Білген Шайыр айтады

«Пайғамбарлар орнына, Ғұламалар тұрған дер»

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

Пайғамбарлар орнына,

Ғұламалар тұрған дер.

Ғұламалардың рухы,

Шомылып шыққан нұрға дер.

Арабы аят нұрға орнап,

Әзіздігі мұннан дер.

Арабы дұға Аллаға,

Қабыл болар жылдам дер.

Дүйсенбінің түнінде,

Дүниеге келер күнінде,

Алланың досты ан-Хазрет,

Жаһаннан озып тұған дер.

Хайуан, таулар жапырылып,

Дариялар тасып арқырап,

Барлығы тағзым қылған дер.

Жеті дозақ жабылып,

Сегіз пейіш ашылып,

Хор қыздары жыйылып,

Рахмет жауып тұрған дер.

Өңкей темір қанаттар,

Қағба толып құйылып,

Қалғаны болар мұннан дер.

Ащы сулар тұщы боп,

Бейсағат күндер сағат боп,

Жаһанның жүзін жуған дер.

Қыямет күнде рахатта,

Үмматтармен болған ел.

Рысқы, мейман білуші,

Далада малды жиған дер.

Арамнан өзін тыйған дер.

Рахман егем Я-Алла,

Әр бендеге иман бер.

 

Шарапат көп жақсыда

(Майлықожаның жиені – Рахымберді, Мәдәлі қожалардан жазып алынған.)

Мүлік иесі бір Алла,

Құдретті жоқтан бар қылар.

Қайрат пенен қол беріп,

Нашарды күшті нар қылар.

Рахымы келсе толтырып,

Қаһары келсе тар қылар.

Арзанға баға таптырып,

Қымбаттылар мен пар қылар.

Көңілдің түссең күйіне,

Жаһанды кешіп шар қылар.

Басыңа қиял түсіріп,

Денеңді ауыр шар қылар.

Бекер ойда пайда жоқ,

Денеңді ауыр шар қылар.

Еңбек қылсаң емдіріп,

Құралтып Құдай мол қылар.

Бейнетіңді жандырып,

Мейріміңді қандырып,

Тәшпішпен тапқан дүниеңді,

Алла шіркін бал қылар.

Талапты болсаң ышқы бар,

Желіге бедеу байланар.

Берекесі бар елге,

Қайрылып халқы айналар.

Дастарханды жігіттің,

Қазанда асы қайналар,

Қараңғының сәулесі,

Түнде жарық айда бар.

Келмегің қызық дүниеге,

Кетерде көңілің қайғы алар.

Қадыры озар бенденің,

Ықпалын Алла таптырса.

Халықтан күтер ізет іс,

Әруақтар қалап жақтырса.

Алланың берген құрметін,

Бенде сол баға таптырса.

Намақул сөзі жөн болар,

Басында кімнің бақ тұрса.

Бақ орнаған төреші,

Әділетке көңіл сап тұрса.

Жүз үйірер неткен жан,

Жақсылығың нақ тұрса.

Бағасыз ер бұ-дағы,

Елден дұға ап тұрса.

Қыңырлық мұрас намартқа,

Басында тентек ат тұрса.

Бұзарман ісін сағынар,

Ісінен үміт қап тұрса.

Залым болып не оңар,

Маламат халықтан дат тұрса.

Қыйсықты кетер тұры деп,

Қарамас айдай ақ тұрса.

Кімдер разы бұл жаннан,

Көңлінде мұның дақ тұрса.

Шарапат көп жақсыда,

Содыр көп тентек бақсыда.

Қайтып халық оңалар,

Көң-қора жерге қақ тұрса.

Дүниесі барға бұлақтар,

Амал оңай бұзылды-ау,

Болғанмен тәуір айтпаққа,

Ушырмағы қыйындау.

Рас көңіл, туралық,

Арттырар көңіл сыйыңды-ау.

Мүләйім тіл, мәйін сөз,

Екі адамға тиімді-ау.

Ақылыңда өрлеп қалықтап,

Үлгілі қылар миыңды-ау.

Халықтан іспат алмасаң,

Қасиет қалмас үйіңде-ау.

Жақсылықпен тірлікте,

Қандырсаң артық инінді-ау.

Өтірікке тән бермесең,

Арамға көңіл бөлмесең,

Растық шешер әр уақта,

Іштегі кірлі түйінді-ау.

Тыңдасаңыз құлақ сап,

Терменің сөзі нақылды.

Тәсір қылып көңліңе,

Көрсетеді ақылды.

Насихатын, тәсірін,

Пайымдап ұқпақ мақұлды.

Сақыны мақтап өсірер,

Жамандап сараң бақылды.

Екі адамның мейірі,

Жақсылық ексең дақылды.

Айтуы жақсы алымның,

Осылай әуел, ақыры.

Табарсың сауап күтсеңіз,

Мүсәпір менен пақырды.

Намәрттен қанбас мейірің,

Отсыз қырат тақырды.

Намысшыл адал момындар,

Адалдан дүние жинайды.

Зекеті бар адал мал,

Қайырлы қылар үй жайды.

Ақыретті сыйлайды.

Зекетсіз мал арамды,

Шаян боп шағып қинайды.

Арпа еккен тұқымнан,

Ала алмас ешкім бидайды.

Бақылдықтың белгісі,

Жақсы іске тиын қимайды.

Көңілінде қайыры жоқ,

Қонақтан қағар үй-жайды.

 

Ақымаққа таяқ деген сөз

Ақымаққа таяқ деген сөз,

Ақылға нұсқа сабақта.

Мұсылман болсаң шариғат,

Ораза, иман, намазға.

Ағайын болсаң тату бол,

Әуес болма аразға.

Ғаны болсаң мақтанба,

Көзіңді сал малы азға.

Рысқы берер бір Құдай,

Жарлы болсаң және азба.

Бай болсаң болар дәулетің,

Жарамды басшы көп болсаң,

Көпке басшы сұлтаның.

Ізгілік етсең сөйлеме,

Ысырап болар қылғаның.

Жасыңда өнер білмесең,

Өскенде өнер білмейсің,

Бәйтеректей майыспай,

Қоңырайып тұрғаның.

Досыңа жаман сөйлеме,

Досыңа жаман сөйлесең,

Өзіңді өзің ұрғаның.

Шақырмаса қонақ қып,

Қыдырып жүрме есікке,

Қыдырған нәсіп болмайды,

Тәңірің берген несіпке.

Қонақ келсе сыртыңнан,

Жүгіріп шық кешікпе.

Қырықтың бірі қыдыр-ды,

Дуасы тиер несіпке.

Алладан дұрыс сұрасаң,

Арам қоспа кәсіпке.

Дұшпанды жеңсең достық қыл,

Жеңген сайын өшікпе.

Өнебойы қарыштан,

Табандама кешікпе.

Өз көзіңмен көрмесең,

Біреудің айтқан сөздерін,

Шын екен деп есітпе.

Бұл заманда бір бөлек,

Көрмегенге нанбаған.

Екі достың арасын,

Айырады оңбаған,

Аулына болмас ақсақал,

Өз тұғанын қорлаған.

Достық, қастық қолынан,

Екеуіде келмейді,

Үйретіп біреу зорлаған.

Би кеңесі келіспес,

Білім алмай ордадан.

Балаң әріп білмейді,

Сабақ алмай молдадан.

Жауға тастар жолдасын,

Өзінің басын қорғаған.

Жақсы жолдас сол болар,

Шашпай сырды жинаған.

Жаман жолдас сол болар,

Орынсыз жерде қинаған.

Көршінің қоғам болғаны,

Ауылдың малын жинаған.

Баланың асыл болғаны,

Ата-анасын сыйлаған.

Ер ынсапсыз болғаны,

Жастағы жеңіл мінезді,

Қартайғанда тыймаған.

Қайырсыз дәулет сол болар,

Ішпей жемей жинаған.

Борышты тағам ас болмас,

Болмас бала құры сан,

Болатын бала жас болмас,

Болса құлақ дұрыстан.

Құм жыйылып тас болмас,

Ұры-қары қосылып,

Ұйытқыдай ел болмас.

Қарғадай тойса жиылып,

Шыққан жері дөң болмас?

Падшаны ғайбат қылғандар,

Басына залал келтірер.

Қарияны қор тұтқан,

Жасқа залал тидірер.

Әулиені қор тұтқан,

Ақыретін күйдірер.

Үлкенге өрлік ойласаң,

Кедейдің киімін кидірер.

Атқа сеніп бос қойсаң,

Ер-тоқымыңды үйдірер.

Қатынға сеніп бос қойсаң,

Атаңа нәлет тидірер.

Жаман қатын ерінің,

Айыбын елге білдірер.

Ағайыннан қашырып,

Халқынан жырақ жүрдірер.

Бейәдеп өссе ұл-қызың,

Дәулетіңді бүлдірер.

Алтыннан әдеп ілгері,

Жақсыдан алсаң гүл білер.

Жақсыны жақсы десеңіз,

Жан иманы семірер.

Қарғыс алған жігіттің,

Жарым жасы кемілер.

Сезікті түлкі секірер,

Алыстан болжап бекінер.

Қара малда қасиет көп,

Өлгенін көрсе өкірер.

Ақымақтың күні арманда,

Әр істе қате білінер.

Азаматтың белгісі,

Алысты жақын келтірер.

Жүгірген аң ұшқан құс,

Бір тамаққа жем тілер.

Ауадан жауын көп жауса,

Айдынды көлдер көлкілдер.

Жорға дүние тоқтамас,

Жол тартқанда селкілдер.

Ер тоятын сұрасаң,

Аллаға өтініш етіңдер.

Пейіш барсаң арам жоқ,

Бармасаңда барсаңда,

Сол талапқа жетіңдер.

Өмірің бір күн өтілер,

Арманың менен кетілер,

Азамат болып көркейер,

Артыңда қалған жетімдер.

Қара жердің астына,

Қарайған бенде бекінер,

Таудан тарлан ақырар,

Тас мұрынға ұялап,

Қарға құзғын шақырар.

Қаршыға, тұйғын көрінсе,

Қарға, құзғын бақырар.

Бей дәулеттің торына,

Қарақұс түсіп жапырар.

Жаңаланар халқың бар,

Елу жылда ел жаңа,

Жүз жылда қазан деген бар.

Қыстасаң үзір құмда бар,

Көктесең ыза жымда бар.

Шаруаның белгісі,

Көшіп қонса қоңданар.

Қария кімде құт сонда,

Айтқан сөзін тыңдаңдар.

Қасиеті бар жақсының,

Қадамын үрмет сыйлаңдар.

Өтірікшіде өкініш көп,

Сөз таптым деп жылмаңдар.

Оныменен кімді алдар.

Талабына тез жетер,

Алланы тақия қылғандар,

Аллаға мақұл болады,

Дүниеде кәсіп қылғандар.

Сұраусыз кірер пейішке,

Шариғат жолын қуғандар.

Бейшариғат бендеге,

Жаһаннам деген зындан бар.

Уятты ойлап іс қылғын,

Уятты құлда иман бар.

Бұл дүние бей опа,

Құдайдан басқа өледі,

Өлмеймін деме бек, хандар.

Өлмесе қайда ойлаңдар,

Атамыз Адам пайғамбар.

ЖОЛДАС БОЛСАҢ ЖАҚСЫМЕН

Термеден біраз қозғайын,

Шешендер білер сөз жайын,

Дүние тұрмас қалпында,

Адамзат қалмас тозбайын,

Азаптан қорқар жан жақын,

Жан барында – мал жақын!

Артымда сөзім қалсын деп

Бастады сөзін Майлы ақын.

Өзбек те қазақ тіліміз,

Оқығандар біліңіз,

Бұл өлеңді оқыған

Бізге дұға қылыңыз!

Айуанның сыртта аласы,

Адамзаттың ішінде,

Белгісіз-дағы қарасы,

Бір-ақ елі жер дейді

Өтірік – шынның арасы.

Пайым қылмай болмайды

Жақсы менен жаманды,

Құлақ салсаң жақсылар

Айтайын біраз хабарды.

Жолдас болсаң жақсымен

Көңілің қара табады,

Қоңсылас болсаң жаманмен

Көңілді қара жабады,

Күміспен мысты қаптасаң

Сыртына зеңі шабады,

Шөп үстіне шоқ түссе

Қыза-қыза жанады

Зейініңмен пайымда

Қардан қанша ағарды?

Бұрынғы істі нақыл қып,

Пайымда соңғы адамды,

Көлеңкесі түспейды

Паналасаң наданды,

Тебініп талар аяғың

Сұлу деп мінсең шабанды,

Дастарқаның байланар

Қасыңа алсаң сараңды,

Етексізге дес тисе

Айырмас сауап-обалды.

Өсекке бейім боласың

Жолдас қылсаң шоғалды,

Әңгімеге қанбайсың

Үлпетке алсаң доғалды,

Жақсы деп мақтап болмайды

Әуелден заты жаманды.

Дән мазасын бермейді

Қаптағанмен сабанды,

Ғаріпке қылған қайырдың

Көп болады сауабы,

Кісіге қылсаң қиянат

Ансан болмас жауабы!

Тау басында жел жүрер,

Жол үстінде ел жүрер,

Мына жатқан қара жер

Кезегімен жеп жүрер!

Әкесі кетсе орнына

Баласы нәубет кеп жүрер,

Орнында бар оңалар,

«Құдайға шүкір» деп жүрер.

Аңның қуы сауысқан

Қулықтың бәрін тауысқан

Өлексе жеуге зор болар.

Көк сұңқарды көргенде

Ілейін деп келгенде

Бұтаға келіп қорғалар,

Ағайынын алдаған

Ақыры бір күн қор болар,

Аңды көрсе жолбарыс

Шаппаққа қарсы оңдалар,

Қатты жерге қақ тұрар,

Қайратты ерге бақ тұрар,

Мың күн көрген қызықты

Бір күнгі өлім сап қылар,

Жақыннан күдер үзгендер,

Туғанын ұрып жат қылар.

Жылқыдан күдер үзгендер,

Биесін сатып ат қылар.

Жақсы болса ағайын

Көңіліңді шат қылар,

Жаман болса ағайын

Айқай-шу қылып маңайын

Өзін-өзі мат қылар,

Көпті көрген қария

Ақылы бейне дария

Көкірегін хат қылар.

Мұны да айта кетейін

Жаман жардың белгісі

Ерте жатып ерінен

Қалың көрпе жаптырар,

«Пәленшенің көкесі,

Шаншу тиіп қалды» деп

Байына отын жақтырар,

Анық сәске болғанда

Ұйқыдан көзін ашып ап,

Бұрымдарын қасылап,

Шыға салып есіктен,

Адамдай істен кешіккен

Жақын жерді қақ қылар.

Сезікті түлкі секірер

Сенімді сайға бекінер,

Қара малда қасиет көп

Өлгенін көрсе өкірер,

Азамат ұлдың белгісі

Алысты жақын келтірер,

Асыл қылыш кетілер,

Шарыққа салса жетілер,

Талапты туған ер жігіт

Әр жұмысқа бекінер,

Жылдам шапқан жүйрік ат

Аяғанын мертілер,

Жорға дүние тоқталмас

Жол тартқандай селкілдер,

Ауада нөсер көп болса

Айдын көлдер көлкілдер,

Көлге біткен көк жекен
Жел соққанда желкілдер,

Көкірегің қамықса

Көзіңнің жасы мөлтілдер,

Қоя берсең бұл көңіл

Қыдырып тынбай тентірер,

Жүгірген аң, ұшқан құс

Бір тамаққа жем тілер,

Есі жарым белгісі

Жетпесті қуып ентігер,

Қапылдықтың белгісі

Өткен іске өкінер,

Өмірің бір күн өтілер,

Қара жердің астына

Қарайған пенде бекінер.

Тауда тарлан ақырар

Дауысын сезген қалтырар,

Тас мұрынға ұялап

Таза сұңқар шақырар,

Бейдәулеттің торына

Қарқұс түсіп жапырар.

Қыстасаң үзір құмда бар,

Көктесең ыраң жымда бар,

Шаруалықтың белгісі

Көшіп қонса қуналар.

Кәрие кімде- хат сонда

Айтқан сөзін тыңдаңдар,

Өтірікшіде өкініш көп

Сөз таптым деп жыламаңдар,

Өз қадірін кетірер

Оныменен кімді алдар?!

Ажал деген алып бар,

Жылдан басқа жыл келіп

Жаңаланар халық бар,

Бұл дүниенің қалпы бар

Өлшеп берген өмірге

Адам байғұс тартынар,

Ішпей- жемей қалтырар.

Ашты- тоқты болса да

Байлы-жарлы болып жүрсе де

Тәуекелге тән берер

Азамат туған мәрт ұлдар,

Сағым қолға ілінбес

Айдалада жалтырар

«Қай күні ажал келед?» деп

Қауіп үстінде жан тұрар,

Бейнет көрген жігіттің

Рақаты артылар,

Міне қойса тай тулар,

Баса мінсе жай тулар,

Бұрынғы мен соңғыда

Осылайша айту бар.

Анадан туып жаралдық,

Қараңғыдан жарыққа

Бұл да мәлім халыққа,

Шүлдірлеп жүріп еңбектеп

Тіліміз шыққан аныққа,

Балалықтың шегі бұл

Бір жасыңнан он бес жыл,

Бұ да баста тұрмайды,

Адамды өмір алдайды,

Өмірі қысқа адамдар

Он беске де бармайды,

Балалықтан өткен соң

Жігіттік дәурен келеді,

Қызыл ала киініп

Барын бойға жиынып

Қыз-бозбала өседі,

Бұ да баста тұрмайды

Бір күн өтер жиылып,

Түрлі дәуір беріпті

Пендесіне бұйырып.

Жігіттік дәуір өткен соң

Кісілік дәуір келеді,

Отыз-қырықтың ішінде

Пенденің толар кемелі,

Құлақ салсаң жақсылар,

Адамзаттың дәуірін

Төрт ықлымға бөледі,

Өмірі қысқа адамзат,

Бұған да жетпей өледі.

Кісіліктен кеткен соң

Кәрілікке жеткен соң

Раса мүшел жеткені,

Қызғалдықтай қуарып,

Дәуірінің біткені,

Жастықта көрген қызығың

Көңілге елес сағым боп

Ә дегенше өткені

Бойыңдағы әл кетер

Түрлі дақыл, дән кетер,

Бетіңдегі нұр кетер,

Сұлу-сымбат түр кетер,

Ақсақ қойдай аяңдап

Артыңнан өлім бұл жетер.

Жастық дәурен-жазға ұқсас,

Үш ай өтер қыс болып

Жер бетінде күш болып,

Құрт-ашарат қырылып

Жерден рақат түріліп,

Жабусыз малдар жайына

Жүре алмайды бұрылып,

Қыс та өтер, жаз болып,

Адамзат, айуан мәз болып,

Үйрек ұшып қаз қонып

Жаңбыр жауып, сел ағып,

Жаһан гүлдер саз болып,

Екі-үш айлық өмірі

Бұ да өтеді аз болып.

Жаз мысалы жаннаттай,

Жаңбыр жауып құрғатпай

Миуалы көгеріп,

Жаһан руаж болмақтай.

Жаз өтіп күз болған соң

Миуаның ұшар гүлдері,

Бұлбұлдың тоқтап үндері.

Жердің кетіп ажары,

Ағаштың ұшып түрлері,

Онан кейін қыс түсер

Бұдан өтсе ілгері,

Баяндап күз де тұрмайды

Адамның өмірі сондай-ды,

Кәрілік дәуір жеткен соң

Жастығы қызық болмайды.

Көпті сүйер ақ пейіл

Ішке пікір ап қалмай,

Жақсымен болсаң сұхбат

Ағарып таңың атқандай,

Сыпайы сөйлер әдеппен

Көп сөзіне мақтанбай,

Байлық баян етпейді

Жыртық қалтаң аққандай!

 

Мейман күтүдің қасиеті

Сарт, тәжік сауда-сатда сөзге жатық

Қайыры кем мал көбейткен көздеп жатып

Әулиелер өзбектен көп өтіпті

Мейман күтпек хайырлы өзбекке артық

 

Сарт халқының қайыр аз қонағына

Пұлсыз қонақ жоламас қорғанына

Өзбекке көп сауапты қойған Алла

Хайыры көп өзін тастар мейманына

 

Көп әулие көп бүзірік өзбекте өткен

Мейман күтпек көп сауап сөз боп кеткен

Мейман күтпек қасиеті көл дариядай

Өзбек халқтың асына нұрын сепкен

 

Сарт мейманға сауданың шырайы үшін

Өзбек мейман пайлайды Құдай үшін

Қалыс мейман ақысына дуа қылса

Алла тағала кешіргей күнәлі ісін

 

Әулиелер әдеті бәрі сақы

Алла үшін берілмек мейман хақы

Аталары әулие өткен деген

Мейманға абадшылық өзбек халқы

 

Құдай үшін өзбек халқы мейманға құл

Мейманға қонба деуге көп келмес  тіл,

Жыйған, терген тапқаны қонақ үшін,

Сақы өтеді жанына салмай бір пұл

 

Сарт пенен тәжік сауданы саздық қылар

Дүниесі көп мейманды маздық қылар

Сарт-тәжіктің ішінде жүріп тұрып

Жүз тілла алса бір сәтте аздық қылар

 

Әулиелер әсілі Өзбек болар

Меймандар өзбек ұлын көздеп барар

Құдай үшін мейманды сыйлағандар

Құдайдың рахметіне кез боп тұрар

 

Мейман хақы ала  келер берекетті

Кетерде айдап қуар бәлекетті

Алла сүйген құлына мейман барар

Мейманға теріс сөйлеме келеке етіп

 

Мейман ауған үйіне береке ауар

Мейманменен ұрысқанға бәле жауар

На қабылдың ақыретте бақты ашылмас

Озған-тіккен дүние мал жанға зауал.

 

Пайғамбарым өтіпті айтып көпті

Мейман күткен өзбекте қасиет көпті

Ешандардың салдырған мешітінен

Мейман күткен киіз үй абзал депті

 

Өзбекдер келе жатқан өрнек ізін

Берекеге ұрынар жаз бен күзін?

Жуып, шайып мейманын өзбек сыйлар

Кешіп батпақ барсада тізелерден

 

Сарт-тәжік ісіне лайық айтса сөзбен

Мейман күтпек сауабын жіктеп берген

«Мұнафық» деп ол жаңда айтып айып қылар

Алланың қызметіне қарсы келген

 

Сарт көзіңді көргенде жылпылдайды

Көзің тайса түлкідей  бұлтыңдайды

Алланың қызметіне өтірік ықылас

Қылады тек өзіне деп қолайлы

 

Сарт-тәжіктің тілегі кір келеді

Ізіліктен білегі тар келеді

Бейуақытта  өзбектен мейман барса

Ұрып-сөгіп әйелін шу қылады

 

Өзбек халықтың көңілінде нұр болады

Ішкен асы мейманмен бір болады

Азығының барлығын мейман жейді

Құдай үшін өзі ішпей құр қалады

 

Өзбек халықта көп болар сақы кәрім

Өзі жемей мейманға берер бәрін

Сақы менен кәрімдер ақыретте

Тоқтаусыз көрер еміс жаннаттарын

 

Сақылық, кәрімдіктен сынамастан,

Сұрасаң ғаламатты ләпсі қылған

Өзбек халыққа  қасиет қып берген тәңірім

Бұл сөзге шәк келтірмес нақты тұрған

 

Моллалар, ғұламалар айтар сөз қып

Ақыретте сақылықтан, кәрім озық

Кәрімдер ішпей жемей құры қалар

Алла тағала оздырғай өзі тез қып

 

Сақылар дінге сахат көп ішінде

Өзі ішіп хайыр етер кімде-кімге

Сақы менен кәрімді жарылқағай

Бендем деп дінге қадыр жеткергенге

 

Сарт-тәжіктен көп шығар ғажал ғайын

Ғажал халқы білмейді қайыр жайын

Ғажал халқы өзі жер жұртқа бермес

Қанша тақуа болсаңда, ғәріп тағын

 

Лауымдар ішпес-жемес көргені тоқ

Мал бітсе бейнеті көп рахаты жоқ

Тіріде дауға қылған әр талайға

Өлгенде жатар жері  шынымен шоқ

 

Сарт-тәжік аз ісінген,тапқан малын,

Арман қылар қайырдан кеткен шағын

Қалыс мейман жат көрсе қайыры көп

Сақы, Кәрім сұлтанға өзбек жақын

 

Ағайын халқым

Жолықтық ағайынмен сағынысып

Көргенде тасып, толып қабынысып

Өз ағайын біреуге беріп болмас

Құмарың қуанғаннан қанығысып

 

Көбейер қозғай берсем кеңестерім

Дәуреннің білдік екі келместерін

Қабатымнан талайлар жөнеп кетті

Асқасын қолым байлап теңескенім

 

Алды, артымнан, теңімнен ауыл көшті

Басынан кәрілердің дәуір көшті

Ата-ана ажырап ол да кетті

Дүние арзымаған жолға түсті

 

Дүние өтті көзді ашып жұмғандай боп

Жадырап тұрған жоқпыз тынғандай боп

Қауып қатер үстінде болып тұрмыз

Кетеді ақырғы жыл, күн қандай боп.

 

Көңілін көріп жүрміз талайлардың

Жүресің кіна  піна жами бәрің

Сол қолымен  ақырет күнәсінің

Тіріліп бұл дүниеге қалай келдің?

 

Әр нәрсе әсіліне, түбке қарар?

Бенде болмас мұнда өлмей қалар

Кәлима шаһадатты асылы деп

Кәміл пірі құлына берген хабар

 

Шығуы Әзәзілдің оттан еді

Жеті қат көктен өтіп тоқтап еді

Жеті қабат аспан мен араласып

Тым үлкен періштеден бол қап еді

 

Адамды топырақтан етіп бінә

Шайтанға сәжде қыл деп әмір етті

Тәккәббір боп әміріне көнбеген соң

Дозақтан орын берді оған құдай депті

 

Күнінде әзір болған Әзәзіл ат

Есім боп соңға дейін тапты нағлат

Әзәзіл болмақ жолы қайдан?

Боласын неге тартып көңілің шат

 

Сондай болар әмірін бұйырғанда

Соншалық құлшылығын қылғызғанда

Надандықпен өмірді өткізгенше

Жаңлысып мұнда жанды қойғызғанда

 

Сыратта табылады көріп түрін

Қанша жан баласына  қазулы орын

Кетер күнің мәлімсіз аттанасың

Шырағын ол күндердің әзірлегін

 

Жаман болсаң табасың жазығыңды,

Жақсылық ақыретке азығыңды.

Басқа жаққа кете алмас арқандаулы ат,

Ақыры кеп табады қазығыңды.

 

Сеніш қылғын сөзіме ақылыңды,

Бұрынғыдан есіткен нақылыңды.

Дихан болсаң аласың еккеніңді,

Айнытпайсың әр тұқым дақылыңды.

 

Әзіз тұт жақсыларды көрсең сыйлай,

Арпа еккен тұқымынан алмас бидай.

Залым қас боп малыңды құрта алмайды,

Бенде қыйсық болған мен тұры Құдай.

 

Кей адам ақылы жас өзі кәрі,

Арпа еккен тұқымынан таппас тары.

Жамандық жақсы болып пайда бермес,

Өсиет бұл сөзімнің білсең бәрі.

Жамандық,жақсылықты білмес надан,

Жолына жамандықтың баспа қадам.

Ақыры бір бәлеге жолығады,

Бес алты малға мас боп тасқан адам

Алланың аты ашады

Алланың аты ашады

Көңілдегі қараңды,

Нышаны дейді пейіштің

Жазғы соққан самалды,

Ызғары дейді тозақтың

Қысқы суық амалды,

Тірлікте шарбағың

Қатын менен балаңды,

Қатын, бала жау қылар

Атаң менен анаңды

Інің менен ағаңды,

Парыздай білгін айтқанын

Ата менен ананың,

Парыздың бірі пәк тұтпақ

Тазалықпенен тәніңді,

Тазалығың тасытар

Көңіліңдегі санаңды,

Сақылығың келтірер

Оң жағыңнан намаңды,

Адалдық жолын берік тұтсаң

Тайдырмас отқа табанды!

Алла-тала дос тұтар

Алалы момын адамды,

Алымдарға ілессең

Ұғарсың алал-арамды,

Залымдарға ілессең

Көрерсің ақыр залалды

Басыңа сауда болады

Жолдас қылсаң жаманды,

Жаманға жолдас болғанша

Жая бер айдап падаңды!

Ілтипатты жан болсаң

Атаң мен сыйла анаңды,

Ақыретке барғанда

Сақтайтын қағба панаңды,

Адал жүріп анық бас

Біреудің алма инесін,

Олбағайлық ожар боп

Кесірің жұртқа тимесін

Не байлар өтті дүниеден

Шоқпардай қылып-шүйдесін,

Төре мен өтті манапта

Жасақ тартып қабатқа

Жалтыратып шен-түймесін.

Алымдар айтқан нұсқада

Топырақтан пінә ғып

Жаратқан дейді пендесін,

Мақұлық дейді тағы да

Алладан басқа өзгесін,

Өткінші өмір өткен соң,

Екінші мәлім келмесің,

Ақылмен халқым тыңдаңыз

Ақынның айтқан термесін!

Ісің мақұл бола ма,

Бақ қонып халық ұнамай?

Дәулет болмас тапқан мал

Есебін тауып құрамай,

Емшек бермес анасы

Бесікте бала жыламай,

Теңізге түсіп көп көрген

Суға кетер шыға алмай,

Мезгілді күн біткен соң,

Таулар да тұрмас құламай,

Азғындаса арықтап,

Арғымақ ақсар жүре алмай,

Жалпылама жай айтпа

Ер жақсысын сынамай,

Жаманды сүйеу қылсаңыз

Қаларсыз ордан шыға алмай,

Бұл қалай деп тұрмағын

Өткен істі біле алмай.

Жаманнан жолдас ертсеңіз

Саясы болмас жаныңа,

Әркім болар ағайын

Ықпалың менен бағыңа,

Арғымақ аттан артық деп

Жабдық салма жабыға

Қалдырар жаудың қолына

Іс түскен басқа шағыңда.

Басыңда дәулет тұрғанда

Ағайын жақын жаныңа,

Жаман-жақсы ағайын

Оралып жүрер алдыңа,

Ақылды туған ер жігіт

Кедеймін деп зар қылма,

Жақсыға тыңдат сөзіңді,

Жаманға айтып қор қылма!

Өзі соқыр кей адам

Көзі барға жол айтар,

Ақылсызға сөз айтсаң

Айыбыңды молайтар,

Елемеген аз кесел

Етіңе сіңіп тырайтар,

Қулықты әдет қылсаңыз

Ақыры бір күн мұңайтар,

Ұрлықты уәр қылмаңдар,

Ақырыңды шұнайтар,

Тәуекел ақтан сұрансаң

Шаршағанды тыңайтар,

Қажығаны кәрінің

Нәрестеге сыр айтар,

Талапты туған ер жігіт

Батыл сөйлер, шын айтар,

Өсектен тілін тартпаған

Бүлдіріп елді жатпаған

Бәлені басқа ұлғайтар,

Кемістікті пендеге

Өткір найза тіл айтар,

Насихат біраз тыңдаңыз

Мен айтпасам кім айтар?

Ақ пейілді көңіліңе ал

Әр іс келсе кезіңе,

Сабырлық, тағат есіңе ал

Ашуың келсе тезіне,

Пұшаймандық етерсің

Ойламай айтқан сөзіңе,

Мүсәпір қайда көрінсе

Ұлық көргін өзіңе,

Едірейіп жүрмегін

Жан көрінбей көзіңе,

Кімдер түсіп шықпаған

Талқының түзу тезіне?

Ықыласпен құлақ салыңыз

Ақынның салғын сөзіне.

Сыртқа біткен қайыңнан

Сазға біткен тал жақсы,

Арық шыққын қазыңнан

Кіршік майлы жал жақсы,

Тоя жеген жасықтан

Бір асаған май жақсы,

Ақауы шыққан айраннан

Терлеп ішкен шай жақсы,

Мініс бермес шобырдан

Жеңіл аяқ тай жақсы,

Қарадан шыққан дүмшеден

Қырық құмалақ бал жақсы,

Қожа менен молдаға

«Бер» дегеннен «ал» жақсы,

Әдебі жоқ жігіттен

Насихат айтар шал жақсы,

Жауыны ала көктемнен

Желсіз тымық жаз жақсы,

Шамалмен жауған жауыннан

Шамалсыз жауған қар жақсы,

Адамдыққа ойласаң

Мал менен бақтан ар жақсы!

Ұятсызда иман жоқ

Саралап айтқан нұсқа сөз

Құлақ салып тыңда көп,

Жақсыларға болсам кез

Айтушы ем сөзді иба боп,

Бұрынғының нақылы

Ұятсызда иман жоқ,

Дүниеде әркім жүр

Дүние малды жиған боп,

Жақсылардың сөздерін

Теріс емес үйренбек,

Барлық адам тең тұрмас

Таразыда бірдей боп,

Тез ұмытып, тез жойып,

Бұзылмаңдар нілдей боп,

Бастайын және термеден

Көпшілік айт деп ұнаса,

Тоқталайын мен неден

Тасқыны қатты күшті жыр

Ашылсын бұлақ көмбеден,

Қарыздар болсаң жаманнан

Жүгіріп келер дембе-дем,

«Мен де тудым атадан,

Артықсың ба сен менен?»

Деп шықпай ма кей надан,

Мұрнының астын көрмеген?

Әкең де болса бір жолдас

Жарасқан әзіл-теңменен,

Болымсыз туған бозбала

Басыңда батпан міні боп

Кісі айыбын тергеген,

Дәулет бітсе жаманға

Сәлем берер жеңменен,

Бір өзің қайда барасың

Адамсың халық, елменен,

Бір күні опық жегізер

Егессеңіз ерменен,

Алдарыңда жақсылар,

Ақының сөйлеп өрлеген,

Ақын елдің тұлпары,

Кетпейтін басы кермеден,

Көргеннен соң сіздерді

Көңілім өсіп желдеген.

Көтерілер әруағың

Халық қалап қолдаса,

Азырақ мен де сөйлейін

Жасарып сөзім оңласа,

Қисық ағаш түзелер

Тезге салып морласа,

Ақ тұйғын келіп ілінер

Алдын жайып торласа,

Арғымақ ат жығылар

Алдын қазып орласа,

Әркім болар ағайын

Дастарқаның мол болса,

Баладан халқым, не пайда

Ісіңді қолдан алмаса?

Бірің екі болады

Ісіңді құдай оңдаса,

Қорғасындай құйылтар

Қызыл тілім зарласа,

Азырақ мен де желейін,

Домбыра күйден төгейін

Қағуға қолым талмаса,

Жігіттің бағы қайтады

Ағайын-жұртын алдаса.

Бұлбұл-торғай жарасар

Гүл бағында сайраса,

Жаздың сәні кетер ме

Тауда гүлдер солмаса?

Ағаш сұлу көрінбес

Сыртында қабық болмаса

Үйретіп ақыл не керек

Көңіліңе барып қонбаса?

Лашын ұшпай қалмайды

Қос қанатын қомдаса,

Дүбірге тұлпар шыдамас

Бсаын бекем байласа,

Ақын өлең табады

Айтуға жырды қамдаса,

Көл қадірін қаз білмес

Тоқсан түсіп қыс болып

Бетіне мұзы тоңбаса,

Жаздың көркі енбейді

Шағалалы көл қөріп

Қаз ұшып, үйрек қонбаса,

Келмей қалмас алдына

Ер жігітті қорласа,

Жамандарға сөз айтсаң

Жағаңнан алар тармаса,

Батыр қайта шабады

Намысқа тиіп арласа,

Қараңғыда түсірер

Алдын егер жарласа,

Ажалды қарға жем болар

Бүркітпенен ойнаса,

Кілем сұлу көрінбес

Бетіне кесте оймаса,

Осындай тұспал нақылды

Есіткен халық ойласа!

Бұлбұлдан шешен бір құс жоқ

Бармақтай-ақ қарасы,

Оқтан жылдам ажал жоқ

Тырнақтай-ақ жарасы,

Мал аласы сыртында

Ішінде адам аласы,

Насхат сөзді тыңдамас

Адамның бір парасы,

Қызметінен білінер

Адам мен адам арасы,

Ақынды кейде жақтырмас

«Бар ма» деп менде аласы?

Тәрбие етіп  сыйлайды

Түсінген қазақ баласы,

Бұрынғы өткен хандардың,

Бұл сөзімді аңғарғын

Ойран боп өтті қаласы,

Қанша заман өткені

Адамзат келіп-кеткелі

Белгісіз бізге санасы,

Аңдысқан мынау дүниеде

Біреуге біреу табашы,

Қатардан өтті не жақсы

Кімнің бүтін жағасы?!

Ақындардың тоқталмас

Келгенінше шамасы,

Сіздерден жырын ап қалмас

Болса да арзан бағасы.

Ілімге толса көкірек

Ілімге толса көкірек

Ашылар көзі сананың,

Құлақ салсаң, жақсылар

Азырақ сөзді жазамын,

Көрейін мен де толғанып

Келгенінше шаманың.

Дүбірге қызған жүйріктей

Қызып тұр әзір табаным,

Айтқан сөзің бармайды

Көңіліне наданның,

Аспан, жердей парқы бар

Деп айтады адамның,

Халық ішін аралап

Өнерді өлшеп шамалап

Ұлғайса деймін қадамым,

Аман болса ағайын,

Үлкен-кіші жамайым

Бәріңнің жақсы аманың,

Өзіме келген тіл бағы

Өнері емес бабаның.

Жігіттің көркі – өнері,

Жақсылардан шыққан сөз

Алтын да гауһар бедерлі,

Осы күнде халқымда

Тілдің болдым шебері,

Мәлім болып жалпыға

Етпекке кеңес келелі

Азырақ сөйлеп берелі,

Бақ пен дәулет тең келсе

Адамның толар кемелі,

Кімдерге бұғау салмаған

Дүниенің асау белеңі?

Біреу үйде отырып,

От басында жош ұрып,

Біреу жаһан кезеді,

Нақлиқатты тымсал қып

Төмендегі аз терме

Майлы ақынның сөзі еді.

Мәлім болған халыққа,

Өтірік емес анық та

Өнер алды – тіл еді,

Сарттан өткен Науайы

Тілдің гауһар гүлі еді,

Парсыда өткен Фердауси

Заманында дүр елі,

Не жүйрік келіп дүниеге

Аяқтарын тіреді,

Қарсыласқан хандарға

Үзеңгісін шіреді,

Бәрі де өтті дүниеден

Адам бар ма оларды

Есіткенде күймеген?!

Нұсқа қып айтсам кейінге

Ақынның солар пірі еді.

Қай қазақтан ақын боп

Өткендерден ірі еді?!

Талайы өткен ақын боп,

Дүниеге жақын боп,

Қалт-құлт етіп өзгесі

Байлардан басқа жүр еді,

Майлы ақынның өзіне,

Ыбырат берер сөзіне

Тірі болса осылар

Болар еді-ау тірегі!

Осы кезде халқым да,

Сөз тастайын артына

Менен басқа кім еді?!

Өңкей жақсы қосылса

Бітіреді кеңесті,

Өңкей жаман қосылса

Шығарады егесті,

Мәмілемен іс бітер

Бас қосып қалса көп есті,

Жақсының жолы жарық күн,

Жаманның жолы көмескі,

Жаман сөйлер лепіріп,

Орамалын желпініп

Соза түсіп өңешті,

Мақтағанмен жарамас

Пайымы аз кем есті,

Тентек бір-ақ аттайды

Белес пенен дөңесті.

Жаман сөйлер халықтан

Бастағы мінін жасырып,

Жақсы сөйлер халыққа,

Қызметін асырып,

Бағы қалың жігіттер

Ешкімге бармас бас ұрып,

Халық ісіне, жақсылар,

Тоқталып қалма тартылып,

Бей қайраттың белгісі

Таласта жер кез келсе

Сөйле деп енді сөз берсе

Жалт-жұлт қарап тұрады

Берекесін қашырып.

Сабыр-ақыл серігі,

Жүгірген аң, ұшқан құс

Іздегені тамағы,

Әрекет етіп бәрі де,

Ырызғы ауқат табады,

Дәулет кетіп біреуден,

Біреуге жаңа қонады,

Нала болар біреулер,

Біреулер ырза болады,

Бағы келген жігіттің

Көңілі соғып жоғары,

Жамандықтан қалды ол,

Өзіне дейді обалы,

Жамандардың белгісі –

Сарыала қаздай саңғиды

Паналаған қоғаны,

Есерліктің белгісі –

Өтірік-өсек, аяңды

Іркілместен соғады,

Қасам ішіп, ант ұрып

Тіліне алар тобаны.

Бағың барда жігіттер,

Тоқталып сірә іркілме,

Жұрт қарасын қызығып

«Бәрекелде,- деп-шіркінге!»

Арзымас іске еліріп

Бос салынба күлкіге,

Бір күні өтер өмірің,

Қараңғыда қалып көңілің,

Дүние ұқсар түлкіге.

Ажал жүр сенің соңыңда

Қойшы қойды баққандай,

Шап ете түсер бір күні

Аяғыңа қақпандай.

Жаратыпты бір құдай

Аспан мен жер, күн мен ай,

Орман ,тоғай,тау мен тас,

Бірі биік, бірі сай,

Сан қара мал жисаң да,

Пайдасы жоқ бақырдай,

Парасатты ер жігіт

Ақылмен әр іс біледі,

«Мен істедім бәрін» деп,

«Өзгеден артық әлім»  деп

Ие боп тентек жүреді,

Ақылсыздың белгісі

Орынсыз жерде күледі,

Талап, білім, еңбексіз

Қалайша тірлік жеңбексіз?!

Бос күлкіге салынып,

Қара терге малынып

Жақсы болған кім еді?

Елге келген салмақты

Жақсы жүрер көтеріп,

Табытын қағып, шай ішіп,

Тентек жүрер жөтеліп,

Жаман, жақсы әр іске

Қалады дейді еті өліп,

Көпті көрген ер жігіт

Көсем болар төселіп,

Жаманның басы бойрадай

Жерде жатқан төселіп,

Азырақ, халқым, тыңдаңыз,

Бәһәнә мұны қылмаңыз,

Бір әңгіме етелік.

Елге келген жұмысқа

Жақсы жүрер қайысып,

Жаман жүрер майысып,

Гуілдесіп тентектер

Бұл жұмыспен ісі жоқ,

Өзінің қылар күші жоқ

Отырады шай ішіп.

Жолын тапсаң орын көп

Білмейді соның жолын көп.

Табалайды бір-бірін

«Қойшы ісін соның»-деп,

«Қай жерде оңып жүр еді

Қай тірлігі оның?»- деп,

Бақ келсе бір күн, жақындар

«Сізге жақын мен едім,

Берші маған қолың» деп.

Жақсы сөйлер шешіліп

Бастағы мінін жасырмай,

Кішіпейіл әдепті

Басынан сөзді асырмай,

Адырайған есуас

Дүбірлеп сөйлер тасырлай,

Болымсыздың қылығы

Адамға жоқ жұғымы.

Қашатұғын қашырдай,

Ессіздіктің белгісі

«Екі-дер-сөзді айтпаймын»

Қайсарлықтың белгісі

«Бетімнен-дейді- қайтпаймын»,

Бұл сияқты баланы

Болар деп халық адамы

Қалайша енді мақтаймын?

Тура сөзді айтам деп

Көбісіне жақпаймын,

Елде жүрген жақсы көп

Халықты жегіш лыпылдап,

Жай халыққа сөз бермес

Аузы-басы жыпылдап.

Жақсыны көрсе табалар

Сауысқанша шықылдап,

Алдар жерге келгенде

Жан салмайды сыпылдап,

Бір парасы тым салақ

Шаруаға сыпылдап.

Түзге шықсаң сырдаң боп

«Мен белгілі мырзаң» деп,

Үйінде қалар қыпылдап.

Өсекшілдің белгісі

Сөйлесе сөзді шым-шымдап,

Сұлу тұрар керіліп

Кербез тұрар қылтыңдап,

Тақыстардың мінезі

Жақтырмас сөзді қыртаңдап,

Насихатты сөзімнен,

Кез келгенде өзімнен

Қалса деймін бір тыңдап.

Жаман-жақсы әр істі

Пейілінен адам табады,

Парасатты ер жігіт

Жақсыдан ыбырат алады,

Ерінбей бейнет еткеннің

Еңбегі дейді жанады.

«Жақсы болып өседі»

Осылай қазақ деседі

Тойға барса баланы,

Алымдарға оқытып

Көңіліне білім тоқытып

Көрсетпейді қаланы,

Думан қызық көкпар боп,

Бақталасып барлығы

Сиазға атын салады,

Бір-біріне жалғайды

Қара түһмет жаланы,

Күші жеңген басым боп,

«Әлі келген алсын»деп,

Бір жағы шаршап қалады,

Өздерінше  билеп жүр

Адыра қалған даланы,

Насихат сөзді айтқанмен

Көңіліне қалай алады,

«Ақын маған келер» деп,

«Жырын айтып берер» деп

«Ақысын халық төлер» деп

Отырады үйінде

Би-болыстар жаңағы,

Сонда да мейлі сөйлейін

Кішірдім бақтан демейін

Халықтың болсын хабары,

Бұрынғы айтқан нақылда

Қонатын сөз көп ақылға,

Алуан-алуан жүйрік бар

Әліне қарай шабады,

Бұлбұлдай болып мен-дағы

Сөйлейін өз халқыма

Тұрсам осы қалпымда,

Болмасам да- болсам да

Әзірше аса бағалы,

Ерінбей қожаң сөйлесін

Опасыз мына жалғаннан

Кеткенше тайып табаны!

 

Бітсейші дәулет талапқа!

Жарасар ер кемде-кем

Егес болса қабатқа,

Әншейінде әр кім-ақ

Өтіп жүрер санатқа,

Баяны жоқ дүние-ай,

Бітсейші дәулет талапқа!

Жаманнан жолдас ертсеңіз

Болмайды сірә амалы,

Басыңа- меһнат күш болар

Дос деп болған жаманы,

Ой жіберіп көрейін

Көңілді қозғап шамалы,

Алдымдағы жақсылар,

Осындай кезім келгенде

«Қожеке сөйле » дегенде

Тартынбай айтып өлеңін

Ақының әнге салады.

Жаман-жақсы Алланың

Болады ісі қалаған,

Дәулет көшіп біреуден

Біреуге қонар жаңадан,

«Боламын»- дейді әр адам!

Жеткізбейді құдайым

Әркім асса шамадан,

Қарыздар болсаң жаманға

Тар жерде алар жағадан,

Уәжге көнбес түсініп

Көп ішінде ісініп

Құтырар иттей қабаған.

Атамыздың белінен

Бір тамшы жалқақ су қылды,

Ерлі-зайыпты қосылып

Әйелден бала тудырды,

Бағзыларды патша қып

Алтыннан пайтақ міндірді,

Біреулерді бай қылып

Дүниенің малын жиғызды,

Біреулерді палуан қып

Дүниенің жүзін білдірді,

Біреулерді жынды ғып

Адамзатқа күлдірді,

Ақты-қара аралас,

Біреулер сұлу нұр жүзді,

Біреулер – соқыр, біреу таз,

Біреулер – сараң, біре у- мәрт,

Біреулер – алым, базы-ауам,

Адамзат емес бір құрбы!

Опасы келте сұм дүние

Шалдырмастан шаршатып

Талайдың артын дым қылды,

Анадан жан ғып туғызды,

Дүниеге сауда қылдырып,

Өлтіріп жерге кіргізді,

Маһшарда және жан беріп

Бұл пендені тіргізді,

Артық пен кемді теңгеріп

Таразы таңда құрғызды,

Елу жылда ел жаңа,

Қазан деп айтар жүз жылды,

Жанашыр дос деп біз жүрміз

Алдамшы дүние құзғынды,

Бұл адамзат саудагер

Біткеннен соң саудасы

«Қош, қош!» деп салар сүргінді,

Ажал тұр алда дәйекшің

Жазғы шапқан бәйге аттай

Береміз бір күн шылбырды,

Қашан шылбыр бергенше,

Сайратайын бұлбұлды,

Дүние бір түлкі, нәпсі – ит

Әуреге салып қудырды,

Аңғарғанға сөзімді

Бауға қонған бұлбұл-ды,

Сөз парқын білмес наданға

Айқайлап жүрген бір жынды!

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған