Жарық нұрдың сәулесі

Мұхтар Әуезовтың ата-тегі

Бердіқожа Саяқыпұлы

 Бердіқожа Саяқыпұлы (шамамен 18 ғасырдың соңы- 19 ғасырдың ортасы), жазушының атасы. Құнанбай Бердіқожаны Шыңғыстың тұмсығындағы Шалғынбай төренің ауылынан 1850 жылдары қасына көшіріп әкеліп, Қызылшоқы деген жерге қоныстандырған. Шежірелерде Бердіқожаның әкесі Саяқып (Саяқ) делінеді. Саяқыптың зираты – Арқат тауындағы Бетағаш қорымында. Саяқып – Ырғызбайдың, Берді – Өскенбайдың, Әуез – Құнанбайдың, Омархан – Абайдың замандасы. М.Әуезов 1928 жылы С.Садуақасовтың сұрағына берген жауабында: «Тобықты ішіне менің үшінші атам Бердіқожа бірталай туысқандарын ертіп, найман ішінен келген. Ол  – Құнанбай заманы. Құнанбайдың шақыруымен келгенге ұқсайды. Ең әуелгі шыққан жерлері ол кезде Алматы жағы болса керек. Бердіқожа тобықты ішіне келген соң, бірталай заман өмір сүрді. Артынан бір қызын Құнанбай тоқалдыққа алған. Сонымен бұл елмен құдандалы, жақын болып, тобықты ішінен қоныс алып, мекен етіп, тұрып қалған. Бердіқожа өзге қожаларша қожалық етіп, үгіт айтып, дінге үйретіп жүрді ме, жүрмеді ме, оны білмеймін. «Солай қылды» деген сөзді естігенім жоқ» – деп жазған. Саяқыптың ұрпақтарының шежіресі бойынша оның бәйбішісінен – Өзібек, Қарақожа, Сәсейіт, Солтан, Темір; тоқалынан-Төлеген, Берді, Қылыш туады. Бердіден – Үсен, Бурахан, Әуезхан, Кенжехан, Самархан деген ұлдары және Бибіхан, Айшахан, Нұржан, Нұрғаным есімді төрт қызы тарайды. Әуезден – Омархан, Омарханнан – Мұхтар туады.

Әуез Бердіқожаұлы (1830-1918)

Әуез Абайдың замандасы, ақын ауылымен қадірлес, құдандалы болған. Тобықты ішіндегі беделді адам. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» сұрапылынан кейін Тобықты руын Сыр бойынан Шыңғыстауға бастап қайта көшіріп әкелген атақты Мамай батырдың жауынгер серіктерінің бірі Бақшайыш батырдан – Саяқып, Саяқыптан – Берді, Төлеген, Қылыш, Атахан туады. Ал Бердіден – Үсенхан, Бурахан, Әуезхан (Әуез), Самархан, Кенжехан тарайды.

Әуездің үлкен әйелі, Найман ішіндегі Сыбанның беделді адамдарының бірі Жарқынбайдың қарындасы – Дінәсілден Омархан дүниеге келген.

ХІХ ғасырдың 40-жылдарында Құнанбай Өскенбайұлы Берді әулетін Арқат тауының солтүстік өңіріндегі Бетағаш қонысынан өз жанына көшіріп алып, Бөрліден арнайылап қыстау салдыртады. Солайша Аралтөбеде – Абай, Тышқанда – Ақылбай, Бөрлітөбеде –  Әуез мекен-жай тұрғызып, Әуез бен Абай іргесі айрылмаған көрші-қоңсылас, сырлас-сыйлас, айнымас дос болып өтеді. Түрік, шағатай, парсы әдебиетінен хабары мол, арабша сауат бірлігі жоғары, мәдениет-парасаты биік Әуезді Абай «Әуке аға», «Үлкен қожа» деп атаған. Абайдың Әубәкір үйінде отырғанда Разақ Самарханұлына:

«Үлкен қожа-ортан қол, Өзгелері – аты жоқ пен шынашақ» – деп қадай көрсетуі ұлы ақынның Әуез тұлғасына берген шынайы бағасын танытса керек.

Құнанбай өзінің балаларына хат таныту үшін Әуезді жас кезінен бастап қасында ұстайды. Әуез Абайдан он бес жас үлкен екен. Құнанбай Әуездің Нұрғаным деген қарындасына үйленген.

Әкесі Бердіқожа өлгеннен кейін «Әуез қожа» атанады. Құнанбай, Абай ауылының балаларын, бертін келе өзінің немере, шөберелерін оқытады. Ол аса ұстамды, мінезді, ел арасында сиымды, ақыл-ойлы, тәртіпке қатал қарайтын адам болған. Шежіре жазған, ғылымның әр саласынан хабардар болып, шағын кітапхана ұстаған.

Құнанбаймен, Абаймен қадірлес, пікірлес, дос-жар ретінде араласқан. Омарханның бәйбішесі Нұржамалдан – Мұхтар, екінші әйелі Сақыштан (Сақыпжамал) – Арғынбек, Қасымбек, Ағзам, Ахметбек туады. Қыздары Қорлыға, Рақия, Гүлсім, Зүбәйла, Үмия. Әуез немересінің атын Мұхтар (құдіретті) деп қойған. Бала Мұхтарды Абайдың алдына ертіп апарып, ақынның батасын алған. «Оқуды бес-алты жасқа келген соң өзімнің үлкен әкемнен оқи бастадым. Сол кісінің алдында хат таныдым….» – деп жазды Мұхаң атасы Әуез туралы. Кейіннен Әуез Мұхтарды Семейдегі Камалиддиннің медресесіне, одан соң бес сыныпты орыс мектебіне оқуға берді.

Әуез де Абай өлеңдерін құмарта тыңдаған, қағазға түскен тың дүниелерімен алғаш оқып-танысып, ашық пікір бөлісетін жақын адамдарының бірі болған. Әуез өзінің сүйікті немересі Мұхтарды кішкентай кезінен бастап тәрбиелеп өсіріп, шығыс әдебиеті мен мәдениетіне қатысты өзіндік дүниетанымын қалыптасырып, Абай мұрасына деген махаббат-іңкәрлігін оятуға бірден-бір себепші болған адам.

Әуез өзінің өсиеті бойынша Құнанбай әулеті зиратына жерленген (Ақшоқыдағы қабірстанда). М.Әуезовтың әкесі де, атасы Әуез жан-жақты білімді, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген адам болған. Әкесі Омархан Әуезұлы 1856 туып 1909 жылы қайтыс болған.

Омархан Әуезұлы

Омархан Әуезұлы (1856-1909) жазушының әкесі. Әуездің бәйбішесі Дінәсілден туған. Омарханның туған жылы бірде 1856 бірде 1860 деп жазылып жүр. Нақты тарихи дерек жоқ. Алайда ұлы жазушының Абай ұрпақтарының естеліктеріне жүгінсек Омархан Абайдың ұлы Ақылбайдан бірер жас үлкен. Ал Ақылбай 1861 ж туған. Омархан мұсылманша оқыған, шағатай тілін білетін, сөз қадірін айыра алатын сауатты адам болған. «Омархан қиылған қара көзді, аса сымбатты сұлу болған» (жиені М.Диқанбаевтың естелігенен). Ат жалын тартып мінген кезінен бастап Әуез баласын өзімен ертіп жүріп, ел танытқан. Омархан аса қайырымды, терең сезімді, орнықты мінездің иесі боп өскен. «Хайуанға обал болады» – деп құдық басына келген малды күнұзынға өзі суарады екен. Аңшы, саятшы болған, домбыраны бірсыдырғы жақсы тартқан. Абай үлгісімен тәрбиеленіп, ақыл-парасатты, білімді, өнерді ерекше бағалаған. Омархан өз балаларын да соған баулыған. Жазушы: «Өз әкем 1909 жылы дүниеден өтіп еді. Бұлардың ішінде қайсысында да діндарлық, сопылық сияқты ерекше белгісі жоқ, қайта әр нәрсеге Абай үлгісімен қараушы еді. Абайдың сондайлық ұстаздық, үгітшілік әсерін мен кішкентай кезімнен өз әкелерімнің қалпынан анық көруіме болушы еді… Бір жыл жазғытұрым өз әкем: «Абай кітабы келеді» деп, өзімді көп уақыт бір үлкен қызық сый беретіндей дәмелендіріп жүріп, аяғында қар кетіп, көк шығып келе жатқанда сол кітапты әкелді. Сонда ел қыстаудан көшкенше күндіз-түні өзі үйде болған уақытта Абай өлеңдерін жаттатып, соны ылғи айтқызып, тыңдап, жақсылап жаттап алмаған жерлерімді қайтадан отырғызып, қайта жаттатушы еді» – деп жазды. Омархан Нұржамал Әбсәметқызына үйленген. Одан 4 қыз, бір ұл-Мұхтар туған. Омархан 1909, Нұржамал 1912 ж қайтыс болды. Зираттары-атамекені Бөрілі қыстауында, 1997 ж ұлутастан күмбез тұрғызылды.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов

 М.Әуезов – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстан ғылым академиясының академигі, филология ғылымының тұңғыш докторы, профессоры –  28.09.1897 жылы Семей уезі Шыңғыс болысының Бөрілі қыстауы маңындағы Аяққарағанда дүниеге келген. Бабасы Бердіқожа Әбдіқожаұлы – Қ.А.Яссауи мен Бақсайыс шейхпен сабақтасатын қожа тегінен. Ал анасы Нұржамал Алматы жанындағы Байсеркенің тумасы. Атасы Әуез бен Абай ауылдары жақсы сыйластықта болған. Дінәсіл әжесі «қоңыр қозым» деп ерекше еркелеткен. Мұхтардың алғашқы сауатын ашқан, сонымен бірге Абай өлеңдерін жасынан жаттатып, сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін оятқан атасы Әуез болыпты. Осы атасының тәрбиесіне сәйкес «Адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деп білген ол өмірі бойына үздіксіз ізденіс үстінде болған екен.

Мұхтардың шәкірттік жолы ары қарай Семейдегі Камалиддин Хазірет медресесінде, қалалық орыс училищесінде, одан әрі қалалық мұғалімдер семинариясында жалғасады. Кейіннен Ташкент университетінде бір қыс, Ленинград университетінде төрт жыл, одан кейін Орта Азия университетінің шығыс факультеті аспирантурасында оқиды. Ұлттық теңсіздік пен сауатсыздықты жою, аштықпен күрес туралы батыл пікірлері мен шығармалары үшін «ұлтшыл алашордашыл» атанып шеттету процесі басталады. «Алашордамен қатысың болды, үстем таптан шыққан Абайды дәріптедің, реакциялық әдісінде жаздың, коллективтендіруге қарсы шықтың» деген айыптаулар тағылып екі жыл түрмеде отырады. Амалсыздан «өз қателерін» мойындап «Ашық хат» жазуға және біраз шығармаларынан бас тартуға мәжбүр болады. Содан кейін ғана қысым біраз бәсеңдейді. Соның өзінде де 1918 жылдан 1954 жылға дейін үздіксіз бақылауда болып қуғын көреді. Осындай қиын-қыспақ жағдайларды бастан өткере жүріп те ұлы суреткер әдебиеттің алуан жанрында тер төгіп, очерк, әңгіме, пьесалар жазды, тамаша аудармалар жасады, әдеби сын мен әдебиет тарихына зерттеу жұмыстарын жүйелі арнаға түсіріп, оқулықтар құрастырды. Қазақ фольклоры мен әдебиеті тарихының, әдебиет теориясының және Абайтанудың негізін салды. Қазақтың классикалық драматургиясы жанрын қалыптастырып, драматургия сынын, сондай-ақ аударма саласын жолға қойды. Сөйте жүріп өз шығармашылығының ең биік шыңы – «Абай жолы» эпопеясын жазды.

Ол үшін Мұхаң 1923 ж бастап бұл романын жазуға материал жинай бастаған. Мұхаңның көзі тірісінде жер үстінде Абай жөніндегі сөз, бірде бір материал ол кісінің көзінен өтпей жарыққа шығарылмаған. Сонда, сонау 1909 жылдан 1954 жылға дейінгі аралықта Абай туындыларына 1734 жол өлең тауып қосқан, 45 қара сөзі мен бір тарихи сөзі өз алдына жеке дүние. Осындай ғаламат еңбектің нәтижесінде Абайдың әлеми көркемдік  бейнесі жасалынып шықты. Қорытындысында 10.05.1949 жылы «Абай» романы үшін М.Әуезовке СССР Мемлекеттік силығы, араға он жыл салып, яғни 22.04.1959 жылы «Абай жолы» романы үшін ең жоғарғы Лениндік сыйлық берілді.

М.О.Әуезов несімен Әуезов, неліктен әлемге әйгілі, біз оны не үшін мақтан тұтамыз?

Оның мәні: көз алдында жылыстап аққан судай, сусып бара жатқан дәуірді қағаз бетінде бейнелеп қалуға, уақытты сөзге көшіріп тоқтатуға, тарихтың тілін сөз кестесіне өріп жіберуге ұмтылғандығында. Мұндай сұрапыл міндетті алдына қойған суреткер әлем әдебиетінде сирек. Бұл керемет, көшпелілер өркениетінің дүние дидарынан кетуінің суретін сұлу сөзбен салу кереметі, оның қолынан келді. Әуезовтың шын ұлылығы осындай шығарманы жасай алғанында.

«Абай жолы» эпопеясы – қазақ өмірінің энциклопедиясы, көшпенділер өркениетінің ғажайып панорамасы, ұлы картинасы. Бұл туралы бір әңгіме бар. Леонид Соболев «Абай жолын» орыс тіліне аударып жүрген кезінде Мұхаңнан: «Мұхтар Омарханович, сіз ғой мына кітапта Бөжейдің асын керемет суреттегенсіз. Құдай-ау, бұл неткен құдірет, адамды мұншама құрметтеуге де болады екен ғой, таң-тамаша қаламын. Шыныңызды айтыңызшы, осындай ас өмірде дәл осындай болған ба, жоқ әлде халқыңыздың асыл қасиеттерін әспеттеу үшін қосқан қиялыңыздың жемісі ме?» – деп сұрапты. Сонда жарықтық Мұхаң айтыпты: «О, не дегеніңіз, дәл солай болған, тіпті мұнан да артық болған, мен қайта жеріне жеткізе жаза алмадым ба деп қысылып жүр едім» – деп жауап қайтарыпты.

Мына жауапты естіген Леонид Соболев шыдай алмай кетіп: «Извините, на какой черт вам тогда социализм?!»-деген екен дейді. Ғажап емес пе? Шынымен де ғажап баға ғой бұл.

«Абай жолы» романын ой көзімен оқыған адам автордың ғаламат терең тұспалмен жазғанын тани алады. Осындай астарлы туындыға тап тартысын тұздықтап, халықтар достығын қосақтап, социалистік реализм әдісінің талаптарын сақтап, «Коммунистік партияның жетекшілік рөлі» туралы мақалаларында мақтап жаза жүріп, ақыр аяғында сол социалистік жүйенің ең басты сыйлығын – Лениндік сыйлықты алуы Әуезовтың асқан данышпандығы емей немене? Аман қалудың өзі үлкен олжа болатын жерден жеңіспен шықты. Бұл Әуезовтың басты жеңісі.

Қазақтың көшпелі өмір әлемі адамзаттың мәдени мұрасына тұңғыш рет терезесі тең туынды ретінде танылды. Бұған дейін ішкі сыры көркемдік кілтпен ашылмаған әлемнің суретін сөзге салып мәңгілікке қалдырғаны, адамзаттың рухани игілігіне айналдырғаны, халқымыздың қадыр-қасиетін әлемге айдай айғақтағаны емес пе?

Сонымен бірге, өткенімізге мұқият зер сала қарауға ұмсындырады, еліктіреді, істеген ісіңді ұлы бабаларымыздың талғам таразысына тартуға, сол арқылы өз затыңды, тегіңді, табиғатыңды пайымдауыңа жетелейді.

Қаламгер қазақ тілінің ғажайып мүмкіндігін, шетсіз, шексіз байлығын айқара ашып таныту арқылы да халықтың рухын көтере білді. Әуезов тілінің зергерлігін былай қойғанда лексикалық байлығының өзі бөлекше. Белгілі жазушы, әдебиет сыншысы, аудармашы Герольд Бельгер марқұм бір мақаласында тек «Абай жолының» өзінде ғана Әуезов 16983 сөз қолданғанын жазғаны бар. Қазір оның елу томдық жинағы шықты, егер бұл жинақтағы «Әуезов тілінің сөздігі» жасалса жоғарыда сандық көрсеткіштің өсетініне тәнті боларымыз анық. Сүйегіне сөз сіңген Семейдің қара тілінің қазанында қайнап шыққан шешен Әуезов ағыл-тегіл арындаған ой ағысының ауыздан шыққанда да көркін кетірмеуге болатынын көрсетіп берді.

Ол өмірбаяндық тұрғыдан алғанда:

1.феодализмде туып, ес білді (1897-1910ж)

2.капитализмде оқып, жетілді (1910-1919ж)

3.социализмде өмір сүрді (1920-1961ж)

Осындай үш бірдей қоғамдық формацияның тоғысындағы қиыншылықта, түрлі саяси тартыста жүріп өзінің шығармашылық ісін жасады.

Шығармашылық тұрғыдан алғанда:

1.романтизмнен түлеп ұшып,

2.сыншыл реализмге орын тепті.

Фольклордан (Еңлік-Кебек) бастады, фантастикамен (Дос-бедел дос) аяқтады.

М.Әуезов шығармалары дүние жүзінің 42-тіліне аударылып басылды, оның жалпы таралымы 11 млн данадан асады.

Әуезов – ұлы драматург, қазақ сахнасына мәңгілік дүниелер сыйлады, осы жанрды әдебиетте орнықтырып кетті.

Әуезов – ғалым, қазақ әдебиеттануын қалыптастырып, әлемдік ғылымның сара жолына салып берді.

Әуезов – сыншы, талай талантты туындыны тамыршыдай тап басып, дарындарды даралай алып шықты.

Әуезов – аудармашы, тәжімалаудың классикалық үлгілерін мұра етіп қалдырды.

Әуезов – ұстаз, әдебиеттің сан жанрында қаламын қару еткен, қазір ұлт мақтанышына айналып отырған небір тамаша тұлғаларымызды тәрбиеледі.

Әуезов – сері, өмірді сүюдің, сезімнің қадірін білудің үлгісін көрсетті, көрген қиянаттарының орнын махаббатпен, жан ләззатымен, тән ләззатымен толтыра білді. Өмірде бәрін көрген, білген, сезген жан. Мына жалған өмірдегі жарық күннің жанашыры, жар құшағы, сезім сұлулығы екенін бағамдай алған адам.

Мұхаң бірнеше рет үйленген:

1.Бірінші әйелі – Райхан Какенқызы, руы – тобықты. Оқуды бітіріп Семейден келе жатып жолда байдың үйіне түскенде бойжеткен қызын көріп ұнатып, бата бұздырып алады. Бұл 1917 жылдың жаз айы. Бұл әйелінен екі балалы болады: Мұғамила атты қыз, Шоқан деген ұл. Шоқан бір жастан сәл асқанда сүзектен қайтыс болады. Мұғамила 2009 ж дүниеден өткен. Бұл кісіден екі ұл, бір қыз бар. Мұхаң Райханмен үш жылдан соң айрылысып кеткен. «Етегіне көз, жүрісіне сөз ілінген, өсекке ұйтқы, себепші болдың» – деп кінәлаған.

2.Екінші әйелі – Кәмила (Кәмәш) Мағауия қызы, Абайдың немересі, өте сұлу, сұңғақ бойлы, аққұба, бота көздің әдемісі болған екен. Екеуі бірін-бірі сүйіп 1922 жылы үйленеді. Кәмила да Мағрипа және Зере есімді екі қыз туған. Екеуі де жастай өлген. Кәмила ақын болыпты, ақындығын Мұхаңның өзі мойындаған екен. Бұл өмірден өтерінде: «Ақ кебінім көз алдыңнан ғұмырыңша кетпесін,Сазасы болар бұл қадіріме жетпестің» – деп Кәмила хат жазып қалдырыпты дейді.

3.Үшінші әйелі – Валентина Николаевна Ауезова (Кузьмина) – үш ұл, бір қыз туған. Елдос – сегіз жарым айында шетінеген. Екінші баласы – Ләйлә 1929 ж туған, тарих ғылымының докторы, Д.Қонаевтың інісі Асқар Қонаевтың жары, Эльдар және Диар есімді ұлдардың анасы. Ләйлә да әкесі секілді 64 жасында операция үстелінде қайтыс болады. Үшінші баласы – Эльдар деген ұлы 1941 ж туып жастай шетінеген. Төртінші баласы-Ернар (1943-1995ж), мамандығы – зоолог. Бұдан бір қыз, бір ұл бар. Ұлы Асқар 1975 ж туған.

4.Төртінші әйелі – Фатима Ғабитова, бұрын қазақтың марқасқа ұлдары Біләл Сүлеевтің және Құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтың әйелі болған. Бұның екеуі де «халық жауы» деген айыппен атылып кеткен. Мұхаң І.Жансүгіровтың ақындығын, адами қасиеттерін жоғары бағалап дос болған. Құлагер ақын атылып кеткен соң оның жанұясына қатты қамқор болады да кейіннен Фатимамен арада сезім туады. Нәтижесінде өмірге Мұрат келеді. Қазіргі уақытта Мұхаңның кіндігінен тараған балаларынан көзі тірісі осы Мұрат қана (немере, шөберелерін қоспағанда).

Жалпы көзкөргендердің әңгімелері мен жазған еңбектеріне жүгінсек, М.Әуезовтың әр кезеңдерде көңіл жарастырған әйелдерінің ұзын саны оннан асып жығылады. Әлкей Марғұлан естелігінде Томскіден келген Машаға, Омбылық Ғалия Мұхамедяроваға ғашық болғанын жазады. Тағы бір деректе Аққал Хасеновамен көңіл жарастырғаны туралы айтылады т.т. Өзінің Б.Момышұлына: «Мен махаббат гроссмейстрімін» – деуі және өзі айтқандай: «Ағаң ақылды адам емес, жүрген жерінде бір әйел алған» – деген сөзі де талай жайтты аңғартқандай.

Дара суреткер Мұхаң пайғамбар жасынан сәл асқан шағында (64 жасында)1961 жылы 27 маусымда Мәскеудегі Кунцево ауруханасында операция столында бұл фәни дүниеден өтті.

М.Әуезов – қазақ ұлтының әлемдік парасат салтанаты мен көркем ойына үлес қосқан ұлы тұлғасы ретінде мәңгі есте сақталады.

Бекен Исабаев шежіреші ағамыз «Ұлылар мекені» атты еңбегінде жазады: «Біздің үлкендерде қожа аталарына Кеңгірбай би: – Менің елім надан. Сақал-мұртын баса бермейді. Киімді олпы-солпы киеді. Арам өліп қалған малды «сенің өлгенің жаңа, менің көргенім жаңа» – деп, жей береді. Малдың бауыздаған қанын да қуырып жейді. Сіз бізге ұстаз болыңыз, біз мүридіңіз болайық!» – деп ертіп келіп, қожалар содан қалыпты деген сөз бар. Біреулер Бердіхан қожаға бұл сөзді Құнанбай айтып, Түркістаннан Қожаны сол кісі әкелді» дейді. Біз Шыңғыстауға Қожаларды Кеңгірбай би әкелді деген нұсқаны қолдаймыз. Дәлелдеріміз мынадай. Тобықтылар – мұсылман дініне Әнет бабаңнан бастап айрықша бой ұрған жұрт. Сондықтан да Тобықты басшылары Қараменде, Кеңгірбай -Төреден Абылайға бейім, Қожаларда Бақшайысты пір тұтқан. Шаһанадыр-Мұхмұн балалары: Сәдір, Саяқып, Сарғалдақ қожалары Бақшайышты өздерінің аталары деп білген. Ырғызбай баласы Жортардың немересі, Әуездің жиені Ниязбек Алдажарұлы шежіресінде: «Төлегенұлы Асылханқожаның баласы (Төлеген мен Бердіхан бірге туысады) Кәбір оқыған кісі еді. 1924 жылы елу жастағы шамасында өзін Бақшайыс бабама 29 атадан қосыламыз» – дегенін келтіреді. Қожалар шежіресі Әуезде де болған екен, бірақ ол өртте жанып кетіпті. Оның өртте жанғанын Ахмет Әуезұлы да жазады.

Мұхтардың 1928 жылы Смағұл Садуақасовтың сұратқан өмірбаяндық деректерінде берген «Өз жайымнан мағлұмат» атты жауабында: …Менің аталарым қожа, алғашқы шыққан жерлері Қаратау деуші еді. үлкен әкемнің үйінде сақталған қожалар шежіресінен бала кезде бір көргенімде біздің қожалардың арғы атасын Бақшайыс дейді… Бақшайыс жаңағы айтқан шежіреде менің әкем Омарханға 18-ата болып келуші еді. Тым әрірек көрінеді. Егер сол Бақшайыс қазақ ішінде тірлік еткен адам болса, онда менің аталарым ерте күнде қазаққа келген болу керек. Жоқ, Бақшайысты бергі қожалар айтып ұғындырған болса, ондағысын өздері біледі. Қайтседе бұл қожалардың қазақпен араласып, қыз алып, қыз беріп, қазақша тұра бастағанының өзінде де бірталай заман болған сияқты»-дейді.

Төрелер шежірешісі Татухан Абылайханов: – Әйгілі Бұхар жырау, ел атасы атанған тілді, бетті қайырымды бәйбішелерге арналған жырында «Қадиядағы жұртына, өрнекті екен бәйбіше, Зура мен Ботпадай екі бетті екен бәйбіше» – деп, атап көрсеткен Зура – жеті Момынның Бас имамы Қожа Сарғалдақтың әпкесі. Абылайханның төртінші әйелі. Абылайдың Тоқ, Қосым, Арық есімді үш ұлының анасы. 1777 жылы Қазақ елшісіне бас болып Петербургқа барған осы – Тоқ.

Абылай: «Ең соңғы шамам осы болар» – деп, атын Шама қойған Торғауыт Оресханымнан туған кенже ұлын үш ағасына (Тоқ, Қосым, Арық) қосып жеті Момынға жататын Тобықтыларға жібергенді. Бұлар 1780 жылдары (Тобықтылар) Шыңғыстауға келіп қоныстанған. Сарғалдақ қожа да жиендерімен бірге көшіп келіпті. Сарғалдақтың баласы Қожахметтің қызы Ағаным – Шыңғыс Уалихановтың анасы. Сартай Арықұлы Тоқтың немересі.

Осындағы Сартай Арықұлының ауылында – қожалардың да ауылдары бар болатын, – дейді. «Бесігіңді түзе» кітабында Тұрсын Жұртбаев осыны келтіре отырып (кітаптың 30-беті), әуелі Шыңғысты Наймандар мекендеген, кейін Машан тауын Тобықтының Жуантаяқ, Мотыш, Сақ, Тоғалақ тобы жайлаған. Кең өлкенің жер-су аттары белгісіз болғандықтан, өзен көл, тау аттары оның есімімен аталған. Сарғалдақ батыр – Әуездің әкесі – Берді, Бердінің әкесі Саяқыптың (Саяқ) ағасы» – дейді.

Тұрсын және осы кітабының келесі бетінде-«Сақыптың әкесі Мұхмұн мен Сарғалдақ бірге туысады, екеуінің әкесі Шаһанәдір» деген Ниязбекті қостай кеп,…екшей келгенде Мамаймен бірге Шыңғысқа келген Саяқып (Саяқ) болса керек-ті. Себебі, ағасы Сарғалдақтан қол үзіп кетуі екіталай. Сондықтан қатар уақытта Шыңғысқа қоныс тепкен. Енді, төрелердің өз ішінде ғана таралған шежіреге жүгінсек – Сарғалдақ өте аңғарлы, ықпалы зор. Абылайдың Орта Азия халықтарымен елшілікке жүретін мәмілегері болыпты. Кейін Көкшетауға, хан ордасына көшкен-міс. Оның немересі – Айғаным – Қазақтың соңғы ханы Уәли Абылайұлының кіші әйелі (тоқалы). Шоқанның әжесі. Александр патшамен хат жазысып, Сырымбетті алдырған Айғаным ханша. Ал, Айғанымнан 9 бала бар. Оның бірі – Шыңғыс, Шыңғыстан – Шоқан, Уәли Шыңғыс 10 жасқа толғанда қайтыс болады. Айғаным 38 жасында жесір қалады. Шоқанды бауырына салып, тәрбиелеген, орыс оқуына берген осы Айғаным. Сарғалдақтың арғы атасы – шұбар делінеді… Шаһанәрдің Шыхар Шыбар, шұбарға айналуы қазақ жұрты үшін онша тосындық  жасамаса керек» – деп жазады. Және Тұрсын: «Құнанбай «Тоқпанбет пен Мұсақұл соғысынан» кейін Омбыға, абақтыға қамалады. Шоқанның тілмаштығымен қазақ ісі жөніндегі шекаралық басқарманың кеңесшісі, полковник Шыңғыс Уәлиханов генерал-губернатор Госфортқа қол хат беріп, Құнанбайды кепілдікке алып, Қарқаралыға әкелдіріп салады. Мұның бәрі жай қазақшылық жолымен бітетін жұмыс емес. Айғаным ол кезде тірі, әрі патшаның өзі арнайы қамқорлыққа алған ханша болғандықтан да беделі де жоғары еді. Соның нәтижесінде «Құнанбай Өскенбаевтың қылмысты ісі» 1862 жылға дейін созылып, юстиция министрлігінің арнайы жарлығы да жүзеге аспады, қайта хорунжий шенін өзінде қалдырады. Құнанбай Әуезбен жақындаса түсіп, қарындасын тоқалдыққа алды. Нұрғаным бауырына салған немересі Ақылбайды Омарханмен қоңсы қондырып, Бөрлінің иек артпасындағы Тышқаннан қыстау салып берді»  -дейді. Ал, Әуездің жиені, Самарханның Зура дейтін қызынан туған Мәжит Диханбаевтың «Мұхтар туралы естеліктер» кітабында (1997 ж басылған) 6-бетте «Бердіқожадан бес ұл туады». Ең үлкен баласы – Үсен. Одан кейінгілер Бурахан, Әуезхан, Кенжехан, Самархан… Бураханнан Қожабырхан дүниеге келеді. Ол денелі ұзын бойлы, аса палуан адам екен. Сондықтан да оны Құнанбай өз жанына серік етіп ұстаған. Құнекең 60-қа келгенде Бердіқожаның кенже қызы Нұрғанымды алуына осы Қожабырхан себеп болды» – деген естелігі басылған. Мәжит Диханбаев «Құнанбай Бөжеймен араздасып, Бөжей арызбен Қарқаралыға барғанда артынан көп адамды ертіп, Құнанбай да сол жаққа жүреді. Сонда ол Бердіқожаны да ақылшы ретінде Қарқаралыға ертіп барады» – дейді.

Бекен Исабаев ағамыздың қожалардың Бөрілі өлкесінен қоныс алуының жөніндегі баяндаулары төмендегідей Мұхтардың аталары, бұл қожалар әулетінің – тегі Сауд Арабиясындағы арабтың хашия тайпасынан, Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) мен Халиф Әзірет Әлиден басталады. Мұхаммедтің қызы Фатима мен Әлиден Қасен, Құсайын туады. Әзіреті Әлидің Ханафия деген әйелінен Мұхаммед-Ханафия туады, оның ұрпақтары Абд-ар-Рахман, Ысқақ баб, Ыбырайым шайх, Қожахмет Яссауи Бақсайыс. Бұлар ежелден әрқайсысы әртүрлі дәрежеде дін пірі саналған. Ертедегі жырлардағы «Қорасанға қой айтып» деген өлең сөз тіркесі сақталған. Бақшайыс ұрпақтарының өзінен кейінгі көрнектісі Шаһанәдір болады. Одан Сарғалдақ, Мұхмұн, Сәдір туады. Мұхмұннан Саяқып (Саяқ). Саяқыптың бәйбішесінен – Өзбек, Қанқожа, Қарақожа, Сәсейіт, Солтан, Темір тарайды. Бұлар Аягөздің Ақшатау, Ақшәулі, Қоңыршәулі бойында өсіп өнген. Саяқыптың кіші әйелінен – Берді, Қылыш, Төлеген туады. Ұрпақтары Тобықты елінде өсіп, өнген. Саяқып – Ырғызбайдың, Берді -Өскенбайдың, Әуез – Құнанбайдың, Омархан – Абайдың замандасы («Бесігінді түзе» 30 бет). Демек, Жетімомынның Тобықтысымен ере келген бұл қожалардың Сарғалдақ ұрпағы Абылаймен бірге Көкшетауға, Сәдір ұрпағы – Дадан Тобықтымен бірге Балқаш-Тоқырауын бойына, ал Саяқыптың бәйбіше балалары Аягөз өлкесіне, тоқал балалары Шыңғыс Тобықтылары ортасына мекендеп қалған.

Ендігі бір сөз: Бердіқожа балалары Құнанбай Нұрғанымға үйленген соң, Бөріліге Архаттан көшіп келді ме? – деген сөз. Саяқып, оның баласы Бердінің Архаттағы қонысы – Бетағаш. Саяқып пен Берді Бетағашта жерленген деген жазушы Кәмен Оразалин, Сарғалдақ Шыңғысқа Тобықтымен ере келді деген Тұрсын Жұртбаев. Машан тауында түстік шығысында Көксеңгір тауындағы «Сарғалдақ» дейтін өзен «Қоңыр әулие» түбінде Шаған өзеніне құйып жатады. «Өзеннің аты – осы араны қожа ма, төре ме Сарғалдақ деген кісі мекен еткен екен. Соған байланысты аталған» деген еді Әбіш Қарсамбекұлы. Оны Леймен ақын да қостаған-тын. Олай болса, Сарғалдақ қожаның Шыңғыста болғанына еш күмән жоқ. Оны жер аты сөйлеп тұр.

Қожалардың бұл өлкеге тарауы Сарғалдақтың Шыңғыстауға келуімен байланысты осылайша өз-өзінен бекиді. Әрі батыр, әрі аға Сарғалдақ және Сәдір бар Абылай хан қолдауында боп тұрса, Тобықты басшылары Қараменде, Кеңгірбай шақырып тұрса («Сіз ұстаз болыңыз, біз мүридің болайын» деген Кеңгірбай сөзін қараңыз), түпкі мақсаттары мұсылман дінін тарату, бекіту болған қожалар неге Қаратаудан Арқаға көшіп келмейді?!.. Саяқыптың бәйбіше балаларының Аягөзге қалып, өзі кіші әйелімен бірге Архатқа келіп жай табуы толық шындық болып шығады. Аягөз бен Архат Найман ішінде Сыбан, Ахымбет руларының жері. Сондағы шығар қортынды: Бұл қожалар Шыңғысқа Кеңгірбай арқылы шақырылған. Құнанбай заманында келген. Кеңгірбай мен Құнанбай ел билеу дәуірінің арасы көп уақыт емес. Саяқып балалары әуелі Аягөз маңына, соңынан Берділер Архатқа келгенше біраз уақыт өткен. Сәдір, Саяқып Қаратаудан қозғалып, бері бет алған да Шыңғыстан Дадан Тобықты, Қараменде де Балқашқа бет алса керек. Сәдір ұрпағы Өтеген қожаның Қарамендемен бір боп, біз айтқан бидің «сенің әулиелігінді сынайын деп едім» дегені соған меңзейді. Ал, Саяқыптың бәйбіше, балаларын Аягөз бойында қалдырып, кіші әйелімен Архатқа келуін А.Янушкеевичтің 1846 жылғы Омбы-Семей–Архат-Аягөз-Лепсі сапарында Архаттың Қопа көлінде өздерін «Қаратаулықпыз» дейтін көп адамдардың отырғанымен байланыстырамыз. Саяқып балалары Берді, Қылыш, Төлегендер Аягөз бойынан бері сырғығанда сол туыстарын сағалап Архатты қоныс етті. Берді балалары Құнанбаймен жақын болған соң, Архаттан ірге көтергенде Қыдыр тауының түстік сыртындағы Қызылшоқы деген жерді алып, одан соң Бөрліге келген. Ниязбек Алдажарұлы Абай мұражайындағы естелігінде: Шаһкәрім Абайдың Әнет руының жері Қызылшоқыны қожаларға беруіне наразы болған (Құнанбай, Әнет, Қарабатыр рулары ұрпақтарына қамқорлық етуді немересі Шаһкәрімге тапсырып, бұл рулар соның қолтығында болған). Бірер жылдан соң Әуездің өзі Абайға келіп Бөріліні сұраған соң Абай бауырдағы кіші ауылы қасынан қоныс берген деп жазады.

Бұл естеліктің бізге танытары  – ол Бөріліге алдымен Абайдың өзі қоныстанып, Абайдың Әуезге Бөрілі қонысын босатып, өзінің Аралтөбені қоныс қылғаны болады.

Мәжит Диханбаев: – Әуез қожаның екі қыстауының бас жағындағы 3 шақырымдай жерде Бердіқожаның ең үлкен баласы Үсеннің, одан кейінгі балалары Бураханның, Кенжеханның, олардың балалары Қожабірхан, Әзімхан, Құлжан, Смайылханның қоралары бар еді. Оларды Қожаның басқы ауылы деп атайтын» – дейді. (М.Әуезов туралы естеліктер кітабының 9-беті). Үсен мен Құлжаның үлкен Қара бейіті Қаражырақта 1969 жылға дейін тұрады. Бейіттің, үш қораның құлаған орындары күні бүгін көрініп жатыр. «Саяқып, Берді Архатқа Мамай батырмен бірге келіп, қожаларға Архаттан қонысты Мамай батыр алып берді деген сөз хақында айтар пікіріміз: Алдымен, Кеңгірбай мен Мамайды елді Шыңғысқа бастап әкелуде, орнықтыруда бір-бірінен бөлектемеу керек. Одан соң қожалар олармен ере келсе ол басшылар Ақымбеттен Архатты алып бере қойдының реті жоқ. Ол кезде Шыңғысқа сыймай жатқан Тобықты әулеті көп емес. Кеңгірбай мен Мамай өздеріне ере келген пірлерін өз қастарында ұстаса керек.

Бөрілінің батыс бетінде әлем әдебиеті алыптарының бірі – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың мұражай үйі тұр. Аумағы 20*10=200 шаршы метр жерді алады. Көрікті ғимарат Абай елі, Шыңғыс жерінің терістік шетіндегі ең мәртебелі қасиет қонған орын бұл!

Қазақ әдебиетінде өзіндік сөз өрнегі мен сыни танымы болған талантты Асқар қожа Сүлейменовтың аузынан тұңғыш айтылып, «ақындар Меккесі» деп Жидебайды, «ауданды-ақындар планетасы» деп Қалихан Алтынбаев атап, бұл екі сөз қолданыста берік орнаған, Шыңғыс жерінің осы шеткі нүктесінде Әуезовтей алып туып, оның мұражай-үйі асфальт жол шетінде жолаушы тауап ететін орын болуының құдай қосқан орайы бардай!

Омархан 1856 жылы туып, 1909 жылы, Нұржамал 1912 жылы дүние салған.

Бірақ жазушы жетімдіктің еш тауқыметін тартпай, бұла боп өскен. Өйткені, Қожа ұрпақтарының ынтымағы, берекесі, бірлігі берік болған. Әсіресе, ең маңыздысы: Тобықтыға Ырғызбай, Құнанбай, Абай айналасының қадірлісі, ұстазы Әуезханның аухатты малды болуымен бірге, Абай ауылының жас балаларын оқытып, тәрбиелеуден ештеңе аямайтын үлгісін ұстануы болады.

Жазушының өзі жайындағы мағлұматқа назар салсақ та, Мұхаңның соны бекітетінін көреміз. «Бердіқожа өзге қожаларша қожалық етіп, үгіт айтып, дінге үйретіп жүрді ме, жүрмеді ме, оны білмеймін. «Солай қылды» деген сөзді естігемін жоқ. Одан бері үлкен әкем Әуез, өз әкем Омархан аты қожа дегені болмаса қожалықтың жолында істеген өзге қара қазақтан бөтен ешбір ісі болған жоқ. Бұлай болудың да қисыны жоқ. Өйткені, Тобықты іші ертеден соншалық діндар, соншалық надан да ел болмаған сияқты. Ішінен Құнанбай, Абай сияқты кісілер шыққан соң фанатизм, қараңғы наным азайып, ақылға бой ұрғыш, көзі ашықтау ел болғанға ұқсайды. Сондықтан бұл елдегі Қожа да көптің ауқымына түсіп, бұрынғы ата кәсібінен жаңылып кеткен сияқты. Менің үлкен әкем 1918 жылы дүниеден өтті. Өз әкем 1909 жылы дүниеден өтіп еді. Бұлардың ішінде қайсысында да дінаралық, сопылық белгісі жоқ, қайта әр нәрсеге Абай үлгісімен, ақылымен қарауға тырысушы еді. Абайдың сондайлық ұстаздық, үгітшілдік әсерін мен кішкентай бала кезімнен өз әкелерімнің қалпынан да анық көруіме болушы еді» деген жазушы. Мұхаңның мұнда «Қожалықтың жолында істеген өзге қара қазақтан бөтен ешбір ісі болған жоқ!» – деп қадап айтатыны бар.

 Мұхтар Әуезовтың Тектік шежіресі

«Мен шежірені Қожа Ахмет Яссауидің ағасы Садыршайыхтың немересі Сайфуддин шайыхтың (Орын қойлақы) 12-ші ғасырда жазған «Насабнама» атты деректемесі мен Шаяндық Мұхамедхан Омартаевтың 20 жыл жинаған шежіресі, Қызылордалық зиялы жігіт Е.Төреқожаевтың зерттеп зерделеген «Бақсайыс-Әулие» атты еңбектерінен алып түзіп едім» – дейді шежіреші ағамыз Сейітомар Саттаров. Сол шежіредегі деректерде Мұхаңның тегі қазір Қызылорданың Жаңақорғанында жатқан Бақсайыс әулиеге, ал Бақсайыс әулие Ысқақ бабқа (Баб ата) барады екен. Шам шаһарындағы падшалығын тастап, қырық жасында жорыққа шыққан Ысқақ баб інісі Әбдіжәліл екеуі Орта Азиядағы қазіргі ауған, түрікпен, тәжік, өзбек, қырғыз, қазақ елінің негізгі бөлігін, Қашқарияны мұсылмандандырған. Бұл іске 120 жыл өмірінің 80-жылын сарп еткені белгілі. Ысқақ Баб Қаратаудың теріскей беткейінде Созақ ауданында өзінің атымен аталатын Баб ата ауылында жатыр. Ал Ысқақ бабтың өзі Әзіретті әлінің Мұхамедханафия атты ұлынан өрбіген.

1.Әзіреті Әлі-

2.Мұхамед Ханафия

3.Абдулфаттах

4.Абдалжаббар

5.Абдалқаһһар

6.Абдрахман баб, Абдрахим баб (қарахандық қожалар)

7.Ысқақ баб (Баб ата) Әбдіжәлел (Қорасан қожа) Ысқақ бабтан

8.Ярдил шайых

9.Момын шайых

10.Мұса шайых

11.Смайыл шайых

12.Омар шайых

13.Хұсайын шайых

14.Усман шайых

15.Мазмуд шайых, Мұхаммед шайых, Әли шайых. Махмудшайхтан-

16.Қаһар шайых

17.Ибраһим ата

Құл Қожа Ахмет Яссауи және Садыр ата. Қожа Ахмед Яссауи ұл қалмаған, қыздар мен одан туған жиендер өрбиді

18.Садыр атадан – Қожа Махмуд Данышпан, Әбдімәлік және Заһиршах туады.

Қожамахмуд Данышпаннан

19.Мұхиддин шайых, Сайфуддин шайых (Орынқойлақы ата), Мұхамадалишайх. Мұхиддин шайхтан.

20.Алауиддин шайх

21.Жамалиддин шайх

22.Камалиддин шайх (Лақап аты Бақсайыс). Бақсайыс Ақсақ Темірдің әулиелі серігі, кеңесшісі болған. Тарихта белгілі тұлға. Камалиддин шайхтан (Бақсайыстан).

23.Насреддин

24.Абибулла шайх

25.Қожамұхамед шайх

26.Исмайылқожа→

  1. Қасымқожа→

28.Мұсақожа, Исақожа, Мұсақожадан→

29.Әкімқожа→

30.Ахмедқожа→

31.Әбдірайымқожа→

32.Арыстанқожа→

33.Әбдірахымқожа, Әбдірахманқожа, Әбдірахым→

34.Әбдіжәлел→

35.Ибраһим→Разаққожа, Музаффарқожа. Разаққожадан→

36.Әбдімомын, Әбдісаттар, Әбдімомыннан→

  1. Құли шайых (Шайыхмұратхан) деп те аталады→

38.Аллабердішайых, Шәріп шайых немесе Шаһанәдіршайх→

39.Әбілһай, Өтеген (Өтеш) шайых, Тікәш шайых, Рахимханшайых, Мырзахан, Ибраһимқұл, Сарғалдақ, Сәдірқожа және Мұхмұнқожа

40.Қожаихрар, Әбілғазы, Әбдәлмаханбет және Әбибі қожа (Саяқыпқожа)

Әбибі қожа жас кезінде бала оқыту үшін Арқаға келген.

  1. Әбибі қожаның 11ұлы (кей деректерде 9 ұлы) болыпты. Соның біреуі Бердіқожа→
  2. Одан: Бурахан, Әуезхан, Үсенхан, Самархан, Кенжехан (5 ұл, 4 қыз).

43.Әуезханның бәйбішесі→Дінәсілден→Омархан.

Тоқалы-Сақыштан→Арынбек, Қасымбек, Ағзам, Ахмет.

44.Омарханның әйелі Нұржамалдан→Мұхтар. Мәдинадан→Біләл.

(Самарханнан-Разақ және Зура атты бір ұл, бір қызбен жастай жесір қалған Мәдинаны Омархан алып, одан Біләл туған. Білал Мұхтармен құрдас.)

  1. Мұхтардың үш әйелінен (Райхан, Валентина, Фатима): Шохан, Елдос, Ернар, Эльдар, Мұрат.

46.Мұрат→Мағжан. Ернардан→Асқар.

Бердіқожаны Саяқыптан өрбіткен Кәмен Оразалин мен Дүкенбай Досжанов, Бекен Исабаев, Тұрсын Жұртбаев т.т. (Саяқып елден жеке шығып кеткен Әбибі қожаның лақап аты).

Әуез қожа мен Құнанбай құдалығы да көңіл аударарлықтай. Нұрғанымды Құнанбай алса, Әуезов Ахметтің қарындасы Райханды Абайдың ұлы Тұрағұлдың Жебеші алған. Оның ағасы Арынбектің алғаны Құнанбайдың туысы Рысай қызы Айтаңсық. Қасымбектің жұбайы Ғалия – Ысқақтың Ахмет бегінің қызы. Ағзамның алғаны Ақылбай ұлы Әлімқұлдың қызы-Ғалия. Ахмет Әуезовтың алғаны Халила – Тұрағұлдың қызы. Мұхтардың әйелі Камила – Мағауияның қызы.

Ал Мұхаңның өз құдасының бірі Дінмұхамед Қонаев. Оның інісі Асқар Мұхаңның сүйікті қызы Ләйләнің жұбайы.

Бағдат Оралбайұлы, «Тегімізді білуге талпыныс» Алматы – 2015 жыл

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Бір пікір

  1. Басында Әуездің балалары Омарханның балалары боп жазылып кетіпті. Аяқ жағында дұрыс жазылған сияқты. Қайта қарап түзетіп қойса дұрыс болар еді,

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button