Ғалымның хаты

ТЕКТІДЕН ТУҒАННЫҢ ДЕГДАРЛЫҒЫ

ТЕКТІДЕН ТУҒАН ДЕГДАРЛЫҒЫ РУХАНИ МҰРАҒА ҚАМҚОРЛЫҒЫНАН ТАНЫЛҒАН ЕДІ. Дәукеңді – Дәумен аға Шоманов есімін Жаңақорғанда аудан басшыларының бірі ретінде жастай естіп өстік. 1984 жылы комсомол жұмысына ауысқаннан бастап жақын танысуға мүмкіндік болды. Аудандық комсомол комитеті, «Білім» қоғамы және аудандық партия комитетінде қызмет істегенде ауылшаруашылығы қызметкерлері кәсіподақтары аудандық комитетінің төрағасы Дәукеңмен бірге қызмет бабында тығыз араластық. Тіпті, аудандық «Қазақ тілі» қоғамы бөлімшесін құрып, оның «Мирас» атты апталық газетін шығару сияқты жұмыстарда ағаның қадір-қасиетін тани түстім. Оны айтасыз, 1991 ж. тамыз айындағы ГКЧП оқиғасынан соң коммунистік партия тарқағанда жұмыссыз қалған мені бауырына тартқан ағамның орынбасары болып 6-7 ай бірге қызмет істегенім де бар.

Ол кезеңде мансап қуған жастамыз ғой, ағаның ақыл-кеңесін құп аламыз, сөзі мен ісін өнеге тұтамыз. Сол кезде Дәукең ағамыздың тікелей басшылығымен құрылып, Жаңаберген Ахатаев, Зинабдин Шермағамбетов, Зоя Өрғараева сияқты аудан басшыларының қолдауымен қызмет істеген аудандық «Қазақ тілі» қоғамы социализмнен капитализмге қадам басқан өлара тұста халықтың бойындағы ұлттық құндылықтарға деген ынта-ықыласты оята алған бұқаралық ұйымға айналып еді. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды қалпына келтірудің өзегі атеизмнен бас тартып, халықты дінге бет бұрғызуда екендігін сол кездің өзінде-ақ жете сезген Дәукең «Қазақ тілі» қоғамының міндетіне жатпаса да ауылдық жерлерде мешіттер ашуға, осы мешіттер жанынан діни сауат ашу үйірмелерін құруға осы қоғамдық ұйымның беделін пайдаланды.

Міне, осындай кезде Дәукең аға қазыналы қарияларға тән ақыл-парасатымен аудандық деңгейде өткізілетін мәдени-рухани шараларға ақыл қосып, бағыт беріп, игі істерге бастамашыл бола білді.

Дәумен Шоманов кеңестік қоғамдағы партиялық-мемлекеттік номенклатураның типтік өкілдерінің бірі болып өмір салтын ұстанды, қызмет етті. Бірақ ол кісі өз қатарлары арасында ерекше тұлға болатын. Тұлға дегеніміз өз пікірі, көзқарасы бар және оны қорғай да, өзгелерді соған иландыра да алатын ықпалды адам десек, Дәукең ол қасиеттерімен бірге рухани қазынасы мол, биік парасат иесі болатын. Алтынның сынығындай, жібектің үзігіндей бұл қасиеттер Дәукең ағама қайдан дарыды дегенге қазіргі қоғамдық ғылымдарда қолданысқа енген элита теориясымен жауап беруге болатындай. Жүзден жүйрікті, мыңнан тұлпарды, үздіктің үздігін, бекзат тұлғаны қоғамның элитасы деп атайды. Қоғамды қанаушы мен қаналушыға бөлген қағидадан бас тартсақ, онда кез келген қоғамның өз элитасы болады. Коммунистік идеология «қара түнек» деп айдар таққан феодалдық қоғамды қазіргі кезде дәстүрлі қоғам деп атаймыз. Ал қанаушы деп таныған игі-жақсыларымыз – хандар мен сұлтандар, батырлар мен билер, жыраулар мен ишандар сол қоғамның элитасын құрады. Қоғамдық-әлеуметтік құрылымның саяси, әкімшілік, әскери элитасымен бірге діни элитаның да атқарар өз қызметтері болды. Солай дер болсақ, діни элита дәстүрлі қазақ қоғамының тұтастай мәдени-рухани үдерістеріне басшылық жасады, сол арқылы ұлттың рухын қалыптастырды. Бірақ, бір нәрсе есте болуы керек, ақсүйек аталғанымен төренің бәрі саяси элитаны, қожаның бәрі діни элитаны құраған жоқ. Тек үздіктері ғана.

Бақсақ, дәстүрлі қоғамда діни элитаның текті әулетінен тамыр тартқан Дәукеңнің бойында бекзат тұлғаларға тән қасиеттердің табылуы осындай сабақтастықтың жемісі екен ғой.

Дәукеңді бір кісідей таныдым дегенім бекер екен. Ол кісінің жаңа қыры – парасат-пайымнан туған қазыналы қарияның даналығы деп қабылдауға болатын рухани дүниеге жанашырлығымен қызмет бабымен бір-бірімізден ұзап кеткендіктен де кеш таныстым.

2003 жылы 5 қаңтарда дүниеден қайтқанға дейін Дәумен Шоманов үлкен ізденіс үстінде болды. Айдан-айға, жылдан жылға созылған ел аралап, аңыз-әңгімелер мен шежірелік деректер жинау, Алматы мен Ташкент, Самарқандтың ғылыми мекемелерінде қолжазба қорларын ақтару нәтижесінде бұл күнде арамызда ағамыздың өзі жоқ болса да соңындағы ұрпаққа мұра етіп қалдырған мазмұнды рухани дүниесі қолымызда қалды. Дәумен қажы Шоманұлының 2006 жылы Алматының «Мұрагер» баспасынан ғұмырнамалық «Ғибратнама» кітабы, 2016 жылы Шымкент қаласындағы «Азиат» баспасынан «Мәуләна Шәмшідін (Шәмші Бүзірік) ұрпақтарының шежіресі және хикметтері» кітаптары жарық көрді.

Қазір не көп, діни әдебиет көп. Оқысаң не қиырға салады. Іздеймін деп барыңды жоғалтасың. Таратып айтар болсақ, Ханафи мазхабын тәрк етесің, Ясауи жолын ұстанған ата-бабаңның әруағын құрметтегенің – құдайға серік қосқаның болып шығады. Дәстүріңнен безіп, иманыңнан айрыласың, төл тарихынан жерисің. Зайырлы мемлекетіміздің сындарлы діни саясаты мен ҚМДБ-ның белсенді әрекеті барысында бұл олқылықтардың орны толып келеді қазіргі кезде.

Дәукеңнің кітаптары ондай сырттан келген дәстүрге жат сарындардан мүлдем ада. Бұл кітаптың басты мазмұны ұлт рухының өзегін құраған Ясауи жолын ұстанған қазақтың дәстүрлі діни элитасының тарихы. Соншалықты сүйіспеншілікпен, аса бір сыпайы әдеппен жазылып, қазақтың мәдени-рухани өмірін байытқан тұтас бір әулеттің зерделенген шежіресі.

Әулеттің тарихы дегеннен шығады. Қазақтың дәстүрлі қоғамының рухани өзегін құраған қожа тайпасының Қорасан (Әбжәлел баб) руынан шыққан Қожықовтар әулеті ХХ ғасырдағы қазақ тарихы мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқанын біреу біліп, біреу білмес. Ақмешіт уезінде туған Қоңырқожа Қожықов Сырдария облысында жәдиттік мектептің негізін қалады, Қарнақ мектеп-медресесінде дәріс бере жүріп, алғашқы жәдиттік үлгіде әліпбе жазған (Ахмет Байтұрсыновпен қатар), ақын Шәді төремен бірігіп, Романов әулеті билігінің 300 жылдығына үлкен дастан жазған. Қоңырқожа Түркістан өлкесі отарлық билігінің құрылымдарында қызметке де араласқан элиталық тұлға. Алаш партиясының, Түркістан Мұхтариаты үкіметінің мүшесі, Түркістан өлкесінде республикалық «Қосшы» одағының төрағасы. Кеңестік биліктің басшылығындағы ұлтжанды Сұлтанбек Қожановтың саяси ақылшысы болған. Оның Ясауидің хикметтерін іздеп тауып, Ұлттық кітапханаға өткізуінің өзі бір сала әңгіме. Ал оның балалары Құлахмет, Қожахмет Қожықовтар – республикада кескіндеме өнерінің негізін қалады, Сұлтанахмет Қожықов ұлттық кино өнерін жаңа биікке көтерді. Демек, Қожықовтар әулетінсіз қазақ тарихы мен мәдениеті солғын тартқан болар еді.

Сол сияқты Дәукең сыр етіп шерткен ортағасырлық ғұлама, ойшыл Мәулана Шәмшідіннен тікелей өрбіген әулеттің шежіре-тарихындағы қазақтың рухани өміріне ұстын болған ғұлама ғалымдар мен шайырлар, діни ұстаздар мен әулие-әмбиелердің өнегесі мен мұрасы дәстүрлі қоғам мәдениеті мен тарихының мазмұнын байыта түсетін болады. Осы әулеттен өрбіген Мұхамеджанов Әлімжан, Мұхамеджанов Ғафур, Шаухаманов Сейілбек, Әділов Ахмет сияқты республикалық, облыстық дәрежедегі басшы қызметтер атқарған саяси, әкімшілік элита өкілдерінің қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік және экономикалық өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі, оның тарихына қалдырған өз қолтаңбасы бар.

Ислам дінінің қазақ қоғамы үшін маңызы ерекше. Соның ішінде ислам дінінің түркі халықтары арасында қуатты сопылық ағымға айналған йасауийа тариқаты – тұтастай мәдени-рухани және саяси-идеологиялық жүйе. Оның қазақ тарихындағы атқарған ұлтты ұйыстырушылық рөліне, мемлекетшілік сипатына кейінгі кездегі зерттеулерде шынайы баға беріле бастады. Алтын Орда мемлекетінде Бату хан қайтыс болғаннан соңғы тақ таласы елдің іргесін шайқалтып кеткені белгілі. Оның мәні ортақ идеологияның қалыптаспағандығы болатын. Осы тұста «Құтлық Темір бастаған әмірлер Жошы ұлысының тұтастығын қалыптастыру үшін діни идеологияны негіздеу қажеттігін айқын түсінді. Олар оны түріктерде ислам дінінің өмір сүру формасы болып қалыптасқан Қожа Ахмет Йасауи негізін қалаған сопылық тариқат – Ясауи жолынан тапты» (Зікірия Жандарбек), өйткені, түркі халықтарының рухани-мәдени болмысы жалпы ислам дініндегі халықтарға ортақ шариғат жолымен бірге йасауийа тариқаты қатар қолданыста болғанда ғана қамтамасыз етілуі мүмкін еді. Ясауи ілімі –  қазақ қоғамында Конфуцидің ілімімен пара-пар екендігі туралы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағасы (11 наурыз 2011 жылы Түркістан қаласында зиялылармен кездесудегі сөзі) бұл ілімнің қазіргі қоғамда рухани жаңғыру ұстанымдарына тән маңыз ала алатындығын танытады.

Қожа Ахмет Ясауи негізін салған сопылық поэзиясы қазақ дәстүрлі мәдениетінің тұтастай бір саласын қамтып қана қоймайды, ол керек десеңіз дәстүрлі қоғамдағы дүниеауи ой-сананың да қайнар көзі болды. Ясауиден бастау алған бұл сопылық поэзия бүгінгі күнгі маңғыстаулық ақын Светқали Нұржанның шығармашылығында классикалық мазмұн мен түрлік сипат алды. Тоғыз ғасыр бұрынғы үлгі-өнегенің дәстүр сабақтастығынсыз бүгінге жетуі неғайбыл тірлік. Дегенде, Құл Қожа Ахмет Ясауиден кейінгі сопылық поэзия өкілдерінің ішінде жазба ақындардың қатары әдебиет тарихында саусақпен санарлықтай ғана екендігі жасырын емес. Қазір Ясауиден бастау алған сопылық поэзияның екі бағыты айқын болып тұр. Оның бірі – Асан Қайғы, Шалгиізден бастап Мұрат Мөңеұлы сияқты жыраулар болса, екінші бағыт – діни ортадан шыққан Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Иүгнеки сияқты жазба ақындар. Міне, бүгін Дәумен Шомановтың ізденістері арқылы әдебиет тарихына сопылық поэзияның тағы бір ірі өкілі келіп қосылды. Ол – Ясауи бабаның інжу-маржандай өлең өлшемдерін, ой орамдарын, оның әспеттеген түркілік-исламдық құндылықтарын жалғастырып, тарихи танымды жаңа көркемдік биікке көтере білген шығармашыл элитаның бірі – осы Мәулана Шәмшідін деп білеміз. Оның шығармашылығына алғаш назар аударған Сәрсенбі Дәуітов 1993 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған «Көне мұра қамқорлыққа зәру» мақаласында 1834 жылы хатқа түсірілген Ясауидің қолжазбасында өзге авторлармен қатар «Хикмет Шәмси Өзгендидің» де шығармалары бар екендігіне назар аударған. Әйтсе де, М.Әуезов атыфндағы Әдебиет және өнер институтыбөлімінің қаржы тапшылығына байланысты жабылып қалуына байланысты осы қолжазбамен жұмыс тоқтап қалғандығын тілге тиек етеді.

Сонымен, Мәуләна Шәмшідін дегеніміз кім? Ол насабнама деректері бойынша Әбу Бәкір Сыддықтың 27-ші ұрпағы. Арғы бабасы Әли Қожа (Әлқожа) баба Қожа Ахмед Иассауидің қызы Гауһар анаға үйленген, оның баласы Сүлеймен Уәлі ортағасырлық әдебиет тарихында Сүлеймен Бақырғани, Сүлеймен Хакім-ата және Хакім Қожа Сүлеймен есімдерімен белгілі. Ол Қожа Ахмед Иассауидің дарынды шәкірттерінің бірі болған және ұстазының хикметтерін кейінгі ұрпаққа жетізуге көп қызмет істеген. Сүлеймен Уәлінің баласы Әбділ Әзиз Мәуләна (Әбілғазы Өзгенттік), одан Яхия қожа, Айна қожа туған, сол Айна қожадан Мәуләна Шәмшідін (ХІV-ХV ғасырлар) дүниеге келген. Бұл кісі Шәмші Бүзірік деп те аталған. Жаңақорғанның Қыр Өзгентінде туылғандықтан оның есіміне «Өзгенди», «Узканди» атаулар тіркеседі. Ғұлама-ойшылдың есімі Шәмші қожалардың (Молда Шәмші) таксономына айналған.

Дәумен Шоманов Мәуләна Шәмшідіннің 40 хикметін жинап, кітапқа енгізілген. Ол хикметтердің арасында көпшілігі Ясауидің жоғарыда аталған жинағына енбеген. Хикметтердің тілі мен құрылымы соңғы шумақтарда міндетті түрде автордың есімінің қосылып отыруына қарап, хикмет авторының кім екендігі аңғарылып отырады. Шәмшідін де осы тәсілге жүгінеді. Мысалы,

«Ай, таубасиз ғашықлар, майханада куб иатур,

Дардиң тегди, Шамсуддин, майханаға кириб кур»  немесе

«Кел имди, Шамси ғаси, қой бу сузни,

Дидар учун хақ иолына кирмайн му?»,

«Қожамсымай ей, Шәмшідін өзің білгіл,

Өзің білміш ілімің бірлә аман қылғыл» деген тіркестерді ақынның авторлық қолтаңбасы деп білеміз.

Оның соңына қалдырған аз ғана мұрасының өзі сопылық поэзиядағы дәстүрлі сабақтастықты сақтаған орасан зор рухани байлық. Мәселе ақын хикметтерінің аз-көптігінде емес, оның көркемдігінде. «Теңіздің дәмі тамшыдан» деген бар, иншалла, осы аз мұраның өзі Мәуләна Шәмшідінді Ясауидің дәстүрін жалғаған ақын деп тануға жетіп жатыр. Осы мұраны ерінбей-жалықпай іздеп тауып, көптің игілігіне ұсынған Дәукеңнің табандылығы ата-баба мұрасына деген адалдықтан туған десек, екінші жағынан сол ата-бабалардың алдындағы парызы деуге болады. Демек, Дәукең осы еңбегі арқылы сондай адалдықпен ата-баба алдындағы парызын өтеумен бірге бір әулетке ғана емес, тұтастай қазақ ұлтының рухани мәдениетін байытуға қызмет етіп кетті.

Әр жазбаның өзіне лайық жанры болады. Қалыпқа түскен еңбектің кәсіби сапасы һәм бағасы болады. Еуропаның қазаққа таңған қағидасынан шыға алмаған тарихшы Д.Шомановтың бұл еңбегінің әділ бағасын бере алмайды. Өйткені, европоцентризмнің өлшемдері мен таным-түйсігі қазақтың дәстүрлі тарихын құрайтын ауызша, жазбаша деректерді қабылдауға құлықсыз. Аталған еңбектердің сипаты сол дәстүрлі тарих, мазмұны тарих айтудың дәстүрлі деректерінен құралған. Елбасы Н.Назарбаевтың «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» дегеніндей рухани жаңғырудың міндеттеріні іске асыруда осындай еңбектердің ғылыми құндылығын тану үшін жаңа таным, ұлттық мүдде көзқарасы керек болады. Төл тарихымызды төл деректерден іздеген біздің пікіріміз – Мәуләна Шәмшідінді ғылыми тұлғаландырған Дәумен Шомановтың еңбегі ортағасырлық қазақ тарихы мен әдебиетінің жаңа беттерін ашатын болады.

 

Тарих ғылымдарының докторы, Ахмет Ясауи атындағы

Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессор      Хазретәлі Тұрсұн

 

 

 

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған