып не берсең

Қылмайды шүкір Құдайға

Бұл бергенің әлі де аз

Жетпедім дейді мүддама[8]».

***

Әндә періштеге Алланың айтқаны:

 

Періштеге сол заман

Болды кітап Алладан:

«Әзиз етіп пендемді,

Қылып ем ұлық Әммәдән[9].

Мойнына ауыр жүк салдым,

Болмасын күпір нанбаған.

Өзіңе бақ періште,

Сабырыңыз кем пендеден.

 

Адамның ісі дишубар[10],

Қаншама қиын ісі бар.

Кейбіреуі қуатсыз,

Кей біреуінің күші бар.

Қолында жоқ кембағал[11],

Тамағын таппай қысылар.

Бала қамы деп жүріп,

Әр бәлеге ұшырар.

Олардың ісін істемей,

Мәз дүниеге батасың.

Болыңыз бұған сіз қарар.

 

Адамға ауыр жүк салдым.

Көтере алмай жатқандар.

Пенделерді шаққандай,

Әр іс болса менен біл

Бе Құда[12] бекер мақтанбай.

Адамды ғайбат қылдыңдар,

Күнәлі істен сақтанбай.

Күлемін деп қалғанға,

Болмасын күнә батқандай!»

 

Сондағы періштенің Аллаға айтқан арызы:

 

«Періштелер айтады,

Иә Әһәду, иә Сәмәд!

Жер жүзіне түсіріп,

Қылыңыз бізді адамзат.

Аз дүние берсең де,

Қылар ек бізде қанағат.

Ырызғыға өзің қарыздар

Қиналмақ бекер не қажет.

Тәртіп етіп біз жүрсек,

Болмас ед мұндай бей әдеп.

Жер жүзіне түсер ек,

Өзіңнен болса ишарат.

Адаласып жүрер ек

Ішіне салып имарат[13].

Адамның жүгін бізге сал,

Көр деді өзің сынап-ақ».

 

Әндә Алла Тағала айтты: «Қайсың жерге түсесің, адамның істегенін істейсің?» деп, періштелерге ықтияр берді. Сонда періштелер ақылдасып, жүйрік білімділерден Әзәия, Әзәния уә[14] Әзербек деген үш періштені жерге түсірді. Үшеуі де ғалым ғұлама еді.

 

Ықтияр берді бір Алла

Періштенің үшіне.

Аспаннан түсіп қосылды,

Адам заттың ішіне.

Кім тамаша қылмайды,

Құдіреттің ісіне.

Ауылдастай боп қалды,

Танысып үлкен-кішіге.

Әр кіммен болды қадырдан

Жолына елдің түсіне

Жүре-жүре қосылды

Тәуір деген кісіге.

 

Адаласып боп қалды,

Адамзаттың біріндей.

Құрмет қылып ілімін,

Сыйлады әркім піріндей.

Шариғат жолын сұраса,

Береді жауап сүрінбей.

Үшеуі де жас жігіт

Ашылған баудың гүліндей.

Көзге түсті жарқырап,

Бұлттан шыққан күніндей.

 

Түрлі насихат сөз айтып,

Мәшһүр боп жұртқа білінді.

Қор болмапты әр жерде

Ақылға зерек білімді.

Патша Құдай береді,

Әр іске қойсаң зейінді.

Жұрт жыйылып бір күні,

Бір әңгіме қылынды:

«Осы жүрген үш жігіт,

Ешкімге қылмас зұлымды.

Қазы, мүфти болса» деп,

Халық аузына ілінді.

 

«Әр істі қылған Құдай дүр,

Болса болсын қазы» деп,

Жұрттың бәрі ұнады.

Қазы қылып біреуін,

Бірісін мүфти қылады.

Тентегін тең қып момынға.

Әділдікпен сұрады.

Үкімет ісін қолға алып,

Белгілі бек боп тұрады.

Екеуі де һәм періште

Бірінен хабар берейін,

Қоя тұрып бұларды.

Құдіреті Хақтың күшті еді,

Амалдар[15] болған екеуі.

 

Дүниеге болды ишқылы[16]

Басқа жүрген періште

Әзербек деген есімі.

Дүниеге көңілі елеңдеп.

Дос көрмейді ешкімді.

Жібер дейді дайыма

Қайтар деп Құдай жайыма,

Мен бишара міскінді.

 

Қазы, мүфти болып тұр,

Қасымдағы серігім.

Құдая, өзің пана бол,

Араластым адамға,

Көбейтіп ғалым бірімін.

Менің тұрар ойым жоқ.

Сұратсаңда барлығын.

Лайықтығым жоқ мүфтиға.

Берсең де патшалық билігін.

 

Менің атым періште,

Көп пұшайман[17] боп жүрмін,

Қылмаймын күнә деп едім.

Жер жүзіне келісте.

Қайтармасаң орныма

Айналды ісім теріске.

 

Құдіретің күшті Құдая,

Мені мұндай қор қылма.

Жүзінен жердің тарықтым.

Бұрынғы келтір пормыма,

«Тілеген жаңбыр – басқа еңбек»

Осындайдан болды ма?

Дүниенің көріп мехнатын

Ақыретте мен сұралсам,

Дайын деп шоқпар сорлыға.

Мінәжатын қабыл қып,

Бұл біреуін қайтарып,

Жіберді Алла орнына.

 

Айтайын баян кейіннен,

Енді қалған екеуі

Үкім етіп жүрсін деп,

Адамның берді пейілін.

Қызығына жалғанның

Түсірді бұлар мейірін.

Еркін ықтияр өзінде.

Жалғанның қылды сейілін.

 

Әділдіктен аумай тұр

Ақ-қараны теңгеріп.

Ісі тентек дегендер

Кетіп жатыр жөнеліп.

Болды-ау деп жәрдем пақыры

Әділдікпен тергеліп,

Жәрдем ғаріп, міскінге

Қылмай тұр әзір менмендік.

Үлкені жұрттың болдым деп,

Көбісі қылар менмендік.

 

Білінбей жүріп ерді еш мінезі,

Алдына келіп жатыр шаһар халқы.

Дүниенің қызығына мейірі түсіп,

Бұрынғы ақылы арып болды жарты.

 

Кез келді бойдақшылық кеселіне,

Ойланып жете алмайды есебіне.

Ұйықтаса қыз-келіншек түсіне еніп,

Дөңбекшіп жата алмайды төсегінде.

 

Бұлар басында ірі періште еді,

Бір Алла адам пейілін тегіс берді.

Бір қатын ері менен жанжалдасып,

Алдына қазы, мүфти кіріп келді.

Қазыға бұлар келді жүгінгелі

Айыр деп қазы, мүфти зұлымдарды,

Тексеріп екі жағын сұрап білді,

Қатынның тентек ісі білінбеді.

 

Тұрды қатын орнынан

Қазыға жауап берген соң,

Жүзін теріс үйіріп,

Көтерді беттен пердесін.

Қатынға салып назарын

Еңкейтіп қазы кәлләсін.[18]

Тақсырдың көңілі толқыды

Көрген соң сұлу жеңгесін.

Жігіттік нәпсі қозғалып,

Қылды жарым пендесін.

Ойнап-күлсем жарасар,

Осы екен деп теңлесім.

Зәредей[19] істен жазады

Қарғаса Құдай әр несін.

 

Қазы айтады қатынның

Шақырып алып еріне.

Сенің қылған жұмысың

Қатынға зорлық көрінет

Шариғатқа құл болсаң,

Жіберме мұндай кеміне.

Жаман десең «талақ» деп,

Қоя бер, кетсін еліне.

Үй салып бер болмаса,

Қиянат қылмайтын

Бер иманның шеніне.

Қоюға ері қыймады,

Үй салып бер дегені

Келіпті мақұл кеуліне.

Қазы айтар: «Бізге жақын сал,

Басқа жер келмес жөніне».

Ері байғұс қимай жүр,

Қылмас істі тезіне.

 

«Мұндай істі қыппын» деп.

Тістеді байғұс бармағын.

Қазыға келді айналып,

Қиянат істі қылмас деп,

Періштесі Алланың.

 

Кетпесін деп алысқа,

Қылып еді айланы.

Екі адамды мас қылды,

Қатынның айдай дидары.

Қатынынан айырып қазы, мүфти,

Бір момынды қинады.

Халал жүріп, хақ тұрса,

Нәпсінің болар тыйғаны.

Қатынды жақын келтіріп,

Қылайын деген харамдық

Қазының күйсін иманы.

 

Әндә қазы қатынды қасына қоңсы қылып қуанып, шаттанып жүргені:

 

Қуанып қазы, мүфти күлімдеді:

«Болып тұр айтқанымыз бүгін, – деді.

Бір сұлу қасымызға қоңсы болды,

Бергей да патша Құдай түбін, – деді.

 

Бұлардың қатынға ауды есіл дерті,

Қылса да ақты қара ұзын көркі.

Адамнан асылығы[20] асық[21] боп тұр,

Бұрынғы ойында жоқ берген серті.

 

Қазының қатын келді шендеріне,

Қазы жүр ілінсе деп шеңгеліне.

Қандай қатын кеулінде қайдан білсін,

Құдайға шүкір деп жүр бергеніңе.

Көңілінде тобасы жоқ тоқ санап жүр,

Бір сұлу табылды деп ермегіме.

Құп[22] десе қатын бұған болар еді,

Осындай ептеп қылған ермегіме.

Белгілі сұлулығы жұртқа манзұр,[23]

Атанған Зуһра сұлу елдерінде.

 

Үміткер болып қазы жүр,

Зуһра сұлу тотыдан.

Әйелден шыққан сұлуды

Көп пәкиза[24] кісі еді

Таһаратпен[25] намаз оқыған.

Жасынан қылып құлшылық,

Тозақтың шошып отынан.

Осындай істің жөнінде,

Қазы менен мүфтиға,

Құл кісі болып отырған.

Жолдасына қапа боп,

Көзінен жасын толтырған.

Күндерде бір күн жаталмай,

Келеді жалғыз қатынға.

Түрлі ойға құбылып,

Барайын деп ой қылған.

Қазы, мүфти хан емес,

Кәззәп[26] етті ант ұрған.

Құдай ұрды қазыны,

Зуһрадай сұлуға

Барайын деп ой қылған.

 

Ышкы кетіп жаталмай

Қылғысы келді әзілді,

Ай қараңғы түн еді.

Басқан қадам білінбес

Қараңғы түн тұтылып,

Салтына еріп шайтандық,

Қатынға қарап жүреді.

Бір отырып, бір тұрып,

Мұртын бұрап құлпырып,

Алып ұшты жүрегі.

Хабары жоқ қазының

Есігінде қатынның

Мүфтида кеп тұр еді.

Таныған соң күледі,

Есікте тұр қатынның

Қазы, мүфти екеуі.

 

Екеуі кіріп келді бірдеңінен,

Жүргендей келіп кетіп ілгеріден.

Ойында еш нәрсе жоқ байқұс қатын,

Қорқады бұл не жан деп түнде жүрген.

 

Бұларға қатын тұрып «кімсің, – дейді,

Кімді іздеп қараңғыда жүрсің», – дейді.

«Біз», – деді атын айтып қазы, мүфти,

Шошымай неде болса білсін, – дейді,

 

Білдірді атын айтып қазы ілгері,

Не іске айтылған жоқ келгендері.

«Бұл жерде не жұмысқа жүрсіңдер?» деп,

Қатынның сауал сұрап тұрған жері:

 

– Қазеке, не қып жүрсіз беймезгілде,

Қай жүріс, бұл қалай жеті түнде?

Әйелдік денем шошып қап отырмын.

Екі кісі келген себеп осы күнде.

 

Жер емес адасатын осы араға,

Жетіп тұр бұл жұмысқа ақылыңыз.

Кел деп пе ем қонақ болып түн жарымда,

Тақсыр-ау, қорқып отыр пақырыңыз.

 

Қорқамын түнде біреу есік ашса,

Адамға әр нәрсе емес құты қашса.

Қорқытқалы жүрсіздер ме түнде мені,

Қорыққанда қорғайтын қазы патша?!

 

Бұл түнде түн ортасы ұзақ па еді,

Жаталмай қазы, мүфти шұбап па еді?

Сол болса әлей болсын, бектерім деп,

Қазының айтып тұрған жауабы еді:

 

– Жеңеше, сен сұрадың білмек үшін,

Білмесең, білдірейік біз белгісін.

Жүрейік уақытын тауып ойнап-күліп,

Кісінің кісі білмес түндегісін.

 

Ел іші алтын бесік деген-дағы,

Жеткізер күнде Құдай күндегісін.

Замандас, құрбы-құрдас кісі еді деп,

Біз келдік сізбен ойнап, күлмек үшін.

 

Сіз деп ойлап шықтым, жата алмадым,

Қайырлы болғай-дағы сапарларым.

Қатынға бұл сөзді айтып қолын созды,

Өзің біл, кеп қалыпты қатарларың.

 

Қазы емес кәззәп екен мұның өзі,

Кеуілге жақпай қалды бұл мінезі.

Жүрсін деп теріс қарап ашуланып,

Қатынның қазыға айтып жатқан сөзі:

 

– Қазеке, тарт қолыңды, жақындама,

Әрмен жат, жатқың келсе, жақындаспа.

Сізді «тәлімің бар молда» дейміз,

Бұл істі ойламас ақымақта.

 

Кеп тұрған серігің кім артыңдағы?

Сөзіңнен денем шошып қалтырады.

Шұбырып қара малдай келе қапсың,

Итте жемес кейінгі артылғанды.

 

Болмайды бұл ойлаған қиялыңыз,

Хақтан қорқып пендеден ұялыңыз.

Бір бұтаға қорғалаған біз бір торғай,

Тимесін кеткенімше зияныңыз.

 

Жаратқан Алла тағала періштесіз,

Бейәдеп бұл істерді қыласыз сіз.

«Мастықпен анасының қойнын ашқан»

Мақалды осылай деген естіп пе едіңіз?

 

Бұл сөзінен қатынның,

Қазы да қалды түңіліп.

Суат көрген сиырдай,

Мүфтиде отыр үңіліп.

Ойлағаным болар деп,

Келіп еді жүгіріп.

Қатынындай некелі

Келіп отыр жүгініп.

Бұл айтқаны қатынның,

Ұрғандай болды жұдырық.

Таба алмай жүр есебін,

Кетуге қайтып бұрылып.

 

Әндә қатын айтады:

– Қазы, мүфти пірәдар,

Бұл сөзіме құлақ сал.

Сіздер – мерген, біз – марал,

Наһан істен хабарсыз

Болмайды екен бұған зал.

Үйіңе қайтқын Қазеке,

Бұл араға болма дал.

Екеуің бірдей келіпсіз

Болып жүрер бір залал.

Бұл іске жүрмес бас қосып,

Сырты түкті айуан мал.

Бұл істерді қылғанша

Екеуіңде өле қал!

 

Осылай қатын сөйледі,

«Қыс, – деп, – қазы көтіңді».

Керегі жоқ тақсыр деп,

Енді өнерің естілді.

«Жігітшілік – итшілік» деп,

Тіленіп қазы өтінді.

Осы жолы ескертті:

«Екінші қайтып келмеспін,

Жеңеше» деген секілді.

 

Қатынды қазы ептейді,

Қадіріме жетпейді.

Асыратып едім тентекті

Жетпедің деп парқыма,

Айтып отыр өкпені.

Мүфтиға жағып барады,

Қазының айтқан гептері[27].

Қазы тұрып, мүфти отыр,

Буыршындай шөккелі.

 

Басында отыр мүфтісі,

Дінге берік мықтысы.

Қатынның мас боп буына

Мұның да келмес шыққысы.

 

Қой деп еді қоймады,

Таңлап қойған қазының

Пәле болды бойдағы.

 

 

Қарсыласып сөз айтты,

Шығатын болды ойраны.

Тілегімен сұранып,

Босанбағын ойлады.

 

Сонда қатын айтады:

– Қазы менен мүфтиіміз

Парасатты кемеңгер

Сөздеріңді ұқтық біз.

«Жеңеше», деп жалынып,

Амалымды құрттыңыз.

 

Ә, дегенде сіздерден,

Шошып еді жүрегім.

Қорыққан кеулім басылып,

Келеді кіріп реңім.

Аман болсақ қашпайды,

Сізбенен ойнап күлерім.

Әр түрлі әзіл сөз айтып,

Сіздерге табан тіредім.

Жаман-жақсы айтты деп,

Үзілмесін күдерің.

Аспанға шығып түсетін,

Исми[28] әзам дұғаның.

Өнерін білсем деп едім,

Сол дұғаны үйретсең,

Аямай берем тілегің.

 

Қазы айтты: – Жеңеше,

Табылар бізден не десең.

Үйретейін барымды,

Өзім болдым демесең.

Күннен күнге зияада[29].

Ғашықтығым ересен.

Саған ғашық болмасам,

Түнде ізденіп кемесем.

Үйретейін дұғамды,

Сөзіңе кеулім қуанды,

Бітпей қалар жұмыс жоқ,

Мен жүрсем аман-есенде.

 

Әндә қазы, мүфти қатынның тілегі бойынша істі әзам дұғасының үйретіп бітірді. Сонда қатын «мен барып суға түсіп келейін» деп қатынның айтқан сөзі:

 

– Мен бір тілек тілеймін,

Өздеріңдей бегімнен.

Бұл жұмыстан бас тартқан

Жомарт дерсіз шегінген.

Бізді жақын тарттыңыз,

Жай салдырып шеніңнен.

Ойнағанға арман жоқ,

Өздеріңдей теңіммен.

Мен келгелі көп болды,

Осы араға елімнен.

Сұқпатын көрген жоқ едім,

Болғалы араз еріммен.

Тазаланып келейін,

Таһаратсыз ішкі шерімнен.

 

Осылай қатын деп еді,

Жібергісі келмеді.

Мүфти тұрып: «алдайды,

Жібермеңіз» дер еді.

Қазы тұрып «қоя бер,

Ақиқат қатын келеді».

Әрі бері ойласып,

Ақырында жауап береді.

Екеуінен жауап ап,

Түн ішінде жөнеді.

Жортып жүріп Зуһра,

Өзен суға келеді.

Суға түсіп Зуһра,

Тазалапты денені.

Мінәжат қылып Құдайға,

Сондағы айтқан өлеңі:

 

Құдая, өзіде аян менің сырым,

Қырсығып қылған ісім кетті қырын.

Ақиқат құдіретіңе бәрі мәлім,

Іс болса қылмапты деп кім жасырын,

 

Өтірік емес еді өнерлерім,

Болған соң өтірік айттым өлер жерім.

Нәмәһрәм[30] кол ұзатып қылды Құда,

Кез болып екі бойдақ олар менің.

 

Құдайға пендең бар ма мендей қор,

Болып тұр осы күнде кеуілім зор.

Кете алмай жаза алмастан отырғаным,

Кезек келіп қараңғыда жабылған тор.

 

Бұлардан қиын болды құтыларым,

Келмей тұр айтқанына ықырарым[31].

Я, Алла рақымыңнан үмітім бар,

Бұларға қашқанменен тұтылармын.

 

Қазының тілегімен қылсам зина,

Өзіңнің дәргәһіңе көп-дүр күнә.

Дұғаның есімі үрметі үшін

Пендеңе рақым Әилә мен Камила.

 

Жүрмін деп қатын жылады,

Істемеймін айтқанын.

Қазы менен мүфти отыр,

Келеме деп бұ жерге.

Барсам айтар жаман сөз,

Келмей тұғын өнерге.

Түзу жолды қалдырып,

Қисықша жүр тілерге.

 

Менің кеулім қашпақта,

Бұлардың көңілі құшпақта.

Мен – бір көзсіз көбелек,

Кете алмаймын еш жаққа.

Есімі әзәм дұғамен

Талабым бар ұшпаққа.

Далада қаңғып өлейін,

Жатқанша мұндай қыспақта.

Пендем десең Құдая,

Бұлардың арам қолына

Денемді нәзік ұстатпа.

 

Осылай деп қатын сыйынды,

Көзінің жасы құйылды.

Күтіп отыр қазылар,

Келер қашан тиімді.

Барсам айтар жаман сөз.

Келмей тұғын иімге.

Менмендіктің жүрмес тәубесі,

Ол болғайда шіріген күйінді.

Құдіретің күшті келеді,

Қылмаққа өңкей қиынды.

Дәргәһіма ап кел деп.

Періштелер бұйырды.

 

Қатын оқып отырды,

Исми әзам дұғаны.

Кітапта жазды осылай.

Болыпты сахар уағы

Періштелер көтеріп,

Аспанға ұшты жоғары.

Мәләккә «жұлдыз қыл» деген.

Алланың болды жауабы.

Күн шығысқа орнатып.

Бір жұлдыз болды шұғылалы.

Атайды атын «Шолпан» деп,

Таңға жақын тұрады.

Дәреже жетті осылай.

Ісінің болған сауабы,

Адамнан шығар әрдайым

Әууәлі зәит уәли.

 

Әндә суға кеткен қатын келмеген соң қазы, мүфтидің айтқан сөзі:

 

Қазы менен мүфти отыр,

Келмеді деп асығып.

Бірінен бірі көреді,

Болды-ау сенен асылық.

Қолға түскен тұйғынды,

Алдық деп бекер қашырып.

Масқара болдық енді біз

Сырымыз жұртқа ашылып.

Ә, дегенше таңда атты,

Қараңғылық ашылып.

Аһ, ұрды екеуі,

Қатыны өлген кісідей.

Қазы менен мүфти қарсы ұрып.

 

Сонда қатындар ойлады:

«Қазы менен мүфтиға қоңсы отырса,

Жұлдыз болады екен деп бізде,

Жұлдыз боламыз деді.

 

Қатынның қабыл болды мүддәсі,

Болыпты жарық жұлдыз «Шолпан» атты.

Көз көріп, қол жетпейтін болып алды,

Айтылсын мәлім болып кейінгі аты.

 

Бұл қатын парасатты білімді еді,

Құдайдың кереметті тіліне ерді.

Ұрысып сәл нәрсемен өз еріне,

Көп қатын қазыға кеп бүлінеді.

 

Көп еді абысын-ажындары,

Ұрысып бей һурлат бажылдады.

Айрылып сенен бөтен кетемін деп,

Айтысып еріменен қазыға барды.

 

Дегендей өткен істі ортаға сап,

«Деңіз, – деп, – бірің ақ, бірің қаралап».

Мұның да ерлерін тентек көріп,

Болып тұр қазы, мүфти қатынға жақ.

 

Қатын тұр «үйге енді бармаймын, – деп,

Қазыны көріп отыр әкесіндей.

Ұзамай шеніңізге орнаймын, – деп,

 

Бізге де үйретіңіз дұғаңызды,

Біздің де жұлдыз болмақ ойымызда.

Халыққа жайылды атағыңыз,

Жарқырап жарық жұлдыз болмасақта,

Тұрар ек кіші жұлдыз болып бізде.

 

Мұны да қазы ап қалды,

Ерімен қосып қайтармай.

Ері кетті не лаж,

Қатынға жүр деп айталмай.

Аңқау елге кез болды,

Айласы көп шайтандай.

Мұқылыс болды баршасы,

Әулие бұл деп байқамай.

Керемет пен Зуһра,

Болды деп жұлдыз ой, тоба-ай.

 

Ерінен қалып қазының,

Отырды мүфти қасына.

Ас жейтұғын кісідей,

Отырды келіп қарсыға.

Таза болса кеуілі,

Пайдасы бар деп басыма.

Жездесіндей сыңқылдап,

Тізесіне келді асыла.

Жасырынбай денесі,

Болып жүрген кісідей

Ілгеріден ашына.

 

Отырды қазы менен ойын ойнап,

Түскендей жаңа келін тойын тойлап.

Қашпады басқа әйелдей бетін бүркеп,

Отырды қасына кеп «қазым-айлап».

 

Отырды күліп-ойнап, ыржаңдап,

Болмақшы Зуһрадай жарық жұлдыз.

Дұғасын исми әзам үйретіпті,

Жетілді қатын оқып бұл дұғаға тез.

 

Зуһрадай бұ да жұлдыз болмақ болып,

Ниеті тура болса бір Құдайға

Артынша құмар болып қазы, мүфти,

Көз салып шәкіртіне көңіл етті.

Құрмет қылмасты қыл дегендей,

Құр тастап кетсін деген жоқ тынықты.

 

Әндә қатынды ортаға алып шарап берген жері:

 

Күтіп жатыр құрмет қып,

Атадан мейман үлкен деп.

Қызмет қылып ұмтылды,

Жақындай түсіп итеңдеп.

 

Мас болып қатын жығылса,

Бұлар кеулін бітірмек.

Арақ ішіп болды мас

Кеуілдері тынады.

 

Ойнауға қылды ықылас,

Іздеп жүрген шіңкілдек.

Кеулі неге толқымас,

Көрген соң бұйра шаш селкілдек.

 

Мас болып ішіп шақырды,

Болмас енді келкілдеп.

Сұрағаны болған соң,

Іздегені табылды.

Айғыр аттай ойқастап,

Нар бурадай шабынды.

Буыршындай бұрқырап,

Қайта-қайта жабылды.

Ерегісіп тұрған жоқ бұлар,

Бір сұқсырға жабылды.

Батырлардың уақыты хош,

Бір-біріне қағылды.

 

Болған екен өкініш,

Есігін таңып бұрғызды.

Есіңізде болсын деп,

Екі жақта шар қылды.

Осындай деп жақсылар,

Қазы, мүфти қас қылды.

Қайласы жаман мүфтиіңіз

Өз басына кәр қылды.

Замананы бір уыс

Харамдықпен тар қылды.

Қазы, мүфти ойлады:

«Біліп қойса жан бізді.

Келемін деп Зуһра,

Одан арман құрыды.

Ол құрыса, бұл келді,

Жиреншенің сұлуы.

Оған арман болмайды,

Жайың болған бұл кірі».

Қазы менен муфтидің,

Шат болғаны бұл күні.

Түн ортасы ауғанша,

Кеуілден кетпес дүбірі.

Әні-міні дегенше,

Жарымнан ауып бір түні.

 

Қараңғылық азайып,

Білінді таңның жарығы.

Таң торғайы шырылдап,

Сайрады шаһар құстары.

Түнімен қылған көкбары,

Һәдден[32] артып тысқары.

Мастығы тарқап қатынның

Көрінді балақ пұшпағы.

 

Өткізіп істі екеуі тұр,

Лағнеті Хақтың дұшпаны.

Исми әзам дұғамен,

Қылыпты ниет ұшқалы.

 

Бісміллә деп оқыды,

Кәләм етіп дұғаны.

Әуелетіп айналып,

Жоғарыға шығарды.

Қылған істің серті жоқ,

Болмақшы жұлдыз бұ дағы.

Зуһрадай шолпан болмақты,

Шын кеулімен ұнады.

Есіне бұның түспеді,

Түнімен қылған зинаны.

Құдайға құлдық қылғанда,

Қолынан түсті құманы.

Періштеге бір Алла,

Бұйырды үшбу ниданы[33]:

«Жоғарыға шығармай,

Көтеріп жерге ұр әні.

Құдіретіме сыймайды,

Қылғаны харам шубаны.

 

Ұрғыл, – деп, – залымды»,

Періште гүрзі тастады.

«Отты гүрзі бергіз» деп,

Бес бөлек от қып шашады.

От боп түсті бес бөлек,

Періштенің ұрғаны.

Сол оттардың әлі жүр,

Жер жүзінде жұрнағы.

Аспан мен жердей парқы бар,

Жақсы мен жаман арасы.

Қолынан келмес істі ойлар,

Адамның кейбір шаласы.

Харам іске жуымас,

Жақсы адамның белгісі.

Зуһраның кеулі ақ еді,

Жоқ еді ешбір қарасы.

Жақсы құлдар мұңаймас,

Шықса да қанмен сорасы.

 

Егер қылсаң халал іс,

Шыныменен беріліп.

Жұлдыз бопты атақты,

Қабыл болып наласы.

Адал жүріп, ақ тұрсаң,

Қабылда болар тобасы.

Харамнан қашып Зуһра,

Сауап енді тауыпты.

Кейінгі келген ол қатын,

Өз бетінше лағыпты.

Қазы менен ойнас боп,

Қандай өнер тауыпты.

Жұлдыз болам деп ол қатын,

Өзінен өзі даурықты.

 

Ақырында не тапты,

Жұлдыз болмай от болды.

Өзінің нәпсін тимаған,

Жылтылдаған шоқ болды.

Қараңғыда көрініп,

Апарсаң жарық жоқ болды.

Арасында аспан жер,

Періштелер топ болды.

Құдайдан қорқып ұялмай,

Шайтанның кеулі шат болды.

Ақымақ қатын не қылсын,

Бұлардың жайы бұл болды.

Жұлдыз болды Зуһра,

Таң шолпаны һур болып.

Өз шамасын білмеген,

Айтарлықтай жыр болды.

 

Енді хабар алайық,

Қазы, мүфти әлінен.

 

Қазы менен мүфти отыр,

Көңілі тасып қарық боп.

Үлкен деп әзиз тұтады,

Бір емес халық болып.

 

Зор әмалдар екеуі,

Бастарына бақ қонып.

Түнімен қып харам іс,

Жүреді күндіз ақ болып.

Ақырын істің сұралмай,

Аулына барды шат болып.

 

Әңгімесін естісең,

Екеуі де ғұлама.

Қылған ісін сұрасаң,

Ақылға тура сыяма.

Ақырында не тапты,

Батты бұлар күнәға.

Күндіз тура жүрсе де,

Бұзылар кеулі қонаға.

Арызға келген кісілер,

Сұрайды шеттеп шолада.

Бұрынғыдан қалған сөз,

Ендігісін сұрама.

«Айтқанын қыл молданың,

Қылғанына жолама».

Ұғып алған кісіге,

Мұнан артық сөз бола ма.

Жақсының иманы тасысын,

Мақтап айтпай бола ма.

Харамның иманы сасысын,

Жаман сөз сірә қала ма.

Есіткен соң құлақпен,

Көз көрмейде тұра ма.

 

Алтын еді қазыңыз,

Ақырында жез болды.

Ниеті жолдас әр кімнің,

Бір бәлеге кез болды.

 

Дию мисал қарайып,

Суреттері өзгерді.

Байқасаңдар жақсылар,

Құдіреттің ісі тамаша.

Харам деген пендесін,

Қыла алмас ешкім араша.

Жермен жексен қылады,

Қаһарымен қараса.

Құдіретіне күмән жоқ,

Жоқтан бар қылады қаласа.

Барды жоқ қылады,

Білгенге бұ да тамаша.

Ақырын істің сұрамас,

Ақылы кей бір аласа.

Істеріне бұлардың,

Көрсетті көзіне жараса.

Өзінен өзі шошынар,

Тәубесіз етсе жұмысты.

Әмірі мағруптан шықпасаң,

Тілегіңді бермес сұрасаң.

Тілмен айтып ділдә жоқ,

Жарылқамас қанша жыласа.

Енді қазы, мүфтидан

Айтайын халқым ұнаса.

Адамды мұнша ғайбат қып,

Жамады күнә раса.

 

Періштелер серт қылып,

Түсіп еді ілгері.

Бұл жұмысты тілеген,

Өзінің өткір тілдері.

Жараттың деп күнәһар,

Пендеге айтқан күндері.

Өзінің келді басына,

Адамды сөз қып күлгені.

Пендені жолға салмақ боп,

Қанеки, ерлердің білгені.

Алланың шебер әділін,

Қиын шығар анық білмегі.

Құдіретімен жазғанын

Періште халқы білді енді.

 

Әндә бұлардың ниеттерінің бұзылғанын біліп, аспандағы періштенің қазы, мүфтиға келіп айтқаны:

 

– Періштенің бірі емес,

Бәріне түсті қапалық.

Ұялып бәрі терледі,

Жел тұрғандай шайқалып.

Құдай-ау, өзің білерсің,

Өтті-ау деп бізден қателік.

Кешірмесең харам қып,

Болдық деп асы қапалық.

 

Қазы менен мүфтидің

Халыққа болды ертегі.

Құдіретіңе белгілі,

Әрбір істің тентегі.

Адамға қылды қиянат,

Істеген ісі тентегі.

Ойына түсті оянып,

Бұрынғы қылған серттері.

Өткен іске өкінген,

Бекерге зая кетеді.

Хабар тауып бұл істен

Жәбірейілге жетеді:

 

– Аман-есен жүрмісің,

Қазы мүфти ұлығым.

Бақуат бауырым бармысың,

Мүсәпір болған мұңлығым.

Қандай іске ұрындың,

Жақпағандай қылығың.

Момындық етіп жүргенде,

Бейнетке түсті құрығың.

Тілекті Құдай бермеді,

Қайтаруға еш мұның.

Бәріміз болдық айыптар,

Үлгісіндей ұрының.

Бәрімізге батып тұр,

Дәмсіз тағам тұсыңның.

Ыдырысқа барып жылаңдар,

Құтқарсын деп біз мұңын.

Шарапатты беріпті,

Адамзаты ұлының.

Біз сұрадық бермеді,

Болмаса сонан бір себеп,

Күмәні жоқ енді құрыдың.

 

Бұл әйелдің сұмдығы,

Өзі де бейопа бірәдәр.

Көзімен көріп жұмысты,

Тура жолдан кім азар.

Өзінің ісін қылғызып.

Шайтан лағин қуанар.

Хазіреті Ыдырыс болмаса,

Таппассың басқа еш амал.

 

Осылайша Жәбірейіл

Екеуіне айтады.

Қазы менен мүфтидің,

Қалмады сабыр қарары.

Кімнен көмек болар деп,

Бір-біріне қарады.

Күнәсін алып мойнына

Ыдырысқа барады.

 

Сонда қазы мүфтидің Ыдырыс пайғамбарға айтқан сөзі:

 

Ассалаумағалейкум,

Хазіреті әнһу Ыдырыс!

Бүгінде бізден қалып тұр,

Ел аралап қыдырыс.

Ноқталап бізді жеңіп ап,

Шығарды жолдан Ібіліс.

Өткен іске өкініп,

Кетіп тұр ақыл күшіміз.

Алтынымыз арылып,

Жылтырап тұр мысымыз.

Екеумізде Құдайға,

Жазықты болған кісіміз.

Тақсыр сізден үміткер,

Болып келген ісіміз.

Қолды жайып сұраңыз,

Қалыс болып Аллаға,

Араға тақсыр түсіңіз.

 

Басқадан болмас дәрәмәт.

Жұмысым кетсе оңланып.

Қазы болып екінші,

Қылмас ем елге молдалық.

Өте жаман іс қылып.

Екеумізде сорладық.

Келтірсеңіз орнына

Бұл істі тақсыр қолға алып.

 

Сонда хазіреті Ыдырыстың Аллаға айтқан мінәжаты:

 

Құдіреті илһәм жан Алла,

Серіксіз патша адамға.

Мен айтқанмен болмайды,

Жазуың болар кәламға.

Қаһар қылсаң жоқ болар,

Һәмма жаһан дарияда.

Рахым қылсаң түзейсің,

Не бұзылып қалғанға.

Құдіретіңді көрсеттің,

Жолдан азған наданға.

Көмірден бетер қарайып,

Жүзі жоқ елге қарауға.

Пазылыңмен кәрәм қып,

Рахым айла жаманға.

Арашашы мен пендеңмін,

Береме деп жарлық араңда

Бір уә барым[34] өзің біл

Өтінді айтып мағанда.

 

Әндә Ыдырысқа Алла тағаладан илһәм келді. Бұл екеуіне ықтияр бердім. Қаласын бұл дүниеде азап тартсын, қаласын ол дүниеде азап тартсын деді.

Ыдырыс пайғамбардың қазы мүфтиға айтқаны:

 

– Арыз қылдым періште,

Дәргәһінә[35] Алланың.

Сендер үшін Алладан,

Күнәңді тілеп барғаным.

Қаһары қатты келіпті,

Жалынып қатты жалбардым.

Қайырып ешкім сөз айтпас,

Періштесіне һәммәнің.

 

Өзінің болар қалауы,

Дегені болмас пенденің.

Есепсіз күнәң көп екен,

Азырақ сұрап алғаным.

Бұл дүниені күш көрсе,

Болмаңыз дейді кіріптар

Азабына жалғанның.

Ықырар[36] болса бұл күнге

Ақыретте аман қып,

Қинамаймын жандарын.

Қайсысы мақұл кеуліңе,

Ойланып бірін таңдағын?

 

Періштелер ойласты,

Қайсысы екен деп жеңілі.

Жеңіл көрді ойланып,

Бұл дүниенің азабын.

Қияметтің азабынан,

Таусылмас дейді өмірі.

Бұл жалғанда көрейік,

Болса да қандай көрімі.

 

Осылай деп екеуі,

Төмен қарап қамықты.

Мүсәпір болып осындай,

Ақыл естен таныпты.

Жүдеді көп уайым қып,

Күнәһар болған жазықты.

 

Қайғыланып қарайып,

Айрылды ақыл есінен.

Өзінің қылған ісі еді,

Көтерді ақыр мойнымен.

Қазы менен мүфтидің,

Айрылмас азап шеккені.

Пазылыңмен Құдая,

Қылдым күнә батпандай.

Таразыда күнә таудай боп,

Кетеді құрып тым қалмай.

Намысы бір періштенің,

Бізге болды ұрғандай.

Қазы, мүфти тамға сап,

Күн болды бұл қандай?

Опасы жоқ жалғанның,

Баршаға тозақ құрғандай.

 

Құлақ салып жақсылар,

Сөздің түрін қарасын.

Жетектеп шайтан аздырар,

Қалмағайдың баласын.

Білгендерге жақсы сөз,

Ақылға салып қарасын.

Өтірік қандай, шын қандай,

Сөздерінен сынасын.

Арам істен тек тұрсаң,

Ол өзіңе кәрәм мұрасың.

Харамнан бойды тартпасаң,

Кигізер шайтан лыпасын.

Осы сөзде ғибрат көп,

Ақылдың ашсаң шартағын.

 

Адамнан қатынды айырып,

Мүфтиің болды шәрманда.

Дүниеде ойын көп қылып,

Қазының шері тарқады.

Өзінен зормен ойнас боп,

Теріске ісі айналды.

Өрмекшідей салбырап,

Үзілмес жіпке байланды.

 

Ажал келсе тұрмақ жоқ,

Жағдайы осы ойыннан.

Адамға көп күлем деп,

Түңілді енді бойынан.

Дүниеге, қатынға алданып,

Күнәға батты шойындай.

Көп мехнатқа ұшырады,

Білместік қылып қатеден.

Өз бағасын кемітіп,

Қосыла алмас қатарға.

Ол аятында Кәшмурдің,

Терең құдық бар еді.

«Жатар жайың осы» деп,

Төменге айдап апарған.

Ол құдыққа салдырды,

Азап қылып қаһардан.

 

Кім көнбейді жақсылар,

Құдіреттің салған жүгіне.

Тастаған соң түседі,

Ол құдықтың түбіне.

 

Басын төмен қаратып,

Аяғын жоғары іліпті.

Құдіретімен бір Алла,

Салыпты жіпті беліне.

Құдіретін көр тамаша,

Байлауы кетпес шешіліп.

Қияметкеше ол тозбас,

Байлаған жіп кесіліп.

 

Үзілмейді жібі де,

Басы да жерге жетпейді.

Жібермейді аяғын,

Төмен түсіп кетпейді.

Бұл азаптың себебі,

Адамға зина еткенді.

 

Нәпсінің еріп тіліне,

Қысқартпасаң базарды.

Шашқа қырау түскен соң,

Бетіңнен кетер ажар-ды.

Қандай пенде ила[37] етер,

Аманат қойған бұ жанды.

 

Малым бар демегін,

Үйіңде болса бойдағың.

Жаным бар демегін,

Әзірейліні көріп ойланың.

Қазы менен мүфтиді,

Ғибрат алсаң қойғаның.

Жәдігөйлік дұғасын,

Әркімге бұлар үйретіп,

Күнәға қанша тойғанын.

 

Өлмей тұрып жақсылар,

Иллаһида тәубе қыл.

Шын кеулімен жалықпай,

Шариғаттың әмірін қыл.

Жел тұрса солқылдап.

Бір күн солар қызыл гүл.

Осы менен сөзімді

Аллаһу әғләм біссауат

Тамам тамам біл.

 

Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,

Жарқылдап бір күні өтірік алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың білемісің,

Туған соң өлмегіңді ойлан шырақ.

 

1922 жыл. Көкірек елінде жазылған.

 

 

.

[2] Мекер /а/ – қу, айлакер, сиқыршы, залым.

[3] Өтен – отан.

[4] Көр – мәтін бойынша «су қараңғы соқыр» деген мағынада.

[5] Әзел /а/ –  мәңгілік, бақилық; басында, әуелде.

[6] Мажал /а/ – күш-қуат; әл-дәрмен.

[7] Бейәдеп – әдепсіз.

[8] Мүдда /а/ – тілек, ой; мақсат, арман; мүдде.

[9] Әммә /а/ – бәрі.

[10] Дишуар /п/ – қиын, ауыр, азапты.

[11] Кембағал – кедей.

[12] Бе Құда – құдайсыз.

[13] Имарат /а/ – басшы, әмір болу.

 

[14] Уә – және.

[15] Әмалдар /п/ – салық жинаушы, шағын мәнсап.

[16][16] Ишқы /а/ – құмарлық, ғашықтық, махаббат.

[17] Пұшайман – қайғы, өкініш.

[18] Кәлла /п/ – бас.

[19] Зәредей – кішкентай.

[20] Асы, ғасы /а/ – күнәһар, шариғатқа қайшы істер жасаған кісі.

[21] Асық – артық.

[22] Құп – мақұл.

[23] Манзұр /а/ – айқын, анық.

 

[24] Пәкиза – асыл текті, таза, пәк.

[25] Таһарат /а/ – дәрет алу, жуыну.

[26] Кәззап – жұғымсыз, сұм, сұрқия, қу, алаяқ.

 

[27] Геп – сөз, әңгіме.

[28] Исми /а/ – есімім.

 

[29] Зияда /а/ – көп, артық.

[30] Нәмаһрам /п/ – бөтен, басқа; тыйым салынған.

[31] Ықырар /а/ – мойын ұсынғандық, көнгендік ықтиярлық.

 

[32] Һадден /а/ – шектен, шамадан.

[33] Нида /а/ – жар шақыру, дауыстау, айқайлау; жалбарыну; үндеу; ұран.

 

[34] Бір уа бар   – Алла тағаланың 99 есімінің бірі: оның барлығын, бірлігін білдіретін ұғым.

[35] Дәргаһ /п/ – салтанатты сарай; құдай үйінің дарбазасы; табалдырығы.

 

[36] Ықырар /а/ – мойын ұсынғандық, көнгендік ықтиярлық.

 

[37] Ила  /т/ – айла, амал, әдіс.

 

Бұл қиссаны жеткізген Айқожа ишан ұрпағы Карамат әкеміз 1928 жылы Ақтаста туған. 1938 жылдарда ишандар әулеті қудалауға ұшырағанда 10 жасар бала еді. 1950 жылы туған жері Айқожа бабамыздың қасына «Талап» бекетіне Жетісай жерінен көшіп келді.
Бабамыздың басындағы жабылып, қайта ашылған «Ақтас» мешітінде жергілікті тұрғындар Таңғашбек, Жанаділ және тағы басқа азаматтармен бірге жұмыс жасады. Әбіламит ишанның баласы Карамат қарапайым өмір сүрген. Алайда алмас қылыштың қын түбінде жатпайтынындай, көкемізден қалған тоғыз қалың дәптерге жазылған жазбалары оның өте білімді, ескіше сауаты болып, ақындық талабы болғанын анықтайды. Соның мысалы Үш мұңлы, Харут пен Маруф, тағы бірнеше қисса-дастандарды қағазға түсірген. Карамат қолжазбаларының ең құндысы Алланың фазылаттары жазылған бес дәптерге түскен түп нұсқадан аудармасы мен «Мүкіматіл Мүсілімін» хикаясы бар.
Тағы бір елең етерлік нәрсе, осы әулетте аталардан қалған, киізден басылған жайнамаз сақтаулы тұр.

Сабырхан Караматұлы – 1958 жылы «Талап» бекетінде дүниеге келген. Жаңақорған ауданындағы баба
жолында қызмет жасап жүрген Ибадулла әулетінің қазіргі басшысы.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button