Жарық нұрдың сәулесі

Шалап қожа (Батырқожа) әулие

Бәйменқожаның  әулиенің кенже баласы  Батырқожа (1870-1945) жас күнінде  шала туылған, жеңгелері атын атамай  «шалапжан» деп Шалапқожа атанып кеткен.  Шалап жасынан әкесінен ілім үйреніп, әкесінің әулеилігі бойына дарып, ауызы дуалы болған адам. Перзент көрмегендер арнайы ықылас етіп алдына келіп батасын алып, ұлы жоқ  ұл көрген, қызы жоқ қыз көрген дейді, көне көз қариялар.

Шалапқожа жас кезінде «Бөрік аралда» дария жағасында аға, іні туысқандарымен енші алмай  бірге отырған.  Ағалары Құлманқожа, Бегімбетқожалар медресе ашып,елдің  сауатын ашқан. Шалап қожа  сол медерсеге сабақ берген. Түскен мал-мүлікті ағайындары бөліп беріп отырған. Сонымен Шалап шабандоз болған.  Жүйрік ат мінген әрі аңшылықпен  айналысқан.  Қақпан салып, арқар, киік аулап, құс салып, ит жүгіртіп ауылын асырған. Шалапқожаның үш әйелі болған. Екінші әйелінен Шаназар, Тұрсынкүл деген қызы болған. Кейін жасы 40- қа  келгенде  үшінші әйелін қыздай алған. Ол былай болған. Бір күні бір бай кедейдің 15-16 жасар қызын малға  жығып еріксіз  әкетіп бара жатқанына кезігеді.  Байдың  көшінде  айдай сұлу қыздың  мұң-зарын есітіп (Шалап болса ат үстінде 10-15 адамға бір өзі  айқасатын, сайысқа түскен батырлығы бар) қасындағы 4-5 жолдасымен қыздың байдың қолынан тартып алады. Қыздың аты Айғаным сұлу  екен, одан – екі ұл, екі қыз.

Тұрсынқожа, Құтықожа, Күнсұлу, Шәдігүл Кеңес үкіметі орнаған соң бұларды қуғындап, мал-мүліктерді тартып алып, Сібірге  жер аудармақ болғанда, інісі  Сайфназарды тағы басқа туыстарын  шақырып алып, бір түнде Тәшкенге дариядан өткізіп қашырады. Өзі медресе бағып қалады.   КГБ адамдары келіп Сайфназар кім дегенде ағасы Шалап (Батырқожа)  менмін дейді.  Содан  аяқ-қолына шынжыр салып алып кетеді.  Содан Ащысайдың (Кентаудағы) түрмесіне апарып  қамайды. Бірнеше күн қамауда азап шегеді. Бір күні басқа бөлмеге ауыстырады. Қамаған бөлменің құлпы түнде өзінен-өзі ашылып кетіп қасындағылар қашып кетеді.  Сен неге қашпайсың дегендерге: «Менің ешқандай жазығым да кінәм да жоқ, мен жәй ғана  адаммын не істесеңдер де көндім» дейді.  Олар көп ойланып тексеріп Шалапқожаны босатып жібереді. Сөйтіп інісін құтқарып қалады.

Жәрімбеттің әкесі Шалап қожданың қасында көп жүрген. Ол: «Шалап ақ көңіл, әңгіме айтса елді аузына қаратқан, ел басқарған сері болған, батыр болған. Шалап өз інілерін тегіс үйлендіріп,  енші берген. Кешегі ашаршылық кезінде ағайындарын ешқайда қаңғыртпай өз қасына жинап алған. Не тапса бір көрген. Өзі сабақ берген медресені бұзбақ  болған бір адам сол жерде тіл тартпай кеткен. Содан жұрт бұзуға қорқып бір орысты алып келген.  Ол түнде түс көріп, маған да жан керек деп бұзбаған. Кейін халық мешіт-медресені бұзып, қазіргі Манап ауылына жеті жылдық мектеп салған. Осы медресенің ағаштарын бұрын Бәйменқожа әкесі Бұхарадан  алдырған өте берік, өрнектер салынған бөрене, ұстындары болған. Соған қызығып үмітсіздер бұзған. Шалап қожаға кеңес үкіметі орнамай тұрғанда мешітте имам болып жүргеде ауылдағы ағайындардың бірі күндеп сыртынан әртүрлі әңгіме айтып тыныштық бермеген. Бір күні мешітте намаз оқып отырса,  артында баяғы соңына  түсіп жүрген адам отыр. Шалап артына қарап: -Ойпырмай, мына доңыз  тағы келіп қалыпты ғой депті. Содан әлгі адам  құқ-құқ деп қорсылдап артқа қарай шегінпі мешіттен шығып кетеді. Үш күн бойы шошқа сияқты қорсылдап жатып өледі.  Кеңес үкіметі орнап, қудалау басталған кезде Шалап қожа баласы Құттықожаны қасына  алып, бар құран кітаптарды бір түйеге артып, кітаптарды теріге орап бір апанға көмеді, үстіне мешіттің бір қазанын төңкеріп белгі етеді. Баласы Құттықожаға:

-Есіңде сақта, ертең заман өзгергенде керек болады. Бағалы кітаптар бар.  Кейін Боранов Әбдіқожа Шалаптың қазанын тауып өкіметке өткізеді. Кітаптарға тиюге қорқады.

Шалапқожаның емшілікте қасиеті бар атадан дарыған. Бұл кісіден Алладан сұрап перзент тілеп бер деп келген адамдардың көбісінің тілегі қабыл болған. Солардың бірі Оқшы атайлық Садық деген кісінің  екі әйелі болған, екеуінен де перзент болмаған. Әулие аралап жүргенінде Шалап қожа кездесіп: Жәйше жүрсіңдер ме, дейді.

-Қайдан жәйша жүреміз және мына екі әйелден еш перзент болмаған соң аралап,  перзент сұрап жүрміз дейді. Сонда Шалапқожа:

-Қумаңдай-ау, Алладан  сұрамайсың ба, -депті.

Бүгін менің қасыма түнеңдер, Алладан жалынып көрейін,-дейді. Содан таң ата Шалапқожаға аян болады. Азанда Садықтан сүйінші сұрап, Алла жарылқады 5 ұл, екі қыз береді дейді. Содан  жүреткері жарылып, Аллаға шүкіршілк етіп үйіне қайтады. Құдай Шара, Тәттігүл деген екі қыз, Сәді, Тәңірберген, Садуақас, Алдаберген, Әбдірейім деген бес ұлы болады. Содан Садық жылына бір қойды құдай етіп Шалапқа беріп отырады.  Садық ұрпақтары қазір Жаңақорған ауданына қаарсты Түгіскен кеңшарында өсіп-өнуде.

Шалапқожаның немересі  Әбсаттар өзінің әкесі Құттықожаның бір әңгімесін еске түсіріп еді. Ол кез қожа, молдалар мен имандарға тиісе бастаған кез болуы керек. Бәймен бабамыздың  тірі  кезі екен. Сейде дегеннің әйелі Сафия деген белсенді болып Шалап атамыздың бүкіл малын тартып алып кетіп, бұлардың бала-шағасына бір қашар қалдырады.  Оны да көпсініп, тартып алып кетеді.  Сафия әкелі-балалыларға «сәлделеріңе сиейін» депті.  Сонда Бәйменқожа қартайған кезі екен. –Сол сідік аққан пұшпағың қанамасын, түк көрме, тұк көрмей өткір деп теріс батасын беріпті. Содан Сафия  бұл дүниеден перзент көрмей жылап өткен екен.

Шалапқожа қартайып өлер шағында  ағайындарына: «Бәйменқожа әулиенің кіре беріс босағасына көміңдер, кезінде тілім, зияным тиді, сол күнәм үшін жұрт мазарымды аяқтарымен таптап өтсін» дейді. Ағайындары айтқанындай жерлейді.

Шалапқожа өлер шағында ағайынын жинап алып:

-Мен өлгеннен кейін, әлі өлмеді деп көмбей жүрмеңдер. Өмір бой зікір салып жүрдім, енді өлгеннен кейін жүрегім бірнеше күн соғып барып сөнеді» депті. Содан Шалапқожа 1945 жылы 9 майда қайтыс болғанда жүрегі үш күнге дейін тоқтамай, дүрсілдеп жатыпты. Содан басқа денелері  өзгере бастаған соң жерлеген. Сонда баласы Құттықожа әкемді тірідей көмдірмеймін деп жылапты.

«Өткен әзиз әулиелер» кітабынан алдынды. Жинақтаған Шайдарбек қажы Әшімұлы

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған