Басқы бет / Жаңалықтар / Майлықожа мен Құлыншақтың айтысы

Майлықожа мен Құлыншақтың айтысы

Құлыншақ:

Қожаеке, есенсіз бе, сәлем бердік,

Мүбәрәк жүзіңізді жаңа көрдік,

Жүзіңізде мөріңіз бар қожа екенсіз,

Жоқ шығар көңіліңізде тәкаппарлық.

 

Майлықожа:

Құлыншақ, сәлем берсең сәлемет бол,

Қарсы алып сәлеміңді беремін қол,

Сіз сәлем берсеңіз біз әлік алдық,

Сүннеті пайғамбардың жазулы жол.

 

Құлыншақ:

Осындай мәжілісті неше кердім,

Әмбеден халыққа жақсы есендерің,

Бейтап деп сыртыңыздан есітіп ем,

Қожаеке, айықты ма кеселдерің?

 

Майлықожа:

Құлыншақ, көтеншіде сенің атың,

Біледі сырттағы адам сөздің қалпын,

Құданың дәргекіне шүкір қылып,

Айықтым аман-есен, азаматым.

 

Құлыншақ:

Қожаеке, мінезіңнің ұяңы бар,

Кісіге айтысқанның зияны бар,

Мұны қалай көресің, тақсыр пірім,

Ойлаған мына көптің қиялы бар?

 

Майлықожа:

Ілесіп қиялына ақылың кем бе,

Менімен кім айтысар сенен өңге?

Бозбала бәрімізді жарға итерер,

Айтқанға ақылың болса тіптен көнбе!

 

Құлыншақ:

Қожаеке, сөзіңе жұрт тоймас ұқсайд,

Бозбала бір-біріне ойлас ұқсайд,

Бірінен ат, бірінен тон киуші ек,

Шамасы, көп борышымыз қоймас ұқсайд.

 

Майлықожа:

Ақын ең бағың қалың озған атың,

Жеңіпсің кіші жүздің Барақатын,

Өлеңді қой ендеше біраз тыңда

Қожаның айтып өткен насиқатын.

Жиналдың үлкен-кіші үйден, түзден,

Тайда құйрық, жүйрікек атқа сүзген,

Майлықожа, қоңыраттан Құлыншақ боп

Екеуіміз шығып едік орта жүзден.

Өлеңін екі ақын қайым етер,

Ақылдылар сөздерін пайым етер,

Екі жүйрік егесіп шаршаған соң

Зорығып біреуінің пайы кетер.

Мақтармыз ішінде өскен елімізді,

Әруақты ел ішінде ерімізді,

Арман бермен ырғасып белімізді,

Көздерміз жығатұғын жерімізді.

Бұл уақта сөз сөйлерге сайланарсыз,

Бір уақта көңіліңізге қайғы аларсыз,

Бар едік екі жүйрік Құдай берген,

Сауырына біреуінің байланарсыз.

Бар едік екі ақын мақтап жүрген,

Жоғары мен темеңге сақтап жүрген,

Екі жүйрік егесіп шаршаған соң

Аты озар бір бөтеннің жақтап жүрген.

 

Құлыншақ:

Қосылдық екі жүйрік сайымызға,

Бір нұқсан түспегей дайымызға,

Тайсалмай айтыспаққа қамдана бер,

Бозбалалар қоймас ұқсайд жайымызға.

 

Майлықожа:

Өлеңге мен де дүрмін, сен де дүрсің,

Шамасы, екі дүрге бопты бір сын,

Шалсаң да, көтерсең де мылт демеймін,

Кеңіліңнің сүйгенін қыл, мейлің білсін.

 

Құлыншақ:

Қожаеке, келмей жүрген бұл ел соның,

Ала жүрген коңыраттан ат пен тоның,

Жоғарыдан, тақсыр-ау, келе қапсыз,

Келсеңіз, қош келіпсіз, болсын жолың!

 

Майлықожа:

Жұлдызы жортқан ердің оң болсын да,

Айтқаныңдай, Құлыншақ, жол болсын да,

Аузыңның қадыры бар кісі едің,

Олжамыз Құдай берсе мол болсын да.

 

Құлыншақ:

Тақсыр-ау, сіз обадан сескеніпсіз,

Осы күні дүниені ескеріпсіз,

Келмеген жұртыңызға келе қапсыз

Ағам Мерген асына қош келіпсіз.

 

Майлықожа:

Дүниеде қапты ағаң Мерген

Келмей жүрген қожа едім, келдім өрден

Туғаныңа айт, жолымды мықтап қылсын

Саған берген болады маған бергөн.

 

Құлыншақ:

Қожа едің келмей жүрген келдің өрден

Келгеніңде орнынды бердім төрден,

Қошемет қылсаң қоңыратқа жарасады,

Ежелден қоңсым едің ауқат көрген.

 

Майлықожа:

Осы ма сияпатың кеп ем өрден,

Әр пенде еңбегімен ауқат көрген,

Асыратып мен саған ақсақ шал ма ем,

Қоңсым деп не сөз айттың келген жерден?

 

Құлыншақ:

Қожа едің келмей жүрген келдің өрден,

Келгеніңде орынды бердім төрдөн,

Қоңсым десем, тақсыр-ау, қоңыраясың,

Жалғасқаным бекер ме ед дүние-зерден?

 

Майлықожа:

Мен сенің ел-жұртыңды кем демөймін,

Мен сендей өтірік айтып өңдемеймін,

Бай қоңырат, бар қоңыраттан алғам шығар,

Құлыншақ, несін ап ем сен кедейдің?

 

Құлыншақ:

Қалай-қалай, қожа едің аузың зәлім,

Сыртыңда кім болсаң да ішің мәлім,

Құдай бергөн дәулетім менің қалың,

Ықырар болсаң тапқаның менің малым.

Майлықожа:

Айтар ең ондай сөзді жұлдыз көрсең,

Қонысты түнде кембей, күндіз көмсең,

Дәулетің сонша тасып жүрген уақта,

Үргенішке Телқозыны жібермес ең.

 

Құлыншақ:

Қарашы егесуін өліп-өшіп,

Ежелгі қоңсылықпен күнін кешіп,

Айраныма жаздым ба тұз арамы,

Енді отырмай қасымнан кеткін кешіп.

 

Майлықожа:

Жеті атам көк ұлының ішінде өсіп,

Осы жерде кір жудым, кіндік кесіп,

Қаңғырған бір саңғылдың кедей иті,

Мақұл енді кетейін Ташкент көшіп.

 

Құлыншақ:

Мүсәпірсіп келіп ең келгеніңде,

Айтқаныңды қылушы ек дегеніңде,

Тындатқын басқа адамға өлеңіңді,

Нең бар қожа,өзімнің көп елімде?

 

Майлықожа:

Мен күміс сен мыспенен жанаспаймын,

Адамым аз, сеніменен санаспаймын,

Жиделібайсын, Үргенішке әкім болғын,

Мен сенің бұқараңа таласпаймын.

 

Құлыншақ:

Қожаеке, бауырында жел сөзің бар,

Қожалыққа келсең де бел сөзің бар,

Қоңыраттың кептігіне таласпасаң,

Қоқырақтап аз қожа не сөзің бар?

 

Майлықожа:

Осы ма айтқан сөзің кесірленіп,

Сен әлі мақтанасың несін көріп?

Қалың қонырат болғанда қай жауды алдың,

Қаңғырған бір кетеге жесір беріп?

 

Құлыншақ:

Бар болса кемшілігім би боларсың,

Бес-алты жел сөзбенен сый боларсың,

Бұл сөзді қалың қоңырат естімесін,

Телі-тентектің қамшысына и боларсың!

 

Майлықожа:

Көріп ем бір кетеден сасқаныңды,

Соған қылсаң нетеді тасқаныңды?

Асырап әр пендені Құдай сақтар,

Тастай бер тіреп тұрған аспаныңды!

 

Құлыншақ:

Осы жерден бөтендік қып сыр бергенің.

Қоңыратты мұндай десең бір көргенің,

Тұзы арамы екенсің арам қожа

Ежелден қоңырат еді күн көргөнің.

 

Майлықожа

Бұл сөзді не деп айттың, Құлыншақ пақыр

Қазақы сен бір ақын, лақпа ақыл,

Пенде деген пендені асырай ма екен?

Қатының талақ, болдың ғой өзің кәпір.

 

Құлыншақ:

Қожаеке, екенсіз ғой ақылсыз жан,

Басыңда айыбың көп мың менен сан,

Келмегөйдің баласын кәпір дейсің,

Ла илаһа, иллалла мен мұсылман!

 

Майлықожа:

Құлыншақ, сен бір арсыз ақын ба едің,

СөэіңдІ өзің айтқан мақүл көрдің,

«Асырадым!» дедің де діннен шықтың,

Бұл тіліңе жараса кәпір дедім.

 

Құлыншақ:

Қожаеке, келмей жүрген келді кезім,

Бұл сөзді айтпайтұғын айттың өзің,

Кәпір мен мұсылманды ажыратқандай

Болды ма Әмір-Темір сенің көзің?

 

Майлықожа:

Кәпірлік сенен болмай кімнен болар,

Көңілі адамзаттың гүлдей солар,

«Асырадым» дедің де діннен шықтың,

Бір ауыз діннен шықпақ тілден боларі

 

Құлыншақ:

Қожаның да ішінде бар-ды қожа,

Кей қожаның үйінде арақ, боза,

Арақ ішіп, айтасың өтірікті,

Кереметің қожа боп жоқ қой маза!

 

Майлықожа:

Қожаның не ісің бар қожасында,

Ішіп жүрген арақ пен бозасында.

Сені тәңірі алды ма барымтаға

Сол арақ пен бозаның жазасына?

 

Құлыншақ:

Қожаның қараңыздар қожасына,

Ішіп жүрген арақ пен бозасына

Арақ пенен бозасын мойнына алды,

Қараңдар шайтан пірдің мазасына.

 

Майлықожа:

Қожаның ішінде де бар-ды қожа,

Арақ пенен бозадан өзім таза,

Арақ пенен боза ішкен қай қожа бар,

Құдайым әр пейілге берер жаза!

 

Құлыншақ:

Бір сөзді айтпайтұғын айттың маған,

Мен де лайық сөз айттым, тақсыр, саған,

Арақ пенен бозаны бірдей ішер

Қасындағы жолдасың Мәделі ағаң.

 

Майлықожа:

Шешесі Мәделінің апаң Қойқан,

Қашып кеп Апақайдай қылған сойқан,

Нағашысы арамқор сен болған соң

Жиендерің қылып жүр ойпаң-тойпаң!

 

Құлыншақ:

Тәсірі домбыраның тиегінде,

Сөйлер сөздің тәсірі иегінде,

Есі шыққан есірік есер қожам,

Жасырдың маған неғып сүйегіңді?

 

Майлықожа:

Сен едің жеті атамнан сүйенгенім,

Жұғатын сүйенгенге киелерім,

Нағашысы жігіттің бір ел дейді,

Бұзақы-шатыс туды жиендерің!

 

Құлыншақ:

Бұл сөзің мұныменен тұрсын, қожам,

Қара дауыл өлеңге дүрсің, қожам,

Бұзығыңды итеріп кұтылмақсың,

Бұралқы ішімдегі қоңсым, қожам.

 

Майлықожа:

Бекер ме әуел бастан қожа екенім,

Әліміз ада ақ сүйек таза екенім?

Қожаны қоңсымсың деп не деп айттың,

Ақылыңның білдім енді аз екенін.

 

Құлыншақ:

Қожаеке, шайымды ішіп, етімді жеп,

Қарайсың тікірейіп бетіме кеп,

Ташкенттен әуел баста шыққаныңда

Қоңсы болып қонып ең шетіме кеп.

 

Майлықожа:

Арабта Кұрайыш дер, атам Әшім,

Отыз үш ата туған кәрі-жасым,

Тіріде-пір, өлгенде-туың едім,

Құтылар қоңсылықтан қайдан басың?

 

Құлыншақ:

Құлыншақ сөйлер сөзден ұялмайды,

Жалғанда жаннан айыл жия алмайды,

Мыңға бір үй келмейтін аз қожаға

Көп қоңырат қоңсылыққа сия алмайды!

 

Майлықожа:

Әуелі палуан өткен Рүстем-дастан,

Екінші Әзірет Әлі дінді ашқан,

Қылышынан қорыққаннан мұсылман боп

Сен маған қоңсыма едің әуел бастан?!

 

Осы сөзден соң Құлыншақ ақын үндей алмай қалыпты. Сонда Майлықожа былай деген екен:

 

Қазан атты қаңтарғын терін жесін,

Үш күн, үш түн шапса да ерінбесін,

Қазақының жүгенін сыпырып ап

Онан-мұнан шөгіртек теріп жесін!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Қабыл мен Әбіл қиссасы

Хауа ананың әуелгі баласы Қабыл еді. Қабылмен бірге егіздің сыңары қыз туды. Ол өте сұлу, …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған