Басқы бет / Білген Шайыр айтады / Діни дастандар хақында

Діни дастандар хақында

7e58113966c67085953dd45e2ed189c9_XLҚазан төңкерісіне дейін басылым көрген, болмаса халық арасында ауызша тараған діни дастандардың негізгі идеясы Ресей империясының бодандығындағы көшпелі қазақ мұсылмандарына ислам дінін  насихаттау, рухани деңгейін көтеру мәселелері болғандықтан, олар мектептер мен медреселерде, жалпы жамағаттар жиі бас қосатын жиын-топтарда оқу құралдарының рөлін атқарды. Себебі ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Қазақстанда Ислам насихаты кең өрістеді. Оған, біріншіден, христиан миссионерлерінің қазақтарды шоқындыруға бағытталған әрекеттері себеп болды. Қазақстанға ислам әдебиеті үсті-үстіне жеткізілді, татар һәм ортаазиялық молдалар да өз ықпалын күшейтпекке барын салды. Әсіресе қисса, дастандарды мұсылман тақырыбына ойыстыруға көп күш жұмсады. Шын мәнінде Ресейдің қазақтар арасында Ислам дінін терең насихаттау арқылы отаршылдықты бекемдеуге тырысқан амал-әдістері толық іске аспай қалды. Енді олар миссионерлік жолмен бұратана халықты шоқындырып, христиан дініне бойұсындыру арқылы ділінен, тілінен, салт-дәстүрінен ажыратып, тұтас мұсылман дінді ұлт ретінде тарих сахнасынан ығыстыру мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізе бастады. Бұл ретте, ең алдымен, мемлекет тарапынан мол қаржы бөлініп, христиан дінін дәріптейтін әдебиеттер қазақ тіліне аударылды және олар араб әрпінде, көбіне кирилл әліпбиінде басылым көріп отырды. Қазақ даласында миссионерлік саясаты іске асырушы мамандар дайындау үшін таңдаулы шығыстанушылар, шоқынды түрік халықтарының өкілдері жұмылдырылды. Осы бағытта орыс-түзем мектептері, мұғалімдер семинариясы көптеп ашылып, жергілікті халық ғасырлар бойы пайдаланып келген араб жазуы кирилл әліпбиіне ауыстырыла бастады. Аралас мектептерге арналған оқулықтар, сөздіктер, тілашарлар мен хрестоматиялар миссионерлік бағытта жазылды және мақсатты түрде оқытылды. Мұсылман елдерімен, әсіресе бауырлас татар зиялыларымен рухани байланыс үзіліп, Қазақстандағы Дін басқару жүйесі әкімшілік құрылымдары арқылы басқарылды. Қажы сапарлары, мешіт, медресе ашу, жергілікті имамдарды тағайындау мәселелері отаршылдар тарапынан шешілді.

Алайда, Ресей империясы діттеген мақсатына тағы да жете алмады. Оның бірнеше себептері бар еді. Біріншіден, көшпелі өмір салтын ұстанған қазақтар мал жайылымына байланысты бір қоныста тұрақтамай, маусымдық жағдайда көшіп-қонып жүргендіктен, миссионерлерге олардың басын қосып, үгіт-насихат жүргізуге толық мүмкіндіктер болмады. Екіншіден, татар зиялылары, әсіресе дінбасылар бауырлас халықты шоқындыруға зор қарсылық білдіріп, қарсы іс-әрекеттерге барды. Олар Шығыс мұсылман елдерінен шыққан діни әдебиеттердің қазақтар арасына таралуына, сондай-ақ Қазаннан шыққан кітаптардың да дер кезінде жетіп отыруына  көп күш жұмсады. Бұл басылымдар жергілікті халықтың рухани азығына айналып, зор сұранысқа ие болды. Үшіншіден,  ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде шығыс тілдеріне жетік, орысша сауатты, жеке басының жағдайынан ұлт мүддесін биік санаған Ш.Шайхисламұлы, Т.Сейдалин, С.Жантөрин, М.Бабажанов, Б.Дауылбаев, Ш.Шахмарданұлы, М.Ж.Көпеев, А.Сабалов, М.Тыныштықұлы, Ш.Құдайбердіұлы сияқты қазақ зиялыларының бір буыны қоғамдық іс-шараларға белсене араласа бастады. Олар татар оқығандарымен шығармашылық ынтымақтатықта  діни шығармаларды қазақ тіліне аударып, көптеген аңыздарды, хикаяттар мен әңгімелерді жыр үлгісіне түсірді. Сөйтіп, ауыздан ауызға тараған діни қисса, дастандар сайын далада Сарыарқаның сары желіндей есіп, әр қазақтың жүрегіне нұр болып құйылды. Ислам дінінің қадір-қасиетін, Хақ жолын осы әдеби жәдігерлерден біліп ұқты.

Орыс миссионерлерінің жымысқы саясаты тұйыққа тіреліп, осы науқанға жұмсалған қыруар қаржы желге ұшты. Бірақ ХХ ғасырда патшалы Ресейдің мұрагері болған коммунистер қасиетті діни жазба ескерткіштерді отқа жағып, мешіттерді қиратты. Аман қалған әдебиеттерді діндарлар  көзден таса ұстады, қауіпті жағдайларда жерге көмді. Көп ретте олар кейінгі ұрпақтарға өздері дүниеден озғанда тіршілігінде жан серігіне айналған қасиетті кітаптарды бірге жерлеуді аманат етті. Кейін солай болды да. Міне, діни мұралардың бүгінгі күнге жету тарихы осындай. Сондықтан еліміздің  сирек әдеби қорлары мен қолжазба қоймаларында, мұрағаттарда, мұражайларда Құрандар, қолжазбалар, көне кітаптар, әдеби шығармалар өте аз сақталған.

Қазақстандағы әдеби мұраларды жинап, сақтайтын, жүйелеп әрі текстологиялық зерттеулер жүргізетін және академиялық деңгейде жариялау жұмыстарын жүргізетін бірегей құрылым – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Қолжазба қоры. Мұнда жинақталған жәдігерлерді екі топқа бөліп қарастыруға болады.

Алғашқысы – әр кезеңдерде, түрлі көлемде басылым көрген Құрандар, Ислам негіздері мен тарихын, шариғат қағидаларын қамтитын кітаптар және олардың діндар адамдар көшірген қолжазба нұсқалары, қазақ тіліндегі аудармалары, шағатай тілінде жазылған Қ.А.Йасауидың, С.Бақырғанидың еңбектері. Қорда осындай әдебиеттің біршама атауы сақталған. Бұл құндылықтар жоғарыда көрсетілген кедергілердің салдарынан ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап қана қорға түсе бастаған. Тіпті, көпшілігі еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін жиналғандықтан, қайта қалпына келтіру, жүйелеу жұмыстары жүргізілмеген. Олардың біразы кезінде қалыпты жағдайда сақталмай, кейбірі ұзақ жылдар жерде көмулі жатып қалғандықтан, көп беттері жыртылып, болмаса шіріп кеткен. Сондықтан олардың бүгінгі сақалу күйін қанағаттандырарлық деп айту қиын. Бұл ретте Ислам діінін тұтынатын елдермен тізе қосып атқарар жұмыстар аз емес.

Ал, екінші топтағы мұраларға жоғарыда аталған кітаптарға енген діни қисса, дастандары, аңыз, әңгімелерді, шариғат қағидаларын уағыздайтын өлең, жырларды жатқызуға болады.

ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін халық мұрасын жинау, жүйелеу, зерттеу, жариялау шаралары біршама дұрыс жолға қойылғанмен, оларды толық хатқа түсіруге отаршыл Ресей империясы мен Кеңес өкіметінің құйтырқы саясаттары, цензураның қатал құзіреті мүмкіндік бермеді. Назиралық шығармалар, әсіресе, діни сипаттағы поэзиялық туындылар, дастандар мен хикаят-әпсаналар саяси  идеологияның, таптық көзқарастың шылауында қалып, алаланып жиналды. Жинала қалғанның өзінде ұзақ жылдар шаң қауып, еліміздің сирек қорларында жатып қалды.

Еліміз тәуелсіздігін жариялап, етек-жеңін жинаған кезеңде халықтың рухани құндылықтарына ерекше көңіл бөлінгені белгілі. Алайда, атадан қалған асыл сөздерді жадында сақтап, насихаттап, өскелең ұрпақтың игілігіне жаратып келген көкірегі ояу, көнекөз қариялардың мүлде азайғандығынан, әсіресе, діни сарынындағы фольклорлық әдебиеті үлгілерін жинаудың мүмкіндігі шектеле бастады. Бірақ қолда бар әдеби жәдігерлерді цензурасыз, толық, өзгертусіз, түпнұсқа негізінде жариялауға, терең зерттеулер жүргізуге барлық жағдайлар жасалды. Соның нәтижесінде   «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2004-2013 жылдары жүзеге асырылған «Бабалар сөзі» жүзтомдық сериясының 21 томына шығыс сюжеттері жырланған 120-дан астам шығарма, соның ішінде 65 діни дастан енгізілді.

Шығыс сюжеттері негіз болған туындылардың ауқымды бір бөлігін діни дастандар құрайды. Жалпы діни сарындағы шығармалар құрылымының түпкі өзегі, негізгі қозғаушы тетігі – барша мұсылмандарының асыл діні Исламды дәріптеу,  оның әлем халықтары арасындағы беделін көтеру және мойындату мәселелері. Халық шығармаларында осы күрделі де аса жауапты миссияны орындау жолындағы Мұхаммед (а.с.а.) пайғамбар мен ұрпақтарының, оның Әбу Бакір, Омар, Оспан, Әзірет Әли сынды серіктерінің, сенімді сахабаларының  жорықтары, Пайғамбардың жеке басынан өткен оқиғалар, қарапайым халыққа қатысты атқарған өнегелі іс-әрекеттері, тағылым-ғибраттары, өсиет-насихаттары т.б. баяндалады. Сондай-ақ ынтымақ-бірлік, адамгершілік, адал еңбекпен мал табу, тұрмысы нашарларға көмек қолын созу, әділдік, әдептілік, аяушылық, қайырымдылық, мейірім таныту сияқты имандылық қағидалары – діни дастандардың басты идеясы болып табылады. Дін жолындағы күрестерде көзсіз ерлік көрсету, бас тігу, мақсатқа жету, намысты аяққа таптатпау секілді қаһармандық сипаттар кейіпкерлердің негізгі қасиеттері ретінде бейнеленеді. Сондықтан бұл санаттағы туындыларда басты кейіпкерлер тарихи тұлғалар тұрғысында ғана емес, негізі эпикалық қаһарман бейнесінде дараланады. Тарихи деректер, оқиғалар көмескіленіп, қайраткерлер бірде діни, болмаса мифтік, ертегілік, хикаялық кейіпке, бір сөзбен айтқанда, фольклорлық бейнеге айналып кетеді. Қызықты оқиғаларға толы, тілі шұрайлы және таза қазақ тілінде жарияланған бұл шығармалар сол тұста өте жоғары сұранысқа ие болды.

Тоқтар ӘЛІБЕК,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институты «Қолжазба және текстология»
ғылыми-инновация  бөлімінің меңгерушісі,
филология ғылымдарының кандидаты

БОЗТОРҒАЙ

Қиын жол қияметтің тар-ды дейді,
Бір жағы су, бір жағы жар-ды дейді.
Әзірет Әли Пайғамбар заманында
Маңайында бір мүсәпір бар-ды дейді.

Көңілінде ол мүсәпір аласы жоқ,
Ерді-қатын екеуі, баласы жоқ.
Жарлығы Жаратқанның сондай қатты,
Бір жалғыз тым болмаса қарасы жоқ.

Құдай береді екен есіне алып,
Асы жоқ ішеріне жазған кәріп.
Күнінен амалы жоқ ол бейшара
Суға жүреді екен қармақ салып.

Ұшқан құс, жүгірген аң – бәрі тамақ,
Шәкірті ұстазынан алар сабақ.
Өзі де күнде қармақ салса дағы,
Ілінер қармағына жалғыз шабақ.

Ол жарлы қармақ салып қайтады екен,
Кедейлік мүсәпірге батады екен.
Екеуі бір шабақты қорек қылып,
Сонымен екі байғұс жатады екен.

Ол жарлы бұрынғыдай бола алмады,
Қөңілі күндегідей тола алмады.
Бір күні күніменен қармақ салып,
Еш нәрсе қармағымен ала алмады.

Қиын жол қияметтің тар-ды дейді,
Бір жағы су, бір жағы жар-ды дейді.
Ол күн аш болған соң жазған кәріп,
Кәпірге тамақ сұрай барды дейді.

Жоқтықта қинар нәпсі кәріп жанды,
Көреді ол мүсәпір атпас таңды.
Не берсін тегін тамақ ол кәпірдар,
Бір теңгенің тамағын қарызға алды.

Пайғамбар бізден бұрын өтті дейді,
Кәмелеге тілеулі арыстан жетті дейді.
Пәлен күні кепіл тауып беремін деп,
Бір күнде бұлар айтып кетті дейді.

Ол жарлы бұрынғыдай бола алмады,
Көңілі күндегідей тола алмады.
Болжаукүні болғанда барып еді,
Берерге жалғыз тиын таба алмады.

Жоқтықта қинар нәпсі кәріп жанды,
Көреді ол мүсәпір атпас таңды.
Күнінде ол теңгесін өтей алмай,
Енді жарлы мойнына өсім салды.

Жоқтықта қинар нәпсі кәріп жанды,
Көреді ол мүсәпір атпас таңды.
Күнінде ол теңгесін өтей алмай,
Мың қылып бір теңгесін хатқа салды.

Жарлыға мың теңге ақша түсті дейді,
Кедейлік бәрінен де күшті дейді,
Ақшасы мыңға жетіп кеткеннен соң,
Жарлыны “ақшам бер” деп қысты дейді.

– Қайдан тауып берейін саған, – дейді,
Аз ғана аял берші маған, – дейді.
Саған берер бір тиын еш нәрсем жоқ,
Барайын Мұхамбетке тамам, – дейді.

Ол жарлы бір Аллаға тілеп келді,
Қоймасын ол кәпірдің танып келді.
Өзінен берер нәрсе жоқ болған соң,
Сасқаннан Мұхамбетке алып барды.

Енгенде Мұхамбетке күліп келді,
Болғанын бір сұмдықтың біліп келді.
Мұхамбет сахабалармен отырғанда,
Ол жарлы сәлем беріп кіріп келді.

– Уағалейкүмассалам, мүсәпір,
Бұл қалай, қасыңдағы сенің кәпір.
Екі көзің жылауда, ей, мүсәпір,
Қай жаққа алып сені бара жатыр?

– Сиынсаң бір Аллаға бұрын сиын,
Іс өткен соң сиыну болар қиын.
Бар еді бұл кәпірдің мың ақшасы,
Берерге таба алмадым жалғыз тиын.

– Жаратқан бәрімізді бір Құдай-ды,
Жаратты жарық қылып күн мен айды.
Өзіңнен беретұғын бір тиын жоқ,
Мұны үзгелі барасың енді қайда?

– Жаратқан бәрімізді бір Құдай-ды,
Жаратты жарлық қылып күн мен айды.
Он сегіз мың әлемнің патшасысыз,
Бір пайдаңыз тиер ме екен осындайда.

Өзіне мал жимады ол Пайғамбар,
Малы көп сахабалар бейілі тар.
Жан-жағынан отырған сахабалар
Қараса, Мұхамбетім жерге қарар.

Ашуы ер Әлидің енді келді,
Көңілін жаратқан шалқар көлдей.
– Бабам жерге қарайды, – деп әзірет Әли,
Батаң бер, мен үземін, – деп түрегелді.

“Батаң бер, мен үземін” деп түрегелді,
Ашуы ер Әлидің қатты келді.
Адамның бойына біткен түгі
Киімнен найзадай боп шыға келді.

Ол Мұхамбет пайғамбар бата берді,
Әлидің айтқан сөзін қабыл көрді.
Бабасынан бата алып, әзірет Әли
Ертіп ол мүсәпірді алып келді.

Шүкір қылдым Құдайының бұл ісіне,
Тағы тәубе қылайын әр ісіне.
“Ақша бар ма кәпірге бергелі” деп,
Үйінің ішін тінттірді бұл ісіне.

Аузына пұлы жоқ деп ала алмады,
Көңілі күндегідей бола алмады.
Үйінің ішін ақтарып қараса да,
Берерге жалғыз тиын таба алмады.

Қайғысыз әзірет Әли ер-ді дейді,
Берер нәрсе таппады енді дейді.
“Бұл ақшаңды мен тауып үземін” деп,
Екі ұлын кепілге берді дейді.

Асан менен Үсенді алды дейді,
Қуанып ол үйіне барды дейді.
Екі етегін беліне түріп алып,
Әзірет Әли бір сапарға жүрді дейді.

Жолында әзірет Әли жалғыз жүрді,
Жалғыз жүріп далада бір мола көрді.
Ол моланың басына келді жетіп,
Отырып әзірет Әли дұға қылды.

Молада бір торғай отыр, көзін салды,
Торғайды көремін деп көңіліне алды.
Ер Әли айналдырып көріп еді,
Сол жерде көріскеніне қайран қалды.

– Ұстап алып торғайды көрсем, – деді,
Асан менен Үсенге берсем, – деді.
Еріккенде ермек қылып жүрер еді,–
Ер Әли ұстайын деп еңкейді енді.

Не күшті бұл дүниеде, Құдай күшті,
Аузыма айтып едім Құдай түсті.
Шап етіп аяғынан ұстап еді,
Торғай құс жұдырықтай алды, ұшты.

Ер Әли бір Аллаға нанып кетті,
Болғанын бір сұмдықтың танып кетті.
Маған енді не бар деп жүрген Әли,
Жұдырықтай торғай құс алып кетті.

Жаратқан жер мен көкті жексенбі күн,
Қараңғы өлгендерге болады түн.
“Әзірет Әли, торғайдан айырылма” деп,
Артынан ащы дауыс, шығады үн.

Ол торғай аспанға кетті, қайырылмады,
Сөйтсе де әзірет Әли қайғырмады.
Серілікпенен торғай тұтты әуел,
Ақырында еркінен айрылады.

Хайла қылып әзірет Әли саспайды енді,
Бір жолға Құдай Тағала бастайды енді.
Ол торғай аспанменен алып келіп,
Әлиді бір сапарға бастайды енді.

Ер Әли бұрынғыдай күле алмады,
Қалды жаяу, астына ат міне алмады.
Әлиге уайым енді түсті,
Қайсы жақтан келгенін біле алмады.

Ер Әли тәубе қылып күлді дейді,
Болғанын бір сұмдықтың білді дейді.
“Иә, Құдай, өзің оңда” дейді дағы,
Жаңа келген жағына жүре берді.

Жүре-жүре бір асқар белге келді,
Өзі тауып келмеген елге келді.
Әр жолға Құдайымның өзі бастар,
Бір көп жөнсіз елге келді енді.

Ер Әли елге қарай жүрді дейді,
Бір шәрдің ішіне кірді дейді.
Өңкей-ақ ұрғашы бар, еркегі жоқ,
Бір кішкене қараша үйге келді дейді.

Келді де қараша үйге сөйлес қылды,
Сөйлес қылса, бір жаман кемпір келді.
– Кемпір, тірі еркегің еліңде жоқ,
Сұраймын жөніңді, не елсің? – дейді.

– Айтайын жөнімізді сізге, батыр,
Сұрасаң, жөніміздің өзі – кәпір.
Бар еркегі жиылып тойға кетті,
Патшамыз осы жақта той қып жатыр.

Әлидің ауады енді тентек ойы,
Кемпірдің қозғалды енді тұла бойы,
– Қимылдаған еркегіңнің бәрі кетіп,
Ол қылғаны патшаның ненің тойы?

– Бір жерге тамам кісім құралатұғын,
Мойнын бөтен жаққа бұрмайтұғын.
Патшаның мәжілісі бар жұма сайын,
Сауық қылып, кеңесқылып жырлайтұғын.

– Кетіпті тірі еркегің тамам, – дейді,
Не болды онда бармай саған, – дейді.
Мұсылманның дініне кіргізейін,
Ол тойды тура сілте маған, – дейді.

– Барар болсаң, көп тұрма мұнда, – дейді,
Менің айтқан сөзімді тыңда, – дейді.
Сонау шәрге барғанда дауысы шығар,
Той қылып дауыстап жатқан сонда,– дейді.

– Бір жақсылық қылайын, кемпір, – дейді,
Тіліңді кәлимаға келтір, – дейді.
Мұсылманның дініне кіргізейін,
“Лә иләһа илла Алла”, келтір! – дейді.

– Дінімді бермен, тілімді берсем дағы,
Көңілім бермен, сөзіңе ерсем дағы.
Тілімді кәлимаға келтірмеймін,
Өз дінімнен шықпаймын өлсем дағы.

Сонан соң әзірет Әли састы дейді,
Кемпір жаман ол қорқып қашты дейді.
Кемпірдің бір ашуын алды дейді,
Кемпір пақыр тырайып қалды дейді.
Екі етегін беліне түріп алып,
Ер Әли тойға қарай жүрді дейді.

Сол тойға келді жаяу Әли батыр,
Бұрынғы пайғамбардың бәрі батыр.
Самсаған сары қолға келді жетіп,
Той қылып шуылдап жатыр тамам кәпір.

Әзірет Әли сол тойға келді жайнап,
Кәпірлер шуылдап жатыр күліп-ойнап.
Кіріп барып отырды ортасына,
Сансыз құлдың бәрінің көзін байлап.

Сиынды әзірет Әли Алласына,
Кіріп барып отырды ортасына.
Мас болған арақ ішіп, сауық қылып,
Енді кеңес айттырды молдасына.

Кәпірлер өз есінен шықты дейді,
Бір-біріне арақ беріп жықты дейді.
Сол азан салдырған соң молдасына,
Басына мұнараның шықты дейді.

Жігіттер, ал тыңдайық, кідіріңізші,
Тыңдасаңыз құлақ салып “е” деңізші.
Мұнараның басына шыққаннан соң,
Азанды айтатұғын не деңізші?!

Боқтады ораза, намаз, әуелі иман,
Боқтады тағы онан соң кітап Құран.
Жүз жиырма төрт пайғамбардың бәрін боқтап,
Қоймады боқтамаған әулиеден.

Ол молда бұрынғыдай бола алмады,
Көңілі күндегідей тола алмады.
Айтайын деп ентігіп келсе дағы,
Үлгіден бір ауыз сөз таба алмады.

Аруағы ер Әлидің күшті дейді,
Молда бақыр көтінен пысты дейді.
Күндегі айтқан сөздің біреуі жоқ,
Молданы тамам кәпір қысты дейді.

– Қиын жол қияметтің тар, білемін,
Төрт шәриар, пайғамбар бар, білемін.
Күндегі айтқан сөзім біреуі жоқ,
Бір адам пайғамбардан бар, білемін.

Молданың көңілі болды күпті дейді,
Бір ауыз сөз таппады тіпті дейді.
“Пайғамбардан кім бар екен?” деп,
Кәпірлер тұс-тұс жақтан тінтті дейді.

Ол молда бұрынғыдай күле алмады,
Көңілі күндегідей бола алмады.
Кәпірлер тұс-тұс жақтан тінтсе дағы,
Әлиді ішіндегі таба алмады.

Ер Әли ортасында отыр жайнап,
Кәпірлер дулап жатыр күліп-ойнап.
Әлиді ішіндегі қайдан тапсын,
Бәрінің қойғаннан соң көзін байлап.

Аруағы Әлидің күшті дейді,
Молда батыр көтінен пысты дейді.
“Сен өтірік айтасың, адам жоқ” деп,
Молданы өлтіремін деп қысты дейді.

Ойласам, бисмилланың бірі тәуір-ді,
Көңілге бисмилладан себеп кірді.
“Пайғамбардан кейінгі мен бармын” деп,
Ер Әли ерлігімен түрегелді.

Әулиенің үлкені ашуланады,
Қиямет қайым болғанда тас жанады.
“Мінеки, мен бармын” деп түрегелді,
Жиылған тамам кәпір бас салады.

Ер Әли бір Аллаға налыс қылды,
Бір сұмдықтың болғанын танып білді.
“Өзі жаяу бір адам жүр екен” деп,
Ертіп оны патшаға алып келді.

Қылышын жасауылдар қайрайды-мыс,
Мылтығын жасауылдар сайлайды-мыс.
“Бұл кісіні қалай қылып өлтіремін” деп,
Патша молдаменен ойлайды-мыс.

Молда айтты: – Жүр екен мұны қылып,
Тәлкектеп өлтірейін ыза қылып.
Бұл кісіні Аллалап өлтірейік,
Бойына бір нәрсені күнә қылып.

– Иә, молда, сіз айтсаңыз олай қылып,
Құдайым берді бізге ыңғай қылып.
Бұл кісінің міндетін сізге бердім,
Сіз мұны өлтірерсіз қалай қылып?

Бір адам әлдеқалай қылыпты кез,
Жігіттер, шамаң келсе қимылда тез.
– Тапсаң сен, таба алмасаң өлтірейік,
Жұмбақ қылып айтайық он ауыз сөз.

Молда айтты Әлиге: – Нанармысың,
Менің айтқан тілімді алармысың?
Жұмбақ қылып айтамын он ауыз сөз,
Бір аузын қалдырмай табармысың?

Әли айтты молдаға: – Нанармысың,
Менің айтқан сөзімді алармысың?
Тапсам таптым, таппасам өлемін ғой,
Тапсам, үш ауыз сөз айтайын, табармысың?

– Сөйлейін, сөйле десең, Жаппар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Өлтірермін, ойламай тапшы жылдам,
Біреу, екеу болмақ жоқ, оның қалай?

– Сөйлейін, сөйле десең, Жаппар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Дереу басын кесермін, тапшы жылдам,
Екеу, үшеу болмақ жоқ, оным қалай?

– Үндерде не үн жақсы – Құран үні,
Түндерде не түн жақсы – Қадір түні.
Ол неге үшеу болсын, кәпір дұшпан,
Жаратқан бір Құдайдың ай мен күні.

– Сөйлейін, сөйле десең, Жаппар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Өлтірермін, ойламай тапшы жылдам,
Үшеу, төртеу болмақ жоқ, оным қалай?

– Айтайын білгенімді, жиылған көп,
Мен айтсам осылай қып, болар ма дөп.
Ол неге төртеу болсын, кәпір дұшпан,
Құптанның аяғында отыр уәжіп.

– Сөйлейін, сөйле десең, Жаппар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Өлтірермін, ойламай тапшы жылдам,
Төртеу, бесеу болмақ жоқ, оным қалай?

– Төрт шәриар: екеуі – Омар, Оспан,
Біреуі – әзірет Әли елден босқан.
Біреуі Әбубәкір Сыдық болар,
Ол неге бесеу болсын, кәпір дұшпан.

– Сөйлейін, сөйле десең, Жаппар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Өлтірермін, ойламай тапшы жылдам,
Бесеу, алтау болмақ жоқ, оным қалай?

– Шырақтың алды менен арты болмас,
Кітаптан шыққан сөздің қалты болмас.
Дәретімен бес уақыт намаз болар,
Шұнамыр құл, осы бесеу, алтау болмас.

– Сөйлейін, сөйле десең, Жаппар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Өлтірермін, ойламай тапшы жылдам,
Алтау, жетеу болмақ жоқ, оным қалай?

– Қияметтің қыл көпірі қиын жер ме,
Ысрапыл, сірә деген, қызыл жел ме?
Ол неге жетеу болсын, кәпір дұшпан,
Жаратқан имандыға алты кәлима.

– Сөйлейін, сөйле десең, Жаппар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Өлтірермін, ойламай тапшы жылдам,
Жеті, сегіз болмақ жоқ, оным қалай?

– Сенің айтқан сөзіңнің бәрі анық,
Менің айтқан сөзімді қылма танық.
Ол неге сегіз болсын, кәпір дұшпан,
Қылмысты құл орыны тұр – жеті тамұқ.

– Сөйлейін, сөйле десең, Жаппар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Дереу басыңды алармын, тапшы жылдам,
Сегіз, тоғыз болмақ жоқ, оным қалай?

– Қылмыссыз құлға – ұжмақтан тақ,
Он екі имам көңілімде болады нақ.
Ол неге тоғыз болсын, шұнамыр құл,
Қылмыссыздың орны тұр – сегіз ұжмақ.

– Сөйлейін, сөйле десең, Жаппар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Өлтірермін, ойламай тапшы жылдам,
Тоғыз, он болмақ жоқ, оным қалай?

– Ай, кәпірлер, мен айтайын сөздің жайын,
Пайдасы жоқ сөзіңді не қылайын?
Ол неге он болсын, шұнамыр құл,
Тоғыз ұлды пайғамбар Ыбраһым.

– Сөйлейін, сөйле десең, Жаппар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Өлтіремін, ойламай тапшы жылдам,
Он, он бір болмақ жоқ, оным қалай?

– Жеті қабат жер мен көктей әлем,
Бар дейді пейіште қылмыссыз адам.
Ол неге он бір болсын, шұнамыр құл,
Он ай құрсақ көтерген ұрғашы адам.

Ол дүние бұл дүниеден қатты дейді,
Қызығы бұл дүниенің тәтті дейді.
Ол молда он ауыз сөз айтып еді,
Бір аузын қалдырмай тапты дейді.

Әли айтты: – Тіліме нанармысың,
Менің айтқан тілімді алармысың?
Он ауыз сөз айтып едің, бәрін таптым,
Мен үш ауыз сөз айтайын, табармысың?

– Көп сөзің бар ішінде сенің,– дейді,
Ашуыма көп тимеші менің,– дейді.
Әли, не деп айтасың маған,– дейді,
Ол сөзіңді айтпаймын сенің,– дейді.

Әруағы ер Әлидің күшті дейді,
Көтінен молда бақыр пысты дейді.
“Бұл айтқан соң,[сен] неге айтпайсың” деп,
Молданы тамам кәпір қысты дейді.

– Қоймадың, е, падиша, халімізге,
Келді бір зор қайғы шәрімізге.
Мұның айтқыш үш сөзін мен де айтармын,
Мен айтсам, айтармысыз бәріңіз де.

– Өтерсің бір нәрсені көңіліңе алып,
Таппасаң, байғұс молда, болдың кәріп.
Сенің айтқан сөзіңді біз де айтармыз,
Бұл жерде не болармыз сізден қалып.

– Айтайын солай болса мен, – дейді-міс,
Менің айтқан сөзіме көн, – дейді-міс.
Айтатұғын сөзіңізді сөз еді,
Сөзіңді айтшы, білейік, сен, – дейді-міс.

– Ойласам, бисмилланың бірі затты,
Болғанда тілім сәждеде, көңілім қатты.
Бұл сөзімді ойламай, жылдам тапшы,
Ұжмақтың есігінде не жаратты?

– Қияметте қыл көпір жол бар, – дейді,
Ұзындығы мұның жылдық мол бар, – дейді.
Ұжмақтың есігінде, есіткенім,
“Бисмилла рахманир рахим” – сол бар, – дейді.

– Ойласам, бисмилланың бірі затты,
Болғанда тілім сәждеде, көңілім қатты.
Бұл сөзімді ойламай, тапшы жылдам,
Ұжмақтың тап төрінде не жаратты?

– Қияметтің қыл көпір жолы бар, – дейді.
Ұзындығы мұның жылдық мол бар, – дейді.
Ұжмақтың тап төрінде, есіткенім,
“Лә иләһа илла Алла” – сол бар, – дейді.

– Ойласам, бисмилланың бірі затты,
Болғанда тілім сәждеде, көңілім қатты.
Бұл сөзімді ойламай тапшы жылдам,
Ұжмақтың миуасында не жаратты?

– Қыл көпір қияметте жол бар, – дейді,
Ұзындығы мұның жылдық мол бар, – дейді.
Ұжмақтың миуасында, есіткенім,
“Лә иләһа илла Алла” – сол бар, – дейді.

Ол молда үшеуін білді дейді,
Тілдері кәлимаға келді дейді.
Молданың айтқан сөзін бәрі айтып,
Бәрі бірдей мұсылман болды дейді.

Бәрі бірдей діндерін берді дейді,
Тілдері кәлимаға келді дейді.
– Бәрімізге ұстаз болып имам болдың,
Не аларсыз біздерден енді, – дейді.

– Жеткізген мұнда мені бір торғай құс,
Мені үйден шығарған жарлы байғұс.
Не берерсіз біздерге, не бермессіз,
Керек еді біздерге алтын-күміс.

Тамам кәпір мұсылман болды дейді,
Шайтан қашты, періште толды дейді.
Алтын менен күміс жидылар,
Үлкендігі бір таудай болды дейді.

Ер Әли енді ойлайды ойды дейді,
Алтын менен күміске тойды дейді.
Арқасына көтеріп салып еді,
Ер Әли көтере алмай қойды дейді.

Ер Әли бір адамға налып кетті,
Болғанын бір сұмдықтың танып кетті.
Екіншіде арқадан көтергенде,
Бозторғай құс оны алып кетті.

Ер Әли сабыр қылып саспайды енді,
Алла Тағала бір жолға бастайды енді.
Ол торғай аспанменен алып кетіп,
Әлиді өз үйіне тастайды енді.

Алып келіп кедейге берді дейді,
Кедей байғұс қуанып алды дейді.
Кедей кәпірдің борышын төлеп,
Жарлы байғұс сонымен қалды дейді.

Тоқтар Әлібектің құрастыруымен жарық көрген «Хазірет Әли» кітабынан алынды

Сондай-ақ, оқыңыз

Төренің түп атасы қалмақ еді…

Мәделіқожаның екінші әйелі Қасымханның қызы, Кенесарының қарындасы Халипа. Халипа анамыз Мәделіге екі шартпен тиген; бірінші …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған