Мәделiқожа мен Майлықожаның айтысы
Үлкен бiр жиындағы әңгiме-дүкен үстiнде Мәделiқожаның мақтаулы шұбар аты әлденеден үркiп қазығынан босанып кетедi. Әрi жасы кiшi, әрi батырға жиен Майлықожа шешiлген атты ұстап байламақ болады. Бiрақ, шамырқанып оқыс мiнез көрсеткен аттан жасқанған ақын жалтарамын деп құлап қалады. Бұл жағдайды баспалай бағып, көрiп отырған Мәделiқожа жанына келген Майлықожаға бiр ауыз өлең айтады. Мұның арты табанда шартпа-шұрт ұстасқан айтысқа айналып кетеді.
Мәделiқожа:
Ебiң жоқ ат ұстауға ордаңдадың,
Сұңқар деп бағушы едiм оңалмадың,
Әкеңнен жасық тудың жалтаң болып,
Сен шiркiн әкеңдейiн бола алмадың!
Майлықожа:
Мәделi, сауырың – керсен, белiң – құшақ,
Құдай қалап асындың тiллә пышақ,
Асыл ердiң ақыры жасық болған –
Еш ұл тартып тумайды әкеге ұқсап.
Мәделiқожа:
Айнымадым, әкеме мен ұқсадым,
Туғанымнан асқар тауға бел ұқсадым,
Тепкi тимей шалқаңнан жығыласың,
Елдегi шын қорқаққа сен ұқсадың.
Майлықожа:
Әкең Жүсiп – аққан бiр дария едi,
Бақ қарап, қыдыр оған дарып едi,
Жесiр менен жетiмнiң қамқоры едi,
Сен секiлдi бейрәһiм сары ма едi?
Мәделiқожа:
Мен секiлдi еш бiр жан туған да жоқ,
Бүгiнде пiрiн сыйлар ел қалған жоқ,
Дұшпанға кеткен емес менiң арым,
Қайрат-күшiм атамнан кем болған жоқ.
Майлықожа:
Ер Жүсiп айқасқа атпен ұрған топқа,
Сауыты тоқтау берген он бiр оққа,
Жарым ай жамандықтан ыңыранғансың
Шыдамай Түркiстанда сен бiр оққа.
Мәделiқожа:
Менiмен кiм тең келер ұлы дүкен,
Сендерден зуаламды қылған үлкен,
Мендегi қытайшаның оғы түгiл
Апта сенi ыңырантқан жиде тiкен.
Майлықожа:
Мәделi, ер емессiң, сен бiр ұры,
«Ұрының Жалтақ ата – дейдi – пiрi»,
Әлiмқұлдың қосыны кеп қалғанда
Мәделiнiң бiр түнде кеткен сұры.
Мәделiқожа:
Шардарадан мен кеттiм оймен қашып,
Кепелiк дарбазаны бергенде ашып,
Жақыпбектен көмек жоқ, өзiмiз аз,
Бұл iстi парық қылмайды сендей сасық!
Майлықожа:
Шардарадан сен кеттiң оймен қашып,
Кепелiк дарбазаны бергенде ашып,
Жүсiптiң жаудан қашқан жерi бар ма,
Мен жасық бол туғанда, сен де жасық!
Мәделiқожа:
Туғаннан мен атамнан зор боп тудым,
Сен атаңнан туғаннан қор боп тудың,
Атқа мiнiп даладан мал таппайсың,
Етiң – жасық, сүйегiң – бор боп тудың!
Майлықожа:
Мен неғылып атамнан қор боп тудым,
Сен неғылып атаңнан зор боп тудың?
Азғана ауыл қожаны алты шауып,
Зор болмадың, қожаға сор боп тудың!
Бұған дейiнгi жарық көрген басылымдарда нағашы-жиендi екi ақиық ақынның арасында болған бұл айтыс осылайша бiтетiн. Ал 2006 жылдың күзінде халық мұрасын жинаушы Тұрсынәлi Айнабекұлының айтуымен Шымкентте тұратын Абдолла қары Жолдасов деген молдадан осы айтыстың бұрын-соңды ұшыраспаған 16 жолын жаздырып алудың ретi келгенi. Соны ешбір өзгеріссіз, мысалы мұнда аталған ақбоз атты жоғарыдағы осы айтыстың басталуына арқау болған батырдың әйгілі шұбар атына алмастырмай, бүгiнге жеткен баз қалпында берудi жөн көрдім.
Мәделiқожа:
Мен әкеден туғанда зор боп тудым,
Сен әкеден туғанда қор боп тудың,
Әкең Жүсiп тәуiр-ақ адам едi,
Етiң – жасық, сүйегiң – бор боп тудың!
Майлықожа:
Сен әкеден туғанда зор боп тудың,
Мен әкеден туғанда бор боп тудым,
Қожа мен қоңыратқа құн төлетiп
Зор болмадың Мәделi, сор боп тудың!
Мәделiқожа:
Ақбоз атқа саламын терлiгiмдi,
Дұшпанға қылып жүрмiн ерлiгiмдi,
Әкем Жүсiп тәуiр-ақ адам болса
Қай жерiмнен көресiң кемдiгiмдi?
Майлықожа:
Ақбоз атқа саласың терлiгiңдi,
Дұшпанға қылып жүрсiң ерлiгiңдi,
Әкең сүдiр, сен орақ, Мәмәдәлi
Сонан-ақ бiлмейсiң ба кемдiгiңдi?!