Жарық нұрдың сәулесі

Жыржыс қажы туралы не білеміз?

Әр жұма намазына барған сайын Құдай үйі – аудандық мешіттің маңдайшасына жазылған «Жыржыс қажы мешіті» деген жазбаға ұзақ қараймын.
Бірер жылдың мұғдарында жан-жақтан сұрастыра жүріп іздеген жоғымды тауып, міне, қаламды қолға алдық. Құдай дәс берсе, Жыржыс қажының өмірі мен ғибадатын, мұсылмандық еңбегін жамағатқа паш ету міндеті біз сияқты пақырға тигені де сауапты іс болар деп ойладық.
Жыржыс қажы адамзаттың асыл перзенті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) аталас ағайынынан тарайды екен. Қазақылап шежіреге салсақ, былайша болады:
Әлқисса, Хашимнен Әбділ Мүтәліб, одан Әбу Тәліп, одан Хазреті Әли, одан Әбділ-Фаттах, одан Әбділ Ғаффар, одан Әбділ Қаһһар, одан Әбділ-Рахман, одан Ысқақ, одан Усман-шайқы, одан Мұхамед-Шайқы, одан Ибраһим-Шайқы, одан Сұлтан қажы Ахмет Яссауи, одан Абду Рахим, одан Әбділ Жаләл баб, одан Мекайл сопы, одан Айт сопы, одан Бадал ата, одан Сүйіндік ата, одан Күйіндік ата, одан Ибраһим ата, одан Исмаил ата, одан Әбділ-Мәлік, одан Қожақан қожа, одан Мәһди (Диуана қожа), одан Қожалақ қожа, одан Әбқожа, одан Таңсық қожа, одан Арпын Қожа, одан Жыржыс қожа. Міне, Жыржыс қажы тегі осылай өріледі. Бүгінде осы атадан туған ұрпақтар, қазақтың белді азаматтары қажының ұлы Ғазалидың немересі Арыстан Мәуленұлы (ҚарМТУ-дің ректоры, академик) осы мәліметтерге қол жеткізуге септесті.
Сол сияқты Хашим балалары Әбділ Мүтәлібтің бір баласы Абдулладан Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар, ал екініші баласы Әбу Тәліптен Жыржыс қажының аталары тарайды. Ар, Расулымыз жетім қалғанда оның немере туысы Әбу Тәліп оны тәрбиелегені әмбеге аян. Бұл кісі тағы да Жыржыс атамыздың бабасы.
Атақты шежіреші, дінтанушы, ақын Мәшһүр Жүсіптің айтуы бойынша және жерлес тарихшы ғалым Ж.Артықбаевтың жазуынша, Арғынның Сүйіндік балалары Ташкент-Шыршық маңын жайлағаны белгілі. Кейін Ақтабан шұбырындыдан соң, сол маңда қоңсылас болған қожа әулеті осы рулармен Баянауыл, Қызылтау өңіріне көшіп келеді.
Ал, Ресей империясы тарапынан жүргізілген қазақ елін шоқындыру, орыстандыру саясатына қарсы ХІХ ғасырдың басында Құнанбай қажы, Шорманның Мұсасы сынды ел ағалары Түркістаннан діни сауатты қожалардың қоныс аударуына түрткі болады.
Олардың алдына мал салып, отау тігіп, нулы, сулы өлкені қоныстануына жағдай жасайды. Баян өлкесіндегі осындай жердің бірі күні бүгінге дейін «Қожа қорығы» деп аталады.
Қажының арғы атасы Таңсықтың батыр болғаны жөнінде Бұқар жырау жырында айтылады.
Қалданменен ұрысып,
Жеті күндей сүрісіп.
Сондағы жолдас адамдар:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай…
Таңсық қожа, Мәмбет бар…, – дейді.
Бұл жерде қазаққа белгілі бірсыпыра батырлардың есімі аталады. Солармен бірге Таңсық қожаның да айтылуы оның тегін адам болмағанының көрінісі болар.
Қажы Баянауылдың Сәтбаев ауылына жақын Көкдомбақ деген жерде туып өскен. Бала кезінде Түркістанның жанындағы Қарнақ медресесінде білім алады. (Ж. Омаридің жазбасында мұнда кезінде Бұқар жырау қызмет істеген). Діни білімге ұйығаны соншама, ұстазының дәрет шәугімін жатарында бауырына қысып, қойнына алып жатады екен. Таңғы намазға оянған ұстазының қолына осылайша жылы су құйып, оған деген ерекше ілтипатын танытады, батасын молынан алады.
Күндердің күнінде Қоянды жәрмеңкесіне келген ұстазын Жыржыс бабамыз ауылына шақырып, сый-құрмет жасайды. Осы жақындасудың жалғасы – ұстазы шәкіртінің Мәймүна атты қызына құда түседі. Сол апамыздан туған ташкенттік балалар – Ғабдолла, Хасан, Шариғатулла қажы ұрпақтарымен бертінге дейін туыстық қатынаста болады. Қазір олардың немере-жиендері де туыстарымен ат ізін алмастырып тұрады.
Жыржыс ата 1919 жылы Мекке-Мәдина барып, қажылық парызын өтейді. Сол жолда онымен атақты Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантай кездеседі. Мешіттің ішіне кіріп, Жыржысқа сәлем беру үстінде Имантай қажы о дүниеге аттанады. Бұл жөнінде Мәшһүр Жүсіптің өлеңі де бар.
Сол уақта осынау өлкеде Мәшекеңнің айтуынша, 70-тен астам адам қажылық парызын өтепті. Осы сапардан келісімен өз қаржысымен қазіргі Ақжар ауылынан 7 шақырым «Үш сала» деген жерден мешіт пен медресе салады. Бұл жерді халық күні бүгінге дейін «мәдрәс» деп атайды. Онда маңайдағы Қарқаралы, Қайнар, Баянауыл төңірегінен балалар жинап, діни дәріс береді. Бұл Сарыарқадағы Құнанбай мешітінен кейінгі екінші діни ошақ десе де болады.
Бүгінгі күннің көзқарасымен салыстырсақ, ерен ерлікке пара-пар дүние емес пе?! Шамамен 10 жылдай ғана уақыт игілікті, иманды іс атқарған мешіт-медресе қызыл империяның сойылынан қирап, быт-шыты шығады. Осынша жыл аралығында шамамен 300-ден аса шәкірт тәрбиелеп, имандылық жолында қазақ даласы-ның әр түкпіріне хақ дінді таратады. Өз ұрпағы Ғазали, Ғабдылғани мен Бабай қожалар (академик Қылыш Бабаевтың атасы). Мұхаметжан Кәпенов пен Әбдірахман Сәбитұлы сынды шәкірттер қанды қылыштан қорықпай-ақ асыл дінімізді таратуда зор игі істер атқарды.
1916 жылы басталған зобалаңнан 1929 жылға дейін төтеп беріп, Алланың үйі Сарыарқа төскейінде жұмысын Құдайдың алқауымен атқарып тұрды.
1928 жылы Кеңестік тәркілеу басталғаны аян. Қазақтың ірі байлары мен орташалары, діни адамдар нахақтан зардап шекті. Жыржыс қажыны 1929 жылы айдауға екі милиционер келеді Баянауылдан. Сол тергеуге барар алдында намазын оқып, Құдайдан тілек тілейді: «Алла, кәпірдің көзін көрсетпе!», – деп. Жақын-жуық, бала-шаға жылап қоштасып жатса: «Жыламаңдар, қазір біраздан соң ораламын», – деген екен. Ауылынан жолда Иманбай атты жолдасының үйіне соғып, қоштасады. Артынан ерген екі баласына қарап: «Мені демеп аттан түсіріңдер, Алла тағала тілегімді берген шығар», – деп қана айтып, дүниеден өтеді. Ұлдары жылап-сықтап әкелерін қайтып әкеп, мешіт-медресе маңына жерлейді.
Жаназа қыстың қақаған мезгіліне дөп келіп, көктем туа Мәшһүр Жүсіп көңіл айта келеді. Сондағы айтқаны: «Құдайдың істе дегенін Жыржыс істеді, Жыржыстың істе дегенін Құдай істеді. Аллаһу әкбар», – деп бетін сипап, дұға қылған екен. Шынында Құдайдың әмірімен мешіт пен медресе салып еді, «мені кәпірге жеткізбе» деген тілегін Хақ тағала берген жоқ па? Міне, Жаратушының құдыреті!
1928 жылы соңғы рет Мәуліт мерекесін өткізеді. Мұнда әуелі намаз оқылып, кейін ұлттық ойындар – бәйге, жаяу жарыс, оның ішінде әйелдер мен балалар жарысы, көкпар тартылады. Ән шырқалып, жұмбақ шешіледі. Мұны маған соғыс және еңбек ардагері Құрмет Танашев айтқан-ды бірде. Ол кісі Құрекеңе құрма ұсынып, бата береді. Батасы қабыл болып, өніп-өскен ағамыз биыл 90 асып, дүниеден қайтты.
Қажының сонау Меккедегі Қағбаның жабуын әкелуі де елеулі оқиға. Бұның діни білгір, имани жолы кәміл жан, біздің Жыржыс бабамызға сый ретінде берілуі тегін емес-ау деген ойға жетелейді.
Қисуаны қажы Оқап атты жолдасына аманаттаған екен. Опанұлы Мейрам бұл қасиетті дүниені 80 жыл сақтап, баба ұрпағы Арыстанға табыстаған. Бірер жыл бұрын аудандық мешітте бұл оқиға ерекше жария болды.
Бірер жыл бұрын оқушым Айтуар екеуіміз Ақжарға, аңшы, әнші Ақтай сері Бейсембекұлы ағамызға бардық. Ол кісі мешіттің, медресенің орнын көрсетті. Ұзындығы 20 метрдей, ені 10 метрдей қасиетті орынның ескі жұрты көзге сонау заманның елесін әкелгендей. Кейін Кеңес Одағы кірпіштерін алып, мектеп салған екен, ғұмыры ұзаққа бармапты.
2000 жылы қажы бабамыздың басына белгі тас қойылып жатқан мезгілде қар аралас алай-түлей боран болады. Алайда, 200 метр маңайда күн күлімдеп, жұмысқа еш кедергі келтірмеген. Мұны куә болғандар айтады. Осынау құлпытаста ардақталған мынадай сөздер жазылыпты:
«Жыржыс қажы Арпынұлы (1845-1929). Қазақ жерінде Ислам дінін алғашқы уағыздаушы құрайшиттер ұрпағының өкілі. Арғы тегі пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ата-бабаларынан тарайды.
ХІХ ғасырдың соңында қасиетті Түркістандағы Қарнақ медресесін тәмамдаған, осы өңірде мұсылманшылықты насихаттаған, алғаш рет мешіт салдырып, медресе ашқан белгілі ағартушы, діни қайраткер.
Жыржыс қажы ұрпақтары», –делінген.
Аудандық мешіт Жыржыс қажы ұрпақтары тарапынан үнемі қамқор-лықта. Аудан имамы Аманбол Мұқаев та ісіне берік азамат.
Жыржыс бабамыздың Алла жо-лындағы ізгілікті істері мұнан да көп болар, біз аз ғана әңгіме айттық сізге, ағайын.

Қалиасқар Шыныбектегі, ұстаз
Ботақара кенті,
Бұқар жырау ауданы,
Қарағанды облысы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button