Жарамазан айта келдім есігіңе, Қошқардай қос ұл берсін бесігіңе!
ҚАЗАҚ БОЛАЙЫҚ-31
«Баяғы өткен заманда, дін, мұсылман аманда» жарамазан айтушы едік. Жарамазанды тіпті КСРО кезінде де айттық. Айтқанда, негізінен балалар айтатын. Алайда қай үй де жарамазан айтушыларды жылы қабылдайтын. Рас, кей аймақта рамазан айтушыларға мектеп мұғалімдерінің тыйым салған кезі болды. Әйтсе де ауылда туып-өскен қай баланың да жарамазан айтқан кезі жадында ұмытылмастай болып жатталып қалған. Олар жарамазанның діни жоралғы екенін білген де емес.
Иә, жарамазан айту – біздің ұлттық дәстүріміздің құрамдас бір бөлшегі. Сонымен қатар ол – біздің діни ұстанымымыздың кепілі, яғни дәстүрлі дінімізге тән бір бұтақ. Соған орай біз дәстүрлі дінді тәркі ете бастаған соң да жарамазаннан көз жаза бастадық. Болмаса жарамазанның әу бастағы басты қызметі – рамазан айының туғандығын жар салып хабарлау болатын. Кезінде жарамазаншылар – рамазан айының туғандығын бақылайтын қарауылшылар болатын. Солар жаңа айдың туғанын көрген сәтте «Жә рамазан» деп жар салатын. Негізінде жарамазанның бастапқы түбір атауы – жә-ә рамазан. «Жә-ә» сөзін арабшадан аударсақ, қазақша «келді» деген сөз шығады. Сонда «жә-ә рамазан», яғни біздің тілдік үйлесімдікке қарай қалыптасқан «жарамазан» – «рамазан келді», «рамазан айы басталды» деген ұғымды білдіреді. Соған орай бекітілген жарамазан айту нұсқасында:
«Ораза айы келді, ей, жарандар,
Бұл айдың фазілеті Кәламда бар.
Өлеңі жарапазан айып емес,
Мүминге осылайша болған хабар», – делінеді.
Өкінішке қарай қазір біз сол тіл үндестігін бұзып, жарамазанды жарапазан деп атап жүрміз. Бұлай деу – мүлде қате. Тіпті ол – қасиетті рамазан айын күстәналау. Болмаса жарамазан айтушылар рамазан айының діни мәнін де тілге тиек етіп отырған. Мәселен бір нұсқада былай делінеді:
«Мінгені Пайғамбардың кер деймісің,
Аққаны кекілінен тер деймісің.
Оразаң былтыр кеткен биыл келді,
Бітірін жылдамырақ бермеймісің».
Жалпы қай аймақта да жарамазан негізінен былай басталады:
«Бай үйіне берекет,
Қаша берсін бәлекет,
Кірсін дәулет есіктен,
Шықсын бейнет тесіктен!
Жарамазан жарықтық,
Жақсы дейді есіткен.
Үйің-үйің үй екен,
Үйдің іші ши екен.
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен.
Қарағай найза қаптаған,
Басына темір саптаған,
Сабы сырмен сырлатқан,
Ұшы болат қырлатқан,
Жауға білек сайлатқан,
Белдеуге бедеу байлатқан,
Қайсы бір байдың үйі екен?!
Адыр-адыр таулардан
Айғыр мініп мен келдім.
Ауыздығы бой бермей,
Сіздің үйге кез келдім.
Бұжыр-бұжыр таулардан
Бұқа мініп мен келдім,
Мұрындығы бой бермей,
Сіздің үйге кез келдім».
Рас, жарамазан айтушылардың ақындығына, шеберлігіне орай өздері жарамазан айтып барған үй иелерін мақтап, олардың сақылығын, мырзалығын тілге тиек ету де жарамазан нұсқасында кездеседі. Тілі тақылдаған жарамазан айтушылар:
«Шаңырағы осы үйдің шап-шақ қана,
Осы үйдегі жеңешем аппақ қана.
Сақылығын көрген соң ырза болып,
Жеңешемді жүремін мақтап қана!
Жарамазан айта келдім есігіңе,
Қошқардай қос ұл берсін бесігіңе!
Қошқардай қос ұл берсе бесігіңе,
Жауға шауып, батыр болсын несібеңе», – дей келе, одан әрі:
«Аяқ-табақ сылдырап,
Құрт бергелі жатыр ма?
Аузы-басы жылтырап,
Май бергелі жатыр ма?
Сары аяққа салып бер,
Сары майға малып бер,
Қыздар берме, өзің бер,
Қыздың қолы сұғанақ,
Жеп қойды ғой бағана-ақ…» – деп тұздықтай түседі.
Жарамазанның соңы батаға ұласады. Барлық жарамазан айтушылар:
«Айтайын жарамазан есігіңе,
Ұл берсін қошқардай ғып бесігіңе.
Ұл берсе қошақардай ғып бесігіңе,
Береді Алла бірге нәсібін де.
Айтайын жарамазан есігіңе,
Қыз берсін құндыздай ғып бесігіңе.
Қыз берсе құндыздай ғып бесігіңе,
Береді Алла бірге нәсібін де.
Аллаху әкбар», – деп бет сипайды. Батаның тағы бір нұсқасы былай болып келеді:
«Балалардың мінгені,
Жорға-жорға тай болсын.
Жорғалатып келгенде,
Байдың көңілі жай болсын.
Ай жағыңа қарасаң,
Алтыннан терек орнасын.
Күн жағыңа қарасаң,
Күмістен терек орнасын…
Бөлшіл-бөлшіл, бөлшіл бол,
Бозторғайдай төлшіл бол.
Бәйтеректей бүрлі бол,
Пайғамбардай нұрлы бол.
Бисмилла, аллаһу акбар!
Бұрама темір, сым темір,
Отқа салса жанбасын,
Суға салса батпасын.
Тәңір берген нәсібе
Тепкілесе кетпесін!
Әумин!»
Жалпы жарамазан он бір буынды қара өлең ырғағымен келеді. Тек әр шумақ айтылып болған соң арасында: «Мұхаммед үмбеті айтқан жарамазан, Оразаң қабыл болсын ұстаған жан» деген тілек қайталанып айтылып отырады.
Бұл тұрғыда Ахмет Байтұрсынұлы былай деген: «Жарамазан – Рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарамазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар, сауап болады деп, жарамазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарамазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарамазанды екі адам болып жүріп айтады. Бірі жарамазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады».
Бір сөзбен айтқанда, бізге жарамазан айтуды қайта жаңғырту қажет. Себебі ол да біздің қазақтығымыздың бір белгісі. Ендеше жарамазан айтатын қазақ болайық!
Құдияр Біләл