Басқы бет / Ғақлиат / Ұят – иманнан

Ұят – иманнан

Ойшылдар әдептіліктің не екендігін, әдеп қағидаларының қайдан шыққандығын, бұл қағидаларды қойған бір күштің бар екендігі талқылаған. Кейбірі ахлақтың қоғам тарапынан пайда болатындығын алға тартқан. Себебі, моральдық түсініктердің кейде өзгеріске ұшырауы осы дәлелдің айғағы екендігін білдіруде. Ал кейбір ойшылдар ахлақтың түбірін «ар-ождан» десе, кейбіреулері ақылдың тәжірбие арқылы пайда болғандығын айтуда. Солайша осыған байланысты кейбір ахлақи қағидаларды қоюға тырысқан. Өкінішке орай, бұл қағидалар іске аспай тек теория күйінде кітап беттерінде ғана қалды. Түптеп келгенде, тарихи деректерде дінге негізделмеген әдепке қарағанда діннен өрбіген әдеп жоғары нәтиже берді. Жаратқанға иман келтірген дін өкілдері қоғамның моральдық этикалық тұрғыда өзгеруіне көбірек ықпал ете білді. Ислам әдеп санасының озық тұсы Алла о дүниеде құлдарының істеген іс-әрекетеріне қарай есепке алынатындығы, бұның нәтижесінде біреулерді сыйға бөлеп, кейбіреулерді жазалайтындығы жайында сенім. О дүниелік өмір сенімі сақталмаса діни әдепте болмайды. Діни сенім мен сезім төмендеген  қоғамда адамдардың этикасы төмендейді. Мемлекеттен қойылған заң немесе қатаң шаралар дінсіз бір адамдар немесе қоғамды жаппай тәрбиелей алмайды. Егер мүмкін болғанда жазалау орындарына қажеттілік туындамас еді. Тарихта діни санасы кемелденген қазақ қоғамында абақтылардың болмағаны да белгілі.

Ислам дінінің әдебі Алладан келген діни сенім мен сезімді және Құран мен хадисті негізге ала отырып, соның белгілеген ережелерімен шектеледі. Ахлақ – жеке  тұлға мен қоғамға  әсер етеді.

Адам баласы жаратылыс бойынша менменшіл (эгоист) келеді. Жеке басының қамы үшін өзгелердің ақысын жеуден тайынбайды. Сондықтан әлеуметтік өмірдің бірқалыпты өтуі үшін жеке тұлғалардың шексіз қалауларын тежейтін, менменшілдікті белгілі бір деңгейде ұстайтын рухани құндылыққа өте мұқтаж. Міне осы рухани құндылықтар дін мен ахлақи қағидалардан тұрады. Бұл қағидалар адамға үйретілгеннен кейін, оның жамандық істеуіне кедергі болады.

Ахлақ ілімі адамға дұрыс жолды көрсетеді және осыларды істеуін қалайды. Жаман, сүйкімсіз әрекеттерден тыйып, олардан бойын аулақ ұстауды үгіттейді. Ахлақи тәрбиені алған кісілер адамдар арасында өзгеше болып тұрады. Мына төмендегідей ерекшелікке ие болады:

Ахлақтың бастауы дін болғандықтан ахлақты кісілер діндар, тақуа болады. Мұндай кісілер өз сеніміне берік, құлшылықтарын да кемшіліксіз уақытында орындайды.

Ахлақты кісілерде жауапкершілік сезімі басым болады.

Ахлақты кісі Алладан қорыққандықтан жаманшылық жасамай, керісінше жарлыларға қол ұшын беруге тырысады. Қазақ халқында да мынандай нақыл сөз бекерден бекер айтылмаса керек: «Құдайдан қорыққаннан қорықпа, Құдайдан қорықпағаннан қорық».

Ахлақ адам бойына хақ пен әділеттік сезімін орнықтырады. Біреуге  зұлымдық етуден тыйады.

Ахлақ сүйіспеншіліктің, ынтымақтастықтың, сондай-ақ мейірімділіктің негізгі көзі. Осы сияқты мінез-құлықты адам өзгелерге бауырмашыл, дінге, елге, жерге және отанға жанашыр болады.

Ахлақты, тәрбиелі кісілер жұмысында тиянақты, тірлігін мінсіз таза істеуді, ұрлық-қарлықтан алыс тұруды мақсат тұтады.

Жалпы адамзаттың өркендеп кемелденуін, бүгінгі мәдениеттің дамуын, ғылыми-этикалық қағидалармен түсіндіруге болады. Қоғамдағы қатынастар реттелмейтін болса, қарым-қатынасы жабайы түрде қалған әлеуметтік ортада қандай ғылым, қандай мәдениет болмақ? Әрине, қоғамның кемелденіп дамуы алдымен ондағы қарым-қатынастардың реттелуіне; қоғам мүшелерінің ынтымақтасуына, бірлікке, нәсілден нәсілге ғылымның дами отыра жеткізілуіне байланысты.

Ислам ахлағы дінге негізделеді

 

Дін ақыл мен сезімдерге де ерекше орын береді. Мұсылмандық ахлақ тұрғысынан ақыл мен сезімдер діни-дүниетанымдық қызметке ие болады. Дін ахлақтың бастауы ретінде адамның ақылына жүгінеді. Адам «жақсы» мен «жаманды» ақылы арқылы біле алғанмен бұл жерде діннің атқаратын қызметі ерекше. Сондықтан да ахлақтың бастауы не болу керек деген мәселені дінге негізделген ахлақтың моральдық-тәрбиелік мәнін қарастыру арқылы ашып көруге болады.

Ахлақтың негіздерін діннен айқындаған ойшылдар мен теологтар аз болмаған. Бастауларына қарай ахлақтық нормалардың сапасы да өзгереді.

Дін адам өмірімен қатар келе жатқан ең көне қоғамдық форма болғандықтан, өз мазмұнында ахлақты да қамтиды. Ахлақ діннің ең басты мәселелерінен болса керек, өйткені екеуі бір-бірімен өте тығыз байланыста. Бүкіл діндер қоғам арасындағы қатынастарды реттейтін функциялық сипатқа ие. Мұны діндердің қоғамдағы ахлақтық құндылықтарды уағыздауынан-ақ көруге болады. Тіпті діндердің тууының ең негізгі мақсаты да осы болса керек.

Ислам ойшылдарының этикаға қатысты көзқарастары «философиялық этика» тақырыбының аясында қарастырылады. Жалпылама айтқанда әл-Фарабидің шығармаларымен жүйеге түскен Ислам философиясының негізгі тақырыптары, грек философиясынан алынған бірқатар пікірлер мен Ислам сенімінің арасындағы пікірлермен шектесіп жатыр. Дәл осындай жағдай этика ілімінің ішінде де орын алады. Ежелгі грек ойшылдарының этикалық ұғымдармен байланысты түсініктері мен анықтамаларынан әсерленген ислам ойшылдары – Құран мен сүннеттен бастау алатын ислам этикасын грек ойшылдарының түсіндірмелерінен пайдалана отырып, жүйелі түрде анықтама беруге тырысқан. Қолда бар мәліметтерге сүйене отырып, этиканың гректік қайнарларын анықтау мүмкін емес. Дегенмен, грек ойшылдарының этикаға қатысты жазылған шығармаларының бірқатары араб тіліне аударылған. Мұсылман ойшылдары Платонның мемлекетаралық диалогқа қатысты пікірлерін жіті зерттеген. Аристотельдің атақты «Никомах этикасын» Исхақ бин Хунайн он бір бөлімге жіктей отырып, араб тіліне аударған. Ислам ғалымдары этика теориясымен қатысты жақсылық пен жамандықтың Аллахтан болатындығын, оның уахи жолымен «жақсы» деп білдірген нәрселерінің игілік, ал «жаман» деп білдірген нәрселерінің де жаман болғандығын қабылдай отырып, этиканың негізін құрайтын жақсы жаман айырмашылығын анықтауды діни қайнарларға таяндырады.

Адамның этикалық тұлғасы мен ахлақтық іс-әрекеттері және бұл істердің мәні, заңдылықтары мен мақсаты теориялық этиканың басты тақырыптарын құрайды. Мәселен, ата-ананың айтқанын тыңдау этикалық тұрғыдан міндет. Ал осы міндет дегеніміз не? Міндет ұғымының мақсаты не? Этика бізге «жақсылықты жаса, жамандықтан бас тарт» деп насихат етеді. Ал жақсы мен жаман дегеніміз не? Адам  жақсы мен жаманның арасында таңдау жасауға еркі бар ма? Осындай сұрақтар ғылымының теориялық бөлімін құрайтындықтан, Ислам ғалымдары тарапынан да зерттеу нысаны болған.

«Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің пікірінше, адамның көркем мінез танытуының мақсаты «жақсы» тұлға болу. Адамзат баласы ойлану арқылы өзін-өзі тануға, кейін әлемді тануға, осылайша жақсылыққа қол жеткізеді.  Әлемнің жаратылу мақсатын түсіну, бақытты табу деген сөз. Оның пікірінше, білім іздеу мен адамның өзін- өзі іздеуі бір нәрсе. Ал ибн Сина этикаға қатысты пікірлерін, адамның бостандығымен байланыстырып, осы тұрғыдан оны басқа жаратылыстардан ерекшеленетіндігін айтады. Адамды бақыттылыққа – әділдік, шыншылдық, қайсарлық және білімділік секілді қасиеттер жеткізеді. Ибн Сина рационалист философ болғандықтан, ең тура жол- ақылға қонымды болған жол деп түйіндейді. Ал Әбу Хамид әл- Ғазалидің пікірінше, Исламның өзі этикамен қабысып жатыр. Ол пайғамбарлардың жіберілу мақсатын да этикалық үлгі болумен байланыстырады. Хусамеддин Ердемнің айтуынша, Исламның алғашқы ғасырларында ғалымдар Құран мен хадистегі үкімдермен шектелгендіктен, теориялық ахлаққа байланысты көп тоқталмаған. Сонымен қатар Құран Кәрімдегі теориялық этиканың принциптерін құрайтын аяттар соншалықты көп емес, әрі жүйелі түрде орын алмаған.  Керісінше, практикалық этикаға қатысты аяттар өте көп әрі айқын еді. Осыдан-ақ белгілі болғанындай Ислам ғұламалары көпшілік жағдайда, Құран мен сүннетте орын алған этикалық әмірлерге кеңінен тоқталып, ал теориялық этикаға байланысты көп зерттеу жүргізбеген.

Мұхаммед Абдуллаһ Драздың пікірінше, Құран Кәрімде теориялық этикаға қатысты аяттар, практикалық әмірлерге қарағанда көп емес. «Құран философиялық шығарма емес. Философиялық туынды болмағандықтан, философиялық әдіс құралдардан пайдаланылмаған. Онымен қоса, ол философтардың дидактикалық әдістерін де басшылыққа алмайды. Олардың пікірталас тудырмайтын, бірақ рухтың тек бір жанын, ақли бөліміне қатысты түсіндіру әдісінің орнына, Құран өзіне тән дербес әдісін қояды. Рухқа бағыттала отырып, ақыл мен жүректің теңдей үлесі болған кәміл «қоректі» қамтамасыз етеді.

Құран Кәрім әрдайым нұрлы ақылға назар аударып, тұлғаны әрдайым ой жүгіртуге және ақылға салуға шақырып, ұсынған принциптерін дәлелдейді.  Мәселен, Құранда «парыз» әмірі қандай негізге сүйенеді деген сұрақты сұрағанымызда, Ол бізге жақсы мен жаман айырмашылығының жаратушы тарапынан әмір келместен бұрын-ақ адамзат баласының рухына таңбаланған «ішкі уахи» болғандығын айтады. Кейін Құран Кәрімнен бұл ережелердің ерекшеліктерін және күшінің аумағын сұрағанымызда, Ол: «Адамзаттың шариғатқа қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, бірақ оның ерікті тілектерін ескеретін, жалпыға ортақ, мәңгі өлмес заңы болғандығын» айтады. Драз бұл сөздері арқылы Құран Кәрім этика саласында практикалық құндылықтарға көп тоқталғанымен, теориялық тұрғыдан да ережелер мен қағидаттарға орын бергендігін білдірген.

Ислам дінінде әр адам жақсы және жаман әрекеттерінің себебінен Алла тарапынан жауапқа тартылады делінеді. Құран Кәрімде: «Әркімнің істегені өзіне тән. Біреудің күнәсін біреу көтермейді» [1, 6/164],– делінген. Сондай-ақ Ислам дінінде тілмен айтылған сенім, жүрекпен бекітілуі шарт. Яғни, өзі, сөзі мен іс-әрекеті бір жерден шығуы керек.  Сондай-ақ «әр туылған адам кәміл табиғатпен дүниеге келеді»,– деген түсінік үстемдік етеді. Осы тұрғыдан алғанда, адамдар имандары мен амалдарынан өз деңгейіне сай сұраққа тартылады. Дегенмен Құранда: «Дінде зорлық жоқ. Расында туралық азғындықтан ажыратылды» [1, 2/56]  делінген. Яғни адамдар өз ақылымен, ерік-қалау еркіндігімен таңдау жасайды.

Ислам дінінде Құран Кәрімнің білдірген әмір-тыйымдарымен қатар, Мұхаммед Пайғамбардың да сөздері маңызды қайнарлардың бірі. Себебі Пайғамбарымыз:«Мен көркем мінез-құлықты кемеліне келтіру үшін жіберілдім»,– деген. Хазіреті Мұхаммед Пайғамбардың этикаға қатысты: «Жақсылықты жасауға шақырған адам, оны жасағанмен бірдей», «Адамдардан ұялмаған, Алладан да ұялмайды», «Сендердің ең жақсыларың, мінез-құлықы жақсы болғандарың», «Қиямет күнінде мүміннің таразысында, көркем ахлақтан ауыр басатын амал болмайды», «Алла жаман сөздерді айтатын адамды жақсы көрмейді» және «Ұят – иманнан»  деген секілді бірқатар сөздерінен келтіріп өтсек жеткілікті [24,51б.]. Осы сөздерден-ақ белгілі болғанындай Исламның этика түсінігі, басқа этикалық түсініктерді де қамтумен қатар, оларды толықтырады да.

Қорыта айтқанда, Ислам ғұламаларының көпшілігі дін мен этика арасында тығыз байланыстың болғандығын айтып, барлығының адамзаттың дінге деген мұқтаждығын ерекше басып айтады.

Қуаныш Тоқсанбайұлы, дінтанушы

 

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Сабыр мен байсалдылық

Пайғамбарымыздан қысқа да нұсқа жауаптар Бұл хадис Халид б.Уалидтен риуаят етілуде. Ол Хазреті Пайғамбарға  (с.а.с.) …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған