Білген Шайыр айтады

Кенжеқожа мен Бармақ ақынның жазба айтысы

 Бармақ ақын мен Кенжеқожа ақынның айтысу хақындағы мәселе былай болған екен. Кенжеқожа ақын өз ұлысында туып өсіп, сол елден қыз алып, тәуір жігіттермен сөз жарыстырып  жүрген екен. Бір күні Омар деген Дулаттың бір биі кәтте ас құдайы беріп, сол асқа бәйге қылған екен. Сол бәйгеге Кенжеқожа бір байдың атын көп пұлға жалдап алып, бір күнгі шабысына қосқан екен. Ол қосып тұрған көп халық Дулаттың тәуір кісілері, әр Қожақан, молла Жақсыбай деген кісілер  той басы болып Кенжеқожаны мазақтаған екен. Өзі күйеу болған соң, Кенжеқожа сонда Дулаттың арасында Қондыбай дейтін байы бар екен, соның Мәрия сұлу деген он сегіз жасқа келген, басы базарлы, беті ажарлы болған бір тәуір қызы бар екен.

Кенже осы атым бәйгеден келіп қалса, осы қызды маған бересіңдер ме деген шарт жасады. Сонда Дулаттың тәуір жігіттері:- Қожа атың озып келсе берейік, атың озбаса сен қайтесең дегенде: Мен екі қыздың қалың малын айбыма төлейін деген шарт жасасады. Онымен атты қосып жібергенде Кенжеқожа  қосқан ат бәйгеден келіп,  ақыры қызды олар бермей, Кенеқожа  ақын жырға қосып, сыр айтып жеңге салды. Жеңге салып жүріп, озды деген жүйрігімен Мәрия деген қызды алып қашып кеткен екен. Ол өзі Мәрия деген қыз Алшын Тамада Бөрібай деген болыстың қанды басты жесірі екен. Бөрібай болыс есітіп, бір күні тартып әкетіп ақыры Кәрімбай Бұралқының баласы соның аулының қожасы екен, Кенжеқожаға ол барып, қайтадан әкеліп беріп, осындай болып бітіскен.

Сонда Кенжеқожа ақынның сыртынан Бармақ деген ақын, ол елдің ақыны мен, мына қожаның мұнысы қалай, өзі бізге қожалық қылып, молдалық қылып шариғат айтушы еді. Біреумен біреу, құда түсіп, құйрық бауыр жесе, сол никә болады дейтін еді. Өзі біреудің қанды басты жесірін алып қашыпты ғой. Осыған мен бір сөз жазайын деп Бармақ ақынның Кенеқожа ақынға жазып отырған сөзі еді.

Бармақ:

Кемеңгер Кенжеқожа сізге бір хат,

Аман ба, уақтың хош ба, сау-саламат.

Себеппен хат жүзінде хабарластым

Баруға ауыл алыс боп сізге қабат

Бұрынғы пір заданың жөніменен,

Әр қандай жарасады-ау қылса құрмәт.

Бабаңды бабам сыйлап, өзіңді-өзім,

Елшілік жарасады түрлі қият.

Көлденең күллі Дулат назым қылып,

Мәпелеп берген жұртқа көп тәрбият.

Ашта тоқ, тоқта туған деген мысал,

Жауыңа жанай шауып болдың мұят.

Жалайыр, Қарақаралы, әр Алматы,

Жетісу, Албан-Суан қалың Дулат.

Көп тұрып қызметіне қусырып қол,

Салды ма жүрегіңе сәрдә дүлләт,

Соншалық қадірлеген бұл халқыңа

Неліктен тастап жүрсің бұлай зұлмат.

Аң кетіп жіттіктің желкеміне,

Аруақтың айнасына жұқпасын дақ.

Біреудің ақысына қол сұғыпсың,

Мұныңды мүмкін дейді қай шариғат.

Қасқыр да жолдасына қас қылмайды.

Бұл ісің бек халқыңа үлкен ұят

Өкімдер ұлы жолдың тарауы едің,

Бұл сөздің ауыр жеңіл парқын ажырат.

Арасын екі ояздың ылайлама,

Ағаңнан жасы үлкен саған ғыбрат.

Жай жүрсең жауһарыңды жан баспайды,

Қой, қожа қуаныш емес бұл бір құсмат.

Дана деп даңқ қып жүрген бір құрдасың,

Айтарлық адасқанға ақыл өсият.

Халқыңды қабындырып алып жүрме.

Бабаңның қырынан шығып, ісің ағат.

Қожа деп, жолың үлкен жәнәбіне.

Бармақтан бара дүр хат барды әбжад.

Сонда Кенже ақын Бармақ ақынның сөзін оқып, есітіп, бұған қайтарып жатқан жауабының мазмұны мына сияқты екен.

Кенжеқожа:

Баһадүр Бармақ ақын хатыңды алдым.

Аңғардым амандығын ахуалдың.

Екі адам ғизат айлап ескі аруаққа.

Тұрушы ед сөйлеместен ақылы бардың.

Ырас сөз қожа, Дулат бір кісі боп

Жолымен жүрген едік татулардың.

Сыпайы сыйласқанға деген мысал

Бұрынғы айтымы бар нақылдардың.

Бабамды бір сіз емес үш жүз сыйлап,

Сұраған  жол жобасын ақындардың

Шапағат Махшар күні бола ма деп,

Расулдің жады айлады бір сағил нарқын.

Бір сөзді дәрәжәлі қылдым депсіз.

Сөзі емес ол айтарлық асылдардың.

Бақ, дәрәжә Дулаттың еркінде емес,

Бекерге пайдасыз сөз сапырмағын.

Адамзат һәр күнәні тілден табар

Сауғасын сұрасаңыз аһ ұрады.

Екінші халқың маған өкпе айтқандай,

Қай түрлі қыппын ісін қатулардың.

Мен кімнің некесіне сұғыппын қол,

Іргесін суырыппын шатырлардың.

Қызыңды өзі келген алмайсың ба,

Мінген соң сауыншыға ат ұрладың.

Қой, Бармақ бұл күнәңді қобалжытпай,

Сала бер сандарына мақұлдардың,

Қорқауды барымтаға үйреткендей

Дедің бе қожа неге қасына алдың

Тән сия кішіліктің тамырымен,

Бақсының өзін ұрар шақырған жын.

Жауабын келген сөздің дедік солай,

Жазушы Кенеқожа аты мағұлұм.

Аңғарсаң асыл сөзін жазған хаттың,

Ей, Бармақ шәкіртіңді қайдан таптың.

Нәңкірді, Мүңкірменен  бізге үйретіп

Боп қапсың тақуасы шариғаттың.

Қағуды қаршығаға үйретіпті.

Ілгері бір сорттысы жапалақтың.

Тұржағун жаңа келді деген екен,

Бұрында бір молдасы сол тараптың.

Көзі боп бал бұлақтың көрінгеннен

Қандыма су киімі шұқанақтың.

Жауабын келген сөздің дедік солай,

Ендігі еркі сізде маслихаттың.

 

Сонда Бармақ ақын Кенжеқожа ақынның сөзін оқып көріп, қайтарып жатқан жауабы:

Бармақ:

Жауабың Кенжеқожа тиді келіп,

Мәнісін жиылған халық білді көріп.

Сынаға бес болыс ел сынға бердік

Ішіңде сөз барма деп ылди, өрлік.

Сөз парқын білетінде бағаласын,

Сау емес сені қожа жынды дедік.

Аңырыңдап ақыл айтса ап қашыпсың,

Әй, қожа ісің емес бұл білерлік.

Жазығың жауһетлі құлын жай дедік,

Қапа боп қалдым саған шын күңіреніп.

Қызымды арамдықпен алдап алып,

Соңынан сүйіп депсің кетті еріп.

Біреудің ақысы арам деген сөзім

Бөрібайға атастырған Қызыл Бөрік.

Жеген соң құда түсіп құйрық- бауыр,

Сол никәх деп айтып ең шәри көріп.

Мен емес оны  айтқан да өзің қожа,

Қор болды ау тақсыр саған халқым сеніп.

Оны айтсам жапалақ пен сотанақ деп,

Шешені тексертіпсің теріс керіп.

Кәззәпсің қарның тойған, ел емессің

Қожеке қосқаныңды кетсең бөліп.

Бұл Дулатқа, аса жері жоқ қажеті,

Шырағым, қалса-дағы сенсіз сөніп.

Қарны ашқан қашқарлықтан ішірткі алмай-ақ

Қазағыма асылма жатқан өліп.

Көксіңе көтерілген кексе бозша

Сөйлейсің қалай-қалай, төніп төніп

Тойып ап шапшаң піскен түйнегіне

Кетесің мұнша неге телін-теліп.

Алсам аруақ сыйлап ой аптығының

Қой қожа мені демдеп болғын серік.

Ардақты атың болса жұртқа мәлім,

Бер жауап, қисаңдамай жөнге шегіп.

Ишарат, сыпайы сөзге түсінбедің,

Түленіп түлек құстай түсірледің.

Жайқалған ен тоғайға тұзақ қойып,

Құдыққа суын татқан түкірмеген,

Ізеткен ел-жұртың мен болғын десем,

Менімен ісіп шөгіп пікірлендің,

Қағынып әр сөзбенен қағытпалап,

Дегендей һәр сөзің бар секем менен.

Қожаны қол байлығы қодарайтқан.

Ей, айналайын, қожеке шүкір дедім

Аюптың тәнін жеген құртындай-ақ

Қалдың ба салдарына күпірлердің,

Қып жүрген саған ыхылас әсіл қазақ,

Берді-ау деп ақыл-есі бөтен елдің.

Зат болсаң берер баға дәлел сөзге

Табанда болсаң берер кішігердің.

Ал, түбінде бұл мінезден болмайсың тек

Құрметін қолға алып жүр күтіп елдің.

Әулеті пайғамбардың қожа ғой деп,

Артыңнан бір жақсылық күтіп едім.

 

Сонда Кенжеқожа ақынға Бармақтың бұл сөзі келгеннен кейін, Барақ  ақынның сөзін оқып көріп, Кенженің қайтарып жатқан жауабының мазмұны мына секілді.

Кенжеқожа:

Хат келді қайта қару ақын Бармақ,

Хат жазған есіл қолым саған арнап.

Санаңа сәл бір сенің кірер ме екен,

Боп кетті көрісейік жоба жолдап.

Аңқылдап ағып кетіп бара жатсың,

Нәжік сөз бар жатсам майрампаздан.

Мазаңның майдасына тамаша еттім,

Баладай шалшық суға салған қармақ.

Құланның әңгісіндей дәңгірлемей,

Пәс сөйле баға білсең аңлап-аңлап.

Шын тұлапар аз жайылып, көп жусайды,

Аз сөздің тазасын айт талдап-талдап.

Қараңғы, қанағатсыз кеткен жансың,

Мойныңды бұлқынбағын босқа толғап.

Жұлынып мойын омыртқаң кетіп жүрер,

Менімен неғыласың ойнап жаңғақ.

Сен емес тентектерді тексеретін,

Алып жүр өз артыңның басын оңдап

Елге мен шығысқандай не қылыппын,

Әр сөздің мақұлдама басын қармап.

Бөрібайдың айттырған жесірін алсам,

Себебін мен айтайын білсең тыңдап.

Дұға ғып зорлықпенен алыппын ба,

Сұрашы білгендерден мұны қолға ап.

Тойына шашуы Омардың ат қосқанда,

Ат қосты күрең Шалбас қожа жалдап.

Үмітпен неге қожа қосты екен деп,

Дулаттар күлмеп пе еді өзін паңдап.

Егерде Шалбас келсе бұл бәйгеден,

Май болар демеппе еді қатқан тоңғақ.

Ораздың ор ауызды Қожақаны,

Қалжыңдап қылмап па еді қылып қылжақ.

Жақсыбай және тұрып былай деген,

Кімдікі мына  Шалбас тарлан-тарбақ.

Бұл келсе Қондыбайдың Мәриясын

Уәде еткен берейік деп осы жерде-ақ

Қол беріп Қожа-Дулат жер тебісіп,

Аузына алмап па еді құдай-аруақ.

Солай деп тұрғанында Шалбас келіп,

Шуылдап қалған жоқпа жұртың сорлап.

Бұл сөзді Мәриям сұлу естікен соң,

Қуанған үйде отырып, а, құдайлап.

Кешінде бір адамнан хабарласып,

Ілесіп қашпап пе еді атқа жайдақ.

Бәйгеге басын тіккен қыздарыңды,

Ұрды ма сені құдай қайта даулап.

Бұрынғы бояманың бөзіне ұқсап.

Екенсің енді білсем анық оңғақ.

Қожаға қошқарын бер дегендердің,

Сөз боп па дәлелі мен нағыз дәмді-ақ

Ауырсаң мазаң кетіп, шығып есің,

Ойбайлап дөңбекшисің тумай толғақ.

К…  қаттырақ боқ шығып кетсе,

Ұрды деп қожа бізді тұрсың жолдап

Науайы, Хызыр Илияс, Баһауддин

Түркістан, Шымкент, Сайрам дейсің қармап.

Құлболды, Құлтай, Қосым, Айғожа ишан,

Сасқанда жат қыласың бәрін сарнап.

Құдайға қойың түгіл, өзіңді айтып,

Жылайсың жаман күңдей жанын жалдап.

Тәуір боп алғаннан соң, тәңір алғыр,

Қошқарың түседі есіңе жүрген маңырап.

Қойыңды құдайға айтқан қуам дейсің.

Баспасын бір бәлекет басыңа орнап.

Жын-шайтан яки пері соғып кетсе,

Сенікі деп жүрмегін мал жан да бақ.

Үйреніп исләм дінін таныған соң,

Ойың бар өз алдыңа аудан болмақ.

Басымның қожалығы енде тұрса

Кете бер жұлып алып онан аулақ

Аң көрмей, айдала асқан құстай,

Дәлелсіз дауың болса қайда қонбақ?

 

Кенже ақынның бұл сөзі Бармақ ақынға келді.

Бармақ ақынның ауылында Оразбай деген қария сол күні той жасап, оған Бармақ ақын той басшылық болып сайланған екен. Бір кәрия келіп:-Қарағым, қожамен айтысып қалған екенсің, бүгін тойды өткізіп жібер, сөзің болса сонан кейін жазарсың. Осы тойға Кенжеқожаны да шақырып алсақ керек. Тойдың үстінде қожаға бір нәрсе демей-ақ қой- дейді. Кежеқожа барса үй тігіліп, той басталып қалған екен. Әр жердің сый меймандары мен Кенжеқожа да келген екен. Жыр айтып отырған Кенженің даусын есітіп, Бармақтың арқасы қозып кетіп, бағанағы кәрияның айтқан насихаты есінен шығып мына сөзді жазып Кенжеге жолдапты.

 

Бармақ:

Сені жұрт, Кенжеқожа ақын дейді,

Бір табан қиял сөзге жақын дейді.

Ілгері Майлы мен Күдеріден,

Сөзге ұста шайырлығы басым дейді.

Қолға алып әсіл-нәсілін сүрістірсек,

Белгілі Наманганнан сарты дейді.

Сәлем де Кенжекеңе даусын созған,

Жүйріксің топты көрсең арқаң қозған.

Әулеті пайғамбардың қожа болсаң.

Жолыңмен жүрмейсің бе шіркін, жазған.

Есі жоқ, асылық бен есерленіп,

Сен болдың нағыз боз ат жолдан азған.

Түсінгін қағазды оқып тоңды қожа,

Бересің оқыған соң қолды қожа.

Сәлемді іздеп барып бере алмадық,

Кезегі осылайша болды қожа.

Бұл елге мүсәпір боп келсең-дағы.

Арт жағын көрінеді қонды қожа.

Деп жатыр біреу былай, біреу былай,

Біреулер деп айтады оңды қожа.

Қожаның Сырда жатқан біреу үшін,

Атаңның аруағы қонды қожа.

Бұл елге ақын болып келіп қапсың,

Құдайым құтты қылсын жолды қожа.

Осынша қақсағанмен ақын болып,

Кимеген шекпен тауып сорлы қожа.

Ал, сонда Бармақ ақынның жазған сөзі Кенжеге келіп, оны оқып көріп, қайтарып айтқан жауабының мазмұны:

Кенжеқожа:

Бұл тойға келіп едім шақырғанда,

Келмегім шақырған соң мақұлдар ма

Жігіттер ақын емес әңгімешіл,

Баяғы жету қайда ақындарға.

Сыйламас танымасын дегендей-ақ,

Шоғындай тал отының шатырлама.

Кісіге келмей жатып адыраңдайсың,

Ала алмай журген менде ақың бар ма ?

Қазақпын қазақ десең, сарт десең сарт,

Қыз асса жиырма бестен болады қарт.

Әулетін пайғамбардың сарт деп айтып,

Обалын осы сөздің мойныңа арт.

Және де сарт деп айтқан сөзбен тұрмай,

Әулетін Пайғамбардың депсің мүртәт

Кітаптың айтқан сөзі рас болса,

Көріңе жауар енді сенің лағнат.

Ал енді құлақ салып тыңдап тұрғын.

Берейін сөзіңе де болсын тұхбат.

 

***

Осыншаның ішінде

Түсті ме көзің тоңдыға.

Мүсәпірлікті еске алып,

Бермедім жақсы қолды да.

Пыш-пыш айтып сөйлесін

Елдегі нашар сорлыға.

Тәкаппар болды әзәзіл

Ақыры оның оңды ма?

Мүсәпір болды пайғамбар,

Сонымен жаман болды ма?

Ақылды болды Аплатон,

Ажалдан аман қалды ма?

Ибраһимді Намруд отқа атты,

Онымен отқа жанды ма?

Отыз ұлды Дәуітті

Түсірді жаһан алдына,

Бір сәләмда сап қылып

Ұшыратты жүдә таңды да.

Қарын байды жер жұтты,

Ешбір жан назар салды ма?

Шарпуың тиіп жат сойлеп,

Дүниенің жүзін шаң қылма,

Солардай бір күн боларсың

Салтанат құрып сән қылма.

Адамға ұстын болғандай.

Өзіңді өзің даң қылма.

Өрнексіз сөзді көп сөйлеп,

Ылағып босқа қаңғыма.

Алкесек болған құландай,

Ылдидан өрге қарғыма

Шүкірлік қылып сөйлегін,

Жоқ қылар құдай, барды да.

 

Кенжеқожа бұл сөзді жазып еді, Кенженің бұл сөзі Бармаққа келді. Бармақ ақын есітіп Кенжеқожаға қайтарып жатқан жауабының мағынасы мына секілді еді.

Бармақ:

Алла ұрсын, ұят жібертпей қызмет үшін.

Жарай ма тегін қызмет міндет үшін.

Ей, мереке жақсылардың мирастары,

Жарасар қылса қызмет құрмет үшін

Әр жерде атасының мирасы бар,

Жас әулет қасиеттің сүнет үшін.

Әй, қожа, сабыр-назар бұл сөзге бақ,

Салыпты-ау бір ауыз сөз көңіліңе дақ.

Бар шығар қашаннан-ақ хабары кең,

Білсең болды кім екен сәруәр хақ.

Иассауи құл Қожа Ахмет, құтты жаһан,

Көз жасын гунәһ үшін кеткен бұлап,

Бабаңыз ілгері өткен ер дуана,

Күнәдан ғазиз басын саған жырақ.

Басқа ұрған бұл панадан басы жайға

Істемей дүние жүзін  ол һәм тұрақ.

Сол айтқан жоғары өткен әзіздердің

Жолы екен қайсысының жырау болмақ,

Есі жоқ есер  сөзге есерленіп,

Атаңның күйеледің жолын аттап.

Қолға алып осы сөзді салыстырсам,

Ойлаңыз қайсымызға ұят қалад.

Жараспас  Қожа насыр деген сөзге,

Көңіліңді қаптапты ашу, тұтып қаймақ.

Бәріңмен дін қарындас болғаннан соң,

Тек қана жан ашыр ғып жаздым бір хат.

Арқаңа домбыраңды мықтап байлап,

Жол түзе маған десең, дініңді сат.

Нәлетті хат жазғанға келер болсаң,

Мінеки жазды хатын ақын Бармақ.

Сонда Бармақ ақын бұл сөзді жазды, хат Кенже ақынға  Бармақтың сөзін оқып қайтарып тұрған жауабының мазмұны мына секілді:

Кенжеқожа:

Әй, Бармақ, теріс емес қимағаның,

Нәпсімді қайдан білдің тыймағанын,

Атқарсаң көзің көріп бұл қызметті.

Сонда рас болар еді сыйлағанын.

Мен білсем Оразбайдың жұрт шақырып,

Көңілің қалмады-ау жинағанын.

Кәрі жас үйінен шырқап толып кеңес,

Өзің де көріп тұрдың бұрмағанын.

Ортаға көп алған соң ұйғарысып

Дұрыспа айтпай өнер ұрлағаның

Молдалар теріс емес деп айтады,

Жай келсе момын көңілін аулағанын.

Оңаша аулақ уйге кіріпсің де,

Бұл күнде мен болыппын аңдығаның.

Төртеудің Дулаттағы біреуісің,

Мақұл ғой не айтсаң да ымдағаның.

Әй, қаңғырған осы қожа дегілер деп,

Қожаны ары-бері ырғағаның.

Орынсыз көрініп тұр мұның маған,

Күміспен дәнекер ғып шырмағаның.

Ей, Бармақ алсам хабар сіздің хаттан,

Тән сахат жүргендейсің сәләмәттан.

Ал саған қайтарайын мен де жауап,

Біліп жат бала-шаға бау-шарбақтан.

Нәрседен болар болмас қаяу тауып,

Бар мінді көрінесің мойныңа артқан.

Епсіз сөз пайда бермес болса-дағы

Жібердік білгенді айтып бізде тапқан.

Ал, болмады мүмкіншілік тұруға жай.

Көңілді сенен шошып жабырқатқан.

Араға арлы-берлі ермек болды,

Қағазды екі-үш парақ жалбыратқан.

Нәсілдің мен де жүрмін тұқымы деп,

Нақ сендей болмаса да оза шапқан.

Сөзге сөз айта берсе табылмай ма,

Аждаһа-дарбаза ауыз епсіз ашсаң.

Сөзіңді арлы-берлі көрсең байқап.

Келеді сөздің аулы кәрі қаптап.

Мен әулет, қожа болсам, сен молдасың,

Болса егер нағыз айып өлең айтқан.

Жел сөзбен бұл қожаны ақсатам деп,

Сен нанден, бола алмайсың қанды қақпан.

Сарт жанды, шәңгі жігіт көрінесің

Құйрығын жыландай-ақ баспай шаққан.

Сираттың көпірінен ар жаққа өтіп,

Қалғанда секілдісің ұят артқан.

Ар жаққа өзі өтіп алса кісі,

Жарасар сонда қолын былғақтатқан.

Тиісіп қожаға да, қара қазақ,

Қорықпайтын жаратушы жалғыз хақтан.

Несібесін һәркім өзі теріп жеп жүр,

Тағдырда бастан бар жазу хақтан.

Кім тозақта, кім пейіште құдай білер,

Бар мінің осы болса маған таққан.

Бола ма баһат сөзге молда құмар,

Шын пікір хабарларды ғара сатқан.

Ойласаң бұл құдадан алдым пікір,

Жақпайды саған ешкім уаләяаттан

Сен тірі отбасында жатқаныңда

Баһат сөз болар ма еді мұнша дастан.

Есің жоқ есер сөзге есерленіп,

Тиістің ешкім жөнін сұрамастан.

 

*        *        *

Ал, Кенеқожаның бұл сөзі Бармақ ақынға келді.

Бармақ ақын хат жазайын деп жатқанда, Жанасбай дейтін сол елдің тәуір жігіті бар еді. Үстіне келіп:

«Ей, сорлы Бармақ, Кенжемен айтысқан неңді алған. Бұл ақын қожа еді, төрт аяғы тең жорға еді ғой. Мұны сен қара сөзбен жеңе алмайсың» деді. Сонда Бармақ: «Бұда болса бір қызық болсын деп жазып жатыр ем» – депті.  «Қаны біргенің жаны бірге» деген шыдай алмай келдім. Бұл қожаның бір оңбаған міні бар, осыны айтсаң қожа құрыр еді. Мен айтты демесең айтар едім» дейді. Бармақ ақын: «Ойбай, айналайын айтшы» деді. Сондағы тапқан міні мынау еді. Кенжеге Бозтай деген өзен бар. Соның жағасында Таңыл деген ел бар, Қожа сол жылы бізге қоңсы болып еді. Жетпіс төртке келген әкесін көрдім. Әкесі Кенесары деген кісі еді, әулие адам болатын, Сол жылы жаңбыр көп болып, Бозтай өзенінің суына елдің бәрі егін егіп еді. Сонда жетпіс төртке келген кісі кетпен шауып мән таба ма деп отыра берді. Кенеқожа: Құдай ұрған қақпас, егіс болса өтіп бара жатыр, ауқат болса дем алмай-ақ ішер ең ғой. Я шаппайсың, я қоймайсың деп ақырды.

Е, жүгірмек, арқа етім арша, бауыр етім борша боп сені асырап өсіргендегі есіткен сөзім осы болса, өліп тынайын деп әкесі тұра ұмтылып еді. Әкесінен бұрын тұрып барып, итермелеп бір шұқырға жығып, шешесін бір бұрышқа ұрып өлтірейін деп жатқан жерінде «Ойбай, өлдім»- деген даусымен екі-үш адам егін сеуіп жатқан зоға ажыратып алды.

Сонда әкесі құбылаға қарап, алақанын теріс жайып тұрып «Ақ қылдым» деп түңіліп бата берді. Осыны айт та «қожа, қойыңыз»- дегін. Сол сөзбенен Бармақтың тебірентіп Кенжеге жазып тастаған сөзі еді:

Бармақ:

Ей, Қожа  жанбыңа жазылды хат.

Жауабын келген сөздің бешін шырат

Әй, білмекке хабарыма болсаң қажет

Шүкір-ақ дәһәһінде талым шаһат.

Маған да көрініп тұр маған мақұл,

Дегенің жігіттікте бір ғанимат.

Қимаймын сені бұған деген сөзге,

Бар ғой деп басымызда таж орамат,

Өкпеңнен көрініп тұр атқан оқтай,

Қарғыдың қылып қаһар, ордаң қамап.

Мұқатып бізден бұрын айттың көше,

Тоқтар деп болса нағыз әулие әулеті

Алдыңа әлденеше тарттым кесе

Білсең ол деген құрһән әждірат.

Һәммадан расулім бұрын өтіп,

Еткенім ер, екенсің ғой құтты азат.

Дәуләкіләр махаләтлү әпләк деп

Басына кидіріпті тәж пәки сауап.

Хас жолын ажилердің бір құл алмай,

Қызуын ғұлерәліктің көрдің қымбат.

Әй, құлқыңа бос айтылды қазақ- қазақ,

Көңіліме жары болды пірі кімәт.

Заманда ілгері өткен Шағал деген.

Тоғайда жүреді екен бір хайуанат.

Түн болса шаһар ішін кезіп жүріп.

Тағамды етеді екен адам ауқат.

Бір күні бояшының сауытына түсіп,

Ол болған екен түрлі сипат.

Таң атып тоғайдағы көрді бәрі,

Көрмеген бір мақұлық ей, ғажайып.

Арыста, аю, қабылан жөн сұрады,

Кімсің деп – кейін тұрып ей мақлұқат.

Болған соң хақтан фәрмән түстім жерге,

Жер менен көктегінің бәрін жинап.

Екен деп таһир мынау заты шаһи,

Планы қылды түзу, қылды қымбат.

Бұл сырын ешбір махлұқ білмеген соң,

Ұлық боп қылды дәурен неше мүддәт.

Бір күні нәпсі шағал қайда барсын,

Үн салып ұли берді аң мен алап.

Бұл сырдан,Тоғайдағы хабардар боп.

Шағалдың сыры ашылды осы замат,

Шағалды шәрмәндә етіп һалақ қылды,

Көрсетіп жәбір-жапа һәм машақат.

Һәр нәрсе мен осындаймын дегенменен,

Түбінде қайтпақшы екен әсілі замат.

Күллі шайхин, яси иллә аштыфи» деп

Айтылған китабларда бар маслихат.

Деуші еді заһилдіктің жайы қалай,

Байқасам бар екен ғой тағы хикмет.

Қайтып сен адал қызмет ете аласың,

Табылған табысыңды қыл насихат.

Мақлұққа ат күтпей сенбес болса,

Атаңа нешік салдың ренжу зұлмат.

Өзектің Бозтай деген жағасында,

Қаңлыда бір жыл қоңсы болдың нәубәт.

Атаңыз Кенесары момын адам,

Зәредей көңілінде жоқ арам-айла,

Бір күні бейшараға бердің сөгіс,

Жетпедің артық шалғы қылып изет.

Сөйледі аталығы еске түсіп,

Тиген соң ерген сөгіс бек қабағат,

Шалқадан шапшаң жігіт секілденіп,

Барасың басқа ұрып ей, лағнат.

Өлдік деп айқай салған даусыменен,

Алыпты зорға айырып екі-үш жәндет.

Халық берер, ата берер һәм пайғамбар,

От түскен ортасынан ту бәлекет.

Дозаққа жамыратып жайып жатыр,

Сенімен кітап қоспайды болуға ұлпат.

Дуана-ау бабаңыздың нахабісни

Әсілдің нәсілі ғой Нұрлу хәммат.

Алдияр қос жаманнан деген үшін,

Тиер деп қашып едім бір зәләләт.

Бір мыңда тоғыз жүз жиырманшы жыл есебінде

Жиырманшы май числода барсын абият.

 

Хош, бұл сөзді Бармақ ақын жазды. Хат Кенже ақынға барды. Кенже ақын оқып көріп тұрып еді. Бағанағы Жанаспай құдай ұрғыр, Кенженің жырын тыңлап тұрып еді. Кенже хатты оқып болғанда, Кенжеге бері келіп кетіңізші-деді. Далаға Кенже далаға шықаннан кейін жетектеп барып анадай жерге отырғызды. Сорлы қожа к…. қысып қарап жүрмейсің бе, төрт аяғы тең Бармақпен айтысқан неңді алған- деді. Кенеқожа Жанаспайжан-ау өзі ғой қоймайтын. Бас кеспек болса да,  тіл кеспек жоқ қой, қалың сөзге сөз айтпаса бола ма, жаңа бір сөз жазыпты. Осыған жауап қайтармаса мүмкін бе? деп еді.

Байпай, айналайын тақсыр-ай, бабаң Әзіретәлі ғой. Соның тұқымысың ғой. Әр жағыңды бермейсің ғой. Саған дауа жоқ қой. Ата-бабаңның  аруағына тапсырдым, енді аяғыңды мекем бас!  Боз құйын Бармақтың өзі оңбаған бір пәле еді. Құшри шебер еді. Мұны қара сөзбен тоқтата алмайсың. Мені айтты демесең бір оңбаған міні бар соны айтайын. Соны айтсаң Бармақ құриды ғой деді.

Ойбай айт! –деді Сонда оның айтып атқан міні: Осы елге бір Ерімбет деген ақын келіп еді. Сонымен айтысып Бармақ тиыштық көрмеп еді. Ерімбет өте зор ақын екен.Бармақтың алдына қиын-қиын сауал тасап еді. Бармақ шеше алмай, сорпасы мойнынан құйылып, бір жеңіліп еді. Осы күндері тағы жан бітейін деген білем, сізге де ыңырсыпты ғой. Желке тамырын үзіп, шайнап жіберіңіз. Мына таудың ар жағында Қар Манаш деген ел бар еді. Сонда бір ат сабар бәйгеге Бармақты шақырыпты. Жекжаттық жайы бар екен. Бармақ бір түйеге бес-алты қатынмен мінгесіп ұштасып барса керек. Түнде той басталып, домбыра тартылып, өлең-жыр айтылды. Тойхананың қатынының бір сом пұлы бар екен, бәлекет басып соны жоғалтып алыпты. Бармаққа еріп барған қатынға сен алдың деді.-Мен алғаным жоқ деп екі қатын жұлысып қалды. Сонда Бармақ екеуінің арасына кіріп, сенің пұлыңды бұл алған жоқ деп итермелеп еді. Тойхананың қатыны Бармақтың жағасынан алып: «Қараң қалғыр, әйелдің басында нең бар, еркек басыңменен. Осыншама ши көбек боласың,сен осыған серіксің ғой. Болмаса осының алмағанына жаныңды бересің бе?» дейді.

Мен беремінші, беремін деп  қоймастан бес мәртебе жанын берген самсаған сары қолдың ішінде деді.Осыны айтсаң Бармақ құриды, мен айтты деме депті.

Мақұл деп – Кенже ақын бұдан сырды есітіп алып, бір минуттың ішінде Бармаққа қайтарған жауабының мазмұны мына секілді екен:

Кенжеқожа:

Ал-Бармақ, жанабыңа жолданды хат,

Болғайсың оқыған соң көңілің шат.

Сыртыңнан анық хабар істі қылдың,

Данышпан дегендейін бір азамат,

Ерімбет ақынменен сөз жазысып

Шамаңды байқатыпсың шын ақиқат.

Сауабын ізді-ізімен шешкеніңе

Сыртыңнан айттық саған көп рахмат.

Сонан соң меніменен тағы егестің,

Жетілген кәсібің ед тауып сауаб.

Өлеңде тобың сынар деген сөзің

Бұл сөзің зорлы  қылад елді құзап.

Қожаға үгіт берген себебіңнен,

Кейіннен келші айтайын бір-екі мат.

Заманда ілгері өткен Дүрия сұлу,

Болыпты кәміл патша бір азамат.

Бар екен Сахып-Жамал жалғыз ұлы,

Би ассар, артық білім, зор камалат

Бір күні сол баласы кеселденіп,

Дос-жармен қапаланды жұрт-жамағат.

Жинады шәһәрдегі табибларды.

Ұлының кеселіне етпей тахат.

Көрді де кітәп ашып молдалары,

Кеңінен берді жауап осы замат.

Ұлының үсті басы жұлма мерез,

Құрма жеп жүреді екен екі манат

Жегенін жем түкіріп тоқтатпасаң,

Дүниядан өтер балаң деді-ау лағнат.

Бар екен Рахматолла деген ишан,

Отырған тонын зорлап һәр заламат.

Балама барып құрма жегізбе деп,

Шариға патша арызын айтты ау қарап.

Бармады бір айтқанда үшке дейін,

Пайдасын дұрыс көріп іске хамат.

Болғанда төртінші күн тұрды орнынан.

Өткен соң бойындағы осал мүддәт.

Өлерсің жастығыңда деді ау балам,

Құрмаңды кідіртпесең, ей, жігәрдән.

Ал тоқтатып тұра берді шайхы берген бұл маслихат,

Түзелді бұрынғыдай қалыбынша,

Үстінен көтеріліп көп жарақат.

Ишанды алды патша хұзырына,

Әмірімен етпедің деп пәні уәдәт.

Бармадың мен барғанда үшке дейін

Отыр ем жұмысыңды көріп ұят.

Уә, ләкин, мен айтпастан өзің бардың,

Көзіңе түсті-ау шайхым, қай қиянат.

Баламды тілімді алып жазғаныңда,

Үстіңде сарпайы да, мінгізіп ат.

Сонда ишан патшаға айтты «шайхы- уали,

Атыңды үстімізге бер қиянат,

Құрмасын қой, құзырым дегенімде,

Бар еді-ау өз басыңда сонша ғұрбат.

Құрма жеп ол шарбақта отыр едім,

Беруге жарамады ай маған бір ат,

Тоқтатып құрма жеуді қойып едім,

Онан соң барып бердім бір маслихат.

Дегендей сен отыр да өзім жейін,

Болама деп ойладым бек қиянат.»

Патшаға бұл сөзді айтып шайхы-уали.

Құталды-ау қаһарынан сақ-сәләмәт.

Айтасың неге Бармақ өзің қара өлеңді,

Жел сөзге болма дейсің, маған ұлпат.

Сен айтпа қара өлеңді мен айтайын,

Дегендей көрініп тұр маған ишарат.

Екінші маған сырттан жала жауып,

Сыртымнан тақтың маған маған бір сын-ақ,

Атасын Кенеқожа ұрыпты деп,

Осы елден екі, ауылнай тапсаң сыпат.

Иманды күмән жояр деген болса,

Һәм иман, һәм дініңді ұрдың барлап.

Елінде Қараманастың екі қатын

Таласып бір сом пұлға салған гүлпәт,

Ал, кірісіп баласына жаның беріп

Атандың жан беруші халаққа зұлмат.

Бір сомға бес мәртебе жаның бердің,

Бар еді сол арада қанша милләт.

Есі жоқ есер сөзге есерленіп,

Әуелден білгізбеген не екен құдірет.

Бір мыңда тоғыз жүз жиырманшы жыл есебінде,

Жиырманшы числода барсын бұл хат.

Кенеқожа Бармаққа бұл сөзді жазды. Сонда ел екіге бөлініпті, Дулат болған жер Кенеқожаны қолға алып, Тама менен Алшын Бармақ ақынды қолға алып, Бір үйді тігіп, төрт биді шығарып екі ақынның сөзін сынаққа салып еді. Дулаттан шыққан екі би Қожаның сөзін мақұл деп, Бармақтың сөзін сөзін Алшын, Таманың билері мақұл деп төрт би келіспей қалды. Ал, бұлар бүйтіп жатқанда халықтың кәриелері сасып еді. Сонда Балмұхаммед мақсұм дейтін ишаны бар екен, сексен төрт жасқа келген һәммәгә бірдей  бір жақсы көрінеді, Шақырған соң тойға келген екен. Тақсыр, ілімді-білімді бір кісіміз едіңіз жақсы келдіңіз, екі ақынның сөзін төрт би сынаққа салып жатыр еді. Келіспей жатыр Енді сіз келіп осылардың жанжалын басып екі ақынның сөзінің ауыр-жеңілін ажыратып беріңіз деп ишанды үйге кіргізеді. Ишан кіріп көріп, сөзді есітіп, өз әлінше ішінде ойлап Бармақтың сөзі басым екен-ау деп Бармаққа астыртын адам жіберді.

Шырағым сен сөзіңді тоқтат, себебі сенің сөзің басымдау еді деп баға бердік- деп Бармаққа астыртын бір хат жазып, Бармақты тоқтатып қойды.

Мынау төрт би келіспей өз сөзін өзі өңдеп, ақыры келіспей тарқады. Екі ақынның сөзін жібердік. Кеженің сөзі Барамаққа барғаннан кейін, енді Бармақ не айтар екен бұған деген көпшіліктің існәгі пікір танылатын болды. Айтпайын десе Бармақ осындай іспәтқа қалатын болды. Айтайын десе ишан хат жазба деген. Не қыласың біле алмай неде болса Кенженің айыл аңдысын, қылық қылуасын  айтып ишанға  ұлықсат сұрап бір хатжатқан жері еді.

Бармақ:

Ей, тақсыр, Балмағанбет ошба уақытың,

Малы-жан, құл орныңда ізет бақтың.

Ей, атыңна пәлен нәмәт келді ау бір хат

Бітірген екі бетін бір пырақтың.

Әр кімге атың шейіт сыр ашқандай,

Шашқан исін гүл шарбақтың.

Артқаныңа дәрәжәңіз тілектеспіз.

Өзіңдей ғаибанада мәт құшақтың.

Не дерімді Ей тақсыр, білмей тұрмын.

Қалғандай қарауына бір сынақтың.

Хадисте анық хабар болған екен,

Бұлайша бұйрық қылып сәруар хақтың,

Болады бір-біріне көрмей дұшпан.

Адамы деген екен ахыр уақтың.

Әй, солайша сұм дүниенің жады шығар,

Қара мен ажырамады арасы ақтың

Ақ жолын атасының күйелеген,

Бұйдасын жетелепсің бір бәтпахтың

Кенжедей өлең айтып нан жеп жүрсем,

Өкпем жоқ кидір тонын қожалақтың,

Кенженің бастан сырын мен білемін,

Махаббат майданынан көңілі аулақтың.

Насихатты маған айтқанша оған айтып

Тезірек сындар мойнын ақымақтың.

Есі бар жөн білетін ерлер болса,

Кем тұрса хасірә суын ол бір аттың

Жазушы ақын Бармақ қолыңды қой

Сүйеніп фазылына жаббар хақтың.

 

Ал, бұл сөзді ишанға алып келді. Ишан оқып көріп: «Ақиқат дүр туған азамат екен, шақырып келіңдер» деп Барамақты шақыртып алды. Сонда Бармақтың жиырма бір жасар күні екен.

Бір адамды жберіп Кенжені шақыртып алды. Кенженің жиырма екі жасар күні екен. Екеуін екі жаққа отырғызып, көпшіліктен тіледі:

Әй, жақсылар, екі дүлдүл халық үшін туған, бұл екеуі бір сөзге келіспей қалған екен. Осылардың арасындағы күнәсін аққа салатын, көпшіліктің атынан маған беріңдер. Мен қияметке арқалап кетейін. Ақыр кететін кісі мен ғой- деді. Сонда халық бұған не айтарын білмей тұрғанда, бағанағы қу Жанаспай даладан сөз аңдып тұрған екен. Бұза-жара есіктен кіріп келіп:-Әй тақсыр бір азғана рұқсат етіңіз, мен сізден бір нәрсе сұрайын деп кірдім-деді. Рұқсат алып, сондағы ишанға айтқан сөзі:

Тақсыр, кеше Брамаққа бір хат жазыпсыз, Сонда жазған хатыңызда былай депсіз:

-«Бармақ, тұқымың құрып кетеді. Мойыңда ноқтаң үзіліп кетеді. Аруаққа шек боп, жоқ боп кетесің» депсіз тақсыр. Сіздің сөзіңіз тентек деуге бізде не хал бар, бірақ Кенжеқожаның қожалығы рас. Қожа болғанымен ішімізді бірге туып, пісе қайнаған қожа еді. Мынау тұрған Бармақ пен екеуі жасты. Осылардың шақ есебі жаттық сөзіне бола аруақ ашуланып, тентек боп па, үйтіп алдамаңыз, тақсыр, бізді – деді.

Ендігі әңгіме мынау: екі ақын бір жылдан бері айтысып жүр. Осы жерге жұрт жиналды. Сіз келген соң жиналды. Екінші осы екі ақынның сөзін осы отырған көрген көз түгел, естімекші не айтқанын білмейді. Қожа болмасақ, Ишан болмасақ, молда болмасақ, би болыс болмасақ, тақсыр- дейді.

Билер, болыстар алады да өзі оқиды да қалтасына тығады да қояды. Енді мүмкіні болса, осы екеуінен сіздің баһраңыз бен кездесіп қалдық. Бір аз айтыссын, халық естісін. Бұлар иман сұрап отырған жоқ. Иманды құдайдан сұрайды ғой, тақсыр. Пәндеге пәнде иман бере ме-дейді.

Сол уақытта көпшілік шуылдап кетті. «Рұқсат, рұқсат»-деп. Хайыр, хайыр болмаса рұқсат болды- дейді ишан. Екі жаққа жұрт бөлісіп, енді екі ақынға бес минөттан срок беріліп, әр кім ақындардың сөзіне қызбалық қылса малы талауда, басы қанауда болсын деген қарар шығарды. Сонымен екі ақындық нәубетке отырғызып қойып, енді екі ақынның сөзін тыңдауға жұрт порядкеге алды. Көпшілік ішінен бір жігіт ишанға білінбей келіп Бармақтың басына жатып сыбырлап жатыр еді. Сонда сыбырлаған сөзі:

«Құдай ұрған қу Бармақ, нәубетті саған уперек. Бұл қожа жүйрік қожа. Мұны тоқтата алмайсың. Бір қиын сауалды алдына таста. Қабаттап ұр, есеп-песебімен. Тисе бес, тимесе он бес болғаны» деді.

Сонда жиырма бір жасар Бармақтың домбыраны қолға алып, әпжыландай толғанып, қожалардың алдына бір тастап ұрған сауалы еді:

Бармақ:

Құлақ сал сөзге қожалар,

Айтайын бір сөз нақылдап.

Төрт жүз қырық төрт нар қоржын

Бір жерде бәрі бағылған.

Біріне-бірі көшеулі,

Жезден бұйда тағылған.

Үш жүз алпыс жіппенен,

Сыртынан қабу қабылған.

Бір бұлбұл бар ішінде.

Тілләдән қазық қағылған.

Бұлбұлға серік ол қозы,

Қарарсыз қасқыр қағынған.

Айта берсем бұл сауал,

Ақылды жанға табылған.

Әй, ақылы жоқ жамандар,

Таба алмай мұны жаңылған.

Құрметлі Қырым- шәһәрдің

Ортасында қырық қонақ,

Алпыс қасқыр аналық

Жетпіс қасқыр балалы.

Мұттағасы бәрінің

Жиналып келіп қой қырмақ.

Төскейден бедеу тоқтаттым,

Бұғалық сап құт-құрлап.

Бәйбішені байға тоқтаттым,

Өтініш айтып тұр-тұрлап.

Барсам тірі едім,

Бестенде отыз сыр-сырлап.

Тоқсан торғай, тоғыз қаз,

Қонбайынша қаңқылдап.

Екі лашын, бір сұңқар

Оны айналар саңқылдап.

Бұл сөзімді шешен шеш,

Шеше алмасаң қожалар,

Көп басымды ауыртып,

Алмашы мазамды қаңқылдап.

Сонда бес минут сроктің ішінде, жиырма екі жасар Кенже Бармақтың айтқан сауалын бірме-бір шешіп жауап беріп тұрған жері еді:

Кенжеқожа:

Ей, Бармақ келді сауал сен тараптан.

Сөйледің ашып хабар әр бір заттан,

Әй, қадымиян екі ақын сөз айтыспақ,

Бұрыннан қазулы ор келе жатқан.

Тарады табыр тарапты тәуір жерге

Ауыртып әр жұрттың азаматын.

Жақсы ақын Азаматын таңырқатқан

Мендағы баһәр алып сөйлейін сөз

Боларсың иә ұнатпай, иә ұнатқан,

Әдепті сауалыңның жауабына,

Шамамша шарқым осы абайлатқан,

Ей бағулы төрт жүз қырық төрт нар көрсеңіз

Бұл сөзің табылмайма адамзаттан.

Сүйегі адамзаттың төрт жүз қырық төрт

Есі жоқ көрмеппе едің әдебиәттан.

Тамыр бар үш жүз алпыс алты сырттан және

Ағзаңды һәм ішінен қалап жатқан.

Дегенің алпыс қасқыр асаулығын

Әбзәлді әлі ішіңнен қамам жатқан.

Дегенің жепіс қасқыр нәпсің шығар,

Һәр түрлі пікір салғын қиянаттан,

Бес жас пен отыз жастың арасында,

Тысырлап бақаңды алып ажарлатқан.

Тоғыз бен тоқсан жастың арасында,

Бұл қуат бедеу кетер ахуалаттан.

Қыз екен Қырым атты шаһәріңіз,

Һәр жұрттың бұйрық болса дәмін татқан.

Келеді жігіт аты үш әріппен,

Сұңқар сол екі лашын қанат қаққан,

Осымен бұл сөзіңді шештім Бармақ,

Жылындық өз отына сөзің жаққан.

 

Бұл жауапты есітіп, Бармақтың екінші рет қожаға тастап тұрған сауалының мазмұны мынау еді:

Әй, басталды енді қожам сөздің басы,

Пендесі Алла десе болмайды асы.

Зейініңмен бұл сөзді тыңда қожа,

Көңіліңнің сөзде болса бір атасы.

Әй айтқан сөзге кеменгерге келіспесе,

Кетпей ме кем ойлының кеміп басы.

Әй, жоғарғы төмендегіден кітап көріп,

Кенженің сұрайтұғын жоқ молласы.

Меке мен Мысыр деген бір тарап деп аңғартыпсың.

Шегі ғой мұсылманның сол құбласы.

Әй, сын деген бір алып бар Самарқандық,

Манаптың сын мен тұрар неше анасы.

Жүкті сөз бір құдайдың өзі шығар,

Адамның өнегесіз мың падишасы.

Дегенің бес дуадақ бес намаздүр,

Құдайдың бізге салған ірі атасы.

Дегенің отыз үйрек босын тағы

Бір жылдың қылатұғын оразасы,

Дегенің қырық балапан қырық парыз ғрй,

Бұл сөзге ешбір жанның жоқ жаласы.

Таптым деп тамсанбаймын Бармақ ақын,

Кенженің айта салған сол шамасы,

Қайымдап қара өлең мен жұмбақ қыпсың,

Осыма сасқаныңның нышанасы.

Баршасын жиып-теріп үйіңе апар,

Сол болса жиылғанның еркек аты.

***

Әй, сөйледі Кенже ақын ырғалақтап,

Аузына келген сөзді нықтап, нықтап.

Жиналған екі жақтың адамдары,

Тыңдады сөздерін көп шама-шақтап,

Кенжекең бәрекелді азамат деп,

Көпшілік баға берді ынтымақтан.

Айтысты сол ортада екі сері

Тыңдады ер Дулат пен Тама елі,

Бір құдай о басында артық қылған,

Өлеңге дүр боп туған кемеңгері.

Ерегіс екі талай жерлер болса

Жарайды шын шабысқа ердің ері,

Айтысып соныменен Бармақ ақын

Солай деп Кенжекеңнің келген жері.

 

Ел аузынан дайындаған Сейт Омар Саттарұлы

 

 

 

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз

Жабу
Back to top button
Жабу