Білген Шайыр айтады

Әзіреті Мұхаммед Салаллаһу Әлейһи уа-с-салам.

Майлықожа СҰЛТАНҚОЖАҰЛЫ

Өтер дүние опасыз түбі қасірет,

Намаз – бамдат өткен соң бір күн Әзірет.

Мінбардың басына ауып отырды да

Саһабаларға айтады көп насихат.

 

Отырған саһабалар барсын деді

Отыруы мінбардың басын деді.

Әркімнің қысасы бар болса бізде

Жібермей ақыретке алсын деді.

 

Екі айтқанша еш адам үндемеді

Беремін қыса салса кімге деді.

Үшінші айтқан уақытында ер Үкаша

Орнынан қол қусыра түрегелді.

 

Әзіреттің әуелі Алла түрін салған

Үкаша да ынтық бар бұрын күннен.

Үш айтқанда Үкаша түрегелді

Бір қамшы қысас бар деп орынынан.

 

Әзірет дін исламның патшасы едің

Жәһәнге нұр жәнетке бастаушы едің.

Үш айтыңыз ізаһлап қалайыққа

Әгар көп айтпасаңыз айтпас едім.

 

Сапардан қайтқан күнім шықпас естен

Түйені ұрған қамшыңыз өтіп кеткен.

Әзірет үш айтыңыз арызы қылып

Екі айтқанша тұр едім үндеместен.

 

Үкашадан жамағат болды малал

Әзіретіме келер деп бір залал

Сүйінді Әзіретім есіткен ол

Ризамын, Үкаша қысасыңды ал

 

Үкаша айтты бұл қысас тең көрмедім.

Сіз алдыңыз қамшымды мен бер дедім

Сіз түйенің үстінде ұрып еңіз

Арқам ашық жаяу мен жерде едім

 

Ай Үкаша мінбарға өрле деді.

Әзіретім пәсірақ жерге келді

Отырған сахабалар піда болып

Қамшыңды бізден алғын деп еңіреді.

 

Жалынды әуел Сыдық Әбу Бәкір

Әзірет үшін қамшыңды біздерге ұр

Әзірет Омар, Әлі және Әзірет Усман

Әлі айтты, Әзірет үшін жүз қамшы ұр.

 

Үкашаға халық жылап тұрысты енді

Қой сіздермен бітпейді жұмыс деді.

Я Әзірет арқаңызда көйлек тон бар

Ол қысасым келмейді дұрыс деді

 

Саһабалар жыланып тұрар еді-ай,

Болмаған соң маламат қылар еді-ай,

Әзіретім арқасын жалаңаштап

Көйлек тонын ішінен шығарды енді-ай.

 

Әзіретім пәсірақ жерге келді

Үкаша мейір Наубет көрмек еді.

Мейірі Наубетін енді көргеннен соң

Мақсатым осы еді деп зар еңіреді

 

Үкаша айтты сіз үшін болсам сәбәб

Мейіріңіз көрмекке қалдым сәдәт

Рұқсат болса зиярат қылсам деді

Мейір Наубетті енді қылды тәуап.

 

Барша халық тәуап қылды маңлайына

Жұбанып көңлі түсті жай-жайына

Үкашаға бәрі де риза болды

Бұрын білмей жыласқан қандайына.

 

Бір күнләрда Әзіретім түйе мініп

Қасында саһабалар бірге жүріп

Алладан  түйе үстінде үн келеді

Қуанды саһабалар көп сүйініп

 

Саһабалар қуанышта тұрар еді

Әзірет Әбу Бәкір жылар еді.

Қуаныш күнде неге жылайсыз деп

Саһабалар Сыддықтан сұрар еді.

 

Айтайын мен сізләргә жылағаным

Жыладым сөз естіп шыдамадым.

Енді Әзірет кетеді дүниеден

Есітіп сабыр тағат қыла алмадым

 

Көп жұлдызда көрік болмас айы болмай

Әзіреттің кетуі жақын болды-ай

Сіздер үні келді деп қуанасыз

Не сөз айтып кеткенін пайымдамай.

 

Үкімі өзге болмас бір Алланың

Сол еді менің еңіреп жылағаным.

Енді Әзірет кетеді ортамыздан

Сол себептен сабыр қып тұра алмадым

 

Қуанған саһабалар тұмсарысып

Бастарына қайғылы күн салысып

Әбу Бәкір Сыддықтан аңлаған соң

Бастан аяқ жылады үн салысып.

 

Әзіретке қалғаны он жыл еді,

Он жылдан бермен қасал боп жүрер еді.

Әбу Бәкір Сыддыққа рұқсат берді

Мешітке сіз енді имам  болғын деді.

 

Әзірет азып еді қалмайын әл,

Мешітке барып азан айтты Біләб

Жамағаттан қаларға шыдай алмай

Бармаққа Әзіретке түсті қиял.

 

Әліге бір қолымнан сүйе деді.

Аббасұлы Пәзіл әм сүйей келді

Әбу Бакр меһраптан тая беріп

Әзірет келгеннен соң түрегелді.

 

Әзіретім тебіренде қойғын деді

Мешітке сіз енді имам болғын деді.

Азан дауысын есітіп шыдай алмай

Артыңнан ұйымаққа келдім деді.

 

Намаз оқып бір саһара үйге келді

Есіктен бір араб бірге келді.

Сөйлесіп Әзіреттің реңі тайды

Екеуі келіп, қайтып жүре берді.

 

Сөйлесіп Әзіреттің реңі ұшты

Ақ тартып іреңіне мұңлық түсті.

Жылады саһабалар Әзіретке

Иә, Әзірет білдіңіз деп не мүкісті.

 

Иә, Әзірет іреңіңіз өзгеленді

Екі араб не деді сізге деді?

Жаратқаннан не  түрлі жарлық келді.

Екеуі келді қандай сөзге деді

 

Әзірейіл ол Жәбірейіл қатты деді

Қатты күн көңіліме батты деді.

Ол екеуі айтады насихатты

Сөзімізді сіздерге айтқын деді.

 

Әзірет айтты періште ол екі араб

Ажал жетсе бәнденің әлі қарап

Сіздерден бізді айырып әкетед деп

Жылай берді көзінен жасы парлап.

 

Үмматың тұтсын әмірін ақтың деді

Біз айтқан насихатты айтқын деді.

Аман бол саһабалар жолдастарым

Айрылар болды менің уақытым деді.

 

Нәпсінің көңіл берме әуесіне

Дүниенің алданбаңдар бәлесіне.

Расы тұрып иманнан айрылмаңдар

Солардың насихатын ал есіңе.

 

Байлар малдан қарассын малы аздарға

Және де жәрдем берсін қарыздарға

Құл, күңге артық қызмет берілмесін

Рахым қылсын мұңы көп әлі аздарға

 

Ағызды пайғамбарым көз жастарын,

Өткізді бірін-бірін сөз дастанын.

Ортаңызда мен қандай пайғамбар ем,

Саһаба шаһарияр жолдастарым.

 

Отырған саһабалар жарандарым,

Менен қалып барасың тамам бәрің.

Көргеніңіз бойынша айтыңыздар

Көңліңізде бар болса налаларың.

 

Отырған саһабалар сөйледі аңлап

Әзірет сізді оздырды Алла таңлап.

Айтқанмен сипатыңыз таусылмасты

Шулап бәрі жыласты қойдай маңырап

 

Сіз жақын атамыз бен анамыздан

Жан шыққанға бара-бар тәнамыздан.

Қалайыққа қараңғы заман болар

Сіз айрылып кеткен соң арамыздан

 

Сіз үшін келіп еді аят, құран,

Үйреніп тілдеріміз болды пыран.

Қасиетті қадамыңыз құттығынан,

Көп болды кәпірлерге ғарзы иман.

 

Не тастар сөзіңізге еріп еді

Мұсылман болды адам, перілер де

Тұр еді аспан жүзі нұрға толып

Кетсеңіз ай батқандай көрінеді.

 

Бармақтан болуыңыз жалғыз еді,

Уматым деп таптыңыз жалғыз қайғы.

Екі жаһан аптабы аман болғын,

Еш бәндені дүние қалғызбайды.

 

Арша аладан астыңыз меһраж барып,

Дін ислам қуаттанды руажалып.

Әуелден ақырғынша теңіз едің,

Армандамыз айрылар күн аз қалып.

 

Сізбенен еш пайғамбар тең келмеді,

Дін ашып жаһан кәпірін жеңген еді.

Балықтың тіршілігі сусыз болмас,

Сізден соң не боламыз деп еңіреді.

 

Нұрыңыз бұл жаһанды келіп басты

Көңілге орнаттыңыз гауһар тасты.

Бірін-бірі көрісіп сахабалар

Қоштасып көздерінен төкті жасты.

 

Раздасып, қоштасып үш күн өтті

Әзіретті ауру зорлап мүшкіл етті.

Айдан ақ айдарлары сарғайды да

Әзіреттің секілденді күші кетті.

 

Басы Айша тізесінде жатыр еді

Патыма әм Асан, Үсен отыр еді.

Малакүл маут періште бір арап боп

Әдеппен сәлем беріп ақырын кірді.

 

Иә, Әзірет кірмекке рұқсат бар ма деді

Әзіретім келгенін барлай берді.

Әзіреттің сөйлесер уақыты жоқ деп

Айша апа келмесін деп зарлай берді.

 

Біреуің айт келмесін деді Айша

Әзірет жатқаны жоқ тыныш боп жайша.

Әзірет айтты рұқсат бар кірсін деді

Малакты қайтармаққа шараң қанша.

 

Иә, Айша ол қайтаратын кісі емес

Қой демекке ешкімнің күші келмес.

Алланың атқан оғы пармәні ол,

Алмай қайтпақ Әзірейіл ісі емес.

 

Отырды Әзірейіл періште кеп

Әзірет айтты келдіңіз не іске деп.

Айша ана, бибі Патыма, Асан-Үсен

Арап болып келгенін теріс көріп.

 

Әзірейіл айтты парман бұл болды деп

Патша сізге әмір қылды енді деп

Дидарды тірі көрмек дүниеде емес

Дос-досқа жолығысар күн болды деп.

 

Әзірет айтты Әзірейіл тіл алмассың

Үкімді орындамай тұра алмассың

Алуың бар ешкімді қоярың жоқ.

Аманаты иесіне болағалсын

 

Шыны менен Алладан үкім кепті

Әр пендеге бір нәубет өлім жетті

Мүбарак дымақлары  қурап бітіп

Мұңлық боп Әзіреттің көңілі кетті.

 

Жан оң солға тебірелді тәсіл-тәсіл

Аяқтан басқа тартты олар мәсіл

Су шашты көкірегінің күйгеніне

Құралайдай көздері болып жасыл.

 

Айдай жарық іреңі тұмсарысып

Буындары ұзады босанысып.

Айша апа, Бибі Патыма, Асан,Үсен

Жылап даусын шығарды үн салысып.

 

Қатты мұңлық ғаріп әл боп қалды енді

Жан тартылып көксіне кеп қалды енді

Әзрайылға сөйледі Әзіретім

Асықпа, бір сөзім бар тоқта деді.

 

Саһабалар келісті сырттан топ-топ

Әзірет деп жыласып айтып жоқтап

Қамырдан қыл тартқандай Әзірейіл

Қимылдамай сөз тыңдап қалды тоқтап.

 

Әзірейіл Алланың әмірін күтті

Жарлық солай күтпеске болмас тіпті.

Әзірет айтты жан берген қиын екен

Үмматларым азабын маған жүкте

 

Жанның мұнша білмедім тәттілігін

Қанша жұмсақ алсаң да батты бүгін.

Менен соң үмматларым қиналмасын

Бәрінің өзіме сал қаттылығын.

 

Оларға бір-бір тосар осы күн әл

Бәрінің жан азабын өзіме сал.

Саған айтар Әзірейіл сөзім осы

Үмматларым жандарын жұмсақ қып ал.

 

Я, Әзірет сіз айтқан сөз жарар болды

Арқамнан жетпіс мәрте хабар келді.

Өзгелерге қатты алма жұмсақ ал деп

Менің де буыным босап қалар болды.

 

Я, Әзірет сізді Алла қадірледі

Қанша әзіз бандалар жәбірленді.

Патшалар шашын алған шаштаразда

Басында сабыр етіп күліп қалды.

 

Әзірейіл жетпіс мәрте жұмсақ алды-ай

Іштен тыстан саһаба қоршап қалды-ай.

Мені қойып өзгеге сөйлейсіз деп

Айша апа зар еңіреп құшақтайды.

 

Мен ғаріптің кім сіздей әлін білер

Патша құдай сырымның бәрін білер.

Я, Әзірет сіз кеткен соң тағатым жоқ

Өзгенің тәні күйсе жаным күйер.

 

Барады көкірегім оттай жанып

Ышқыңыз сүйегімнен кетпей қалып.

Сізге жеті жасымда қосылып ем

Барамын жиырмаға жетпей қалып.

 

Жеті мен жиырманың арасынан

Айрылсам екі жаһан сарасынан.

Айша жылап Әзіретті құшақтайды

Айрылып қалдым ба деп расыменен.

 

Болар ма өлім ісі мұнша қатты-ай

Әзіретті көрер еді Айша тәтті-ай.

Айша ана зар еңіреп ажыраған соң

Құшақтап ризаласты Бибі Патыма-ай.

 

Жан атам, мейірбаным, шырын атам

Барасыз дүниеден жүріп атам.

Сағынып көзімізден бір-бір ұшар

Бұл жаһанға жарасқан нұрың атам!

 

Әзізлердің ішінде әзіз атам,

Сізден соң тәһатым жоқ әр кез атам.

Көктен малак алдында қызмет қылған,

Жаһанда айласы озған жалғыз атам!

 

Аршаланы жол қылып өткен атам,

Адам ата пайғамбар арзы қылып.

Көрерге өмірі жетпей кеткен атам.

Әбибілар ішінде әбибі атам!

 

Алланың тағдырына еш ылажы жоқ

Не ойлайын мейірбаным жаным атам.

Ыраиман Алланың расты едің

Бұл жапанға келген нұр, дәулет едің.

 

Екі жаран ішінде шапағатшы

Ақыретте осыларға рахат едің.

Жаһан нұрға толтырып кеп едіңіз

Көзіңізді ұйқыға бір қандырмай

Тоя дүние тағамын жемедіңіз.

 

Сіз кеткен соң жараспас сәһәнім қай.

Менде сізге артыңнан барамын-ай.

Саһабалар жолдасың мейһап орын,

Сіз кеткен соң мен нешүк қарайын-ай!

 

Саһабалар сыртта еңіреп қаз қатары

Раздасып Патыма сөз айтары

Қатты жылап даусыңды шығарма деп,

Патыма қойғын деді Әзірет Әлі.

 

Әзірет айтса Әлі тыңла деді

Патыма жылай берсін, тыйма деді

Ата-ананың жастығында қыз жыласа,

Өлімнің көркі болар қыйла деді.

 

Сонан қыз халық айтады жоқтағандай,

Болмас еді Әзірет айтпағандай.

Әзірет жатып-жатып көзін ашты,

Жанап жымға таянып кеп қалғандай.

 

Көп дауысы басылды халқының да

Ісі қиын жан шықбақ толқынында.

Әзірайілге тоқтай тұр деді Әзірет

Жан таянып келгенде алқымына .

 

Жәбірейілді ертіп кел бар бір сөзім.

Барамын өтіп кетіп енді өзім

Бұрадарым Жәбірейіл жақынымды

Бір көріп дүниеде кетсін көзім.

 

Әзірет бұл сөзді алды ләбізіне бір

Әзір қып ертіп келді Әзірейіл.

Жетпіс мың періштемен аза тұтып

Әзірейіл деп жылай кірді Жәбірейіл.

 

Әзірет айтты ғаріплік қалда едім

Сізбенен жақындығым қандай едім.

Ғаріп болған күнімде хабарласпай

Жәбірейіл, бұрадарым қайда едің.

 

Я, Әзірет әміріңізді келдім күтіп,

Аламнан кетер болдың уақытың бітіп.

Жеті қат көк періште жылады да,

Мен де сонда бірге едім, аза тұтып.

 

 

Әзірет айтты дүниеден мен кетермін,

Бұл уақытта тез кетпек демде тұрмын.

Әр келгенде бір жақсы саухат еді,

Бұл сапар саухат үшін не келтірдің?

 

Жеті қат көк періште жыласып тұр,

Жанат іші ашылып жарасып тұр.

Шарпар табақ ішінде нұр толтырып,

Жаныңызға ынтызар қарасып тұр.

 

Мен сізден ол жауапты сұрамас бан

Асы үмматләр көп еді күнә басқан.

Өзімнен соң оларды не қылады

Сонан басқа тілекті сұрамас бан.

 

Жәбірейіл ғайып болып және кетті

Бірдемнен соң Әзіретке және жетті.

Жаратқан мейірбанлық жарлық қылды.

Я, Мұхаммат құдайым сәлем айтты

 

Жас ұланды анасы теңіз салды,

Маған аман сақта деп жылап қалды.

Аман есен өзіне табыс қылдым

Жігіт болған уағында қайтып алды.

 

Достымның мен қарармын қабағына

Мейірбанмын әуелден аяғында.

Жеті жүз жәдігөйді батыл қылдым

Мұсылманның бір тебіренткен таяғына.

 

Досымды екі аламға бас қыламын

Рахметім дариясын тастырамын.

Достым маған тапсырасың үммәтләрін

Өзім аман өзіне тапсырамын.

 

Рахымның азығын білгізбеймін

Өзгелердің теңіне жүргізбеймін.

Үммат үшін ерінін бір тебірентсе

Сау-саламат жаннетке кіргізгеймін.

 

Ол үшін қайғырмасын достым деді

Беделімнің барысын кештім деді.

Я, Әзірет Аллаға барып келдім

Мейірбанлық әмірі осы деді.

 

Опасы жоқ дүние қала берді

Ақыретке сапарланып көзін жұмды.

Өзі өлерде екі үш сөз аузына алды

Ақылы көп Айша апа құлақ салды.

Ораза тұт, намазды жазбай оқы

Қам көңілді жақсы күт деп берді жанды.

Қырық жасында Алладан уақи келді

Алпыс үштің үстінде ғұмыры толды.

Он екінші раббіл аууал айында

Дүйсенбі күні дүниеден Әзірет өтті.

Жаназаға періште тамам толды

Жерде момын, көктегі малак келді.

Он екінші дүйсенбі дүние салды

Он екінші дүйсенбі жерге көмді.

Дүйсенбі дүниеге келісі де

Дүйсенбі дүние салып өлісі де.

Он екінші күнінде өтті Әзірет

Топыраққа араласты он үшінде.

Я, көңіл мұңаймағын шүкіріме

Үмматлікке сарап еткін өміріңді

Асы үммат не көрсетті Мұхемметке.

Соншама ара түсті өлерінде

 

Жарлары Әбу Бакр, Әзірет Омар

Үшінші Әзірет Осман асхабулар

Төртінші Әзіреті Әлішері құда.

Сегіз пейіш қожасы сол төрт шаһияр

 

Солар дейді жаннаттың қожасы-ай

Өзгелердің бәрі де өз жайына-ай.

Ақыреттің дәулеті сол ерлерге

Ораза тұт, намаз оқы қаза қылмай.

 

Тәңірім сақы жарлығын қаза қылмай

Тәһат болмас көңілді таза қылмай.

Ән Әзірет Аллаға айтып кеткен

Әзірет болатлардың болатын-ай.

 

Шықпады пайғамбарлар әнің артынан,

Аспаннан жерге түскен төрт кітап та.

Әзіреттің озықтығын көп атаған

 

Екі бірдей жаранға болды құтты.

Үммат үшін ренжі тартып, қабақ шытып

Пері, періште және де адамызат,

Бәрләрі өзін соған үммат тұтып.

 

Ән Әзірет жер астына қалды жата.

Арзы қып айтады екен Адам ата

 

Адамнан бергі тамам пайғамбарлар

Соған үммат болсақ деп айта-айта.

 

Талқынан жараған күн менен ай

Ойласаң дүниенің ақыры ай.

Екі аламды жаратқан сәбәбінен

Ән Әзірет жер астына боп кетті жай.

Майлықожа ақынның бұл шығармасы Асан молда Әсілбек ұлының қолжазбасынан алынды. Шығарманы ескі араб ғарыпінен аударған Сейтомар Саттарұлы.

суретті түсіген Сұлтан Сейіт

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button