Білген Шайыр айтады

Жүсіпбекқожаның қыз-Шөкеймен айтысқаны

 Шайқысламұлы Жүсіпбек, Жүсіпбек қожа (1857, Отырар ауданы Қожатоғай мекені – 1937, Шыңжан өлкесі, Ілек Қазақ автономиялы облысы Текес ауданы Шиеліөзек ауылы) – ақын, аудармашы, қазақ ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы, насихаттаушы, жыршы. Ауыл молдасынан оқып, кейін медреседе білімін жетілдірген. Араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін толық меңгерген. Оқуын аяқтаған соң ақындық, серілік жолға түсіп, ел аралайды. Сыр сүлейлері мен Қаратау шайырларымен, Сарыарқа мен Жетісу ақын-жырауларымен жүздеседі. Олардың шығармаларын жазып алып, ел ішінде насихаттаған. Шығыс тілдеріне жетік ақын олардың классикалық әдебиетін, фольклорлық туындыларын оқыған. Фирдоуси, Хафиз, Жәми, Физули,  Науаи жырларымен жете танысқан. Ол XІX ғасырдың 90-жылдарынан бастап Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Ташкент баспаханаларында қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларын, Шығыс сюжетіндегі қисса-дастандарды бастыру ісін қолға алады. «Қыз Жібек» (1900, 1903, 1905, 1908, 1909, 1910, 1911), «Айман-Шолпан» (1896, 1901, 1913, 1916), «Сара қыз бен Біржан салдың айтысы» (1898, 1900, 1901, 1902, 1907), «Алпамыс» (1899), «Кенесары-Наурызбай» (1903), т.б. ұлттық фольклордың асыл мұралары мен «Сал-Сал», «Зарқұм», «Жүсіп-Зылиха», «Мұңлық-Зарлық», «Шәкір-Шәкірат», т.б. шығыс сюжетіндегі хисса-хикаяттар Жүсіпбектің бастыруымен алғаш рет жарыққа шықты. «Мың бір түн», «кербаланың шөлі», «Тотының тоқсан тарауы», «Дариға қыз», «Қасым Жомарт», т.б. аңыздардың мазмұнын өз бетінше жырлады. Жүсіпбек хисса-дастандар жазумен қатар айтыстарға да қатысқан. Оның Шөкей (Уәзипа) қызбен, Жалайыр Бақтыбаймен айтысқаны белгілі. Алғашқы айтыстары жеке жинақ ретінде басылып (1897, 1910), кейін «Айтыс» томдарына (1964, 1965, 1988) енгізілді. Жүсіпбек 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысып, кейін жеңіліс тапқан халықпен Қытай еліне қоныс аударуға мәжбүр болады. Сол өлкеде тұрақтап қалып, бала оқытумен, емшілікпен шұғылданады. Өмірі мен шығарм. туралы «Қазақ совет энциклопедиясы» (4-т., 1974), «Ақын-жыраулар» (1979), «Үш үзік» (1993), «XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (1994) жинақтарында жазылды. Ақынның төл туындылары мен басылым көрген хисса-дастандарының қолжазбалары Қазақстан ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасының сирек қоры (ОҒҚ, 170 д. 546, 570-бумалар) мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба орталығында (Ә-И, 901, 121-бумалар) сақталған.[1]

Жүсіпбекқожаның қыз-Шөкеймен айтысқаны

Бастаймын әуелі сөз Құдайым деп,

Құдай демей не деймін күнәйім көп.

Ақ сұр атты жылқыдан ұстап міндім,

Нағашы жұрттарымды көрейін деп.

 

Жолға түсіп Алла деп жүріп кеттім,

Арада неше қабат таудан өттім.

Түскен елдің бәріне сауық қылып,

Бес қонып, алтыншы күн зорға жеттім.

 

Танысып, араладым нағашымды,

Көрмеп едім ол жұрттан мен һеш кімді.

«Жаңа келген жиен» деп, әуес қылып,

Өлеңменен өткіздім күндіз-түні.

 

Һәр қайыссы шақырады дамыл бермей,

Күн-түні өлең айттым ұйқы көрмей.

Мен де бір күн қонаққа шақырамын,

Дегеннің көбіне жүр кезек келмей.

 

Бір ай жаттым сауықпенен ойнап-күліп,

Бозбаллар қасымда жүр жиылып.

Нағашымнан ауылы түстік жерде,

Той қылды біреу қызының байы келіп.

 

Тойға жүрді жиылып жанның бәрі,

Мағанда жүр деп келді жақсылары.

Ел сонда Шөкей қызды аңыз қылды,

«Жоқ боп жүр» деп айтысар оның пары.

 

Уәзипа қыз атанған Шөкей молда,

«Айтысармыз» деседі барсаң онда.

«Айтысатын қыз болс,а баралық» деп,

Біз тағы атқа мініп жүрдік сонда.

 

Маған бір ерттеп берді жорға керді,

Отыз шамалы жігіттер қасыма ерді.

«Әлі өзін һеш адам жеңген жоқ» деп,

Шөкей қызды шуласып мақтай берді.

 

Ерте жүріп сәскеде тойға келдік,

Құранды ер мінгендері және желдік.

Нағашыларым мақтанып шуласады:

«Ақын жиенді тойыңа алып келдік».

 

Ат шаптырып, тойында көкбар тартты,

Түйе тігіп бәйгеге ат шаптырды.

Сол арада «жиеннен үлкен жоқ» деп,

Қожаекеңе ап келіп, той бастатты.

 

Той бастап ем, үстіме шапан жапты,

Құдайым ашты сөйтіп біздің бақты.

«Жиеннен әңгіме, сөз тыңдаймыз» деп,

Мен білмеймін, бір үйді қызылдапты.

 

Сол үйге ертіп келді мені бәрі,

Жеті қабат отырды жас пен кәрі.

«Бір әңгіме сөйлегін, жиенжан» деп,

Һамыраны ұнатты баршалары.

 

Сөйледім ер Һамыра қорлығын-ай,

Келген адам қалған жоқ құлақ салмай.

«Шөкей қашан келед» деп шыдамады,

Ұрғашы-еркек, кәрі-жас дамыл алмай.

 

Бақ берген һәр пендеге Жаппар Құдай,

Ел шулады «Шөкей» деп шыдай алмай.

«Молда Шөкей келді» деп шуылдасты,

Біз отырған үйден кеп есік ашты.

Үлкен-кіші тұра кеп орын берді,

Шөкей қыз үйге кіріп, амандасты.

 

Бес қызбен Шөкей келіп төрге отырды,

Қожаекең де сол үйде бірге отырды.

Аққудай боп таранып отыра қалып,

Бұрылмастан өзімнен жауап сұрады.

 

Әлқисса, қыздың шын аты Уәзипа екен. Өзі сүйегі кішкене шөкейдей болған соң «Шөкей» қойыпты. Өзі молда екен, сонда жиырма төрт жаста екен, тізесін бүгер-бүкпестен маған тиісе қоя берді, бір қызды қасына қосып алып.

Сауал – қыз:

Орыстың бір қаласы Байқалашын,

Шыршықтай жылда-жылда айналасың.

Отырсың домбыра алып жалғыз қақсап,

Сұраймын руыңды, қай баласың?

Жауап – Жүсіпбек:

Шайхислам – әкем аты, мен – Жүсіпбек,

Осы елге іздеп келдім нағашым деп.

Пайғамбардың әулеті,  нәсілім – қожа,

Жүруші ем жаман қызды баса көктеп.

 

Қарабтың ауылым қонған бұлағына,

Жарасқан атлас қию тымағыма.

Жарандар, құлақ салып тыңдай қалғын,

Аз сөйлесіп алайын шырағыма.

 

Қарабтың ауылым қонған алқымына,

Алқымның бие байлар салқынына.

Өлеңді өзге жігіт, қоя тұршы,

Амандасып алайын жарқыныма.

 

Басы екен өлеңімнің алдайынан,

Кім шығар түнде жүрсең маңлайыңнан?

Сәдратул муктаһиінің ағашындай,

Бейіштің жаратылдың қандайынан?

 

Көрінер сыртың сұлу сал қамыстай,

Хақ дидарың көргеннен мейірім түсті-ай.

Кәһқанның жүніндей түрленесің,

Қақ тауының үстіндегі жанар құстай.

 

Басы екен өлеңімнің асылым-ай,

Асыл хатқа жарасқан жасылым-ай!

Қарасам сипатыңа Сейфулмәлік,

Ұқсайсың ғұмараңа нәсілің-ай.

 

Болғанда көзің – кәуһар, тісің – дүрет,

Бұл жүрген адам сізден қылмас үміт.

Дүниеге сіз сипатты пенде келмес,

Келмесе бейіштегі хордан туып.

Жаһанда іздеп жүріп жан таппадым,

Сізді мен бағаламан тірі жанға.

 

Он қолың ақ жамбының күмісіндей,

Лебізің шын жұпардың иісіндей.

Есіктен жарық-жұрық етіп қайдан келдің?

Хор қызының бейіштегі жүрісіндей.

Шөкей қыз:

Болғанда шашым – алтын, мойынымыз

Ұжымақтағы жылы судай, қойынымыз

Бейіштегі бар-жоқты біле алмаймын,

Ұқсайды нұр жігітке порымыңыз.

 

Кигенім – ішік түлкі, жекей тымақ,

Аман жүр қайда жүрсең, біздің шырақ.

Сырты ұзын, бауры жазық, алтын боғақ,

Әлпетің бұ жаһаннан артықырақ.

 

Басы екен өлеңімнің бағалы еркеш,

Бағасы тірі жанның сізге жетпес.

Үстінде қыл қарадан асыл пешпент,

Бір кезін Қызылжарда атқа бермес.

 

Болғанда алтын шәшің, күміс кірпік,

Тұрады жаман қыздан денем үркіп.

Қалтаңда жүз теңгелік иіс майың,

Жіберші сауап болсын бермен бүркіп.

 

Інжуден тісің – лағлан меруеттей,

Мен болдым бес жасымнан ғашық дерттей.

Неше жыл ғашық болып, жаңа жеттік,

Кешегі Даудаұғылы Жүсіпбектей.

 

Сары алтын екі қолда он саусағың,

Інжуден тесік мерует, гәуһар – жағың.

Нәсілің жаратылған от періден,

Көрген жан күндей балқып, түсер сағым.

 

Кірпіштен үй салдырдым күміс әйнек,

Басы алтын, түбі күміс кәуһар терек.

Кілтіндей ақ сандықтың үш бұралып,

Біздермен ойнап-күліп жүрсең керек.

 

Болғанда балдан тілің, маржан тісің,

Аузыңда жүз теңгелік айтқан сөзің.

Көп айлар, көрмегелі көп жыл болды,

Қандай жайда кез болдың гәуһар көзім.

 

Мінгенім дәйім менің ал қаракөк,

Жылқымның көбі қылан, көбі сүрек.

Өлеңді құр мақтаған кім айтпайды,

Басқа сөз бір Құдайдан неге керек.

 

Көнбедің олай айтсам бұлайымды,

Ғарып болсаң жетпеген жұбайыңды.

Хақ сөзі, пайғамбардың шариғатты,

Айта ғой өзің бастап Құдайыңды?!

 

Әлқисса, қыз жауап сұрап,  Қожаның жауап бергені:

Қыз:

Бұ сөзді шын айтасыз, Қожа бала,

Қарасам нәсілің жақсы, өзің дана.

Болғанда ғылым – дәрия, ғақыл – теңіз,

Білмесек мұны біздер, адам неміз.

Құдайым нұрды бұрын жаратты деп,

Молдадан дәріс айтқан естігеміз.

 

Жаратқан бәрімізді Құдай дейін,

Жеңілсем сізге қайтып сөйлемейін.

Анық қожа екеніңді білейін мен,

Құдайым не жаратты нұрдан кейін.

Жүсіпбек:

Мұхаммедтің нұрынан мың жылдан соң,

Барапар жаратыпты «каф» пен «нонды».

Қыз:

Құдайым баз пендеге дәулет берген,

Кейбіреу өлгенінше бейнет көрген.

Сұрайын және бір сөз, тақсыр, сізден,

Кім адамзатта бұрын өлген?

Жүсіпбек:

Әңгімем айта берсем толып жатыр,

Лебізің шырын, шекер, балдай татыр.

Адамзатта әуелі бұрын өлген –

Адам ата перзенті Ғабыл батыр.

Қыз:

Мекеге халің келсе, қылғын тәуап,

Болады ақыретте жанға сауап.

Көсілген көмекейің ақын болсаң,

Дүние де неше жұп бар, берші жауап?

Жүсіпбек:

Өзің де жұп біреумен осы күнде,

Бір Құдайдан басқаның бәрі де жұп.

Қыз:

Айтысып сырын алдым талай елдің,

Солардың бәрінен де дана келдің.

Анық қожа болсаңыз, жете оқыған,

Кіліті не болады аспан-жердің?

 

Жүсіпбек:

Тоймайды ішсем қарным қант пен шайға,

Мұсылман пенде кірер бейіш жайға.

Бейақыл сен білмесең, мен айтайын,

Аспан-жердің кіліті кәлима тәйба.

Қыз:

Дүниеде төрт пайғамбар тірі кеткен,

Солардың біреуінен біреу өткен.

Аттарын төртеуінің айтып берші,

Әбден-ақ молда болсаң, оқып жеткен?

Жүсіпбек:

Пайғамбар Ідіріс, Ғайса көкке шыққан,

Шаһизинда күрескеннің бәрін жыққан.

Қыдырып Қыдыр Иляс осы елде жүр,

Байларды күзетіп жүр ескі құтпен.

Қыз:

Сөзімді қор қылмаймын әлде кімге,

Құмар ем айтыспаққа мен де сізге.

Айтып бер ақын болсаң, әй, қожеке,

Дүнияны жаратыпты неше күнде?

Жүсіпбек:

Құдайым барша жанды жаратыпты,

Баршасын Қадір атымен таратыпты.

Ғаламды он сегіз мың патша Құдай,

Асықпай алты күнде жаратыпты.

Қыз:

Мінемін ел көшкенде көк биені,

Шұбалтып жетелеймін көп түйені.

Ғаламды алты күнде жаратқанда,

Бастаған әуел қай күн бұ дүниені?

Жүсіпбек:

Төскейде түлкі кіргіш болады ін,

Құдайда ғайып қате, болмайды мін.

Ғаламды патша Құдай жаратқанда,

Бастаған бұ дүниені жексенбі күн.

Қыз:

Баласы арғымақтың айда болар,

Жаныңа он екі иман пайда болар.

Көсілген көмекейің ақын болсаң,

Тұрағы бір Алланың қайда болар?

Жүсіпбек:

Бар Құдай төменде емес төбемде-мыс,

Бітеді нұр бейішке түрлі жеміс.

Мекенін бір Алланың кім біледі,

Жігіттің Алла деген көңілінде-мыс.

Қыз:

Ауылымның ақсақалы бұлғақ Бұлан,

Күн көрер аяғы жоқ қайтып жылан?

Көсілген көмекейің ақын болсаң,

Түсіпті аспан көктен неше қыран?

 

Жүсіпбек:

Ауылыңның ақсақалы бұлғақ Бұлан,

Күн көрер аяғы жоқ қайтып жылан?

Бей ақыл сен білмесең мен айтайын,

Түсіпті аспан көктен жүз төрт қыран.

Қыз:

Болмайды бұрынғыдай дүние жалған,

Құдайға қылсаң дуға елің аман.

Бір жұлдыз ай астынан жылыстаған,

Ат тумас бәйгі көктей құныстаған.

Көсілген көмекейің ақын болсаң,

Фарқанды мұсылманнан кім ұстаған?

Жүсіпбек.

Ғали мен Пәтиманы Құдай қосқан,

Не демес аңылып жүрген адам дұшпан.

Төрт жарың Құдай сүйген тақсыр ғұмыр,

Ұстаған хақ Пайғамбар қазірет Оспан.

Қыз:

Сары ағаш қиған сайын құм болады,

Замана жылдан-жылға сұм болады.

Көрінген мұнан былай айғыр жалы,

Салауат өткен іске қайғырмалы.

 

Қол жайып қожа оқыр ақ батасын,

Пенденің кешер Алла көп қатесін.

Пендеге уәжіп екен соны білмек,

Айтып бер Пайғамбардың төрт атасын?

Жүсіпбек.

Ішінде нұн менен ғаптиектің бұдалай каф,

Бай адам Меке барып қылар тәуап.

Ғабитолла, Ғабдұлмәтлип, Ғабдұлғашим,

Болады ең арғысы ғабдұманап.

Қыз:

Қоймайды түлкі таудан қызыл қума,

Түседі жыл болғанда қыратыма.

Көсілген көмекейің ақын болсаң,

Келеді он екі айда неше жұма?

Жүсіпбек:

Сүлеймен су аяғы құрдым теңіз,

Жігіттер қартайсаңыз Алла деңіз.

Бей ақыл сен білмесең мен айтайын,

Келеді он екі айда қырық сегіз.

Қыз:

Намазды бір күндерде бес оқисыз,

Бесінді ерте, құтпанды  кеш оқисыз.

Көсілген көмекейің ақын болсаң,

Намазды он екі айда неше оқисыз?

Жүсіпбек:

Болмайды былтырғыдай биылғы күз,

Уәзипа жеңе алмайсың күдеріңді үз.

Бей ақыл сен білмесең мен айтайын,

Оқимыз он екі айда мың сегіз жүз.

Қыз:

Басы екен өлеңімнің Зымыстаннан,

Бір құс бар Зымыстаннан жылыстаған.

Сексен тілді, сексен сипат бір құс дейді,

Сол құсты Зысыстанда кім ұстаған?

Жүсіпбек.

Атыңның бос қиналар арам тері,

Жігіттің жөн сөйлемес арам пейілі.

Сексен түрлі сипатпен Мұхаммедке,

Елшілікке келетін Жәбірейлі.

Қыз:

Құдайым әуел бұрын нұр жаратқан,

Түбінде нұр дәрияның мың жыл жатқан.

Мың жылдай бисмилла жатты «пыс-пыс» деп,

Сол «пыс-пыс» жоғалған күні не жаратқан?

Жүсіпбек.

Құдайым әуел бұрын нұр жаратқан,

Түбінде нұр дәрияның мың жыл жатқан.

Мың жылдай бисмилла жатты «пыс-пыс» деп,

Бисмилла жаратылған күні ай менен күн жаратқан.

Қыз:

Торғауыт төмен кеткен ел болады,

Көрінсе айдын шалқар көл болады.

Көсілген көмекейің ақын болсаң,

Жандының ең үлкені не болады?

Жүсіпбек.

Арғы жер мұнан былай сыр мен Құдан,

Жанды да балық үлкен, қамыс жуан.

Қанжауыр бетегелі мақал болмақ,

Малға жай айналасы Сары судан.

Қыз:

Қу бала домбыра алып тойға келдің,

Жылмаңдап өтірік қана неге келдің?

Жап-жас қана басыңнан қуараңдап,

Балықтың үлкендігін қайдан білдің?

Жүсіпбек.

Лұқпан бізден бұрын хакім өткен,

Сүйегін пайғамбардың нұрдан еткен.

Балықтың үлкендігін естуші едім,

Көкершін бір балықтың құйрығынан –

Ортасына үш жыл ұшып әзер жеткен.

Қыз:

Қу бала домбыра алып үйге кірдің,

Жылмаңдап үйге кіріп неге келдің?

Жап-жас қана басыңнан қуараңдап,

Қамыстың жуандығын қайдан білдің?

Жүсіпбек.

Лұқпан бізден бұрын хәкім өткен,

Сүйегін пайғамбардың Құдайым нұрдан еткен.

Қамыстың жуандығын естуші едім,

Рулы ел қуысынан көшіп өткен.

Жалғыз өзің білген білген соң һеш адамға,

Білдірмейін деп пе едің кері кеткен?!

Әлқисса, сонда ол қыздың өзі жиырма төрт жаста еді, менен үш жас үлкен еді. менің «кері кеткен» дегеніме елінің жақсы адамдары айтты: «олай айтып жанға тиып сөйлемеңдер, жамандасып кетерсіздер, жақсы сөзден айырылмаңдар, осы ел екеуіңнің сөздеріңізді тыңдап отырмыз» – дейді. Енді қыздың жауабы:

Қыз:

Қырық кез оқ қарағай садақ, сарыжалық,

Қол аттанса қолына салар салық.

Көсілген көмекейің ақын болсаң,

Бар екен су біткенде қанша балық?

Жүсіпбек:

Қолында молдалардың Құран кітап,

Су құрыса қалады балық жұтап.

Бей ақыл сен білмесең мен айтайын,

Бар дейді суда балық он екі тап.

Қыз:

Қырық кез оқ қарағай садақ, сарыжалық,

Қол аттанса қолына салар салық.

Бұл сөзді тіпті өтірік айта салдың,

Он екі тап балығың қайсы балық?

Әлқисса, сонда мен қызға – олай десең санап тұрыңыз, балықтарды айтып берейін – деп, – аты қай балық, түгендеп, балықтардың есімдерін айта бердім. Қыз һам жамағаттар тыңдады.

Жүсіпбек:

Қырық кез оқ қарағай садақ, сарыжалық,

Қол аттанса қолына салар салық.

Бей ақыл сен білмесең тыңдап тұрғын,

Балықтың үлкені дүр наһан балық.

 

Үлкені ішінде жайын екен,

Ер жігіттің бір жұрты қайын екен.

Қылмысы бұ жалғанда жаққан адам,

Алдына сегіз ұжымақ дайын екен.

 

Онан соңғы біреуі лақа балық,

Басында айыры бар сақа балық.

Еншіні балық, бақа үлескенде,

Көлді таңдап алыпты бақа барып.

 

Онан соңғы біреуі құртқа балық,

Шапқыласам жетеді жұртқа балық.

Балықтың еті тәтті, сорпасы ыстық,

Аузың күйіп қалмасын ұрттап алып.

 

Онан соңғы біреуі бүрге болар,

Балық тілі бақамен бірге болар.

Ендігінің қыздары бәрі молда,

Бұл ұжымақ алақандай кімге болар?

 

Онан соңғы біреуі сазан балық,

Кесіп-кесіп саламын қазанға алып.

Санап беріп балықты құтылайын,

Айтпасам қоймассың мазамды алып.

 

Онан соңғы біреуі қара балық,

Ғақылы жұрттан асқан дана балық.

Судан алып балықты мен тастайын,

Арқалап бар үйіңе санап алып.

 

Онан соңғы біреуі шортан балық,

Түйелі бай қонады сортаңды алып.

Алпыс айдар, қырық жеті айдап беріп,

Ақ төсіңнің үстінде жортаңдалық.

 

Онан соңғы біреуі табан балық,

Қамшыласам жүрмейді шабан балық.

Бауырына қарасам аяғы жоқ,

Біз қайтып жануарды жамандалық.

 

Онан соңғы біреуі ақ қайранды,

Қара су жылқы түскен шыр айналды.

Ғазезіл жан алғышы келсе жетіп,

Көкірек сайрап тұрғанда тіл байланды.

 

Біреуі онан соңғы ит балықты,

Ит балық болғанына жұрт қанықты.

Топан су жер үстінен тартылғанда,

Жыбырлап жер жүзінде құрт қалыпты.

 

Балықтың ең кішісі шабақ екен,

Жылқыны тел өсірген жабағы екен.

Бей ақыл сен білмесең мен айтайын,

Ұшқан құс, жүгірген аң тымақ екен.

Әлқисса, «енді қызға балықтарыңыз бітті» дедім. Сонда қыздың жауабы:

Қыз:

Басы екен өлеңімнің ақтайында,

Азырақ тақсыр сізді мақтайында.

Көсілген көмекейің ақын болсаң,

Бейіштің кім тұрады тақтайында?

Жүсіпбек:

Басы екен өлеңімнің ақтайында,

Азырақ тақсыр сізді мақтайында.

Бей ақыл сен білмесең мен айтайын,

Иманды пенде тұрар бейіштің тақтайында.

Қыз:

Байқадым бала екенсіз ақылың бар,

Бел шешіп сыр айтпайды ақылы тар.

Бұрынғы уақтыларда өтіп кеткен,

Жәмиғы нешеу екен Пайғамбарлар?

Жүсіпбек.

Сұрадың Пайғамбардың санын бізден,

Кім екен соның бәрін хатқа тізген?

Пайғамбар жүз жиырма төрт мың деп айтады,

Кезек бер мен сұраймын енді сізден.

Қыз:

Ішінде ғаптиектің жұм болады,

Замана жылда-жылға сұм болады.

Болайын әбден сұрап тақсыр Қожа,

Солардың ең пазылы кім болады?

Жүсіпбек:

Солардың ең пазылы Мұхаммедім,

Жасында анасы өліп қалды жетім.

Адам, Нұқ, Ибраһимді онан соңғы,

Солардың шәриғатынан бар-ды үмітім.

Қыз:

Әуелде біреу жалғыз, екеуі егіз,

Көзде жоқ, көкіректе нәрсе сегіз.

Һәр жерде һар қайссының бір орны бар,

Бір нәрсе сырты арық, іші семіз.

Һеш адам бұ сөзімді тапқан емес,

Ақылы мұны тапқан ұшан-теңіз.

Жүсіпбек:

Біреу жалғыз дегенің Жаппар Құдай,

Екеу егіз дегенің күн менен ай.

Сырты арық, іші семіз дегеніңіз,

Болмасын хақ шәриғат ғаламнан-ай.

Көзде жоқ көкіректе сегіз болса,

Сегіз ұжымақ болмасын жәннат сарай.

 

Атыңды жеке-жеке бастырмала,

Табыныңнан өнеріңді астармала.

Адамбыз ат қосақта тоқымаған,

Сұрама бізден сауал тақсыр молда?

 

Бәйгі аты көп жүгірсе болады тер,

Терлеген ат еңбегін қылмағын шер.

Көп жамиғат көзінше айтысып ек,

Ақын қыз жеңілсеңіз бәйгемді бер.

Қыз:

Өлеңге шыға салдың жүйрік аттай,

Сұрауға тұр ма едің бұрын батпай.

Бір сөзді бәйге деген айтып салдың,

Сөзіңе мен қалдым ба жауап таппай.

Жүсіпбек:

Жарайды жауап берсең біз разы,

Болғанда таңда маһшар Тәңірім қазы.

Сен өзің қай діндесің берші жауап,

Ғылымның мағұлым болсын көбі-азы?

Қыз:

Мен өзім дін ислам мұсылманмын,

Жасымнан хаққа мойын ұсынғанмын.

Сұрай бер тағы-тағы сауалыңды,

Айтысып һәр кімменен ысылғанмын.

Жүсіпбек:

Мылтықтың оқ шығады дәрісіне,

Құданың пенде көнер һәр ісіне.

Мұсылман екеніңді білелік біз,

Ислам деген сөздің мәнісі не?

Қыз:

Біз сіздің ғылымыңды күндемеспіз,

Жеңілсек тақсыр сізге үндемеспіз.

Не сөз деп ислам деген қинамаңыз,

Біз сіздей мағына оқыған молда емеспіз.

Жүсіпбек:

Қырық кез оқ қарағай садақ, бар белімде,

Мендей ақын бар ма еді өз еліңде.

Төрт бұлақ көзден ағып жатыр,

Ішінде жетпіс ақ су, қырық қара су,

Ақын болсаң мұны тап қапелімде.

Қыз:

Болдым да көкірек ауру күле алмадым,

Жөн басып аяғымды жүре алмады.

Өзің айтта, өзіңіз шешіп бергін,

Мағанасын сөздеріңнің біле алмады.

Жүсіпбек:

Біз сізге білмесеңіз біл демеспіз,

Біз сізді білмеді деп тілдемеспіз.

Алдымнан ат бастатқан тоғыз жүргіз,

Бәйгені онан артық бер демеспіз.

Қыз:

Қожаеке-ау, мініп келдің дөненіңді,

Көрсеттің біздің елге өнеріңді.

Бәйгі болса аларсыз асықпаңыз,

Жұмбақты қой өзің айтқын өленіңді.

Жүсіпбек:

Бір ноғай сіздің үйде жаздай жатқан,

Ауылыңда жаздай жатып мата сатқан.

Жұмбақты пысықсынып айтып едің,

Жұмбақтан қаштың ба енді құдай атқан.

Қыз:

Өлеңге сен жеттік па, мен жеттік па,

Қайырлы бай қарасар кем-кетікке.

Мақтанбағын тақсырым асықпай тұр,

Екі аяғың тығайын бір етікке.

Жүсіпбек:

Құдайым бай боларсың мұндай берсе,

Құмнан да етік болар ымдай берсе.

Екі аяғым сияды бір етікке,

Басын су ғып балтырын дымдай берсе.

Қыз:

Қонғаны ауылымның Қызыл шілік,

Жас басыңнан нетесің қызға ұмтылып.

Басына шыт тартып ап ұялмастан,

Әпкесіндей кісіден дәме қылған жиен шірік.

Жүсіпбек:

Қонғаны ауылыңның Қызыл шілік,

Жас басымнан нетейін қызға ұмтылып.

Келсе де сексен бойдақ қайтармайтын,

Табыныңнан асып шыққан сен бір жүлік.

Енді ел бізге ұрсып тастады,оларың қалай жамандаспаңдар,- деп.

Қыз:

Қонғаны ауылымның Қызыл шілік,

Салғаным қазаныма жалғыз жілік.

Жілікті екеу ара бөліп желік,

Жүрелік ұзатқанша ойнап-күліп.

Жүсіпбек:

Рас қонғаны ауылыңның қызыл шілік,

Салғаның қазаныңа жалғыз жілік.

Кей қыздар төсім тисе қаюшы еді,

Шешең біліп салмасын бүліншүілік.

Сонда қыз сасқанынан – балалығыңыз бар, ұялмайсыз, ізденіңіз, жанжал болып барады, енді біз бұған қару айтсақ мәніміз болмас – деп, өлең айтпады. Сонда Жүсіпбектің айтқаны:

Өлеңім ағайынды, абысынды,

Қамшымның тасқа тастап сабы сынды.

Баласы сауран көктің ойдақ желке,

Мен саған көрсетейін шабысымды.

Ата-бабам аруағы жар болғанда,

Һеш кімге жібермеймін намысымды.

Жаһанда Шөкейжанға пар келмейді,

Деп естіп ем алыстан дабысыңды.

«Қисық ағаш жатпайды тез басында»,

Түзеттік қисық болса шалысыңды.

О, Алла Тағаллам сөздің тамам болғаны.

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button