Білген Шайыр айтады

Қалдыбайқожа мен Шөженің айтысы

Қалдыбайқожа

Ай, Шөже, шындаймысың ойнаймысың,

Берседе тамам Мейрам тоймаймысың.

Отырған қасыңдағы қожаң едім,

Бір кісі алмағыма қоймаймысың.

 

Шөже

Көшкен ел сазды жерге қонбай ма екен?

Қазақтан қожа підия алмай ма екен?

Сол дәулет Құдай берген таусылар ма,

Екеуміз бөліп алсақ болмай ма екен?

 

Қалдыбайқожа

Соқыр сеннен басқада тіл бар ма екен?

Сөйлер сөзге соқырлар ділмар ма екен?

Бір соқыр мен бір ақсақ үйлесіп ап,

Ақы иесі құр қалмақ жол барма екен?

 

Шөже

Қожада да қожа бар, діндар қожам,

Алдыңда сайрап тұрған жол бар қожам.

Қожа болсаң пір болып дін үйретпей,

Қазақтың өлеңінде нең бар қожам?

 

Қалдыбайқожа

Қырғызда да қырғыз бар діндар қырғыз,

Сенің түбің белгілі мардар Қырғыз.

Сүйегім қожа-дағы етім Қазақ,

Қазағымның ішінде нең бар Қырғыз?

 

Шөже

Мен құдайдан тілеймін дінге саулық,

Жалған сөйлеп қапыда қылма жаулық.

Қожа, қожа дегенге қоқиланба,

Қожа түбі сарт екен Өгіз таулық.

 

Қалдыбайқожа

Бүркіт салған шығады заңғар тауға,

Ойнап күлген жақсы екен денің сауда.

Жер, жерін жекен сүйіп табар деген,

Соқыр Қырғыз кетсеңші Алатауға.

 

Шөже

Қожаның өзіме қой жалғыз өзін,

Шөженің кім кемітпес екі көзін.

Қожа болсаң сатылмай көрінгенге,

Бұл жұртқа ұқтырсаңшы діннің сөзін.

 

Қалдыбайқожа

Жамандық ойлай, ойлай көзің шықты,

Көзің соқыр болсада кеудең мықты.

Құдай сөзін айт десең мен айтайын,

Даяр боп зәмзәм суы қайдан шықты?

 

Шөже

Қожа болып қалар-ау көкшесінен,

Көп шошимын сөзіңнің тікшесінен.

Ажар апа толғатып қиналғанда,

Зәмзәм шыққан тебінген өкшесінен.

 

Қалдыбайқожа

Су шыққан жоқ Ажардың өкшесінен,

Сен шошыма сөзімнің тікшесінен.

Ажар апа су іздеп жүгіргенде,

Зәмзәм шыққан Смағул өкшесінен.

 

Шөже

Қожеке қожамысың қара мысың,

Таласып болмас іске барамысың.

Әзіз қожа Хан қожа, ақын қожа,

Таласып хан қожаға барамысың.

 

Қалдыбайқожа

Соқыр Шөже мінгенің теңбіл шұбар,

Меніменен таласып терің шығар.

Барсаң бар қожалықты Хан қожаға,

Олда өзімдей оқыған қожа шығар.

 

Шөже

Сеннен басқа оқыған қожа жоқ па?

Сеннен басқа дүниеде соққан жоқ па?

Мариям ана Исаға толғатқанда,

Табанынан ағар су шыққан жоқпа?

 

Қалдыбайқожа

Сен соқыр, сен мүгедек, мен бір ақсақ,

Сеннен гөрі бәлем көп мені қазсақ.

Шариғаттың сөзінен білерің жоқ,

Құр далада ойбайлап жүрген қақсап.

Екеуі жеңісе алмай тарқасады.

Сирек қолжазба қоры 19-папка. Латын хәрпінен аударған Сейт-Омар Саттарұлы

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button