Әулиенің бірі  – Өтеген қожа

Қожалардың арғы тегі Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) бастау алады. Бізді пайғамбардың қызы Фатимадан таратады. Өз ата-тегімізден таратсақ, Халауаит қожа, оның баласы Өтеген қожа. Өтегеннен төрт ұл: Қасым, Тұрсын, Данияр, Даданқожа (Сапарүмбет) туады. Өтеген қожа Қараменде (1720-1818)  бимен қатар өскен, халық «әулие» деп атап кеткен қасиетті адам болған. Кіндіктінің  қожалары Дуанши бойын «Шолақ» дейтін қазіргі Тасқын бойларын жайлап, қыста Дересіңді қыстайды екен. Сол қожалардың бұрынғы қыстауындағы жұртының орнына әкелеріміз Садық пен Сыздық үй салған. Ол қазіргі  Кәрі, Есмұраттардың үйлері тұрған жер. Сыздық қожаның үйінің орны үлкен бабаларымыздың жұрты екен. Сол жерде қалаға шығар жолда, қасиетті әулие бабамыз Даданқожа өз ұрпақтарымен жатыр. Бұрын келіндері сол тұстан жаяулап өтетін.

Ал Даданқожа (Сапарүмбет) атына мініп, жер жаңдайын бағдарлап бақылап  келейін дейді де, атын ерттеп мініп, жолға шығып кетеді екен. Ерте кетіп, кеш қайтып отыратын жарықтық бабамыз, сөйтсе, бір бел асқаннан кейін атын тұсап қойып, өзі құс болып ұшып кететін көрінеді. Сонда Дуанши Шолақта  қожалардың жайлаулары бар, соны шолып келеді екен.  Бұл да бір әулиелік қой.

Міне, сол бабамыз жатқан жерді осыдан 20-25 жыл бұрын Иманқожаның баласы Ақайқожаның айтуымен қоршатқан еді. Оны қоршаған Садыққожаның баласы Есмұрат болатын. Әулие бабамыз: «маған қорған соқпаңдар қажеті жоқ» депті. Міне, сол қоршаған қорғанның бұрышы құлап қалды. Енді қожалардың артта қалған ұрпақтары сол қорғанды қайта жаңалап, ескерткіш орнатпақшы. Мұны ұйымдастырушылар Бекмағанбетқожаның баласы Кәрі, Садыққожаның қызы Зияда, Жалмағанбетқожаның баласы Рамазан, Садыққызы Әбілдана, Құсбек баласы Түсіпбек, Әбілмұратұлы Шаймұрат, Ақайқожаның балалары Маралхан, Кәрәлхан, Сеймағанбет қыздары Сақыпжамал, Нұржамал, Есмұратұлы Шахмұрат.

Жаңа жоғарыда айтқандай, ұлы бабамыз Өтегенқожа Қараменде бимен тұстас әрі ауылдас болыпты. Осы Балхаш жағалауын мекендепті.  Ол кезде барынша ұрлық көп болып тұрады екен. Қараменде би ауылында жоқ кезде жылқыларын барымтамен біреулер айдап әкетіпті. Мұны сезген Қаракең еліне келген соң өз жылқыларын қайтадан барымталап айда келе жатады. Арттарынан қуғыншы келіп қалғанын көріп,  Балқаш көлінің жағасына келсе, тоң сөгіліп, мұз түсейін  деп жатыр екен. Жау келіп қалады, енді не істейді?! Не де болса да көлдің үстімен жылқыларын айдайды. Қарамеңде би «О, Өтегенқожа сарт болып кетпесең, қолда!» деп жылқысын айдап өткенде, бірде біреуі суға  кетпей, мұз ойылмай өте шығады. Ал арттағы қуғыншылар өтеміз дегенде  мұз ойылып түсіп кетіп, қуғыншыларыдң біразы суға  кетеді, кетпегені кері қайтады.

Қысылған кезде Өтеген қожаға сыйынған Қарменде би үлкен ала айғырды үйірімен қоса тұсындағы түркімен  кілемді бермекші болады. Ауылға  аман-есен оралғаннан кейін Өтеген қожаға келіп сәлем береді. Сонда Өтегенқожа:»Қарамес, сен мені қиын жерде қинадың-ау. Міне, қарашы, арқама» деп көйлегін көтергенде жарықтықтың арқасында жылқылардың тұяғының таңбасы түсіп қалыпты. Қарменде би Өтеген қожаны сынау үшін «Мен Ақсарбасқа» кіші ала биенің үйірі мен кіші кілемді атадым» депті. Сонда Өтеген қожа: «Жоқ, үлкен ала айғырдың үйірімен қоса қалың кілемді атағансың»-депті. Қараменде би: «Ой, Қожаеке, сізді сынайын деп едім» деп мойындаған екен.

Қараменде би менің нағашыларым. Қазіргі қатарлас ұрпақтары «О, Қожеке, бабамыз сиынған қожасыңдар» деп қол көтереді.

Бір жылы қожалар қыстауларында отырғанда ауылының жәутіктері (кедейлері) Өтеген қожаға келіп: «Қожеке, қыс болса – мынау, қысып кетті, азық болса, таусылуға айналды» дейді. Сонда қожа «Оны ана Қасым мен Тұрсынға айтыңдар» депті. Сонда ол жарықтықтар даладағы киіктерге өздері мініп алып, қалғанын қой сияқты ауылға айдап алып әкеп беріп: «Тек сойып, сүйегін мына жерге төгіңдер ешбір сүйекті мүжімеңдер»-дейді екен. Таңертең ерте киіктерді тірілтіп, өргізіп жіберетін болыпты. Бір күні киіктерді өргізсе, бірі ақсаңдап барады екен. «Қап, ананың жамбасының басын мүжіп қойған екен» депті. Расындада солай. Ал, әкесі Өтеген қожа: «Ей, Қасым, Тұрсын, сендер жазықсыз жануарларды қырып жатырсыңдар, сендерде енді тұқым қалмайды» деп қамыққан екен.

Зияда САДЫҚҚЫЗЫ, «Балқаш өңірі» газеті

Құрметті ағайындар, Өтеген қожа туралы естіген аңыз-әңгімелеріңіз болса, хабарласыңыздар.

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Әулиелі Ақкөл – қасиетті мекен

–  Осы күнгі Ақкөл ауылы әлі күнге Әулиелі Ақкөл деп аталып келеді. Ислам дінін уағыздаған …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған