Басқы бет / Білген Шайыр айтады / Ел қайда, Еділ қайда, Нұра қайда?

Ел қайда, Еділ қайда, Нұра қайда?

Бұл жиырмасыншы ғасырдың басындағы дін ағартушыларына қарсы репрессияның құрбаны 1930 жылы 31 жасында дүниеден өткен Әбдісәмет Әлмағанбетұлының жыры:

Ел қайда, Еділ қайда, Нұра қайда?

Ешбір жан хал-ахуалды сұрамайды.

Тырнадай оқтан қорыққан топтан шығып,

Шошынып шығып кеттім құралайға. (құралай-дала кезіп, безіп кеттім деген мағына береді)

Мөлдір су тастан шыққан Шаян қайда,

Дұшпаннан паналайтын  саям қайда?!

Үш жүздің баласына мәркәз болып,

Жүргізген әмір-мағрұп заман қайда?

Қыс-қыстап, жаз-жайлаған  мекен қайда?

Қылатын күнде тәуап Меккем қайда?

Жиылып ертелі-кеш ағайындар,

Тарқайтын, хал сұрасып Отан қайда?

Көрінген күндік жерден мешіт қайда?

Биік жал, медреселер, есік қайда?

Жаз болса қатар қонған ауыл қайда?

Біріккен ынтымақпен қауым қайда?

Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып,

Қарысқан қисынсызға дәуір қайда?

Кемеңгер, дуалы ауыз  кәрі қайда?

Дертке шипа берер дәрі қайда?

Ғибратпен, үлгі аларлық сөз сөйлесең,

Дәрі сол, кәні, осының бәрі қайда?

Асқар бел  алдымдағы аға қайда?

Бір елім, сүйсінерлік таға қайда?

Ағайынды үлкен сөзін кіші тыңдап,

Алды-артын ойға аларлық сана қайда?

Сыйлаған сансыз жерде кісі қайда?

Иек қақсаң орындалған ісің қайда?

Қадамың тура жолдан кетсе тайып,

Саларлық тура жолға кісі қайда?

Ғам гүзер тірлікте  ата қайда?

Атамен ақылдассаң қате қайда?

Дүниеде іздегенмен таба алмассың,

Атадай ғам гүзерде ешбір жайда.

Мейірман шапағатты ана қайда?

Қандырған  сүйсең мейір бала қайда?

Бас ауырып, балтыр сыздап бейтаптансам,

Туысқан жан күйерлік және қайда?

Алысып бірге ойнаған құрдас қайда?

Бір жүріп, бірге өскен сырлас қайда?

Тату боп күнде қайта  жауласқанмен,

Қимайтын жаман іске жолдас қайда?

Лайық үлкендерге, құрмет қайда?

Отырса үлкен сөзін кіші тыңдап,

Жарасқан бір-біріне ізет қайда?

Ақылмен ел басқарған көсем қайда?

Сөйлесе сүрінбейтін шешен қайда?

Жер жүзін қараңғылық қаптаса да,

Адаспай  тура жүрген көсем қайда?

Шам жаққан қараңғыда  алым қайда?

Қашатын алым көрсе залым қайда?

Ақ жолдан тысқа шығып кеткендерді

Салатын тура жолға қажым қайда?

Жиналған әр тараптан талып қайда?

Есіткен талып сөзін халық қайда?

Көзбенен  көргендерді түстей қылып,

Барады мына заман салып қайда?

Бастаған нұрлы іске жобам қайда

Келтірген аузыңа тобам қайда?

Барлығы өткен істің салауат боп,

Уа, дариға-ай, бұрынғыдай болам қайда?

Белгісіз өткен күндер кеттің қайда?

Артыңа із тастамай өттің қайда?

Қайғысыз сол күндерде қара суды

Ішкенде кетер еді-ау, тарап бойға

Белгісіз сол күндерім енді қайда?!

Табамын бұған қылсам қандай айла?

Құранда «мағал усри ғусрә» деген

Тапсырдым ақырғы істі бір құдайға.

Құдайым өзің сақта өткендерді,

Адасып құралайға кеткендерді.

Өзіңнің кәррамыңмен рахым етіп,

Бәрінде жақсылыққа жеткер енді.

Сондай-ақ, оқыңыз

Сейітжаппар төреге хат

 Майлықожаның туылғанына 185-жылдығы қарсаңына  Майлы қожаның бір сайлаудың сарсаңы жайлы Мырзахмет бабаның туған бөлесі Қасымханның …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған