Басқы бет / Сыр-сұхбат / Кәмел Жүністегі жайлы үзік сыр
Кәмел Жүністегі

Кәмел Жүністегі жайлы үзік сыр

Кәмел Жүністегі – белгілі жазушы, қоғам қайраткері. Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы кентінде тұрады. «Дос көңілі», «Көне хикая», «Көксеңгірдің тасында», «Соңғы абыз», «Шырағдан», «Көксеу», «Қоңыр құлжа», «Арманым оттан өрілген», «Темір астау», «Едіге» романдарының авторы. «Едіге» романы үшін «Құрмет белгісі» орденімен сыйланған. Елін, ұлтын сүйген патриот жазушы ағамыз тәуелсіздік жылдары оқырман қауымға «Құба белдер» атты үш кітаптан тұратын трилогия ұсынып, көпшіліктің алғысына бөленді. Кәмел ағамыз – әуесқой композитор. Оның «Арқа самалы», «Аюлым», «Домбыра», «Туған жер», «Жаз келді», «Жас Алаш маршы» атты әндері көпшілікке кеңінен танымал. Ағамыз – көне мұраны зерттеуші. Көп жылдар өлкетану ісімен шұғылданып, халықтың көнерген бұйымдарын, саз аспаптарын жинаумен қатар, оны елге танытып жүр. Ел тарихына қосқан үлесі де зор. Кәмел ағамыз – қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткер. Қожа әулетінің шежіресінің толық нұсқасын жазған зерттеуші-шежіреші. Хазіреті Әлі, Хүсейіннен тарайды. Алғашқы шежіре кітап «Ұлы пайғамбар және ұрпақтары» атауымен 2007 жылы, одан екі рет толығып, 2014 жылы үшінші рет басылған. Бұл шежіре әлі де толықтырылады. Оның себептері көп. Оны жазу барысында түсіндіретін боламыз.

Кәмел ағамен қалай таныстым?

Моңғолияда керей ішінде қожа аталғанымызбен, тегімізді тектей алмадық. Аз ғана отбасыдан тұратын ауыл едік. Біздің ауыл Өлгей қаласының шетінде алғашында – бір, соңынан ұрпақ өсіп, екі көшеге жетті. Негізі, менің аталарым Өлгейден 70 шақырымда Толбо сұмынында өмір сүрді. Толбо сөзі – моңғолша. Қазақшаласақ, «мең», «меңді», «дақ» деген мағына береді. Сұмын (ауыл), тізілген биік таулар арасында ұзындығы 20-дан астам, ең ұзыны 10 шақырым, теңгедей жарқыраған Толбо көлдің атымен аталған. Өлгейге біздің үй 1960 жылдары көшіп келді. Басқа сұмындарда аталас ағайындарымыз болды. Қожаларды найманға жатқызып келді. Мен Қазақстанға келгенге дейін ру, тек жайына еш мән бермедім. Жастайымнан оқуға кетіп, қалың моңғолдың ішінде тұрақтап қалғандыкі болар. Қазақстанға келгеннен бұрын да оқыған зиялы ағаларымыз Қажыбай, Мизамхан шежіре жазыпты, бірақ толық болмаған, арғы тегіне жете алмаған. Шежіре жазуды Карилхан Сайфоллаұлы ағамыз 2004 жылдары қайта қолға алып, ата тегін іздестіреді. Сол кезде Кәмел ағамен ұшырасады. Зерттеген еңбектерін, жиған-тергендерін көрсетіп, Кәмел ағаның жазған «Ұлы пайғамбар және ұрпақтары» кітабының екінші басылымына шежіремізді кіргіздіртеді. 2009 жылы сол кітаптың бір данасын маған да тауып берді. Оқып, қожалардың өмірінің қызықты да қиын өмірін, сонау Арабиядан дін таратып келгенде, жасаған игі істерімен, көрген теперіштерін оқып, шежіреге деген қызығушылығым оянды. Қожаларды зерттеуге бет бұрдым. Шежірені оқып, кітапта жазылған Кәмел ағаның мекенжайына хабарласып, таныстығымыз рухани аға, бауырлыққа ұласып кетті. Тегі бірдің – тілегі бір.Соным ен, Кәмел ағамен бірігіп, қожалардың ашылмай қалған қыр-сырымен, шежіреге кірмей қалғандарын жинап, «Ұлы пайғамбар және ұрпақтары» кітабын үшінші рет шығардық. Әлі де толықтырып жатырмыз. Алла қаласа, төртінші кітабы да шығып қалар деген үміт зор.

                                                         «Елін сүйген ерлер» партиясының соңғы төрағасы

Кәмел аға 2014 жылдың жаз айында Петропавлға баратынын айтып, Көкшетауға келді. Көкшетаудан тосып алып, Петропавлға тарттық. Петропавлде Абылайдың ақ үйі қайта қалпына келтіріліп, мұражай ашылғаны туралы менен бұдан бұрын сұрап білген-ді. Бүгін – сол Абылайдың ақ үйін көруге ба
ра жатқан бетіміз. Біздің мақсат Абылайдың ақ үйін тамашалаумен қатар, сол бір кезде жайсыз болса да, пана болып, Кәмел ағаны өлімнен арашалап қалған ақ мекен болғанын еске алып, зиярат жасау болатын. Кәмел аға Көкшетаудан шыға кеңесін бастады. «Абылайдың ақ үйін көрдің бе?» деген сұрағына: «Көрдім, бұрын бұзылып иесіз жатты. Ұлтын, ханын, қазақтың тарихын ардақтайтын азаматтар шығып, ол үйді жөндеп, мұражай ашқан. Барып, бұрын көрдім» дедім. Онда тыңда: «Сол ақ үйің 1963 жылдары түрме болған. Мен 1963 жылы көктемде сонда үш қонғам, сол орынды бір көріп қайтқым келді». Кәмел аға әңгімесін түсінікті болсын деп басынан бастады. Мен тыңдап келем. Оқырманға жеңіл болу үшін қысқа нұсқада жазуды мақсаттадым…

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың басында Сарыарқа даласында жастардың жасырын ұйымы құрылады. Оны Кәмел аға ұйымдастырып, бұрындары құрылған «ЕСЕП» партиясының жарғы, мақсатымен танысып, ізгі істерін тікелей жалғастырушы, мирасқоры болады. Ұйым құруға түрткі болған жайды ағамыз төмендегідей түсіндірген еді. Өз жеріңде ұсақталып, азшылыққа ұшыраған қазақтың халі, өзгелердің кеуде көтеріп, дандайсуы, тіл мен дәстүрдің далада қалып, діннен түбегейлі алыстауы, жас жігіттің көкірегіне шер болып қатады. Діннен айырылдық, бізге жаназа шығаратын молда табылмайды, жаназасыз, табытпен, ағашпен қаптап, жумай көметін болды деп, үлкендердің жылаған күндері мен түндері, зары жас жігіттің құлағынан кетпейді. Оның үстіне, бұл зарлы көрініс дін исламды ата-баба жолын берік ұстанған қожалардың мұң-зары болса, жүрекке жетпей қайтсін?! Ашаршылықтан, қуғын-сүргіннен аман қалса да, сол нәубеттердің зардап, табы кетпей, елдің еңсесі түскенін көрген жас қалай да бір әрекет жасау керектігін түсініп, бір байламға келеді. Мектеп босағасындағы қазақ ұлтына деген ә
ділетсіздік. Қазақтың хан, би, батырларының бәрі жаман, «халық жауы» болып шығуы көңіліне бір күдік ұялатады. «Неге қазақтың бетке ұстарлары жаман болады?» деп налиды. Бір емес, бірнеше рет Шортанбай, Дулат, Бұхарлардың ән-жырларын жамандап, оқушыға түсіндіретін мұғаліммен сөзге келіп қалады. «Неге қазақтың хан, би, ақындары, батырлары жаман? Бұрынғы қазақта жақсы ақын, батыр болмаған ба?» деп төтеден сауал қоятын болады. Мұғалім не десін?! Жағдайды мектеп директорына баяндауымен, директор өзіне шақырып Кәмел балаға түсіндіреді. «Тыныш жүріп, аузыңды бақпасаң, құрисың!» дейді. Тыныштық біраз жалғасады. Бірақ іштегі шер, мұң қайта қозады. Әупіріммен мектепті бітіреді. Бітіргенімен, көкірек толы мұң. Сол мұң жалғасып, әскерден келген досы Зейнолла екеуі ақылдасып, «ЕСЕП» деген партия құрумен ұласады.

Партияны «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясы) деп атайды. Бұдан бұрын 1950 жылдар болар, жастардың осындай атпен партия құрғанын, сол партияның лидерлерінің бірі – Бүркіт Ысқақовпен бірнеше мәрте жолығады. Бұрынғы «ЕСЕП» партиясының мақсат қойған қазақ халқының мүддесі, жаңа партияның да мүддесіне сай болады. Сол үшін ол партияны қайта жаңғыртып, кеңейтуді мақсат тұтады… Алдыңғылардың әлеуметтік, мәдениет, салт-сана, тілімізді тірілтуге ұмтылған ұмтылыстарына, Қазақ елі жерінің тұтастығына алаңдап, жер мәселесіне өз үндерін қосады. Оған сол кездегі Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу мәселесі түрткі болды. Осыған сай қазақ жерінің тұтастығын қорғау арпалысы басталады. Қазақ жерінің шекарасын, жер байлығын, Алашорда көсемдерінің жазғандарын іздестіріп тауып, оқып, өзімізше ой түйіндеп, зерделейді…

Тың игеруде қазақ жерін бөліске салмақ болғандардың әрекеті «халқымның мәдениеті жойылды, әлеуметтік жағдайы нашарлады» деп жүрген жастарды жаңаша ойлауға мәжбүр етеді. Патша заманындағы қара шекпенділердің қазақ жеріне қоныстануы. Қоныстанып қоймай, шұрайлы жерлерге құнығып, қазақтарды шөлейт жерлерге ығыстыруы. Қазан төңкерісі кезінде осы жер мәселесіне бір кісідей алаңдаған ұлт көсемдері Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов бастаған зиялылардың жан айқайы. Қазақ елінің шекарасын Әлихан Бөкейхановтардың бастауымен Әлімхан Ермеков күн көсем Ленинмен айтысып, тартысып жүріп, қызыл коммунистерді мойындатып, Қазақ еліне шекарасын бекіттіріп алды. Бірақ сол жерде келімсектер көбейіп, қазақ ұлты азшылыққа ұрынды. Жасанды аштық жасап, халықты бір қырса, бас көтерер зиялылары
н құйтырқы әрекеттермен құртқан Голощекин бастағандардың теріс пиғылын жастар зерттеп, «неге бұлай?» дегенге жауап іздейді. Қазағы қырылып, иен қалған жерге Голощекин бір жарым миллион өзге ұлтты қоныстандыруды жоспарлағанда, Смағұл Сәдуақасовтар қарсы шығып, қазақ жерін аман алып қалды. Бірақ елі, жері үшін өзі құрбан болып кете барды. Иә, қанша ұлтымыздың арда ұлдары тәуелсіздік жолында құрбан болып кетті. Оны халық бертін білді. Біз сол кезде-ақ біліп қойғанбыз» деп, Кәмел аға әңгімесін әрі жалғап қояды. Олардың ұлт, ел үшін істеген істері жария болмады. Неге жазаланып, қырылғаны жасырылып қалды. Іздеген табады. Дерек көздері арқылы ол жайды тауып білдік… Мұны басқалар білмесе де, біздің партияның мүшелері тегіс білді. Елге түсіндіруге ұмтылдық. Тың игеруде қанша келімсектер келіп, жерді тіліп, халықтың ой-санасын бұзды. Қазақ халқы екінші сортта қалды. Казақтың рухы құлады. Сол алпысыншы жылдары ұлы жүгеріші атанған Кеңес қожайыны Н.Хрущев Қазақстанның бес облысын Ресейге қосуға ұмтылды. Бұл да біздің жүрегімізге тікендей қадалды. Сол кездегі қазақ жерін бөліске салдырмаймын деп арыстандай алысқан Жұмабек Тәшеновтың ерлігін жастарымыз аңыз ғып айтып жүрді. Бірақ ашық қолдауға құдірет қайда?! Жасырын қолдау білдіріп, үнпарақ тараттық.

Үнпарақтарымызды «Жас Алаш», «Жас Қазақ» деген атпен жазып тараттық. Себебі «ЕСЕП» десе, білініп қалады деп ойладық. Тұрағымызды білдірмеу үшін өзіміз тұратын Қарағандыда тарататын үнпарақтарды сыртқа жеткізіп, басқа қалалардан әкеліп таратып жүрдік. Үнпарақтарымызды басында қолмен, артынан ептеп жүріп машинка тауып алып, сонымен жаздық. Мақсатымыз түңілген жұрттың санасын оятып, жастардың көкірегіне ой салып, халықтың намысын жоқтау еді. Біз үнпарақтарымызды көп жерге, барлық жоғары оқу орындарына тараттық. Бізден үлгі алған жастар басқа қалаларда таратқаны естілді. Қаладан келген жастар ауылға да таратты. Біз де түк білмегендей жүрді
к. Бірақ үлкендер шет жағасын білді. Ақылдарын айтты, «қойыңдар!» деп жалынды. Бірақ темірдің қызған кезі болғандықтан, қоя алмадық. Керісінше, кеңіп, етек ала бастады. Ұсталатынымызды да білдік. Қызу мінез, жүректегі жалын қойдырмады. Амал не, біз де ұсталдық. Бірақ партия екі жылға таяу өмір сүрді. «Отанға опазыздық жасау» бабы бойынша сотталып тындық… Түрме деген оңай ма, оның үстіне саяси тұтқын болсаң! «Халық жауы», «Отанына опасыздық жасаған» деп сотталсаң. Сұрақпен азаптың талайын көрдік. Небәрі 22 жасымда сотталып, Ресей ішіне жазамызды өтеу үшін Қарағандыдан, Петропавл арқылы, Ресейге айдалдық.

 

Ажалдан алып қалған Абылайдың ақ үйі

Неше күн жүргеніміз есімде жоқ. Қалжыраған бізді Петропавлде үлкен ғимаратқа әкеліп қамады. Іші суық, бөлмелері қараңғы. Қақпалары бір түрлі. Бұрын сәнді болғаны, шығыс үлгісіне ұқсастығы мені таңдандырды. Есіктің маңдайшалары доға тәрізді иілген, ою өрнегі өшіп, табы ғана қалыпты. Орыстың жерінде шығыс үлгісі қайдан келген, ебін тауып, айдауылдардан сұрап көрсем деген ой келді. Бір қондық. Ертеңінде дәретке шығарған кезде жасы егделеу мұртты орыс айдауылдың тамырын баса мақтаңқырап: – Сіз көпті көрген адам сияқтысыз. Құрылыстың үлгісі бөлектеу екен, бұл қай жер, – деп сөзге тартым. «Доғар!» деп, зекіп алып. «Бұл сендердің бұрынғы хансымақтарыңның сарайы болса керек. Кешеден бері сіз сол сарайда дем алып жатырсыз. Мемлекетке қарсы шығушы «батырым» дегенде, қасындағы солдат «қайдағы, қандай сарай?» деп сұрап қалғаны. Оған мұртты: «Бұл бір кездері қазақ ханының патша ұлықтарымен кезіккенде орналасатын үйі екен. Хандары құлаған соң , иесіз қалыпты. Білетінім, әскери казарма, бертін түрме болған» деп айтқаны құлағымның түбінде қалды.

Камера қараңғы, түн бе, күн бе айырмайсың, қара нан, қара су береді, әйтеуір бойға нәр. Сол кезде дәретке шығарғанда, бір сүмірейген жарық көресің. Екінші күні болар, есік ашылып, менің атымды атап, «шық!» деп шақырды. Шықтым, мосқал және жас солдат алдына салып айдады. «Қайда апарамыз?» деген жасына мосқалы: «Қайдасы несі, ажал камерасына (камера смертников) апар деген жоқ па. Несіне таңданасың, аузыңды бақ» деп ашуланды. Артыма жалт қарадым. Жасы да қоймады. «Мынау мүлдем жас қой, аналар мынаны өлтіреді ғой, аянышты…» дегендей бірдеме айтты. Мосқалы: «Аузыңды жап, айтқанды орында. Көп сөйлеп кеттің, теріңді сыпыртып алма» деп зекіп тастады. Бұрынғы жатқанымыз үстіңгі қабат болатын. Сықырлаған сатымен төменге түсірді. Дәлізде мүлдем жарық аз, жылтыраған электр шамы ғана. Терезе жоқ, жертөле сияқты болды. «Мына сорлыны анадағыдай бір есерсоқты кіргізіп шаруасын бітіретін шығар. Жас екен. Біз не істейміз? Тыныш жүрмей, өзіне де сол» деген күбірлегендері естілді. Аяғаны ма, табалағаны ма, кім білсін?! Артымнан итеріп әкеліп, бір есікке кіргізіп, қолымды шешіп, сыртын бекітіп тастады. Бұрын көп үрейге берілмеуші едім. Ә
лгілердің сөзінен соң бойым тітіркеніп, жүрегім бір түрлі болып, жеткен жерім осы болған екен. Елімді көгертем деген арман адыра қалған екен. Өлім деген осындай қорқынышты, тез бе деген ой сап етті. Ойландым, толғандым, өткен күндер еріксіз еске түсе берді… Сенделіп, қабырғаны сипаладым. Қабырға суық. Батпағы түскен, кірпіш қабырға мұздай. Маңдайымды тіреп, біраз тұрдым. Бұл қай хан болды екен. Уәлидікі емес. Болса, Абылайдан басқа кімдікі. Ақ патшамен иық тірескен хандардың ішінде мықтысы Абылай ғана емес пе?! Тарихты біраз зерделедім. Им
анымды үйіре бергенім дұрыс деп шештім. Өлсем шаһид болатын шығармын деп қоям. Шаһид деп алып, өз ойыма өзім ызалана күлемін. Қой, жасып, жалпайып өлгенше, тік тұрайын. Жарылқап, жанымды қалдыратын бір Құдай ғой. Адамды тек бір Алла ғана жарылқайды. Құдайға жалынайын дедім. Жас кезімде әкемнің аздап үйреткен дұғаларын қайталап, ұмытылғанын еске түсірдім. Білетін құран аяттары мен қысқа сүрелерді қайталап айта бердім. Уақыттың қанша болғанын білмедім. Білген дұғаларымды айтып, күбірлеп отырып, талығып ұйықтап кетіппін. Түс көріп жатыр екенмін. Шұңқырға түсіп кетіппін деймін. Біреулер айқайлап шақыратын сияқты. Шұңқырдың ауызына бір ақсақалды шал еңкейіп, бірдем айтады, мен естімеймін. Қолын созады. Мен жетпеймін. Секірейін десм, тұра алмаймын. Әупірімдеп тұрып, қолымды созып, секіріп қалғанда, ақсақалдың қолына саусақтарым жеткендей болды. Ол да тартып қалды, шұңқырдан сопаң етіп иығыма дейін шыға келдім… Тарс-тұрстан шошып ояндым. Басқа камералардың есігі ашылып, жабылып жатқан сияқты болды. Өлтіретін әлгі жаналғыштар келген шығар деп жан дәрмен ұшып тұрдым. Түс аян береді деуші еді. Не болар екенмін? Шұңқырдан басым шықты ғой. Аман қалатын шығармын деген ой сап ете түсті. Білген дұғаларды қайталай бастадым. Мен жатқан камераның да есігі ашылып, атымды атап: «сыртқа шық!» деген өктем үн естілді. Кешегіден басқа екі солдат айдап, үстіңгі қабатқа, одан аулаға шығарды. Далада біршама адам сапта тұр екен. Соған қосты. Офицер қағазға қарап, бірдеңе оқып тұр. Менің де атым шыққандай болды. Басқа жаққа айдағалы жатқанын түсіндім. Қайда барсам да маған бәрібір. Жалғыздың жары – бір Құдай деп күбірлеп қоям. Тірі шығатыныма да көзім жеткендей. Арқам қозып. Өзімнен-өзім жігерленіп, домбыра шертіп, жыр айтқым келіп кетті. Әлі де лақтап, жұпыны болса да, батпағы түскен еңселі ақ үйге бойым дірілдеп қарап қоям. Дәл сол сәтте түсімде көрген ақсақал Абылай шығар… Мүмкін, әулие ата-бабаларымның бірі шығар деген ой келді. Аман қалғаныма қуанғаным сол, көзім жасаурап, бойым шымырлап, еріксіз өлең шумақтары ойыма орала берді. Өлеңімді іштей күбірлеп айта берем. Аздап өлең жазатыным бар еді, бүгін ерекше болып кеткендей сезілді. Жарық дүние де қымбат екен. Өлеңім жалғасып, біраз шумаққа жетті. Түрме алдынан машинаға, одан жүк вагонына тиеді. Қанша екенін білмеймін, біршама адам жайдақ вагонда теңселіп кете бардық… Сол өлеңді қайта-қайта айтып жүріп, лагерьде қағазға түсірдім. Тексеріс, тінту кезінде қайта құртуға тура келді. Бірақ жатталып қалған сол өлеңді бостандыққа шыққан соң қағазға түсіріп, сақтап қойған едім. Абылайдың ақ үйіне барғанда оқып берем. Абылайдың ақ үйін іздеуімнің себебі – осы. Сол жатқан жерімді бір көріп кетсем деген ой…. Осы күнге жеткенім де қасиетті Абылайдың әруағы, киелі ақ үйдің құдіреті шығар деген ой жүрегімнен кетпеуші еді. Сол ойдың жетегіне еріп, ұлы Абылайдың киелі ордасы болған ақ үйіне бір зиярат жасап қайту… Петропавлдың қақпасына жете тоқтап, фотоға түскен соң, Абылайдың ақ үйіне қарай жүріп кеттік. Резиденция алдында тарихшы-ғалым Зарқын Тайшыбай, менің әріптесім, белгілі журналист, «Қазақстан-Zaman» газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Нұрсайын Шәріп қарсы алып, ақ үйді бірге араладық. Кәмел аға өзі жатқан камераны көп іздеді. Толғанды, сол кез есіне түсті ме, ойға батты, мұңайды. Сосын жадырады. Елінің тәуелсіздігі үшін күрескен аз да болса еңбегі ақталып, жылдар күткен арманы орындалып, атын ататпаған хан Абылайдың аты әспеттеліп, оның бұзылып, иен қалған ақ үйі қайта жаңғырып, сол үйдің төрінде еркін жүріп, өлең оқығанына қуанды, жүзі жадырады. Осындай зор қуаныш сыйлаған құдіреті шексіз, мейірімі мол Жаратушы Аллаға сансыз шүкір айтты, біз де қосылдық. Небәрі жиырма жасында елінің тәуелсіздігі үшін күресіп, төрт жылын түрмеде өткізген ағамызға жылы лебіз айтып, жадыраңқы көңіл сыйладық. Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз берекелі, ұлтын сүйген, сол ұлты үшін отқа күйген ағаларымыз ғұмырлы болсын деген тілек айттық. Кәмел ағаның «Хан сарайы, ажал камерасы» өлеңін Зарқын Тайшыбай ағамыз зор дауыспен жұртқа оқып берді… Ағамыз: «Мен сол едім, күрескермін» демеді. Бізге де: «Артық сөзді қайтесіңдер» деп, айтқызбады. Елеусіз келіп, қарапайым қалыпта мұражайдан аттандық.

Төменде «Отанға опасыздық жасау» бабы бойынша сотталған Кәмел Жүністегінің хан сарайы алдында (сол кездегі түрме) толғап, лагерьде қағазға түсірген, осы күні Абылай ханның ақ үйінің төрінде оқыған өлеңі.

Хан сарайы, ажал камерасы

Оу, Абылай, Абылай!

Әруағыңа сыйындым.

Тағдырым бопты күрделі,

Қолым да, міне, күрмеулі,

Артымда екі айдауыл,

Сүңгілі мылтық сайлаулы.

Хан сарайын сен салған,

Айналдырған қапасқа,

Бұйырыпты осы жер,

Біздердей сан сабазға.

Жиырмадан асқан жас едік,

«Камерасын смертниктің»,

Естіп те бұрын көрмеген

Самал жел ғана тербеген,

Еш жерім жоқ мертіккен,

Жаңылмағам мәрттіктен.

Күңкілдескен айдауыл,

«Тым молодой, не үшін

Өлтірмекші мұнда әкеп»

«Жас деп мұны мүсіркеп…

Қылмысы оның мол жетеді,

Өлді дерміз бір мүскін,

Қол қоярмыз актілеп»

Тас қабырға, тар қапас,

Екі метр, қол созым,

Терезе жоқ, саңылау бар,

Ажал күткен бір өзің.

Кімдер сатты, сауал көп,

Өзімсінген досың ба?

Өзің сенген сұлу ма?

Ашындырған іштей жеп,

Шындықты іздеп, шырқырап,

Таусылған бар төзім.

Тас қабырға мелшиген,

Күңіреніп кеткендей,

Ауасы тар, сыздауыт,

Тас қабырға тершіген.

Шөліркеп әбден, әл бітіп,

Соның суын емінгем.

Ажалды күтіп, көз ілмей,

Тас қабырға мен сені,

Қорғаушымдай сезінгем.

Үш күн өтіп біткенде,

Қайта шықтым қапастан,

Ажалым алыс кеткен бе?

Әлде қанішер келмеді, әлде, әлде…

Өлтіруге бұл жерде

Тағдыр рұқсат бермеді.

Қайта шықсам жарыққа

Тор терезе, дәліздер,

Кен дүниедей көрінген,

Біздейлерді кім іздер,

«Жаусың» деп бәрі жерінген.

Оу, Абылай, хан ием

Әруағың сенің сақтаған,

Ізгі ниет ісімді,

Бабаларым жақтаған.

1963 жыл, Қызылжар (Петропавл)

Бұл өлең сол түрмеде ажал камерасынан шыққан бетте ауызша айтыла салған еді. Лагерьде қайта жазып, оқып жүрдік. Лагерьден босар сәтте жыртуға тура келді. Ұсталып қалса, тағы да біраз жыл қайта отырар едік. Елге оралғанда анда-санда іштей қайталап қоятынмын. Енді, міне, тағы қайталап жазып қоюды жөн көрдім. Кәмел Жүністегі деген осы жазбасына Кәмел аға қолтаңбасын қалдырып, Абылай хан резиденциясының архивіне тапсырды.

 

Бұл Кәмел ағамен бірге жүрген күндердің бір парасы ғана. Келесі кезекте жақсы күндердің тағы біріне куә боласыздар.

(Жалғасы бар)

Дахан Шөкширұлы Жәмшітегі

Сондай-ақ, оқыңыз

Қарт Қаратаудың қазынасын әлі ашқанымыз жоқ

    Халқымыздың жыраулық дәстүрін сөз ете қалғанда көкіректен құйылған жырдың екпінін көмеймен, таңдаймен түрлендіріп төгетін …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған