Білген Шайыр айтады

Күл Көмеш дастаны

Син-Лек-Уннинни көріпкел жырларынан...

Орысшадан аударған Сайын Назарбекұлы

Из книги: Истоки тюрков. Сборник. Алматы: ИД «Кочевники»,  2005

…Песни и легенды о Гильгамеше дошли   до нас записанными клинописью на глиняных плитках – «таблицах» на четырех языках Ближного Востока – шумерском, аккадском, хеттском и хурритском…

…Сам Гильгамеш – реальная историческая личность, правитель живший ок.2700 г. До н.э.  …

…Эта поэма о древнем царе Урука основана на мифах шумеров…

Кіріспе сөз

(аудармашыдан)

Ерте-ерте-ерте еді,

Ешкі жүні бөрте еді…

…Жерден  топырақ  алдырып илеп,

Тәңір отының күліне көміп пісірген,

Адамдық кейіпке түсірген,

Күл Көмеш атты ғажайып батыр болыпты…

Күл Көмеш быйыл  5555 (?.)  жасқа толыпты…

 Бірінші бет

Құдіретті еді – әлемді шексіз сезе алған,

Жиһангез еді – теңізді, тауды кезе алған,

Досымен бірге дұшпанын, жауын талқандап,

Кемеңгер еді, сезетін бәрін, өзі, алдан.

 

Көрместі көрді,  сырларды сезді жасырын,

Әйгілі етті, топан су, зұлмат ғасырын.

Оқыды, жазды, саз илеп таңба басты да,

Әлемді кезді, шаршады, көнді ақыры.

 

Қаласын Ұрық қоршады қаптап тас пенен

Ел Ана елді қамқорлап жүрді ас пенен,

Көшесі көркем, тартқандай сыммен түп-түзу

Теңі жоқ әсем, сүйсінді досы, қас пенен.

 

Ежелден жеткен табалдырыққа тигіз табанды,

Ел ана және қабылдар Тәңір адамды.

Ешкім де, тіпті болашақ патша сала алмас,

Ұрықты көрің,  алдырмас жауға қамалды.

 

Қаласын салды. Ел қамын ерлер жемес пе!

Күйдірген кірпіш!   Қаланың сәні емес пе!

Іргетас қандай! Кірпішін сыйпап қарашы,

Тұрғызған бұны – «даналар ойы» демес пе!?

 

Зор еді жігіт, жаралған жанның алыбы,

Адамнан көрі Тәңірге жуық, анығы.

Сұлу да еді, көрмесе адам нанғысыз,

Қаласын Ұрық сол кезде әлем таныды.

 

Домбайдай «тағы»,  шыдатпай қайрат  құтырып,

Қарсылас жатты алысқан бұдан ұтылып.

Ұран от жақса –  қарты да, жасы ұйқысыз,

Арызы жұрттың көмейде жатты жұтылып.

 

Алмайды айта: «Бұзықтық саған қол емес!

Жас жетті сенде мұрагер жоқ қой, Күл Көмеш?».

 

Арызын халық Тәңірлер естіп жатыпты,

Ойлапты олар Анаға айтсақ қой демес:

 

«Аруақ Ана Көмешті өзің жараттың!

Егізін жарат мерейі өссін тараптың!

Ерлігі оның түспесін кемшін Көмештен,

Жарыссын олар, Ұрықтың тыныш таңы атсын!».

Аруақ Ана халықтың мұңын түсінді…

Жүрекпен қалап жаратты ғажап мүсінді…

Тазалап қолын… Қасиет саздан үзіпті…

…«Елкелді» атап, адам ғып жерге түсірді…

 

«Елкелді» солай жердегі жұртқа жолықты,

Жалаңаш тәні қылшыққа, жүнге толыпты.

«Бөлтебер» адам, қылығы аңдай, тағы жан,

Әйелге ұқсап, шаштары ұзын болыпты…

 

Аспан да, жер де бұндайды бұрын көрмеген,

Аң болып өскен, ойнаған торпақ,  төл менен.

Құланға еріп жайылса Ұлы Далада,

Үйіндей болды, балық па дерсің, көл деген.

 

Бір аңшы оған далада бір күн кездесті,

Келесі жолы суатта тағы жүздесті.

Жайлауға шықса – жайлауды жайлап алыпты,

Елкелді, өзі,  екенін адам сезбесті.

Қорқады аңшы, сасады, түсі өзгеріп,

«Бөлтебер» адам далада, тауда кез келіп.

Айрылды тілден, айрылды ұйқы, күлкіден,

Қабынды жүрек құбыжық адам, көз көріп.

 

Аттанды аңшы, қайда деп қамқор Күл Көмеш…

Артында қалды белестен кейін бір белес…

 

Ұрыққа жетіп арызын айтты, аңыздай,

Бөлтебер сұсы көзінен кетпей, тұрды елес.

 

Адамның сондай емес-ау, тіпті болмағы,

Қашаған тастан секілді оның қолдары.

 

Мал жаяр жерім, тауым да менің қалмады,

Ұйқыдан қалдық, уайым болды «сол – тағы».

Аранды қазсам –  бір күнде көміп тастайды,

Тұзақты құрсам –  айналып өтіп, баспайды.

Аңдардың бәрі алыптың ығын паналап,

Болып тұр елге ас қайғы, тіпті бас қайғы

Өмірдің сырын Күл Көмеш оған аңдатты:

«Алып кет – депті, –  «етегі желді» Шамхатты.

Жарқ етсін сұлу, жалаңаш сұлу, алдынан,

Елкелдің сонда бағдарлай алмас жан-жақты.

 

Сұлуды сүйіп басылар қайрат тасыған,

Өмірді танып желі де кетер басынан.

Иісі адам қашырар одан аңдарды,

Шамхатты бірақ шығарма оның қасынан».

 

Жеті күн ойнап сезімге шомып батқасын,

Балқыпты тәні құшаққа жылы жатқасын,

Ақыры батыр аңдарға бетін бұрыпты,

Махаббат сезім, ләззәт дәмін татқасын.

 

Көрді де оны жағдайды аңдар аңдады…

Бөтен бе екен олардың әдет, заңдары?..

Елкелді сезді, өзгеріс біткен болмысын…

Аңдар да сезді, кетіпті тарап аңдары…

 

Аңдарға ере алмасы енді байқалды,

Ойы да терең, ақылды сөзді айта алды.

Оралды қызға, отырды сыйпап балтырын,

Ұнатып қалды, Шамхаттай сұлу, сайқалды.

 

Сөйлесе сайқал елеңдеп батыр құлағы,

Бұ қыздың сөзі, өзі де қатты ұнады.

«Көрікті жансың, Тәңір ме дерсің өзіңді,

Жүргенің қалай аңдармен аң боп?», –  сұрады.

 

«Менімен бірге жүрсеші Ұрық қалаға,

Қасиет үйге, құрмет қылшы Анаға.

Күл Көмеш саған домбайдай күшін көрсетер,

Жетеді сонда бағасы достық санаңа».

 

Сайқалдың сөзін тыңдайды батыр сезіне,

Жүрек те соқты дос іздеп теңдес өзіне…

 

Екінші бет

Шамхат қыз –  сайқал, таныңдар мына  би қызды…

Матаны жыртып еркекке киім кигізді…

Қалғанын өзі лыпы ғып алды, ал сосын,

Ел-жұртқа қарай, Елкелді ерді жүргізді.

 

Ұғылды сөзі, ойы да кетпей босына,

Ақылды әйел – данышпан деген осы ма?

Жетектеп қолдан, балаша ерке мәпелеп,

Жабайы жанды жеткізді малшы қосына.

 

Ғажапқа таң боп бақташы қауым қоршады,

Елкелді батыр толтырды сонда ортаны.

Жиналған елдің қышуы қанды тілінің,

Суарып көзін, құмары әбден тарқады.

 

Айтады олар ұқсас қой мынау Көмешке,

Сәл қысқа бойы,  ол тау да, мынау дөңес пе!

Жабайы аңның уызын емген бұ шырақ,

Білегі шынар, тырнағы бүркіт емес пе!?

 

Қымсынып отыр, ортаға келіп, білмеген,

Көпшілік көзі қыздырып оны, терлеген,

Алдына қойған нанның да білмей не екенін,

Бозадан шошып ешқашан ішіп көрмеген.

 

Сайқалы айтып сырына өмір қаныпты,

Не айтса болды сеніпті оған, наныпты.

 

…Нанды же батыр! Адамға азық бұ тамақ…

Шарап іш батыр! Көңілге азық бұ тамақ…

Нанға да тойды, шарап та күшін танытты,

Жетеуін құты босатып барып тыныпты…

Жүректе сезім, болмыста жаны оянды,

Көңілі шат боп, балбырап отыр бой енді.

Денесін жүн-жүн майымен күнжіт уқалап,

Жабайы қылық, әдетін ерсі жоя алды.

 

Киімді киді, ұқсады еркек кісіге,

Қараңыз мына тындырған сосын ісіне.

Қолында қару, айқасты арыстандармен,

Малшылар көріп сенеді оның күшіне.

 

Жеңілді бәрі, арыстан, қасқыр бағынды,

Халқы да шатты хабарды естіп жағымды.

Ғұлама   тыныш, шаруа жайлы, қауіпсіз,

Елкелді қамқар, ел үшін қару тағынды.

 

Ұрыққа хабар, дабыра, өсіп жетеді…

Күл Көмеш батыр қалыңдық ойнар кеш еді…

Төсекке бірақ жете алмай қалды сол түні,

Елкелді батыр басқаша оны шешеді…

 

Некелі төсек алдында олар айқасты,

Көшеге шығып, далаға кетіп шайқасты.

Қабырға дір-дір, далада гүр-гүр, армансыз,

Бір-бірін сынап, батырлар әбден байқасты.

 

Шайқасты олар бәйгіге намыс тігіліп…

Тізесі Көмеш кетеді бір кез бүгіліп…

 

Күл Көмеш сонда ауыздықтапты ашуын,

Қызуын қанның, шектепті батыр тасуын.

 

Елкелді сонда сөйледі, сөйлегенде бүй деді…

 

Жалғыз ғып сені жаратты десе нанамыз,

Патшайым Нинсун, Тәңірі текті анаңыз.

Жоғары едің кіндікті жанның бәрінен,

Тәңірің Эллиль патша етті, біздің панамыз.

 

Күл Көмеш сонда сұрайды…

«Көздерің неге мөлдірей толып тұр жасқа,

Өзіңді неге қинайсың сонша құр босқа?»

Елкелді жауап қатады…

Қапамын досым, жарасар қылық осы ма?

Күшімді жұмсар іс таппай жүрмін босына!

 

Күл Көмеш сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді…

…Ливан атты, жырақта тау бар деседі,

Самырсын орман, сол тауды жапқан, өседі.

Орманды жауыз Сұмбаба мекен етеді.

Тимесін елге сұмдық пен қулық кеселі.

 

Екеулеп біздер құрталық көзін жауыздың…

 

Тазартам жерді – ендігі осы әңгіме,

Ендігі ерлік, жырланар осы ән міне!

Пиғылын кісі, жүрегін адам ағартам!

Атымды солай қалдырмақ болдым мәңгіге!..

 

Елкелді сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді…

Орманды қорғар –  Тәңірі-Вэрі емес пе?

Көз ілмес күзет, Хумбаба күшті егесте.

Шамаштың өзі дем берген оған, ал Алда

Орманын қорғап, Хумбаба қамын жемес пе?

 

Адамның оған сезімін қорқу басқартқан,

Қаһарлы – даусы, дауылға сұмдық астасқан.

Сөзі – өрт оның, ал демі – өлім, жұт елге,

Сумбаба сұмнан талай ер қорқып бас тартқан.

 

Жол да жоқ жетер, күтіп тұр өлім барғанға,

Жоғалтар адам қасиет-еркін орманда,

Сумбаба – тажал, сезімді қорқу басқарған,

Самырсын орман айналған сұмдық қорғанға.

 

Күл Көмеш сонда сөйлейді…

Ойлашы, досым, құдірет қандай Көктегі?

Тәңірлер Көкті мәңгілік мекен еткелі –

Ғұмыры адам – қамшының ғана сабындай,

Өмірі – опа, еңбегі – зая кеткені…

 

Өлім не, досым, қорқасың содан несіне?

Жинашы қайрат, ерегес, қайта, өшіге!

Жол салып алда отырам өзім, сен болсаң:

«Қорықпа дей бер!», түсірші соны есіме.

 

Ат қалсын артта: «Батылы барды бір іске,

Сұмбаба сұммен Күл Көмеш түскен күреске!»…

…Бір бала келсе өмірге өзім пішінді,

Сұраса сенен білгісі келіп, ішіңді:

«Тындырды нені әкешім менің десе ол?»

Айтарсың сонда тындырған менің ісімді…

Үшінші бет

 

Батасын беріп ақсақал жолға шығарып,

Айтуға ақыл, құмар ғой әсте бұ халық:

 

«Күшіңе сенбе, досыңа сенші, жігерге,

Сабырлы бол да, ұрымтал сәтті жіберме.

Жол басшы болса –  міндеті жолдас құтқару,

Бас дайын болсын, сақтауға досын, тігерге.

 

Елкелді алда жүретін болсын әрдайым,

Біледі батыр самырсын орман жайғдайын.

Ұрыста болған, соғысты көрген жауынгер,

Патшасын сақтап, жасасын оның хал-жайын.

 

Болуды қорған, сақтауды жанын мойныңа ал!

Кездессе жыра патшаңды көтер, қолыңа ал!

Елбасын саған тапсырдық батыр Елкелді,

Орал да аман, қымбаты елдің болып ал!»…

Төртінші бет

 

Күл Көмеш патша Елкелдіге…

 Жалғыздық жаман, жұртыңның жаты боларсың,

Шыға алмай шыңға, өкініп жолда қаларсың.

Бріксе саусақ , бітірер талай ісі бар,

Күшіктің екі арыстан сынды пысы бар.

 

Елкелдінің Күл Көмешке жауабы…

 

«Орманға барсақ денеден соңғы күш кетер,

Жансыз боп аяқ, қол ұйып, беттен түс кетер…

 

Күл Көмеш патша Елкелдіге…

Досым-ай, біздер, өмірде әлі тіріміз,

Арқасы достық әрқашан біздер  іріміз!

Таулардан талай аспап па едік бірігіп,

Қорқамыз неден орманға бастап жүріңіз!

 

Үйрендің соғыс, өнерге биік жеткенсің,

Қалайша өзің қорқақ боп кенет кеткенсің?

Ойлама өлім, күнжіттің майын жақпап па ең,

Жер жарып даусың, жауыңды басқа тепкенсің!

 

Айтқалы саған бір сөзді көптен жүр едім,

Тартпасын жансыз, қауіптен қорқып білегің.

Жүректе шайқас тұтанса оты арман жоқ,

«Тәңірі соғыс»  – сенен, мен соны, тіледім!

 

Ұмытсаң қауіп, сүресің өмір әуелден,

Сескенбес сенсің, шығар деп кенет жау алдан.

Аттандық жолға, ел үшін жанды пида ғып,

Жүрерміз шалқып, құтқарсақ елді зауалдан!..

 

…Мыңдаған жылдар сақтар-ау бізді ардақтап…

Бесінші бет

Соғылды дабыл, басталды соғыс жандасқан,

Күл Көмеш қолға алады сонда алдаспан.

Суырды қыннан қылышын, нағыз, наркескен,

Соғады дәлдеп желкеден, әлсіз жер дескен.

 

Елкелді досы кеудеден тосын ұрады,

Жауына тиді үш рет оның құралы.

Сұмбаба жаудың тигізді жерге жамбасын,

Денеден асау жан кетіп жауы сұлады.

 

Екі өлшем жерге самырсын шуы жетіпті,

Сұмбаба жауыз өмірден солай өтіпті.

Екі дос сөйтіп Ливан жерін тазартты,

Сирия елі бостандық алды, азатты.

 

Тыншыды басы таулардың биік мұз басқан,

Тыншыды орман, тыншыды тіпті күзгі аспан.

Таудан да, орман Сұмбаба отын сөндірді,

Жастантып жерді, қас жауын жеті көндірді.

 

Жеті еді талант қанжардың салмақ есебі,

Дәл сегіз талант болыпты жүгі деседі…

Ануннак сыры ашылды, солай табылды,

Самырсын орман кесілді, тамыр шабылды…

 

Энкиду сонда сөйлейді…

 

Орманын отап, тәубеге жауды келтірдік,

Етеді енді бейбіт күн кешіп, ел тірлік.

Шамешке арнап садақа шарап ішелік,

Тағынып қару қайтадан жолға түселік.

Елге де арнап еңбектің терін төгелік.

Евфратқа жетіп  самырсын ағаш егелік…

Алтыншы бет

Күл Көмеш алғаш алады сол күн тынысын…

 

Тазартты тәнін, тазарды қару-жарағы,

Шаштарын баптап, бұрымын өрді, тарады.

Сән шапан киіп, тағынып белбеу шығады,

Патшадай жайнап, жан-жаққа жарқын қарады.

 

Иштардың көзі сұлуға сұқты, қырағы,

Батырға Көмеш алтын-зер тұзақ құрады:

 

«Толысқан тәннің жеңсігін маған сыйлашы,

Күйеуім бол! – деп, кетіпті Иштар шыдамы.

 

Тартайын сыйға күмістеп көркем күймені,

Жегейін бұқа мүйізі маржан үйдегі.

Ордама кірсең самырсын исі аңқыған,

Бір ғана талап –  жаныңдай көріп сүй мені.

 

Ізіңді сүйер, табалдырығым да, тағым да,

Ниетті болшы, көкірек соғып қағынба.

Мансаптан – Тәңір, байлықтан – алтын қашпассың…

Тағдырың солай, сорың ба, әлде бағың ба!?..

 

Қажетін білем дүие, мүлік, малдың да,

Атағын ердің шығарар солар ханның да.

Далаң  мен қалаң сыйлығын саған жіберіп

Билер мен бектер тізесін бүгер алдыңда.

 

Есегің озар, қалады жолда арғымақ,

Ат арбаң құс боп биіктен, жардан қарғымақ.

Егіздеп қойың, үш еннен ешкің лақтап,

Жатады естіп Күл Көмеш даңқын бар құлақ»…

 

Күл Көмеш сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді…

 

Тәңірі Иштар – қайтесің мені  ер етіп,

Ордасын  Тәңір, қайтесің маған төр етіп…

 

Үстіңе көйлек, денеңе күнжіт берейін,

Аңның да етін, жемісін дала терейін.

Құмар көп саған, жарылғап бәрін солардың,

Тәңірдей, патша құрмет етіп көрейін.

 

Құйайын арнап патшаға лайық шарапты,

Жинайын саған мүлікті қымбат, жарақты.

Әйел ғып бірақ мен сені, тіпті, алмаймын,

Сайқалдық атың көкке де жерге тарапты.

 

Есіксің кілтсіз, кез-келген кіріп тоқтайтын,

Сарайың – қауіп, адамға адал жақпайтын.

Суыған пешсің, тамызық тілеп тұратын,

Дарақы пілсің, жабуын өзі таптайтын.

 

Тәңірі емес аяқсың, ауру бақайсың,

Жауына жұртын құл етіп берер ноқайсың.

Есікте күңнің мойнына салған құндыздай,

Әдемі тіккен, аяқты қысар шоқайсың…

 

Көп болған саған еркектер құмар, қырындар,

Күйеуді қандай бағалап едің бұрындар?

Сайқалдық құрдың, берейін санап, тыңдасаң,

Таусылмас сенің бір жылға жетер жырың бар…

 

Бұ сөзді естіп долылық қысты Иштарды,

Өзегін өртеп барады тәнге құштарды.

Көгіне ұшты, әкеге жылап жалынды,

Ануға Тәңір, ағызып жасын тіс жарды.

 

Иштардың әкесіне шағынып жатқаны…

 

Күл Көмеш мені масқара етті, масқара!

Бұл сөзді әке алмаймын айта басқаға!

Естіртіп айтты кінам мен күнәларымды,

Өзің де мені кемітпе, сөкпе, жасқама!

 

Тәңірі Ану қызына сонда айтады…

 

«Әуелі өзің батырды мазақ еткенсің,

Дөрекі мінез шегіне шыдам жеткенсің.

Күл Көмеш сенің санаса қылықтарыңды,

Ұятсыз едің, шамадан шығып кеткенсің!»…

 

Иштар әкесі Ануға Өгіз жасап бер деп жалынады…

Әкетай маған жасап бер Өгіз, айбатты,

Өлтірсін оны, үйінде Өгіз қайратты.

Көнбесең егер, мен өзім бәрін істеймін,

Ойлай бер онда тіріні Иштар жайратты!

 

Тамухтан бері, Ұрыққа дейін жол салам,

Қуанар Көмеш жеріңде бір жан қалса аман!

 

Ұйқыдан мәңгі оянар барлық мүрделер…

Түскенде жерге – жалмауыз, жебір түрге енер…

 

Адамды жейді, таусады түгел тірісін,

Қалады есте бітірген менің бір ісім…

Тәңірі Ану сөзінен қыздың шошынып,

Сұрапыл Өгіз береді жасап қызына…

 

Сұмдықты естіп қыз ойын іске асырды…

Өгізді көктен Иштар қыз жерге түсірді…

 

Өгіздің Ұрық жерін талқандап жатқаны…

 

Алмақшы Иштар Көмешке кеткен есесін…

Талқандап жатыр Ұрықтың Өгіз көшесін…

 

Евфрат суын жұтқанда жеті, құрғатты…

Тұяғы тиген қалдырмас аман бір затты…

 

Бірінші демі қазыпты апан айлапат…

Ұрықтың оған құлады бір жүз адамы…

 

Екінші дем де қазады апан айлапат…

Ұрықтың оған құлады жүз, жүз адамы…

 

Үшінші демін құсық қып шашты батырға…

Елкелді батыр Өгізге тура атылды…

 

Елкелді батыр мүйізге бірден жармасты…

Сұрапыл Өгіз бұлқынып, сілкіп жандасты…

Құйрығы дырау, соққылап жатыр батырды,

Өгіз де емес перідей, нағыз, албасты…

 

Елкелді сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді… 

 

Жаратқан жоқ қой Тәңірі бізді қорлыққа,

Досым-ау қалай, бір Өгіз бізді қор ғып па?

Қауіпті емес өзі де, күші Өгіздің,

Көнбелік мына жіберген Иштар зорлыққа!

 

Алалық жұлып жүрегін  Өгіз өлтіріп

Сәтіне істі ерлікпен тағы келтіріп.

Өгізге шығып, жеңісті тойлап, тұрам мен,

Мүйізге құям күнжінің майын толтырып!

 

Жүрегін Өгіз қоярмыз Шамаш алдына,

Екеуміз солай сәтіне істі келтіріп!

 

Сен ұста мықтап құйрықтың жуан түбінен,

Қозғалып көрсін, ол Өгіз сосын, қарасын.

 

Мүйізден ұстап, мен болсам дәлдеп қанжармен,

Соғармын осал желке мен мойын арасын.

 

Елкелді батыр Өгізді жетіп қайырды,

Құйрығын бұрап көрсетті Көмеш зайырды.

 

Осал жер осы, деді де салды Елкелді,

Қанжармен басты мойыннан бөліп, айырды.

 

Өлтіріп Өгіз жүрегін жұлып алады,

Алдына Шамаш  апарып оны салады.

Құрмет етіп Шамашқа олар кетеді,

Жеңіске тасып батырлар бағы, талабы.

 

Бауырлар отыр, оңаша енді дем алып…

 

Тәңірі Иштар қорғанға Ұрық шығады,

Мәнісін істің сол кезде барып ұғады.

«Өлтіріп Өгіз, масқара еттің мені сен,

Басыңа, Көмеш, қаралы күндер туады!».

 

Елкелді батыр Иштардың сөзін естиді,

Қысады ашу, ал сосын барып ес жиды.

 

Суырып Өгіз «қамшысын» алып жіберді…

Сескенбей батыр Иштардың тура бетіне.

 

«Қолыма түссең Өгіздей сені  етер ем,

Қолыма түссең басар ем таңба,  етіңе».

 

Жинады Иштар жезөкше, сайқал қыздарын,

«Қамшыға Өгіз» бәріне жылау айтқызып…

 

Күл Көмеш барлық шеберді жиып алдырды,

Мүйізі Өгіз шебердің бәрін таң қылды.

 

Отыздай мысқал, аспан түс көктас орнатты…

Екі елі мүйіз,  жиектеп, әсем торлатты…

 

Алты өлшем маймен күнжіттің, зәру, толтырып,

Тәңірім сен деп Лугальбендеге сыйлапты.

 

Мүйізді баптап төріне үйдің іледі,

Евфратқа барып жуады қолын, білегін…

 

Көшеде келе жатырған екеу солар ма?..

Қаланың халқы сүйсініп қапты оларға…

 

Күл Көмеш сонда халқынан Ұрық сұрайды:

Көрікті батыр кім екен батыр ішінде?

Батырдың мәрті қайсысы батыр ішінде?

 

Қорғанды Ұрақ ерлері жауап қатады…

 

Көрікті батыр Күл Көмеш болар, ерекше!

Елкелді батыр батырлар мәрті, ерекше!

 

Бұл жауап бірақ қуанта алмай батырды…

 

Өгізін Тәңір қатерлі сәтте қуған – біз…

Арманға бірақ жетпейтін болып туғанбыз…

 

Күл Көмеш елін шақырып мейрам өткізді…

 

Тарады жұрты, тарқады қызық той енді…

Тіледі тыныс, шаршаған қажып бой енді…

Ұйқыға кеттті батырлар аспан астында,

Елкелді ғажап түс көріп жатып оянды…

 

Елкелді батыр түсінен жаман шошынды…

Жетінші бет

Елкелді айтты, Күл Көмеш тыңда, түс көрдім…

Елкелді айтты, Күл Көмеш тыңда, түс көрдім!

Түс көрдім бүгін, түсімде жаман іс көрдім!

Эллил мен Ану, Шамаштар отыр кеңесіп,

Тағдырын шешіп алдағы болар істердің!

 

Эллилге айтты ойларын Ану негізгі:

Сұмбаба өлді… Мерт етті неге Өгізді?

Отады орман… Құрыды тауда самырсын…

Өлімге бұйыр Елкелді-Көмеш егізді!..

 

Эллилдің сонда Ануға мынау жауабы:

Елкелді өлсін, Күл Көмеш сүрсін өмірін.

 

Шамаш Тәңірдің араға түсіп жатқаны…

Сұмбаба менен Өгізді олар өлтірсе,

Жазығы неде, өзіңіз солай жазыпсыз?

Елкелді қалай тартады жаза жазықсыз?

 

 Шамашқа Еллиль айтады сонда не дедің?:

«Адамға жолдас, дос болып жүрген сен едің!»

 

Елкелді солай  досына жатты шағынып…

Көзінен Көмеш ыстық жас жатты ағылып…

 

Бауырым, інім сүйіктім дейді Күл Көмеш! …

 

Күл Көмеш жасы ағады жылжып тоқтамай…

Қалайша өмір сүре алам сені ақтамай?

Қонғанды  ерлік, өзіңмен ғана бақ маған!

Қалайша олар сені емес мені ақтаған?

 

Жүріп ек біздер алмақ боп әлем түзетіп,

Сыбағам менің қалу ма мола күзетіп.

Жанымнан артық ініні жоқтап, өтем бе,

Сүрем бе өмір жүректі ыстық мұз етіп?

 

Елкелді сонда Көмешке былай тіл қатты…

 

Дос едік біздер, Эллилге бірге баралық,

«Жазығым не деп?» Тәңірден тура сұралық.

 

Аттанды олар Тәңірдің Эллиль үйіне…

 

Елкелді көріп есігін Тәңір сезеді,

Эллилге оны сыйлаған бұрын өзі еді.

Сол есік өзі, қолымен шауып жасаған,

Болғанды ұмыт, айтылмай қалған сөз еді.

 

Елкелді тағы сөйлейді…

 

Қырсықтың бәрі есіктен осы басталған…

Болыпты кезім ескерту алған, жасқалған…

 

Елкелді батыр есікке көзін тастады,

Есікпен және сөйлесе тағы бастады:

 

Жай ғана ағаш далада өскен сен едің,

Бұйрығы Тәңір өмірге келген мен едім!

Бойыңда сенің ой да жоқ, ақыл, сезім де,

Қалайша ағаш адаммен мендей тең едің?

 

Эллилия Тәңір риза бізге болсын деп,

Көркі де, сәні ордасы Тәңір оңсын деп,

Он сегіз құлаш самырсын едің бір кезде,

Қайрадым балта қинамай сені жонсын деп!

 

Ашу мен жабу, сиқырлы есік, бір ғалам,

Оюлап, сәндеп, Ниппурда сені сырлағам.

 

Бар еді қандай кемшілік, қылмыс, не мінім?

Білсем ғой құның –  өзімнің мына өмірім?

Ағызсам етті сал етіп суға, немесе,

Жаңқалап өртеп күліңді шашып, көмірін.

 

Ану мен Иштар Эллилге соны қызғанып,

Ақиқат жолын, өздері Тәңір, бұзды анық.

Өзімнің өнер, еңбегім құртып өзімді,

Жазықты болып отырмыз енді біз налып.

 

Болашақ патша жасаса сені қайтер ед?

Тәңірлер оған не кінә тағып, айтар ед?

Атымды менің өшірсін, жазсын өз атын…

Самырсын емес дұрыс па ед кесу жай терек?

 

Елкелді зарын естіді сонда Күл Көмеш,

Жылайды сонда, сөйлейді сонда Күл Көмеш:

 

Тәңірің саған сыйлады өмір, ойды да,

Сөйлетіп сені ақылды сөзбен қойды да.

Сен қалай досым, ойладың қауіп, кенеттен,

Сол түске бола, жан досым менің, мойыма.

 

Жақсы ғой түсің, қорқыныш көптеу болса да,

Көресің түсті басыңа бақыт қонса да.

 

Уайым ету еншісі ол бір тірліктің,

Бір түске бола батырым неге жүн жықтың.

Табынып алып, жалынып алып сұралық,

Тәңірден сұрап кешірім алам, жүр мықтым.

 

Еттік қой еңбек Тәңірлер бізді тастамас,

Шашайын алтын жолына оның жасқамас.

 

Бұлардың сөзін естіді Шамаш көктегі…

Естіген сөзін… Ал зары бірақ жетпеді…

 

Тек қана Шамаш Көмешке тоқтау айтады:

 

«Тәңірлер сөзін ешқашан қайтып алмайды,

Шашылма босқа, өмірі адам өтпелі…

 

Тағдыры адам, әу баста солай, өледі…

Өлімнің қаупі кенеттен басқа төнеді…»

 

Елкелді батыр жатқанда жалғыз, бір түнде,

Ауру боп тәнге дерті де оның енеді.

 

Тағдыры адам – күн сайын ғұмыр кемірген…

Басына түспей, сезе ме адам, не білген…

Елкелді жаны, тәні де сезді сұмдықты,

Жаралы жүрек, қайғыға еріп, егілген.

 

Жегідей жеген, ашады сырын, досына;

Тыңдашы досым өмірден өту осы ма?

Тағы да көрдім бір түсті тура өңімдей,

Қайғыға тағы бастады қайғы қосыла.

 

Күркіреп аспан, жер жатыр қорқып, дірілдеп,

Дегендей қырам, қалмайсың тірі бірің деп.

Ортада тұрмын, аспан мен жердің арасы,

Секілді ем өлік, өлгендер қалай тірілмек?

 

Түр-түсі суық бір кісі бүркіт секілді,

Тырнақпен бүрді басымды, терім, кекілді.

Тұяғы бүркіт, қанаты қыран – самұрық,

Қан жауып кетті аяулы менің бетімді.

 

Шашымнан сілкіп, барады қысып құшағы,

Еркімді алды, арқансыз мені тұсады.

Ұрып ем менде, тұрғаны мұрты қисаймай,

Өгізідей қуат, қыл бұрау сала қысады.

 

Соғады мені, соғады тағы, қағынды,

Жалындым саған құтқар деп мені, жалындым.

Не болған саған, ақырын күтіп тұрдың тек,

Дүлейден қорқып, күреспей оған бағындың.

 

Тигізді қолын, айналдым кенет торғайға,

Батырды мендей о жерде солай қорлай ма?

Құс етіп мені құрдымға қара кіргізді,

Мықтылар өлсе о жақта солай сорлай ма?

 

Ол жерге кірген із бар да, жол жоқ шығатын,

Ешкім жоқ көрген, ой керек бұны ұғатын.

Жарықсыз мекен, әлемді түгел сыйғызған,

Ас-сусыз мекен, денеге ас боп жұғатын.

 

Киім жоқ онда, шетінен бәрі қанатты,

Соңғы рет со күн ақырғы маған таң атты.

Мүрденің күлі, тозаңы күнә, құлыпты,

Көрімнен менің –  алмадым байқай жәннәтты.

 

Кіргізген жері – жарықсыз, шаң мен күл кілең,

Тозаңға бәрі айналған мүрде мүлгіген.

Жұп-жуас бәрі, тірлікте алтын тақтылар,

Дейтіндер өзін өмірдің көркі, дүлдүлі ем.

 

Тәңірлер төрде – ет пенен майды тартады,

Наны да керім,  бетінде оттың сар табы.

Әкеліп жатыр: сусынды, балды, барлығын,

Төрт елі қазы,  жаяны, тағы қартаны.

 

Сыйқыршы жанның, сәуегей жұрттың тұрағы,

Бұл үйде тағы отырды сыйқыр қырағы.

Эрешки Тәңір, Сумукан, Этан Тәңірлер,

Қыздар жүр хатшы, орындап олар сұрағын.

 

Саз кітап қолда, тағдыры сонда халықтың…

Көрді де мені деді ол жатпай налып тым:

 

«Жеңіпті өлім ғажап-ай, мына, алыпты»…

 

«Бөлісіп едік тірлікте  арман, күшімді,

Есте ұста мені, ұмытпа менің ісімді.

Сол түстер менің жоқ етті қайрат, еркімді,

Ғұмырым менің келте боп міне пішілді.

 

Елкелді жатыр, дертті боп, аурып төсекте,

Бірінші күні, екінші күні… есепте.

Үшінші және төртінші тағы бесінші,

Зулайды күндер, күн ұзақ, қанша, десек те.

Алты мен жеті, сегіз бен тоғыз, оныншы,

Елкелді әл жоқ, ұлғайды дерті, төсекте.

Он бір күн қиды Тәңірлер оған, он екі,

Мезгіл де жетті, ақыры, Көкте өлшенген,

Жан ашып оған уайым-қайғы жесекте.

 

Соңғы рет батыр төсектен басын көтерді…

Соңғы сөз болды жалғаннан мынау өтерде:

 

Қайырым қылар бәріне адам бірі едің,

Ұмытты қалай досыңды мендей жүрегің?

Ұрықта досым, болып ең өзің тірегім,

Жабайы жаннан адам боп, солай түледім…

 

Сенімен Мен де, патша да бай да теңесер,

Депті ғой бабаң –  «өзекті жанға бір өлім»…

Сегізінші бет

Күн шықты тағы, аспан да жер де, арайлы,

Тек Көмеш зарлы, жан досын жоқтап жылайды…

 

…Елкелді досым! Даланың ұлы сен едің!

Киікті – анам, құланды – әкем деп едің,

Сүтімен аңдар асырап сені жеткізді,

Далаң да анаң – бөтенсін сені демеді!

 

Жанды да жансыз сүйіп ед сені, қимайды,

Қинады бәрін кенеттен соққан бұл қайғы.

Жылайды елің, қорғанды Ұрық қарттары,

Самырсын орман, Елкелді жолы жылайды.

 

Жоқтайды шыңның біз асқан қырат, жондары,

Жылайды таудың екеуміз өткен аңғары.

Жылайды емен, шырын боп жасы төгіліп,

Жоқтайды жайлау, жоқтайды қыстау маңдары.

 

Жылайды дала, сезеді ауыр жарасын,

Көк бөрі зарлы, ана ғой жоқтап баласын.

Жылайды барыс, аю мен қасқыр, жолбарыс,

Текесі таудың, бұланы – бәрі шарасыз.

 

Бұғы мен киік, даланың құрты, тасы да,

Жылайлы Евлей, келдік қой талай қасына.

Толтырып месті су алған өзен жылайды,

Евфрат суы айналған қайғы жасына.

 

Жылайды бәрі – Ұрықта туып өнегендер,

Жылайды бәрі – ерлікті біздің көргендер.

Жылайды қала, жылайды дала жұбанбай,

Жылайды дихан, жемісін еңбек тергендер.

 

«Ескінің көзі еді деп сені жылайды,

Тірлікте сені кезі кеп көрген жылайды.

Иіс май жаққан күңің де жатыр қайғырып,

Кесеңе шарап құйдым деп құл да жылайды.

 

Қайғылы сайқал, күнжі май жаққан кешегі…

Қуанта алмас қайғыны жардың төсегі…

Жар тапқан жандар себеп боп өзің қайғылы…

Қайғысы жұрттың күн өткен сайын өседі…

Қайғыдан жұлып жылайды қыздар шаштарын,

Қайғымен ұлдар соғады жарға бастарын.

Жылайды елің, атаң мен анаң секілді,

Жылайды жұртың  – қорғаныш болған асқарың.

 

Жанымды менің түсінер, сірә, жан бар ма?

Тағдырын қарғап көз ілмей жүрген таңдарға?

Сезесіңдер ме қорғанды Ұрық бектері,

Жоқтайтын досын, жүректе әлі қан барда.

 

Айтамын жоқтау, әйелдей  жылар жалданып:

Балтам ең өткір  жүретін ылғи қолға алып,

Қалқаным едің, қайраулы қару – алдаспан,

Өтетін жарып дұшпанның шебін, қақ жарып.

 

«Дұшпан көз ішік», «бір киер» сәнім өзің ең,

Сен жоқсың енді өмірдің маған мәні не?

 

Елкелді інім, жабайы аңды мал еткен,

Барысын дала үй күшік қылған, үйреткен.

Құланын дала ат қылып мінген інім-ай,

Қайратым кеміп, барамын жүнжіп, күйреп мен.

 

Тауға да  шықтық, даланы кездік –  не тірлік,

Қимылдап бірге, Өгізді біздер өлтірдік.

Қорғаны болдық, құрбаны болдық біз елдің,

Қастасқан жауды тәубеге талай келтірдік.

 

Не ұйқы сенде, еркіңді алған Елкелді?..

Көтермей басты жатырсың қалай Елкелді?..

 

Көзің де көрмей, естімей құлақ, не тірлік?

Тірліктің мәнін, қалайша біздер кетірдік?

 

Жүрегін байқап қарады – жүрегі батыр соқпайды…

 

Баласы торда арыстан сынды жұлқынды…

Қинаумен жанын өткізді Көмеш бұл түнді…

Терінің жүнін тартқандай шашын жұлқылап…

Тірліктен жеріп, салып жүр сұмдық бұрқылды…

 

Саз бере таңның көмескі ғана шапағы…

 

Атой сап Көмеш шеберін елдің шақырды,

Мүсінші, мысшы, ұстаны, барлық тақылды.

 

Жан досым менің, ой келді маған, ой маған,

Орнатам мүсін ешкімге ешкім қоймаған!

Досымның жүзін, денесін солай тірілтем,

Тұғыры тастан, лағылдай шашы ойнаған!..

 

Мен досың,  әрі ағаңмын сені сағынған,

Сағыныш мұңын тұмар ғып мәңгі тағынған.

Жатқыздым сені құрмет-мамық төсекке,

Алтын-зер ою, күнжінің майы жағылған.

 

Патшаға, бекке табаннан бастап сүйілдің…

Ұрықтың халқы жоқтасын бәрі, бұйырдым…

Сайқы мен сәйкі  қаралы киім жамылды…

Ал өзім болсам – қайыршы болып киіндім…

 

Арыстан тері жамылам, кетем Анаңа!

Өзіңнің жүрген, сағынып, Ұлы Далаңа!

 

Күн көзі шапақ шашатын кезде таңертең,

Күл Көмеш саздан үлгерді мүсін дайындап.

 

Дастарқан жасап тамаққа үстін толтырды…

Ақықтан қызыл ыдысқа құйды  бал, шырын…

 

Ыдысқа көктас, аспандай әсем май құйды…

Сездірмек болды Шамашқа солай жан сырын…

 

Тәңірі Эллиль естіп қап сонау көктегі –

Қаһарлы дауыс аспаннан кенет жеткені…

 

Күл Көмеш тыңда! Міндеті адам жазылған:

Шаруа адам егінмен күнін көреді,

Малшы мен аңшы аң аулап өмір сүреді…

 

Күл Көмеш солай Далаға Ұлы кетіпті,

Ұрпағы қазақ бұ күнге міне жетіпті…

Тоғызыншы бет

Күн шықты тағы, аспан да, жер де, арайлы,

Күл Көмеш зарлы, жан досын жоқтап жылайды…

 

…Жас төгіп ыстық барамын кетіп далаға,

Уайым-қайғы –  айналды жанды жараға.

Еркіне көнем Тәңірге жетіп, жаратқан…

Ойламаң қорқып, далаға қашып бара ма…

 

Шықтым мен жолға, келемін өте асығып,

Тәңірлер сізге етемін тәжім бас ұрып.

Арыстан көріп, жалындым Тәңір Синаға,

Қараймын оған «қорқыныш сұмды» жасырып.

Тәңірге барлық батамды оқып сақта деп,

«Бұрындар қалай сақтасаң солай сақта тек»,

Жатып ем бірақ арыстан шуы оятты,

Қайғысыз өмір, кенелген олар баққа көп.

 

Алдаспан атты қаруын қолға алады,

Арыстан – мысық,  шетінен шауып жарады.

Ойнатып қолда қайқы бел түркі қылышын,

Өлтіріп, жарып, жаралап кетіп барады.

 

Маша тау атты тау бар деп бұрын, естіп ед…

Қорғар деп күннің шыққанын, батқан, естіп ед…

Күл Көмеш келді тауларға Маша жақындап,

Тұр екен таулар, темір тау биік, көк тіреп.

 

Адамға ұқсас бүйілер бағар қақпаны…

Қараса бітті, пенденің сеспей қатқаны…

Жанары сұқты тауларды кетер аударып…

Төменде – тамұқ,  тіршілік қайнап жатқаны…

 

Батарда және шығарда күнді күзетер…

Қақпайды кірпік, қарайды күнге, күзетер…

Күл Көмеш көріп, қорқыныш басып денесін,

Жүрек те сезіп, шымырлап кетті, тыз етер.

 

Қамшылап намыс бүйіге барды жақындап…

Ал адам-бүйі сөйлейді сөзді тақылдап:

«Адамның анау бойында Тәңір қаны бар» –

Әйелі ерін қостап тұр, дұрыс, мақұл деп.

 

Адамға бүйі айтады сонда әйелі:

Не деген адам, қанына Тәңір бай еді.

Екісі үштің Тәңірлік болса, біреуі

Адамдық екен, көрсетсе құрмет сай еді.

 

Бүйі адам сонда Күл Көмеш ерге тіл қатты:

 

«Неғылған жансың өлімге көнген, неліктен?

Бұл тауға неге, шешуге жұмбақ, келіп пе ең?

Қай жолмен жеттің бұл жерге өзен, тау кезіп,

Таңдандым қатты өзіңді, міне, көріп мен?».

 

 

Күл Көмеш сонда адамға бүйі сөйлейді:

 

Бар еді інім, жабайы аңды мал еткен,

Барысын дала ит қылып үйге үйреткен.

Құланын дала құрықтап мініп ат қылып,

Жоғалттым соны, күйіктен барам, күйреп мен.

 

Тауға да  шықтық, даланы кездік –  не тірлік,

Қимылдап бірге, Өгізді біздер өлтірдік.

Қорғаны болдық, құрбаны болдық біз елдің,

Қастасқан жауды тәубеге талай келтірдік.

Дос еді өзі қуаныш-қауіп бөліскен,

Арқасы соның оралдық жаудан жеңіспен.

Елкелді досым, тұлғасы еді заманның,

Адамның оған тағдырын жазды, неліктен?

 

Бағасы қанша ерліктің, ерен еңбекпен?

Алты күн өтті, жеті түн кетті меңдеткен…

Мұрнынан оның көрінді құрттар жыбырлап,

Елкелді өлді, мезгілі екен дем жеткен.

 

Көрдім де соны, қорқатын болдым өлімнен,

Өлікті көрдім мұрнынан құрттар көрінген.

Далаға қаштым, Елкелді сүйген далаға,

Өлімнен қаштым, өлімнен қатты жерінгем.

 

Топырақ, тұзға айналды достың денесі…

Сүйікті достың жоқ болды мәңгі денесі…

Кірем бе жерге тұрмастай болып мәңгіге,

Мен бе екен құрбан, Тәңірлер шешсе, келесі?..

 

Бүйі-адам сенің алдыңда бүгін тұрмын мен…

Өлімнен қорқам, әлекке түсіп жүрмін мен…

Тағдырды жазар әкеме жеткіз сұрайын,

Адам ба екем?

Тәңір ме екем?

Кіммін мен?

Пешене маған қандай ғып олар жаздырды?

Тәңірлер маған бұйырды қандай тағдырды?

Өмір мен өлім арасын сұрап білмекпін,

Пешене маған, қандай ғып олар, жаздырды?

 

Екенсің батыр шығыпсың жолға сертпенен…

Ешқашан ешкім бұ жолмен жүріп өтпеген…

Бүйі адам ашты Күл Көмеш ерге бір сырын:

Бұ жолмен тауға келгендер аман кетпеген.

 

Он екі өлшем бұ жолдың толық шамасы…

Он екі өлшем жарық пен жарық арасы…

 

Әр өлшем – әлем! Сәулесіз ғұмыр,  көр-түнек…

Алдың да, артың түрткісіз көзге, көр-түнек…

 

Күн бата бүйі қақпаны берік жабады…

Күн шыға бүйі қақпаны қайта ашады…

Жабылса қақпа он екі өлшем қараңғы…

Күн бата бүйі қақпаны қайта жабады…

 

Шығады одан тек қана Шамаш Тәңірі…
Тірлікке жарық, тек қана оның әмірі…

Сен сонда қалай, жолменен сондай өтесің?

Кірерсің, бірақ қаларсың шықпай, тәйірі!

 

Күл Көмеш сонда адамға бүйі айтады:

 

Жанында қайғы, жүректе мұңы –  мен бір жан,

Еместі аяз, тау қары мені тоңдырған.

Бола алмас бөгет  дауыл да, боран, көр-түнек,

Тәңірге жетем, ойыма күдік қондырман.

 

Бүйі адам сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді…

Жолыңмен осы жүре бер, батыр екенсің!

Таудан да орман – ерлікпен, өжет, өтесің!

Мақсатты жерге – еңбекпен ғана жетесің!

Оралып аман – еліңе туған кетесің!

Қақпаны саған ашамын, батыр Күл Көмеш…

Күл Көмеш естіп бұ сөзді басты ілгері,

Ұнайды ойы, ұнайды бүйі тілдері.

Он екі өткел, сәулесіз ғұмыр,  көр-түнек,

Шамашқа жетер жолменен басты ілгері…

 

Бірінші өтті өткелден…

Жұмбағы әлем – сәулесіз ғұмыр… Көр, түнеп…

Алдың да, артың түрткісіз көзге, көр-түнек…

 

Екінші өтті өткелден…

Жұмбағы әлем – сәулесіз ғұмыр… Көр, түнеп…

Алдың да, артың түрткісіз көзге, көр-түнек…

 

Үшінші өткел – баса алмай қорқып ілгері…

Түсірді еске адамның бүйі тілдерін…

Жинақтап жігер, зорлана басты ілгері…

 

Төртінші өтті өткелден…

Жұмбағы әлем – сәулесіз ғұмыр… Көр, түнеп…

Алдың да, артың түрткісіз көзге, көр-түнек…

 

Бесінші өтті өткелден…

Жұмбағы әлем – сәулесіз ғұмыр… Көр, түнеп…

Алдың да, артың түрткісіз көзге, көр-түнек…

 

Алтыншы өтті өткелден…

Жұмбағы әлем – сәулесіз ғұмыр… Көр, түнеп…

Алдың да, артың түрткісіз көзге, көр-түнек…

 

Жетінші өткел өткенде…

Тынысын жердің тыңдады…

Жұмбағы әлем – сәулесіз ғұмыр… Көр, түнеп…

Алдың да, артың түрткісіз көзге, көр-түнек…

 

Сегізінші өткел өткенде…

Айқайлап дауыс шығарды…

Жұмбағы әлем – сәулесіз ғұмыр… Көр, түнеп…

Алдың да, артың түрткісіз көзге, көр-түнек…

 

Тоғызыншы өткелде…

Жел демі беттен сыйпады…

Жұмбағы әлем – сәулесіз ғұмыр… Көр, түнеп…

Алдың да, артың түрткісіз көзге, көр-түнек…

 

Оныншы өткел жеткенде сезді жер исін…

 

Он бірінші өткел өткенде…

Сәулесі жарық байқалды…

 

Он екінші өткел өткенде…

Алдынан арай нұр шашты…

Көрінді ғажап бау-бақша…

 

Тас орман көріп, тас бақты көріп таңданды…

Ақтастар – ақық… беріп тұр жеміс, таң қалды…

 

Көктастар, ғажап, аспан түс тастар,  бұлар да,

Беріп тұр жеміс, қалайша бұлар жаралды-ай?..

 

Күл Көмеш тұрды тас бақтан көзін ала алмай…

Оныншы бет

Қызмет қылды Сидури барлық Тәңірге…

Бозасын баптап, жартаста ұшпа тұрады,

Қызметші кемпір –  жағасы теңіз тұрағы,

Міндеті боза ашыту болса, ал оның

Жанары сондай, қыраннан өткен қырағы.

Кесесі алтын, құмыра күміс, жез-алмас,

Дастархан қандай, жай адам көзі сезе алмас…

 

Жақындап келді Күл Көмеш ұзақ жол шегіп…

Сидури тым сақ,  көрмеген жанға ол сеніп…

…Неғылған адам терісін аңның жамылған?

Ерекше жан ғой – Тәңірдің қаны ағылған!

Жанында қайғы, бетінде мұңы, апырмай,

Жолаушы жан ба? Бұл қандай жұмбақ, неғылған?

Алыстан байқап, Сидури шешпек жұмбақты…

Ақыры кемпір өзіне-өзі тіл қатты…

…Қанішер болар, еліне, жері сыймаған,

Әйтпесе адам таңдайды неге бұл жақты…

 

Шешті де солай Сидури жапты қақпасын,

Күршігін салды, қыстырды белдік  жаппасын.

Күл Көмеш сонда сөйлейді оған дауыстап,

Бекініп кемпір қақпасын қорқып жапқасын:

 

Сидури кемпір қақпаны неге бекіттің?

Көрмей-ақ мені дұрыс деп сенбеу шешіпсің!

Күршігін салып, ағашын тығып әлексің,

Бір ұрсам болды быт-шыты шығар есіктің!

 

Айқайлап кемпір Көмештен сұрақ сұрайды:

 

Ұрпағы Тәңір ойланып тұрмын көріп мен…

 

Ұрпағы Тәңір кезіп жүр дала, неліктен?

Сонша жол жүріп, мақсатсыз қаңғып келіп пе ең?

Қай жолмен жеттің бұл жерге өзен, тау кезіп,

Таңдандым қатты, өзіңді міне, көріп мен?».

 

Қай жолмен жеттің бұл жерге өзен, тау кезіп,

Мақсатсыз қаңғып, жол жүріп босқа келіп пе ең?

 

Күл Көмеш сонда кемпірге жауап қатады:

 

Күл Көмеш – менмін, ерлігім батыр дегізді,

Құртып ем көзін, Сұмбаба жауым негізгі.

Асуда жүрген арыстандарды жойдым мен,

Өлтірдім тіпті аспаннан түскен Өгізді!

 

Кемпір де сонда  Көмешке жауап қатады:

 

Күл Көмеш болсаң, ерлігің батыр дегізген,

Құртсаң сен көзін, Сұмбаба жауың негізгі,

Асуда жүрген арыстандарды жойсаң сен,

Өлтірген болсаң аспаннан түскен Өгізді –

 

Дерт бар ма сенде байлаған сенің бағыңды,

Ыстық пен суық қақтапты екі жағыңды,

Даланы кезіп, таулардан асып қатерлі,

Азғансың неге кеткендей соғып қағынды?

 

Даланы кезіп, таулардан асып қатерлі,

Іздеген елес, жансың ба қуған сағымды?

 

Күл Көмеш сонда кемпірге жауап қатады…

 

Бар еді інім, жабайы аңды мал еткен,

Барысын дала ит қылып үйге үйреткен.

Құланын дала құрықтап мініп ат қылып,

Жоғалттым соны, күйіктен барам, күйреп мен.

 

Тауға да  шықтық, даланы кездік –  не тірлік!

Аспаннан түскен Өгізді біздер өлтірдік!

Қорғаны болдық, құрбаны болдық біз елдің,

Қастасқан жауды тәубеге талай келтірдік!

 

Дос еді, іні қуаныш, қауіп бөліскен,

Арқасы соның оралдық жаудан жеңіспен.

Елкелді досым, тұлғасы еді заманның,

Адамның оған тағдырын жазды, неліктен?

 

Топырақ-тұзға айналды достың денесі…

Сүйікті жанның жоқ болды мәңгі денесі…

Кетем бе менде тұрмастай болып мәңгіге,

Мен бе екем құрбан, Тәңірлер шешсе, келесі?..

 

Бағасы қанша ерліктің, ерен еңбекпен?

Алты күн өтті, жеті түн кетті меңдеткен…

Мұрнынан оның көрінді құрттар жыбырлап,

Елкелді өлді, мезгілі екен дем жеткен.

 

Алты күн, сосын жеті түн бойы жыладым,

Естір ме дедім жан достың, іні, құлағы.

Мұрнынан оның жыбырлап құрттар шыққанша

Жұбана алмай, мүмкін деп естір құлағы.

 

Көрдім де соны, қорқатын болдым өлімнен,

Өлікті көрдім мұрнынан құрттар көрінген.

Далаға қаштым, Елкелді сүйген далаға,

Өлімнен қаштым, өлімнен қатты жерінгем.

 

Тыныштық таба алмаймын, қашам далаға,

Елкелді ердің есіме түссе өлімі…

 

Сондықтан қалай тағдырға жалған сенесің?

Тыңдауға келдім өзіңдей дана кеңесін.

Қалайша оны қара жер қазып, көмдім мен,

Тапсырдым жерге адамның ұлы денесін?..

 

Сол құсап адам қараңғы көрде жата ма?

Ешқашан күн де шықпауға оған бата ма?

Өзіңе келдім, өлімнен қорқам, айтыңыз,

Осы ойым менің сіздіңше қалай, қате ме?

 

Сидури кемпір Көмешке сонда тіл қатты…

 

Күл Көмеш, қайда, қайда сен қаңғып барасың?

Жоқ затты қайдан, қайдан сен іздеп табасың?

Адамды Тәңір өлетін етіп жаратқан,

Пенделер бұған әу бастан солай, шарасыз.

 

Таппайсың өмір, ойлан сен, бұндай әуенмен,

Жазғаны Тәңір – жазмышқа пенде тәуелді ең.

Өмірің сенің – өзіңнің мына қолыңда,

Пенденің бәрін өлімге кескен әуелден!

 

Қолыңда өзің ұстаумен жүрсің өмірді…

Қарныңды тойдыр, күндіз-түн көтер көңілді…

Мейрам боп өтсін әр күнің, сонда ұзарар,

Қайғыға, тағы, бола біл пенде төзімді.

 

Киімің сәнді, болсын да мәнді өмірің,

Бөпе сүй, сонда болады жарқын көңілің.

Құшақтап қуант жарыңды өзің күн сайын,

Тек қана осы іздеген мәнді өмірің!

 

Түсіндім сені, Сидури тағы бір сұрақ:

Отына Пісті Тәңірді іздеу талабым,

Басыма тілеп өзімнің алған азабым!

Айтып бер маған белгісін – қалай танимын,

Көрсетші жолын – қалайша іздеп табамын!

 

Мүмкіндік болса – теңізбен жүзіп жетермін,

Болмаса егер – даламды кезіп кетермін!

 

Сидури кемпір батырға сонда айтады…

 

Өткелсіз мекен, Тәңірдің сондай мекені,

Мекенге қалай ол жерге кімдер жетеді?

Тек қана Шамаш, Шамаштан басқа кім болсын,

Шамаштан ғана бар қауіп қашып кетеді!

 

Қауіпті сапар, өлімнің көлі терең ғой,

Өлім – жау, соқыр, құлағы оның керең ғой!

Күл Көмеш батыр – жартылай адам, Тәңірсің,

Сұрасаң ақыл, тыңдасаң кеңес берем ғой!

 

Күл Көмеш тыңда! Құтқарар сені бір жан бар!

Қайықшысы ол, Отына Пісті Тәңірдің!

 

Орманда тас бар, балбал ғып кілең қашалған,

Кәсібі оның жыланды аулау қашаннан.

Жолыңыз болса – Абимен Уршан жетесің,

Болмаса жолың еліңе қайтып кетесің!..

 

Бұл сөзді естіп балтасын алды қолына,

Суырды қылыш, қауіпті тұру жолына.

Келеді отап, орманға терең кіреді,

Келеді жайпап, қарамай оң мен солына.

 

Қаһарлы ыза, балбалды шауып тастады,

Шақырып ашу, қанының кенет тасқаны.

Адуын кезде айдаһар түсіп қолына

Оны да қысып, мойынын бұрап тастады.

 

Сабасын бір кез Күл Көмеш батыр басады,

Ашуын сабыр, көңілін ақыл ашады.

Жалғыз-ақ сұрақ: қайықты қайдан табамын?..

Еске алды түнек, күндерді, тауды, Машаны…

 

…Дейді ғой кемпір тағдырға солай көнесіз…

Өтесіз қалай көлінен өлім кемесіз?…

 

…Қауіптен қашып мақсатқа қалай жетемін?..

Өтемін қалай көлінен өлім кемесіз?…

Сабаға түсіп жүріп ед өзен кездесті…

Қайықшы Уршан алдынан шығып жүздесті…

Күл Көмеш сонда Уршанға қарап сөйлейді…

Отына Пісті көрсетші жолын Тәңірдің!

Жазылған маған бәріне тағдыр әзірмін!

Айтып бер маған осы жол бағыт, белгісін:

Мүмкіндік болса – теңізбен жүзіп жетермін,

Болмаса тіпті – даламмен жүріп кетермін!

Кемеші Уршан сөйлейді Көмеш батырға…

Сапарда бұндай тиетін балбал көмегі,

Өткенде өлім көлінен қанша демеді.

Талқандап бәрін балбалды шауып тастадың…

Жазығы бар ма, әулие тастың, қасқаның!

Жататын жебеп,  өткенде өлім теңізден,

Сен бірақ сабыр, ақылға аяқ баспадың.

Екенсің батыр, балтаңды қайта қолыңа  ал,

Орманға жет те жүз жиырма сырық жонып ал.

Шағылып қалған балбал тас  толтыр есесін,

Шырышпен майла, қайықпен солай жетесің.

 

Күл Көмеш естіп қажетті барлық деректі,

Орманға кірді сырық қып кесті теректі.

Жүз жиырма сырық (он бестей қарыс) әзірлеп,

Шырышты жағып, дайындап қалақ, керекті.

 

Күл Көмеш пен Уршан Аби қайыққа отырады…

Итеріп суға түсірді, жүзіп кетеді.

Оңына соқты, толқындар көмек етеді.

Үш айлық жолды үш күнде  жүзіп өтеді,

Солайша олар көлге де өлім жетеді.

Уршан Аби Күл Көмешті сақтандырады:

 

Күл Көмеш қолды тигізбе өлім суына!..

 

…Сақ болғын енді, қолыңа енді сырық ал!

 

Екі мен үшеу,  төртіншіні ал, Күл Көмеш!..

Бес пенен, алты, жетіншіні ал,  Күл Көмеш!..

Сегіз бен тоғыз, оныншыны ал,  Күл Көмеш!..

Он біріншіні, он екіншіні ал,  Күл Көмеш!…

 

…Жүл жиырмасыншы сырықты ал, Күл Көмеш!

Соңғысын алды, сырық та ақыр таусылды…

 

Жиһангер батыр қауіпке кеткен еті өліп…

Күл Көмеш айтты мақсатқа тездеп жетелік!

Шешеді белбеу, шешеді киім, жалаңаш,

Желкен ғып жайды барлығын жалғап, көтеріп.

 

Желкенді сонда Отына Пісті көреді,

Өзіне өзі ойлана сұрақ береді:

 

Бұл қалай, неге, қайықтың сынған балбалы?

Ойлап тұр қарап, тағы  да ойын жалғады…

Егесі қайда, қайықта тұрған басқа жан?..

Бөтенді танып, қырағы көздің шалғаны…

 

Қараймын оңға, қараймын солға, қараймын,

Түсінбей тұрмын мынаны неге балаймын.

Қараймын оған, танымай оны тұрмын мен,

Адамы емес Тәңірлік біздің сарайдың?

 

Күл Көмеш жетті, Отына Пісті Тәңірге…

 

Жетем деп алыс, Отына Пісті Тәңірге,

Жетем деп саған айналған аңыз әмірге;

 

Қаңғырдым ұзақ, әлемді түгел  шарладым,

Басына шықтым басынан таудың барладым;

 

Теңізге өлім салдым да тіпті өзімді,

Ұйқымен тәтті, қандырмай жанар, көзімді;

 

Қинадым тәнді ұйқысыз өткен түндермен,

Қинадым жанды қайғымен өткен күндермен;

 

Тоздырдым бәрін матадан тіккен киімді,

Өлтіріп аю, арыстан, барыс, бұғының

Етінен ас қып жамылып тері, киіндім.

 

Көргенде мені Сидури жапты қақпасын…

 

Қорықпай өлім суынан тіпті келдім мен

Жүз жиырма сырық келтірді шырыш жаққасын.

Өзіңе Тәңір қайқпен жүзіп жеттім мен…

Өмірді іздеп еш жерден басқа таппаспын!

 

Отына Пісті Сөйлейді қарап батырға…

 

Кұл Көмеш сенің жүзіңде неге қайғы бар?

Ұрпағы Тәңір, не себеп болды қайғырар?

 

Әлде сен өкпе артасың мүмкін тағдырға,

Әкең мен шешең өлетін етіп жаратып?

 

Күл Көмеш сенің білгенің дұрыс, бір кезде,

Тағдырың  сенің өзекті жан деп  шешілді.

 

Шектелді оның ғұмыры, өлім кесілді.

Адамдар – айран, Тәңірлер майы  секілді.

Ұқсастар олар, тағдыры бірақ әр түрлі,

Адам мен Тәңір – масақ пен бидай секілді.

 

Жамылып тері Күл Көмеш өзің асықтың.

Ұрпағы Тәңір, өмірге өте ғашықсың!

Беретін саған ештеңем жоқ қой, ештеңе!

Қайғыға батып, өзіңді өзің жасыттың.

 

Қайғыға батсаң сорлайды жүрек, тулайды…

Қатігез өлім, ешкімді аяп тұрмайды…

 

Үй салған бар ма, ойланып көрші, мәңгілік?

Бір туған бауыр, ойланып қара, мәңгі ме?

 

Мөр бар ма басқан, билеген бар ма, мәңгілік?

Қастандық бар ма, қайтпайтын кегі мәңгіге?

 

Арнасы өзен, қарттардан сұра, мәңгі ме?

Жұмыртқа барлық балапан болып шыға ма?

 

Жанар бар кімде, көз алмай Күнге қарайтын?

Жан бар ма, сірә, достыққа мәңгі жарайтын?

 

Өмірде бірақ пенделер сонша  баршылық,

Тұтқын мен өлік ұқсас деп, әсте, санайтын!

 

Қожа ма адам? Батасын Эллиль бергенмен,

Өмірге келіп, сәулесін жарық көргенмен.

 

Ануннаки мен Тәңірлер ұлы жиналып,

Талайдың тағы, талайдың бағы тергелген.

 

Ал Мамет тағдыр анықтар,  және солармен

Үмітті етер, дәмелі қылар, сергелдең!

 

Белгілеп олар: өмірді, өлім  қойғанды!

Тәңірдің бәрі жиылып бұны ойланды.

Айтпайды бірақ өмірден өтер сағатын.

«Тіріге – тірлік!» Өмірге өзің қожасың!

Он бірінші бет

 

Күл Көмеш сонда сөйлейді сөйлегенде бүй дейді:

 

«Қарасам саған Отына Пісті шеттегі,

Бойың да мендей, ерекше еңсе жоқ, тегі…

Аңызға қалай айналды сенің ерлігің?

Таппадым сенен, бір артық жерің жоқ па еді?

 

Айқасу маған қорқыныш емес сенімен,

Ұйқтасаң сен де шалқаңнан жаттың, жөнімен.

Айтшы сен қалай, Тәңірлер кеңес құрғанда,

Адам ең, кенет, айналдың Тәңір теңіне?»

 

Отына Пісті сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді:

 

Күл Көмеш сағанТәңірлер жанын ашайын,

Сырын да айтып, жаңалық саған жасайын.

«Жүріп Бақ» қала,  жағасы өзен Евфрат,

Ежелгі қала, Тәңірлер келер күн сайын.

 

Тәңірі Эллиль топан су болды тасытпақ…

Мұқатпақ қырып, адамды солай жасытпақ…

 

Бабасы Тәңір Ану бар, барлық Тәңір бар,

Шабарман Нинурта, сушы Эннуги бәрі бар.

Кеңесті бәрі басқасын тіпті санама…

Жіберсе топан құмары Эллиль  қана ма?

 

Тәңірлер өкпе айтады екен адамға,

Қатысты оған жарқын жүз, Ел Ана да.

 

Тәңірлер сөзін естіп ап, Ел Ана жерге хабарлайды:

 

«Адамдар, адам!Адамдар, адам! – деді ол,

Жеткізіп хабар, адамның қамын жеді ол!

Шуруппакиец, Убар-Туту ұлы –  құлат үйіңді,

Үйіңді құлат, зор кеме тұрғыз деді ол.

 

Бәрін де таста,  бұл хабар өте нанымды!

Байлықтан жеркен, өзіңнің құтқар жаныңды!

 

Тұрғызар кемең – төрт бұрыш кеме болады,

Кемеңе тие, тіріні барлық, толады,

Биіктік, ені, көлденең бәрі тең болсын,

Мұхит – ол тентек, жақсылап жаса жобаны».

 

Отына пісті жауап қатады…

 

Түсіндім бәрін Ел Ана тақсыр, ақыл деп,

Түсіндім тақсыр, әр сөзің маған ақыл тек.

Құрмет тұтам, дәл солай бәрін істеймін,

Не айсам қостар, өз халқым мені, мақұл деп?

 

Отына пісті  айтып жатыр…

 

Сенімді құлым деді ол маған, сеніммен…

Еліңе сен айт, шындығын айтқын жөнімен…

 

Эллиль мені жек көрді  деші әуелден,

Сезімге өзім берілгіш едім, тәуелді ем…

 

Қалада бірге онымен тұра алмаймын,

Ізінен Эллиль жиркенер менің табаным…

 

Мұхитқа кетем, Ел Ана тақсыр жанына…

Сүрмеймін өмір Тәңірге Эллиль табына…

 

«Эллиль сұм сізге жіберер нөсер жаңбырын,

Құпиясын құстың, біліңдер балық тағдырын.

 

Шығады жерге бай  егін адам айтқысыз,

Эллиль сұм сізге жіберер сұмдық жаңбырын.

 

Күн бойы – нөсер, үйіңнен өзің қашарсың,

Аспаннан астық жауғанын көріп сасарсың».

 

Саралатаңда  шақырдым, жұртым, ағылсын,

Ерлердің бәрі тіл қатпай маған бағынсын…

 

Бұзамыз үйді, сөгеміз шарбақ, аямай,

Кемеге қажет нәрсенің бәрі табылсын.

 

Бала да көмек етеді тасып, қарамай…

Дүния, мүлік тасиды бәрін, санамай…

 

Тынбастан бес күн қорапқа солай тасыдық:

 

Жүз жиырма қардай биігі болды деседі,

Жүз жиырма қардай ені де солай деседі,

Үштен бір шаршы тұрғыздық кеме ауданы,

Көлденеңі де жүз жиырма қардай есебі.

 

Кемеге алты орын-жай салдым кең етіп,

Жетіге бөлдім, әр бірін бірдей, тең етіп.

 

Төменін кеме тоғызға бөлдім, үш қатар,

Қазықтар қақтым, шайқалтпай кеме ұстатар.

 

Бағытшы жасап, орнықты еттім, кемені,

Толқынға мықты, бекіттім жүкті, үш қатар.

 

Еріттім майлы топырақ санап, үш өлшем…

Қарамай құйдым ерітіп санап үш өлшем…

 

Үш өлшем тағы майын да күнжі тиедім,

Күнжінің майын кемеге жақтым үш өлшем…

 

Кемеші тығып тастады майды үш өлшем…

 

Азыққа қажет, өгіздер кілең сойғыздым,

Қой етін қақтап, сүрледім, сақтап қойғыздым…

 

Шырыны жеміс, май, секер және тәттілер,

Суардым елді, бұлақ боп ақты шараптар…

 

 

Қош иіс майлар аштырдым бәрін аямай…

 

Тапқанның бәрін, кемеге түгел тиедім.

Қажеті болар дедім де күміс тиедім.

Қажеті болар дедім де алтын тиедім.

Қажеттің бәрін, жәндікті тірі тиедім.

Кемеге түгел, отбасын, туыс тиедім.

Малын да дала, аңдарды ұстап тиедім.

Шебердің бәрін алдырдым зорлап, тиедім…

 

Күн батар шақта кеме де дайын болғанды…

 

Қозғалта алмай орнынан кеме  жүр едік.

Ауыр боп кеме, жағадан тіреу тіредік.

Қазықтар қақтық, астынан сына, үстінен,

Екісі үштен  батты да суға, түледік.

 

Мезгілді маған белгілеп Шамаш бергенді:

 

«Таң ата нөсер төгеді көктен ағылып,

Қараңғы басар, жарықтың көзі жабылып.

Ал сосын түнде жауады жаңбыр астық боп,

Кіріксін есік майменен қара жағылып».

 

Мезгіл де жетті, уақыт жетті белгілі…

 

Таң ата нөсер құйды ғой көктен ағылып,

Қараңғы түсті, жарықтың көзі жабылып.

Ал сосын  көрдік аспаннан жауған астықты,

Тәңірге сендік, тағдырға көндік бағынып.

 

Қорқыныш кірді түріне қарап аспанға,

Еместі мүмкін қарауға оған жасқанбай.

Кемеге міндім, тездетіп жаптым есікті –

Есікке жақтым қарамай қалың, бас қамдай…

 

Таң атқан шақта, сібірлеп сәуле таралып,

Аспанды түгел орады сұсты қара бұлт.

Адду жүр сонда, ортасы бұлттың күркілдеп,

Қорқыныш шаша, күшімен Тәңір жаралып.

 

Шуллат пен Ханиш келеді дауыл алдында,

Хабаршы –  жаушы  даламен, биік таумен де.

 

Эрагаль шықты суырып бөгет қазығын.

Нинурта болса талқандап бөгет, нағызын.

 

Тек Ануннаки, апаттан аман қалсын деп,

Жағып жүр шырақ, сәулесін жерге түсіріп…

 

Қырсығы Адда, қалғандай қатып қара аспан…

Қарап боп жатыр, өздері Тәңір жаратқан…

 

Ақ пенен қызыл – қараға бәрі айналды…

Жер беті шыны табақтай сынды, шағылды…

 

Оңтүстік желі күн бойы, бір күн, құтырды…

Ерітті тауды, қыратты, төбе жұтылды…

 

Далаға жетті, қалаға жетті, жалмады…

Ешкімді ешкім көре де тіпті алмады…

 

Аспаннан адам қалыпты жоқтай, көрінбей…

Аспаннан жер де қалыпты жоқтай, көрінбей…

 

Тәңірлердің де топаннан кетті зәресі,

Ану да көкке көтеріліп кетті, жер есі…

 

Қорқыныш екті, әлемді жайпап, тындырды…

Иштар да тіпті, қысқандай толғақ,  шыңғырады…

 

Дауысы жұмсақ  ханымы Тәңір өкініп:

 

«Сол күні түгел топыраққа бәрі айналсын…

Адамның бәрі өзімнің халқым емес пе?

 

Кеңесі Тәңір –  шешімді зұлым қостапты…

Қалайша өзім –  шешімді зұлым қостаппын?

 

Туам ба сонда адамды өзім жойсын деп?

Ұқсатып қойға кез-келген ұстап сойсын деп!»

 

Ануннаки құдайлары қосылып оған жылауда…

Айласын тап деп, барлығы одан сұрауда…

 

Жуасып қалды, отырды бәрі жыласып…

Қайғырып отыр, көгерді ерні тобарсып…

 

Сұрапыл дауыл алты күн, жеті түн соқты

Топан су жерді  тастады жауып, тұншықты.

 

Топан мен дауыл аянбай солай шайқасты…

Жетінші күн таңда тоқтатты топан айқасты…

 

Тыншыды теңіз, топан су ақыр тоқтады…

 

Айырма қанша – Тәңір мен адам арада…

Жел-тесік ашып қарадым түнек далаға…

Бұрқанған теңіз тыныштық тапқан, Күн нұры

Кемеге өтті, тіршілік болып тарала…

 

Тет-тегіс болған, тақтайға дала айналып…

Топырақ саз боп кетіпті барлық жай халық…

Тізерлеп жылап отырмын ойлап, өкініп,

Көзімнен жас боп төгіліп жатты қайғы ағып…

 

Шексіздік-мұхит! Сағындым сені қара жер!..

Он екі өлшем – шалынды көзге бір арал…

 

Қазығұрт тауға тоқтады жетіп кемем де…

Оймақтай жері ойнатпай тұрды кемемді…

 

Қазығұрт – бір күн, екі күн тұрды шайқалтпай…

Қазығұрт – үш күн, төрт күн де тұрды шайқалтпай…

 

Қазығұрт – бес күн, алты күн тұрды шайқалтпай…

Қазығұрт тауы жеті күн тұрды шайқалтпай…

 

Жетінші күні бекіндім, ойды пісірдім,

Кемеден көкке көгершін құсты ұшырдым.

 

Көгершін қайтып оралды қайтып кемеге,

Жер таппай келген қондырдым қайта құсымды…

 

Жөндемек болып бастаған осы ісімді,

Кемеден көкке қарлығаш құсты ұшырдым.

 

Қарлығаш, ол да, оралды қайтып кемеге,

Жер таппай келген қондырдым қайта құсымды…

 

Кемеден көкке қарғаны енді ұшырдым…

Жер тауып қарға оралмай қойды, түсіндім…

 

Су қайтты, көзге сағыныш жер де көрінді…

Қарқылдап қарға, жер шоқып отыр, өлексе…

 

Кемеден шығып қарадым түгел төрт жаққа…

 

Төрт бағыт – түгел, бәріне бердім садақа…

Пісірттім шелпек жеті рет, жеті, санаса…

 

Мадақтап Тәңір, тағдырға көндік, шүкір деп,

Қанағат еттік, тағдырға көніп, бүкіл көп.

 

Тәңірлер құмар садақа шелпек исіне,

Жинала қалды, істейтін ісі сүйсіне.

 

Ең соңғы болып иіске келді Ел Ана…

 

Келді де көркем алқаны биік көтерді.

Бұ күнге бола дайындап еді оны Ану.

 

«Тәңірлер қара! Мойнымда менің тас – алқа!

Бұл сыйлық қымбат, қолымен Ану жасалса!

Күндерді осы ұмыта өзім алмаспын,

Уақыт тіпті бүгінгі зарды баса алса…

 

Тәңірдің бәрі жиналып бұнда кел десін…

Жалғыз-ақ бірі, қатігез Эллиль, келмесін.

Ойланбай топан жіберіп, қырып адамды,

Тып-тыйпыл қылды, жайнаған жасыл жер бетін.

 

Эллиль жерге түсіп тірі адамдарды көреді…

 

Эллиль де келіп адамды тірі көрді де,

Санаған еді тіршілік біткен өлдіге,

Кемені көріп Тәңірі Эллиль долданды,

Шырағы адам санаған еді сөндіге.

 

Ызаға батты Тәңірге Игит арналған,

Қатігез Тәңір, орнына келмей қалды арман:

«Құтылған қалай топаннан аман құтылған,

Кетуі керек еді ғой өмір-жалғаннан».

 

НинуртаныңТәңірге Эллиль айтқаны:

 

«Ел Ана ғана адамның бәрін қолдайды!..

Ел Ана ғана үйреткен болар бұл ойды!

 

Ел Ана зарлы, Эллилден сұрақ сұрайды:

 

«Сен – батыр, ішінде Тәңір данасың!

Ойланбай қалай қорладың адам баласын?

 

Топан су қалай жібердің жерге, гүл-баққа?

Топырақ еттің жандысын, жансыз, қаласын…

 

Күнаһар болса жазасын тартқыз, терге де…

Өшіктің қалай жандыға, жансыз жерге, не?

 

Ұстамды болсаң –  қырылып қалмас еді ғой!

Шыдамды болсаң – құртылып кетпес еді ғой!

 

Тоғытып топан суына қарап қылғанша,

Арыстан тажал, айқасып жүріп өлмес пе?

 

Тоғытып топан суына қарап қылғанша,

Аштыққа шыдап, айласын тауып көрмес пе?

 

Тоғытып топан суына қарап қылғанша,

Жіберіп оба, адамды солай жеңбес пе?

 

Мен – Ел Ана Тәңірмін!

 

Данаға озық, шешсін деп өзі түс бердім!

Біріне ерен топанға қарсы күш бердім!

Оларды аяп, адамға содан сыр аштым!

Райдан қайтып оларға сен де ақыл бер!»

 

Отына Пістінің өзін Эллильдің қалай

Тәңірге айналдырғаны туралы айтып жатқаны…

 

Бағынды Эллиль кемеге шықты, басыла…

Өрлігін, өкпе секілді алған жасыра…

Алдырды әйелімді де кеме үстіне,

Тізерлеп отыр деді де, менің қасыма…

 

Араға тұрды, тигізіп қолын маңдайға,

Батасын берді. Өткіздік бастан сондайды…

«Алдыма міне, Отына Пісті сен келдің!

Ерлікпен талай адамдық іспен сенделдің!

Бүгіннен бастап Тәңірсің, шексіз билікті,

Қазірден бастап Тәңірдің бірі  сен, болдың!

 

Отына Пісті тұрағың өзен сағасы!»…

 

Күл Көмеш менің хабарым осы, осындай!

 

Кім саған жинап бере алар түгелТәңірді?

Кім саған табар іздеген өзің өмірді?

Бір амал іздеп көрейін, қандыр ұйқыңды.

Алты күн және жеті түн бөлмей ұйқыңды!»

 

Аяғын созып отыра берген кезінде,

Ұйқының демін үрледі оған, сезімге.

 

Ұйқының демін, сағымы дала секілді

Күл Көмеш кетті ұйқыға түкті сезінбей..

 

Отына Пісті әйеліне қарап сөйлеп тұр:

 

«Батырға қара, іздеген өмір бағынбай!

Үрледім оған ұйқының демін сағымдай!.

 

Отына Пістіге әйелі кеңес береді:

 

«Қолыңды тигіз, оянсын адам, шаршаған,

Ізімен келген жүрсін де қайтсын еліне,

Өз жерін дұрыс еткені қоныс барша адам».

 

Отына Пісті әйеліне жауап қатады:

 

«Адамдар кілең, өтірік құмар шетінен!

Кетеді кейде шындықтан аулақ бетімен!

 

Күніне бір нан пісір де, сақта басына,

Тұрғанша жарға салып тұр белгі, қасына»

 

Пісіріп нанын, күн сайын қойды басына,

Әр таңда жарға белгі де салды қасына.

 

Бірінші нан шашылды.

Екіншісі жарылды, үшіншісі көгерді.

Төртінші нанның – қабығы кетті ағарып.

Бесінші қатып қалады, алтыншы әлі жұмсақтау.

Жетінші таңда – маңдайға саусақ тигізді.

 

Күл Көмеш сонда оянды, оянды да сөйлейді:

 

«Ілініп көзім ұйқыға бара жатқанда,

Саусағың тиіп, оянып кеттім, әттең-ай!.

 

Отына Пісті сөйлейді сонда былай деп:

 

«Күл Көмеш оян, қойылған нанды санап көр,

Қанша күн мен түн ұйқыда болдың, санап көр.

 

Бірінші наның  шашылды.

Екіншісі жарылды, үшіншісі көгерді.

Төртінші нанның – қабығы кетті ағарып.

Бесінші қатып қалды да, алтыншы әлі жұмсақтау.

Жетінші таңда – оянып кеттің ақыры.

 

Күл Көмеш сонда сөйлейді:

 

«Отына Пісті! Не істеймін, қайда  барамын?

Уайым-қайғы жаныма, қанға тарады.

Еркімді алды, жанымды билеп Жаналғыш,

Тірі адам емес, өліктей маңға қарадым.

 

Отына Пісті кемешіге сонда тапсырды:

 

Батырың сенің өн бойы толған жаралар,

Аң тері киген, жабайы жанға пара-пар.

 

Уршан Аби оны жуындыр өзін тазартып,

Жуынсын, сосын көйлегін жусын ағартып.

Сәніне келіп, кісілік көркін асырсын.

Киіндір сосын, әбүйірін жапсын, жасырсын.

 

Қаласы алыс, жол шегіп оған жеткенше,

Сапары ұзақ, өз жолын жүріп өткенше,

Басына дұрыс, орамал байла жаңалап,

Киім бер тозбас, еліне жетер жаңа боп…

 

Уршан Аби  жуады оны тазартып,

Көйлектің кірін кетірді әбден ағартып…

 

Теңізге бәрін тастады, теңіз әкетті…

Киінді сосын, денесін түгел жасырды…

 

Басына дұрыс, байлады мата жаңадан…

Сәніне келіп, кісілік көркін асырды…

 

 

Қаласы алыс, жол шегіп оған жеткенше,

Сапары ұзақ, өз жолын жүріп өткенше –

Тозбайды киім, жетеді үсті жаңа боп…

 

Көмеш пен Уршан қайыққа қарай беттеді.

Қайықты суға түсірді, жүзіп кеткелі…

 

Отына Пістіге әйелі сонда айтады…

 

«Күл Көмеш өмір іздеді, кезді, шаршады –

Берсеші сыйлық, еліне қайтса, дер шағы!

 

Күл Көмеш естіп, қайықты кері бұрады,

Көтеріп сырық, жасаған өзі құралы.

 

Отына Пісті айтады сонда Көмешке:

 

«Күл Көмеш өмір іздедің, кездің, шаршадың –

Еліңе қайтсаң, берсем мен сыйлық дер шағым!

 

Не берсем екен, еліңе алып кетерлік?

 

Айтайын саған құпясын мұхит, Күл Көмеш!

Ол бірақ жай сөз, үлде де емес, бүлде емес…

 

Бір гүл бар терең түбінде мұхит, бір асыл!

Ұстаған табар табиғат пенен жарасым!

Сол гүлді батыр түсірсең егер қолыңа,

Қарттық жоқ саған, жас болып мәңгі қаласың!»

 

Күл Көмеш естіп бұл сырды қабақ ашылды…

Қақпағы құдық мұхитқа жетер ашылды…

Ауыр тас байлап, құдыққа түсті, жан кешті,

Мұхитқа терең тастары оны батырды…

 

Қолына тікен кіргізе жұлып алады…

Қуаныш кернеп кеудеге сыймай барады…

Аяғын тастан босатып алды Күл Көмеш…

Жеткізді жерге, толқындар оның пырағы…

 

Күл Көмеш кемеші Уршан Абиге айтып жатыр:

 

«Уршан Аби! Арманға жеттім, жарадым!

Бұл – өмір гүл, қарашы бұған қарағым!

Адамға өмір сыйлайды бұл гүл, жасартар,

Қорғанды Өрік қалама алып барамын.

 

Орындап шықтым еліме берген антымды…

Жасартам тұтас, бабамды, түгел халқымды…

Өзім де қалам жас болып енді мәңгіге,

Тойынсын халқым, өзгертем өмір, салтымды.

 

Жиырма өлшем жол шегіп бір жапырағын гүлдің жоқтады…

Отыз өлшем жол шегіп, алам деп демді тоқтады…

 

Көлшікті көрді, мұп-мұздай сулы, Күл Көмеш…

Салқындап алмақ, рахат таппақ, Күл Көмеш…

 

Жер асты жылан гүл исін сезді, алады…

Ғажайып гүлмен ініне кіріп барады…

Жастықтың гүлі – етеді әсер жыланға,

Жасарған жылан терісі түсіп қалады…

 

Бұлақ боп ақты, Күл Көмеш батыр көз жасы…

Өкініш өртеп, шегеді азап әз басы…

 

Күл Көмеш Уршан Абиге тіл қатты:

 

«Кім үшін еңбек еткенмін сонда, сонша жыл?

Не деген жаза, не үшін маған, сонша бұл?

 

Кім үшін жүрек қанша жыл жүрді қан жылап?

Кім үшін менің шеккенім азап, жан жылып?

 

Ерлік пен еңбек өзіме тимей пайдасы,

Жыланның улы пайдаға асты айласы…

 

Жиырма өлшем  астында жердің жылан бар…

Өмірдің гүлін тербейді енді жыландар…

 

Жоғалттым қару, құдықтың ашып қақпағын…

Алдырдым гүлді… Арманды іздеп таппадым…

 

Тапқаным барлық – берілген маған белгі ме?..

Алам ба енді, тағдырға осы көндіге?..

 

Қайығым сені, қалдырдым сені, жағада!..

 

Шегіндім енді, көнемін осы жазаға…

 

Күл Көмеш еді – әлемді шексіз сезе алған,

Жиһангез еді – теңізді, тауды кезе алған,

Ойлады қамын, елі мен жердің қамқоры,

Кемеңгер еді, сезетін бәрін, өзі, алдан.

 

Көрместі көрді,  сырларды сезді жасырын,

Әйгілі етті, топан су, зұлмат ғасырын.

Бәрін де жазды, саз илеп таңба басты да,

Әлемді кезді, шаршады, көнді ақыры…

 

Ақыры жетті қорғанды Ұрық қалаға…

 

Күл Көмеш сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді:

 

«Уршан Аби!

Көтеріл, қара! Қорғанға, Ұрық басына,

Мақтаныш қала, Ұрықтың қарі, жасына!

 

Іргетас қандай! Күйдірген кірпіш емес пе?

Тұрғызған бұны – «даналар ойы» демес пе!?

 

…Салынған қала «дананың жеті» ойымен…

Аудармашыдан:

 

…Күл Көмеш сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді…

 

…Тазартам жерді – ендігі осы әңгіме,

Ендігі ерлік, жырланар осы ән міне!

Пиғылын кісі, жүрегін адам ағартам!

Атымды солай қалдырмақ болдым мәңгіге!..

 

…Арманы еді ағартпақ адам жүрегін,

Ұзартпақ болды пенденің жерде ғұмырын!..

…Жете алмай кетсе, Күл Көмеш ары таза еді,

Билейді екен жаратқан жалғыз Тәңірің…

 

…Арманды адам алдында кімнің жасқанбақ,

Күл Көмеш содан кеткен де болар аспандап…

…Қолынан оның келмесе өмір мәңгілік

Қолынан келді бір ақын оны дастандап…

 

Сайын Назарбекұлы

Ақтау.  Наурыз – сәуір,  2010 жыл

 

Кейбір дастан кейіпкерлерлері мен жер аттарының қазақ тіліне аударылған нұсқасы және түсінігі

 

  1. Урук – Ұрық
  2. Эана – Ел Ана
  3. Иштар – махаббат Тәңірі
  4. Нинурта – соғыс Тәңірі
  5. Самукан – жануарлар Тәңірі
  6. Аруру – Аруақ
  7. Энкида – Елкелді
  8. Бөлтебер (қазақ сөзі) – жабайы адам
  9. Ницир тауы – Қазығұрт тауы

 

 

 

Асан Бахти

«Шумерлер. Скифтер. Қазақтар» кітабынан

Түріктер туралы ежелгі тарих

ИД «Кочевники» Алматы, 2002

 

 

Ада –  әке. (Маңғыстау өңірінде ада, адай сөздері сақталған С.Н.)

Ама – шеше, Ұмай ана. (Маңғыстау өңірінде «Ұмай» сөзіне «аналық без» түсінігі беріледі С.Н.)

Ту – ту

Ерен – жауынгер (ерен ерлік)

Таг – тақ

Зак – жақ (нәрсенің жағы)

Ет – кет

Ме – мен

Гаш – құс

Еден – дала

Уш – үш

Кен – кең

Уд – от

Наме? – ол не?

Денгир – Тәңір

Сак-гиг – шумер  (сак – сақ, гиг – массагет)

Қас-сақ – қазақ

Мушкен – мүскін (пақыр. С.Н.)

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button