Білген Шайыр айтады

Мәделі қожа

 

Шежіре-дастан. Тұрсынәлі Айнабеков 1929 жылы туылған екен. Мама шешеміз «жастай әскерге әкетіп қалады» деп 1932 жыл деп жаздырған. Аға 2009 жылы қайтыс болды. Ал келер жылы аяулы ағамыз 90-жасқа келер еді.Қаламынан ұшан теңіз дүние шыққан. «Өлді деуге болама айтыңдаршы, Өшпейтұғын артында ізі қалған-азаматтың бір дастанын жариялап отырмыз. Қазақ хандығы Қалмақтың шабуылынан аса үлкен қасірет шегіп,енді құтылдықпа дегенде осыны аңдып отырған Ресей солтүстіктен баса көктеп кіріп шекаралық қамалдар сала бастады. Оңтүстікті Қазалыдан Жаркентке дейін Қоқан жаулап алды. Ел басына күн тұған шақта басы бірігуге шамасы келмей кеткен халық  ұшы қыйыры жоқ құла даланы билей алмай, бас біріктіре алмай қалды. Ел ішінде Солтүстікте Ресейге, Оңтүстікте Қоқанға қарсылық бір сәтте тынбай әр жерден бұрқ-бұрқ етіп қарсылық жалыны өшпей тұрды.

Бар саналы өмірінің жұмыстан бос уақытын ел тарихын жиюмен, зерттеумен өткізген Тұрсынәлі Айнабеков «Сейіт нама» атты шежіре кітабын жазып бітірген соң  осы кітапты 22-жыл жаздым деп еді. Кітап біткен соң Шымкентте тұратын Әсекеңе (Әсілхан Оспанұлы) бір данасын апарып береді. Кітапты солғындау қабылдаған Әсекең бір апта оқып бітіріп Сарыағашқа өзі келіп «Сен менің шежіре туралы пікірімді түбегейлі өзгертіп жіберді» деген екен. «Хикая-дастан етіп баяндайын»  деп жазған екен Тұрсекең мен шежіре-дастан деп атадым сөге көрмессіздер.

Сейітнама кітабынан алып дайындаған Сейт Омар Саттарұлы

 

Мәделі қожа                            

Тарихтың таңғажайып кезеңі бар,

Арқырап аққан өмір-өзені бар.

Сол өмір-өзені мен өрге жүзген,

Дарынды дара тұлға өз ері бар.

 

«Көкірегі дариядай шалқып» жатқан,

«Қызыл тілі кемедей қалқып” аққан.

Сөйлесе мың кісінің ортасында,

«Тыңдаған қорғасындай балқып аққан“,

 

Ерлер бар дауысы жер жарып өткен,

Жарқырап жұлдыздай ағып өткен.

Ерлердің ел сыйлаған бірі болып,

Жүсіпұлы Мәделі дарын өткен.

 

Батырлық, бақ-дәулеті болған сайлы,

Сөз айтқан азуымен білеп Айды.

Хикая-дастан етіп баяндайын,

Атақты Мәделі батыр – ақын жайлы.

 

Дарынды Мәделі ақын, батыр жайлы,

Деректі көп қалдырған ақын Майлы.

Барғанда көңілін сұрап өлең менен,

Жыр етіп айтып кеткен біраз жайды.

 

Ерлігін, ақындығын Мәделінің,

Жамбыл ата жырлаған жұрттан бұрын.

«Хан мен ақын» дейтұғын әңгімеде,

Сипаттап айтқан біраз жыр мен сырын.

 

Ұлы Мұхтар, Сәбит пен ғалым Ахмет,

Мұрасын Мәделінің еткен құрмет.

Мәделі тану ісін қолына алған,

Ханғали, Әсілхандай ғалымдар тек.

 

Кең ойлы кеңес айтқан топтан оза,

Молда Мұса, Кенен мен Кенжеқожа.

Әр сөзін Мәделінің қастерлеп жұрт,

Қазақтың шешен тілін айткан таза.

 

Мәделінің ерлік пен өнерлерін,

Оқыған жан байқайды өлеңдерін.

Әділдік пен шындықты жырлап өткен,

Әр сөзі өсиетнама кемеңгердің.

 

Жарқабақ, жазық маңдай келген түрі,

Көзі көк, қызыл сары, сүйегі ірі.

Шығыңқы екі беті, келте мұрын,

Аузы-тар, кең алқымның екен бірі.

 

Алып екен арқасы-еңкіш, алды-шалқак,,

Сауыры керсен, бел-құшақ, жауырыны жалпақ

Жерде де, ат үстінде отырғанда,

Таңдана қараған жұрт жалтақ-жалтақ.

 

Он бір жасар Мәделі түйе бағып,

Жүргенде торсық байлап торға салып,

Тұрғанғанбайдай датқаның жігіттері,

Кетеді тор-торсығын тартып алып.

 

«Тұрғанбай бүйте берсе бір шабылар,

Қоңыратым «Алатаулап» бір жабылар.

Тор менен торсығымды қайтармаса,

Қоңыраттан түйесі көп тор табылар».

 

Деп айбатын көрсетіп жігіттерге,

Кезек нәубет келер деп жер мен ерге,

Сәлемін Сіргеліге айтқан екен,

Коңыраттай арқа сүйеп іргелі елге.

 

Тұрғанбай датқа бұдан хабарланған,

Сөзіне жас баланың қайран қалған.

Алып барып бер дейді жігітіне,

Баланың тор-торсығын тартып алған.

 

Қонардың Асқар датқа асын берген,

Қоңырат-дулат жақсысы түгел келген.

Ұлы жиын кезінде Мәделі жас,

Бала екен он үш жасқа жаңа келген.

 

Күтіліп қонақтары қымыз-етпен,

Қатым құран оқылып ізгі ниетпен.

Әңгіме-дүкен құрған ұзақ түнде,

Мәделі жүрген екен қызметпен.

 

Асында атасының Асқар датқа,

Бәйге бар деп келіп едік мініп атқа.

Бабасын Қожалардың сарт деуші еді,

Сарт бәйге бере қоймас жамағатқа».

 

Деген сөзді Мәделі сезіп қалып,

Белеудегі бір атқа міне салып,

Төңірекке жар сала жөнеліпті,

Қонақтар есітсін деп айқай салып:

 

«Таң береді – белгісін,

Ұйқысы келген – мүлгісін.

Бабамыз біздің сарт екен,

Білмейтін қазақ үлгісін.

Ат шабар-ау, ат шабар,

Атыңды шығар бәтшағар»

 

Деп жар салған баланы көріп Асқар,

«Бәйгені деген екен өзің басқар.

Ойламаған жерден сен от шығардың,

Күліп кетіп жүрмесін дос пен қастар”.

 

Деп айтыпты Мәделіге Асқар датқа,

Үлкен бәйге берген дер жамағатқа.

Ел намысын қорғаған ердің сөзі,

Қалтқысыз халық аузында қалған жатта.

 

Құтылсақ деп Қоқанның қысымынан,

Ойы бар хандыққа өзін ұсынудан.

Байзақ датқа Байтерек ат терлетіп,

Келеді ер Жүсіпке хандық құрған.

 

«Қожаеке риза болып даңқыңызға,

Хандыққа ие болған қалпыңызға.

Қуанып құтты болсын айта келдік,

Ағайын үлкен-кіші жалпыңызға.

 

Бұхарға байқатыпсыз ерлігіңді,

Досқа-ылди, дұшпанға-өрлігіңді.

Ойдан – орыс, өр жақтан Қоқан қысып,

Қусырып бара жатыр кеңдігімді.

 

Орыс келсе ойымды тартып алар,

Меркеге, Әулие-ата қолын салар.

Майлыкент, Шымкенттерді иемденіп,

Жетікентті асып Ташкентке қолын салар.

 

Бектері Ташкент келіп ірге тепкен,

Қоқанның қоқаңдауы одан өктем.

Салықтың сан түрлерін шығаруда,

«Қыздан зекет төле» деп шығып шектен.

 

Бұхарайы-шәріпке салып жолды,

Ерлікті көрсеттіңіз бастап қолды.

Хандықтың дәрежесін алдың қолға,

Басқарып алты ата қоңырат елді.

 

Елге еге болуды ойға алып,

Бір барып өзіңіз бен қолқа салып.

Қамқорлыққа алуын өтінбекпіз,

Әмір Хайдар алдынан Бұқар барып.

 

Бұлардың талаптарын көріп мақұл,

Бұхардың оміріне барып батыр,

Байұзақ Байтеректің өтініші,

Өткізген деген сөз бар айтып батыл.

 

Әмірхайдар Жүсіптің үсынысын,

Қабыл етіп көтерді көңіл құшын,

Байтеректе Хан деген атақ алып,

Тындырып қайтқан екен барған ісін.

 

Төсекте-бас, төскейде-малы бірге,

Елміз деп қатар жатқан теуіп ірге.

Мың жылдық құда енді болайық деп,

Байтерек қызын берген Мәделіге.

 

-Қараның ханы Байтерек,

Қарашы болған халқы елеп.

Қалың малсыз қыз беріп,

Қалаған күйеу сіз болып,

Жақсы тілек тілесті –

 

Деп Майлы бостан босқа жырламаған,

Қазақтың тарихы бай жырда қалған.

Байтеректің Еркеайым қызынан туған,

Есімхан, Қожабектей ерлер болған.

 

Кенехан ұлы жүзге келген кезде

Мәделі енді ғана түскен көзге.

Ел қорғайтын ерлердің бірі екен,

Әрі батыр, әрі ақын шебер сөзге.

 

Қоңыратқа күнгейдегі қаратаулық,

Ағыбайдың қолы жасап көріне жаулық,

Сарбазға қажет сойыс бермедің деп,

Кетеді малын айдап барымта ғып.

 

Бұл жағдай жүз берген соң қайталана,

Малынан айырылған жан жай таба ма?

Елінің бас көтерер жігіттері,

Келеді Мәделіге айта нала.

 

Мәделі жігіттерге ойла деген,

Малды алып қайту бізге қайда деген.

Соғысқа машықтанған сарбаз тобын,

Алу мүмкін тек қана айламенен.

 

«Шабуыл жасау бізге пайда деген,

Кешкі ас отырғанда шайға деген.

Тұтқиылдан Кенжехан мен екеуміз,

Шабуылға шығамыз найзаменен.

 

Бір жігіт тулақ сүйреп айдаламен,

Шаңдата шапқыласын айналамен.

Басқалар жайлымдағы жатқан малды,

Қалдырмай елге қарай айда деген.

 

Малды айда бізге қарап болмай алаң,

Таң атып саз бергенше елең-алаң.

Таң атқан соң тұрыңдар дамылдата,

Сендерді өзім іздеп тауып алам”.

 

Деп тапсырма берді де жігіттерге,

Жаратқан жар болсын деп – үміткерге.

Ағыбайдың қосына тура тартты,

Аңысын аңлай қарап шығып белге.

 

Қосынан бір жігітті қасына алып,

Тау қойнауын тасалап жақын барып,

Биіктен Ағыбайдың жатқан тобын,

Жан-жақтан байқап көрді назар салып.

 

Біз топқа бет алғанда ыңғайлана,

Сен шаңдат атой сала шыр айнала.

Көп қосын келді ме деп ойлағандай,

Аңғарту шарт алдамшы сыңай ғана.

 

Ымырт жамыла атой сап ұрандатып,

Шаң-тозаң шыққан кезде тұмандатып.

Мәделі мен Кенжехан тұтқиылдан,

Найза мен кез келгенін кетті аунатып.

 

Тап болып ойламаған шабуылға,

Талайы ес жия алмай сабылуда.

Атқа енді мінемін дегендері,

Найзасына қос батыр қағылуда.

 

Дүниеге кімдер келіп, кім кетпеген,

Тізіп бәрін айтуға тіл жетпеген.

Мәлелі, Кенже ханның бұл ерлігін,

Майлықожа былайша суреттеген.

 

«Ағыбаймен барып ұрыстың,

Бір күн, бір түн сүрістің.

Ертегі қатар ерлігі,

Ондағы еткен жұмыстың.

Қарағай Найзаң қандалып,

Ағыбай састы сандалып.

Сенің жолдас адамың,

Өз саяңда жанға алып.

Ағайынды екеуіңе,

Арғынның қолы алданып.

Талайын жығып құлаттың,

Найзамен тастап аударып

Арман-бермен аралап

Қалың қолды қақ жарып.

Шұбыртпалы Ағыбай,

Әлі аспай қалды дағдырып».

 

Түні менен ұрысып Ағыбайдың,

Сансыратқан көрсетіп қолына айбын

Түс ауа соңдарынан қуып жетті,

Қоңыраттың малды айдаған тобына айқын.

 

Ерлігі Мәделі мен Кенжеханның,

Елінде аңыз болып Кенеханның,

Халипа қарындасы ғашық болып,

Бірі екен қатын үсті тиген жанның.

«Қалың малсыз қасына,

Хандардың қызы ілескен.

Айтыс-тартыс жерлерде,

Тайдырмай табан тірескен.

Хан менен бекке қарсы боп,

Қасарған мойнын иместен.

Түркістан-қамал шаһарін,

Орыстарға берместен –

Қоқаннан қорғап белдескен.

Бұхардан алып ерлікпен,

Батыр басы амалды,

Соңынан лашкер ілескен.

Болыс болып, би болып,

Ұлықтармен тілдескен,

Шариғат заңын қорғаған,

Бөтен жолға жүрместен.

Амалы жетіп «сүдірге»

Әділет деп күн кешкен» —

Деп Майлы ақын жырлаған,

Мәделі менен бірге өскен.

Мың сегіз жүз сексен алты санадағы,

Мәделі салдырған жыл сағананы.

Көңіл сұрай барғанла Мәделіге»,

Берген бұл Майлықожа бағалары.

 

Жақсы сөз Мәделі ақын-батыр жайлы,

Айтқан көп не ғалымдар батыл ойлы.

Тарихи тұлғалардың таңғажайып,

Аңызы да шындыққа жақындайды.

 

Мәделі жайлы айтқан ел ішінде,

Қосылған асыл мұра кенішіне,

Алуан-түрлі ғажайып аңыздар бар,

Арқау болар хикая желісіне.

 

Соның бірі Жамбыл айтқан «Хан мен ақын”,

Әңгімесі шындыққа өте жақын.

Баймұрза деген бегі – Мырзаби-ді,

Ханым сұлу деп айтқан – Айым атын.

 

Бектердің өкілі барып Бөріжарға,

Қажетті тізім жасап қыз бен малға.

Жөн көріп датқа ауылынан бастағанды,

Айымды келсін депті салып алға.

 

Қызы екен Айым сұлу – Сапақ датқа,

Мырзабиге сый болар түскен хатқа.

Ордаға қызды әкелсін дегенді есітіп,

Аңырап датын айтқан жаппар һаққа.

 

Жанардан жалын шашып қатулана,

Бектердің қорлығына ашулана.

Қарындасын жүнді төс жөңнен қорғар,

Тумаппын-ау депті бір еркек бала.

 

Мұсабек мұны есітіп анасынан,

Жалт қарап көзі шығып шарасынан.

Байлаулы арғымаққа қарғып мінді,

Күйінде жау-жарағын тола асынған.

 

Налына сөзін айтқан баласына,

Мұсабек қайырылып анасына,

Жүрмеспін жер бетінде тірі деді,

Бектерді түсірмесем жер астына.

 

Мұсабек, Сапақ би мен ақылдасып,

Сұрланып ажарынан Қаны қашып.

Бектермеи белдесудің жайын айтыи,

Белінен Бөріжардың кетті асып.

 

Ордабасы қыраты-ойындағы,

Мапық ата бұлағы бойындағы.

Азғана ауыл қожадан жан жолдасы,

Мәделі батырға кеп жолығады.

 

Мұсабек – Мәделіге замандастан,

Жауларға бірге шапқан қарсыласқан.

Сапақ би Мұсабекке бұл жағдайды,

Жөн деген Мәделімен ақылдасқан.

 

Амалы Мәделінің Сүдір еді,

Шылауында Шілтен мен Қызыр еді,

Деп замандас ақындар суреттеген,

Болғанның ”Батыр басы» бірі еді.

 

Сүдір сөзі сабақтас Сәдір менен

Шариғат заңын қорғар — әділ деген.

Бұхардың әмірі берген амал екен,

Айтатын шағымдарын жәбірленген.

 

– Қожеке, сіздің сүдір амалыңыз,

Барады қалай болып заманымыз?

Шариғаттың заңында «қыздан зекет

Ал» дегеннен бар ма еді хабарыңыз?

 

Жоқ болса сізден біздің талабымыз,

Қашанғы аяқ асты боламыз біз.

Шариғат үкіміне қайшы іске,

Айтатын сіздің бар ма қарарыңыз?

 

Жоғары мен төмендегі хабары бар,

Бұхар берген «сүдірлік» амалың бар.

Өзіңе ақыл сала келіп тұрмын,

Деп айтты бұған қандай жауабың бар?

 

– Бұл іс екен кең түрде кеңесетін,

Бектер осал жау емес егесетін.

Ол үшін ерлер басын қосу қажет,

Қарулы хан мен қарсы күресетін.

 

Қоңырат, Дулат, Сіргелі жақсыларын,

Құпия мәжіліске жиып бәрін,

Асқар датқа, Сапақ би сияқтылар,

Ойларын мәжілісте етсін мәлім

 

Әреленіп артықша терді төкпе,

Бұл іс емес жария етер көпке,

Аңсызда айла менен қару қажет —

Деп Мәделі айтады Мұсабекке.

 

Орындап Мәделінің айтқандарын,

Маңына Қарабастау жиды бәрін.

Жиында Асқарға жүрт сөз береді,

Едің деп ердің бірі бағы қалың.

 

Мырзабай жасағының озбырлығын,

Сан рет Беглер-бекке айтқан бұрын.

Келелі кеңесіне көндіре алмай,

Жүргеннің біреуі еді келіп қырын.

 

Асқар датқа бірі еді табанды ердің,

Ортақтас қайғысына қалың елдің.

Шешіміңді айт деді Мәделіге,

Деп бірі сен ел қорғар ерен ердің.

 

Бірісін парасатты білімдінің,

Сен сөйлесең алмайды тіліңді кім.

Қайратына айбатың сай туылған,

Оған қоса бар және сүдірлігің.

 

Деп Асқар Мәделіге сөз береді,

Боларын мұндай істің сезген еді.

Әр жерден есітілген дүрбелеңді,

Көрерміз біз де деді көзбен енді.

 

Мәделі де тоқтамай сөзден енді,

Тез қимыл жасау жағын көздеп еді.

«Бектерді түгел қырып тастау қажет,

Жетерлік, осыншама төзген « деді.

 

Бұл жағдай орындалсын сіздің үйде,

Бергейсіз тапсырманы Жәбек биге.

Керегелер керілсін қазық қақпай,

Кеңейтіліп сыйғандай бектер үйге.

 

Мырзалар алар үйден сыбағасын,

Бектердің бірін қоймай кессек басын.

Соңғы жағын көрерміз талқымыздан.

Жандары жаһаннамнан жай алған соң.

 

Ордаға жайғасқанда бектер келіп,

Жатқанда ас-су ішілігі еттер желініп,

Мүсабек Айым қызды әкелсін де,

Қарауыл басын алсын шеттен келіп.

 

Сырттағы, іштегі — іске жарар,

«Сорпа дайын» деген сөз болсын хабар.

Біз іштен Мырзабиді жайғар сәтте,

Үйді аударып тастасын сырттағылар.

 

Біз-іштен, Мұсабектер-тиіп сырттан,

Қалдырмай біреуінде шетке шыққан.

Жауыздарды жайратып тастау қажет,

Ар-намысын халықтың жерге тыққан.

 

Деп жасырын жайында бұрып мойын,

Мәделі Асқар датқаға айтты ойын.

Бұған қалай қарайсыз аға сіз деп,

Тоқтайды құлақ сала тіктеп бойын.

 

Бұл ой дұрыс болғанмен шариятқа,

Озбыр мойын ұсынбас ар ұятқа.

Бұл дүние жолы бір – тайғақ кешу,

Емес қой, жазылғандай бәрі хатта.

 

Қулық, сұмдық, зұлымдық адамзатқа,

Үстемдігін құрғандай бұл уақта.

Ойдан орыс – қусырып, қырдан – Қоқан,

Қоқаңдауын қоймауда момын халыққа.

 

Қоқанның күші басым, қолы мың сан,

Шайқаста қырылар көп қарусыз жан.

Сондықтан содырлығын күшейтуде,

Мастанған мырзалары Құдияр хан.

 

Тәуекел деп сиынып жалғыз һаққа,

Жігіттер дайын тұрсын мініп атқа.

Мәделі айтқанына не дейсің деп,

Қарады Асқар датқа жамағатқа.

 

Әуелі – құдай-әруақ, сізге сеніп,

Бәріміз бұл жиынға тұрмыз келіп.

Бектер тобын ордада ойрандасақ,

Арман жоқ деуде ерлер кетсек өліп.

 

Деп Мұсабек мақұлдап Мәделі ерді,

Ел сенімін ақтауға уәде берді.

Сапақ датқа бұл құпия жиын сөзі,

Сыртқа шашау шықпасын бірі деді.

 

Жиынға жиналғандар баталасып,

Көңілдегі мүддесін айтты ашып,

Бұл шешімнен бас тартып жалтарғанды,

Нан, қүран ұрсын деді қара басып.

 

Уәдемен осы жерде келісілген,

Әркімнің міндеті бар бөлісілген.

Тігілген Жәбек бидің ақ ордасы,

Жапсарлас Қотырбұлақ желісімен.

 

Боз жусан, киік оты, көкемарал,

Бетегелі белден есіп жібек самал.

Мөлдір бұлақ сылдырап сылық-сылық күліп,

Маржандай малта тастан сырғып ағар.

 

Қабылдау зекетшіні отау үйде,

Жүктелген Мәделі мен Сапақ биге.

Ас-судың жай-жапсарын қадағалау,

Міндеті тапсырылған Жәбек биге.

 

Мәделі қырықтарда қылшылдаған,

Сапақ алпыс жас шенін алқымдаған.

Бірі – датқа, біреуі Сүдір деген,

Лауазым атағы бар халық сыйлаған.

 

Батыр Байбақ, Жаманқара, Рысқұлбектер,

Бірі топ бастап, бірі болып қызметкер,

Жігіттің жік білдірмес жылпостарын,

Паналап тұрсын деген ұрымтал жер.

 

Мырзаби келеді деп дүрліккен ел,

Көшуде жер-жерлерден соққандай жел.

Көштердің алды асып Қаратаудан,

Саудакент, Сарыарқаға жетіпті дер.

 

Көшкен ел қыздары мен келіндерін,

Еркекше киіндіріп буып белін,

Кетіп бара жатқанда жасауылдар,

Тексерген төсін уыстап емшектерін.

 

Көрікті қыз, келінін тартып алып,

Сатуға мал сияқты базар салып,

Жанталаса жабысып жасауылдар*

Төлейсің ден бағуда қыздан салық.

 

Ташкенттің Беглербегі – Мырзахмет,

Қатыгездігін Құдияр еткен құрмет,

Немере інісі оның Мырзаби де,

Мейірімсіз екен сұр-бет, қара-жүрек.

 

Халыққа алуан түрлі салық салып,

Малы жоқтың жас бала қызын алып.

Қоқан жаққа жөнелтіп жатады екен,

Құл базарда сатуға қойып нарық.

 

Көзді тартар салтанат сәулетімен,

Хабардар ететіндей дәулетінен.

Жәбек би он қанатты ақ ордасын,

Тіккізді Ордабасы тау бетінен.

 

Шартқа сай мәжілісте келісілген,

Қимыл болмақ мырзалар келісі мен.

Тегістеу көк шалғынға байлап қойған,

Құлындар кісінеуде желісінен.

 

 

Желіге құлын байлап еала-сала,

Сары ала қымыз дайындап саба-саба.

Қонаққа қажетті асты дайындаумен,

Жігіттер сабылуда шаба-шаба.

 

Мырзаби қырық жігіт жендетімен,

Зекет жинап Қазығұрт тау бетінен,

Жәбек бидің үйіне қеліп түсті,

Елден зекет жинауға нәубетімен.

 

Жігіттер ауыр жүкті мойнына алып,

Мырзабиді күтуте дайындалып.

Астыртын Жаманқара Байбақ пенен,

Қойылған Рысқұлбекке хабарланып.

 

Мырзаби жасақтары үйге келіп,

Сапақ пен Мәделілер сәлем беріп.

Отырды сұхбаттасып дастарханда,

тгырысқа салтанат сәулет беріп.

 

Мырзаби жасауылын алдыменен,

Сапақ бидің аулына барғын деген.

Басқадан бас бұзарлық шыға қоймас,

Азулыға ауыздық салғын деген.

 

Сәлемі естен шығып қалынбасын,

Мұсабек Айымсұлу қарындасын,

Түс ауа жеткізсін деп ақордаға,

Жасауыл нықтап айтқан тансырмасын.

 

Ақ үйде күтіліп бек жігітімен,

Тамақ жеп, сұлу сүю үмітімен,

Бірі — оң, бірі бектің солынан жай,

Алған Сапақ, Мәделі ретімен.

 

Бекініп салт аттылар терең сайға,

Секем алып қалмауын алып ойға.

«Сорпа дайында» есітсе атылмақшы,

Бөрідей жар астынан шапқан қойға.

 

Мұсабек атқа Айым тез мінгін дейді,

Жарлығын Мырза бидің білдің деді.

Қыз емес қылышымды құштырайын,

Сен көріп қызығымды тұрғын деді.

 

Айымды атқа мінгізіп Мұсабек-те,

Аттанып ауылынан тартты бекке.

Сапырып сары-ала қымыз ішіп,

Ақ үйде бектер отыр бөгіп етке.

 

Күзетші үй маңынан тұрған шетте,

Қыз ғой деп келе жатқан мынау бекке.

Алдынан Айым сұлу қарсы шығып,

Қолын соза бастады ақ білекке.

 

Мұсабек наркескенін қолына алып,

Жендеттің қыл мойнынан қалды салып.

Денеден доптай ұшты шабылған бас,

«Сорпа дайын» дегенді айтқанды анық.

 

Жігіттер күтіп тұрған іждиһатпен,

Ақ үйдің белдеуінен көтерді атпен.

Сапақ бекті қапсыра құшқан сәтте,

Мәделі де ұмтылды ықтиятпен.

 

Төрінде аударылып қалған үйдің,

Осы деп ең абзалы саған сыйдың:

Бауыздап кездікпенен кеңірдегін,

Жаппарға жанын берді Мырза бидің.

 

Мәделі Мырза биді қойша шалып,

Қарнын жарып — бауырынан етін алып,

Қолының ет асапты қаныменен,

Қазанда пісіп тұрған еттен алып.

 

Арыстың су ағады жарыменен,

Байлар қозы тасиды нарыменен.

Өлтіріп, Мырзабидің етін алып,

Қолымның ет асадым қаныменен».

 

Деп айтқан Мәделінің сөзі қалған,

Мырзаби қырғынына арнап жазған.

Қалқожаұлы Жүсіптің ескі нұсқа,

Кітабын оқып көрсін деген жалған.

 

Бұл шайқаста Байбақ пен Жаманқара.

Мұсабек, Иманберді, Рысқұлбек дана,

Уәліхан, Кенжехан мен Тәнендердің,

Ерлігі жайлы аңыз бар дара-дара.

 

Жәбектің аударылып ақ ордасы,

Талқандалып кереге, уық, босағасы.

Ұлтарақтай туралып үзіктері,

Маңында қалған дейді Ордабасы,

 

Қырғында қыран топан айласы асып,

Қазынашы жасауылы кеткен қашып.

Қуғыншы енді жетіп қалғанында,

Құтылған дер соңыңа тілла шашып.

 

Тілланы теру менен әуреленген,

Олжа деп ойда жоқта қолға келген.

Қуғыншы кері қарап қайтқан екен,

Кетті деп қазынашы асып белден.

 

Әздерхан деген сөз бар қашырғанды,

Айласын қалың жұрттан асырғанды.

У беріп өлтірген де осы дер жұрт,

Ер жүрек Шойқарадай қыршын жанды.

 

Азғындық, жағымпаздық, мансапқорлық,

Сатқындық, опасыздық, ұрлық-зорлық —

Кесепат-кесірінен, ел ішінде

Не жайсаң, не бозымдар көрген қорлық.

Басы.

жалғасы: http://kozhalar.kz/20185702-madeli-qozha-3

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған