Білген Шайыр айтады

Қисса Бәрсиса

Бұл қиссада шайтанның азғыруына ерген пенде туралы айтылады. Есің барға үлгі боларлық дүние

Жүсіпбек Шайқисламұлы

Құдайым он сегіз мың ғалам қылды,

Баршасын алты күнде тамам қылды.

Адамды аспан-жердің мақұлығының,

Бәрінен артық қылып жаралдырды.

 

Сәжде етті періштелер мойын бұрып,

Көтерді тақтыменен ғізет қылып.

Жеті аспан, сегіз бейіш лауһ ғалам,

Баршасын сыр еткізді алып жүріп.

 

Ғазезіл бұрын еді молла ғалым,

Үйреткен періштеге тағылымларын.

Ұлық болып мәртебесі сұрап еді,

Жеті аспан, сегіз бейіш баршаларын.

 

Адамға сәжде қылмай тұрып қалды,

Мойнына тоқ лағынатын Алла салды.

«Шайтан» деп онан кейін ат қойылып,

Рәнде дәргәһ болып қуаланды.

 

Аллаға ғарыз қылды шайтан тұрып,

Қанша жыл жүріп едім қызмет қылып.

Хаһиын қызметімнің сен маған бер,

Бұл күні жібергенде мені қуып.

 

Шайтанға нада қылды хаһы дана,

Көп қызмет қылып едің бұрын менга.

Жазасын бұл күнәңнің дүниеде тарт,

Хақысын ақыретте берей сенга.

 

Шайтан айтты: «Бұл күні айладың хар,

Хақысы ақыретте емес дәргәр.

Иә, Алла, хақым үшін мәрхаббат қыл,

Көңілімде үш тілейтін мүдәғам бар».

 

Шайтанға нада қылды Жаппар Алла:

«Берейін мүддәғаңды, сен һам тіле.

Һеш уақытта намаз қылып қоймағаймын,

Һәр бірінде қызмет қылса дәргағыма».

 

Шайтан айтты: «Құдай пазылы кәрәм,

Әуелі ұзын ғұмыр бергін маған.

Екінші, қай суретте көрінсем де,

«Шайтан» деп танымасын һеш бір адам.

 

Үшінші, һәр бір түрлі мигір қылып,

Адамның беденінде қандай жүріп,

Һәр түрлі қайла қылып азғырайын,

Мұнан деп ойламасын ешкім біліп.

 

Иә, Алла, сенен тілер тілегім бұл,

Пазылың мен хақым үшін мәрхаббат қыл!».

Шайтанның бұл дұғасын қабыл алып,

«Бердім» деп нада қылды, хакім кіл.

 

Сол күннен бұл уақытқаше шайтандығын,

Ойлайды азғырмақтың қайғы-қамын.

Ілгері қанша жақсы жандар өтті,

Мигірінен құтылмаған һешкім оның.

 

Адамға бидай беріп, қылды ғасы,

Сол еді дұшпандықтың әуел басы.

Әбілді Қабыл ұрып шаһит етті,

Адамның перзенті еді ықыласы.

 

Ілгері көп адамдар өткен еді,

Оны һам шайтан мигір еткен еді.

Бақсысы тілін алып, ғасы болып,

Айырылып иманынан кеткен еді.

 

Аймаққа мүмкін ермес бәрін бірден,

Кітаптан қиссаларын һәр кім білген.

Шайтанның бір ойлаған дұшманлығын,

Нәзім етіп білдірейін түркі тілмен.

 

Айтайын бір нәсихат енді тыңда,

Тыңдасаң көп қасиет бар дүр мұнда.

Бір заһит Бәрсиса атты ер бар еді,

Дүнияның бұрынғы өткен күндерінде.

 

Көп таһуа заһит еді, өзі ғалым,

Шәһраты жақсылықпен халыққа мағлұм.

Өзінің заманының қатбы еді,

Оқыған ғалым хал мен ғылым халын.

 

Дүнияны ілмес еді зәре көзге,

Жасынан ғадет қылып жақсы сөзге.

Жетпіс жыл тынбай тағат қылып еді,

Басқаға мойын бұрмай Хақтан өзге.

 

Салдырып бір һыжыраны қылует қылып,

Ғибадат ойлар еді онда тұрып.

Өзінен рұқсатсыз һыжырасына,

Һеш адам жолықпасты ішке кіріп.

 

Үш күндік жер еді бір мәрте тағам,

Намазын оқыр еді қылмай тамам.

Он күнде һыжырасынан тысқарыға,

Бір мәрте шығар еді қойып қадам.

 

Ғұмырында сондай еді қылған ісі,

Қылмаған мұндай тағат һеш бір кісі.

Ғазезіл лағынетің мұны көріп,

Жүр еді кеше-күндіз күйіп іші.

 

Ойланды азғырмаққа қылып ғақыл,

Бәрсиса болмас еді хақтан ғапыл.

Хақ жолдан азғырмаққа шара таппай,

Бір күні уалаяттарын жиды ақыр.

 

Жиналып уалаяттың келді бәрі,

Атам деп тәуеп етті, көріп оны.

«Біздерді не жұмысқа шақырдың» деп,

Ғарыз етті, қол қусырып баршалары.

 

Шайтан айтты: «Уалаятым, бол хабардар,

Бұл жерде Бәрсиса атлы бір заһит бар.

Соңына кеше-күндіз түсіп едім,

Хақ жолдан азғырмағым болды душар.

 

Шақырдым оның үшін хабар қылып,

Азғырсаң, Бәрсисаны бәрің тұрып.

Жетпіс жыл ғибадаты күйіп кетіп,

Тозаққа бізбен бірге жанса кіріп».

 

Ғазезіл уалаятына айтты мұны,

Отырды һеш бірінің шықпай үні.

Азбағын Бәрсисаның қиын біліп,

Орнынан қозғалмады бірде-бірі.

 

Үш мәрте осылайша деп айтылар сөз,

Отырды бірде-бірі тұрмай һәр кез.

Төртінші айтқанында жауап беріп,

Бір шайтан Абиз атты тұрады тез.

 

Абиз айтты: «Әй, ата, болма дәлтің,

Хақ жолдан Бәрсисаны азғырармын.

Ілгері неше мәрте мигір еткенмен,

Бірінші Пайғамбар мен Расул һам.

 

Әзәзіл мұны естіп хұрсатланды,

Абиз һам Бәрсисаны қолына алды.

Үстіне софылардың киім киіп,

Мойнына қалқа қылып рада салды.

 

Һижыраның ішіне келді Абиз,

«Иә, Бәрсиса, шыққын» деп, қылды ауаз.

Алланың тағатына мәшғұл болып,

Һижырада отыр еді оқып намаз.

 

Ауазын ашытса һам үндемейді,

Намазын мешіт ішінде оқи берді.

Абиз һам шықпағанын кәміл біліп,

Есікте тынбай намаз оқыр еді.

 

Әлқисса, бұл арада он күн өтті,

Бәрсиса шығатұғын уақты жетті.

Есіктен сыртқа шығып, қадам басып,

Жер жүзін бір мәртебе тамаша етті.

 

Абиз отыр еді қылып тағат,

Зікір айтып, жылар еді көп ғибадат.

Алдына қарсы барып сәлем берді,

«Сүйікті пенде екен, – деп, – бір жақсы зат».

 

Сәлемын «ғаликім» деп алды Абиз,

Екеуі құшақтасып, көрісті баз.

Арада амандық сөз өткеннен соң,

Айтады үшбу сөзді қылып ауаз.

 

Абиз айтты: «һижыраға ол күн келіп,

Шақырдым «Бәрсиса» деп ауаз беріп.

Есікте ынтызар боп көп отырдым,

Бармаққа әдеп сақтап ішкері еніп.

 

Естіп «шықпа» дедіңіз не үшін маған,

Бермекке жоқ еді ме, иәки, тағам.

Көп тәуәп ғалалына жазылар-ды,

Һәр кіші мейман үшін ұрса қадам.

 

Мен сізді ғайбана дос тұтынып,

Көрмекке келіп едім арзу қылып.

Һижырада тағат қылсам деп ойлап ем,

Сізбенен бірнеше күн бірге тұрып.

 

Осылайша қиялменен келіп едім,

Болмады бұл мүддәғам енді менің.

Һижырадан маған орын болмайды екен,

Қайтайын мекеніме, жауап берің».

 

Бәрсиса айтты: «Келгенде ол күні сіз,

Ишғұл болып отыр едім Хақ зікірмен.

Һижырадан оның үшін шықпас едім,

Болмаса, болмас едім тағамым кем.

 

Бұл күні құрмет қылып, ішке кіріп,

Мейман боп, отырыңыз сұқбат құрып.

Аллаға кешке-күндіз зікір айтайық,

Һижырада бірнеше күн бірге отырып».

 

Өтінді осылай деп есік ашып,

Абиз һам ішке кірді қадам басып.

Аллаға тағат қылып отырар-ды,

Екеуі онан кейін біргелесіп.

 

Абиз һам оқыр еді намаз тымбай,

Басқаға Хақ зікірінен мойын бұрмай.

Бәрсиса ізет қылып сыйлар еді,

Артықша ғибадатын көріп мұндай.

 

Он күнде бір мәртебе тағам жеді,

Қырық күнде һижырадан бір шығар еді.

Аллаға кешке-күндіз тағат қылып,

Ұйқыны рақатпен һеш көрмеді.

 

Бұл ісі Бәрсисаның ғақылын елтіп,

Артықша сыйлар еді ізет етіп.

Намазда имамлыққа өткізеді,

Өзінен мәртебесін бәләнт етіп.

 

Әлқисса, бір жыл тұрды болып бірге,

Зікірін кешке-күндіз алып тілге.

Ықыласы Бәрсисаның артар еді,

Көрген соң ғибадатын әрбір күнде.

 

Абиз айтты бір күнде: «Әй, пірәдәр,

Мен сізге өз сырымды айлай изһар.

Аллаға кешке-күндіз тағат қылып,

Ғұмырымша жатар едім жастанып қар.

 

Атыңыз естілді таһуа деген,

Артық деп келіп едім ойлап мен.

Бұл қылған Хақ жолында ғибадатың,

Өзімнен көрінеді бәлкім төмен.

 

Қайтамын, мекеніме енді тұрып,

Аз күні жолдас болып бірге отырып.

Аллаға тағат қылып, зікір айтамын,

Ілгері мекен еткен қарға кіріп».

 

Бәрсиса айтты: «Ай, ғазиз, жақсы пенде,

Қайтсам деп қадірімді қойма ғамке.

Аллаға тағат қылып отырайық,

Һәр уақытта аманат жан болса тәнде».

 

Абиз айтты: «Қайтпағым ләзім менің,

Ренжімей ризалықпен жауап берің.

Сен менен қасиетті үш дұға үйрен,

Кісіге шипа болар салған демің».

 

Бәрсиса айтты: «Керегі жоқ дүр оның,

Тимейді дем салмаққа менің қолым.

Халайық бұл ісімнен хабарланса,

Қоймайды айтпағыма Хақтың жолын».

 

Абиз айтты: «һәр уақытта салғанда дем,

Түзелсе пенде, момын бір кеселден.

Жетпіс жыл тынбай қылған ғибадаттан,

Сауабы Хақ жолында болмайды кем».

 

Бәрсиса ләжы жоқ қабыл етті,

Абиз һам мигірлікпен дұға үйретті.

Екеуі бір-біріне хош айтып,

Һижырадан тысқарыға шығып кетті.

 

Ұшырады бір адамға жолда келіп,

Жын болып оны буды ішіне еніп.

Дертіне дұға қылып қаратпаққа,

Шақырды тәуіптерді хабар беріп.

 

Абиз һам тәуіппенен ішке кірді,

Кеселінің қолын ұстап халін білді.

«Кеселі бұл адамның жын екен» деп,

Дем салды, зікір айтып неше түрлі.

 

Абиз айтты: «Келмейді халім менің,

Кеселіңді Бәрсисаға алып барың.

Ол ердің дұғасымен тұра келер,

Бір Құдай шипа қылар салған демін».

 

Олар айтты: «Бәрсиса таһуа кісі,

Зәредей бұл дүнияға жоқ-ты хошы.

Кеселге апарғанмен, демін салмас,

Ғұмырынша Хақ бұйрығы қылған ісі».

 

Абиз айтты: «Кеселді алып барып,

Айтыңыз Бәрсисаға бірше налып.

Кеселін бұл адамның жазғын деңіз,

Құдайдың құрметі үшін бір дем салып».

 

Баршасы бұл айтқанын қабыл көрді,

Кеселді Бәрсисаға алып келді.

Бір мәрте нәпіс еткен деміменен,

Жазылып кеселінен тұра келді.

 

Әлқисса, бірнеше адам болды жынды,

Бәрсиса дем салған соң бәрі тұрды.

Патшаның жалғыз қызын бір күндерде,

Ақыры Абиз шайтан жынды қылды.

 

Патша қызы жын ұрған соң, қалды талып,

Жатады һәр заманда айғай салып.

Ол қыздың кеселіне дуа қылды,

Шаһардан бірнеше ұлық тәуіп барып.

 

Абиз һам: «тәуіпмін» деп хабар берді,

Патшаның рұқсатымен ішкері енді.

«Кеселі бұл қызыңның жын екен» деп,

Онан соң үшбу сөзді айтар еді:

 

«Бұл қызға жын-періден зиян жетіп,

Жатыпты оның үшін есі кетіп.

Кеселін һеш бір адам түзете алмас,

Қаншама дәріменен лаж етіп.

 

Бұл қызды Бәрсисаға барсын алып,

Қараса, бірнеше күн ол дем салып,

Ол ердің дұғасының себебінен,

Жазылар кеселінен, сауқаттанып».

 

Патша айтты: «Бәрсиса дүр жақсы пәндә,

Қызымды апарамын нешік әнгә.

Бұл қызға апарғанмен, демін салмас,

Ғұмырынша баққан емес нам харемге».

 

Абиз айтты: «Бұл қызды алып барың,

Осылайша табылады хайласы аның.

Әгарда дем салуды хош көрмесе,

Алдынан һижырасының бір үй салың.

 

Һижыраға қызды қойып, тыста тұрып,

Айтыңыз Бәрсисаға ауаз қылып.

«Кеселдің жалғыз өзін үйге қойдық,

Тұрыңыз һәр уақытта халін біліп.

 

Рақым етіп, кеселіне салыңыз дем,

Түзелсін, шипа болып бұл кеселден.

Жаратқан бір Құдайдың құрметіне,

Үшбу қыз сізге қойған аманат» дең.

 

Алланың естіген соң ұлық атын,

Хам және қыздың біліп аманатын,

Кесел боп жатқанына рақымы келіп,

Дем салып, лажы жоқ болғай жақын».

 

Патша бұл айтқанын қабыл алды,

Ол қызды Бәрсисаға алып барды.

«Патшаның кесел қызын әкелдік» деп,

Сыртынан һижырасының шоқын салды.

 

Бәрсиса айтты жүзіне назар салып:

«Қасына дем салмаймын жақын барып.

Батпағым нам хәремге күнә болар,

Бұл қызды мұнда қоймай, кеткін алып».

 

Сөзіне Бәрсисаның құлақ салмай,

Қасынан бір үй салды, тілін алмай.

Ол қыздың жалғыз өзін үйге қойды,

Қасында күтпек үшін біреу қалмай.

 

Бұл сөзді Бәрсисаға айтты бәрі:

«Бір үйге жалғыз қойып кеттік оны.

Һәр уақытта кеселіне дем салып тұр,

Құдай жолды пенде дер әр кім сені».

 

Бәрсиса мұны естіп қайран қалды,

Лажысыз, кеткеннен соң қызға барды.

Кесел боп жатқанына рақымы келіп,

Қасында аз отырып демін салды.

 

Патша қызы дем салған соң есін біліп,

Орнынан тұра келді, тағзым қылып.

Бәрсиса «нам харам» деп пәрһиз етіп,

Қасында көп отырмай, кетті тұрып.

 

Кеткен соң есін білмей, қалды талып,

Жатады һәр заманда айғай салып.

Көңілінің жылағанға рақымы келіп,

Дем салды кеселіне және барып.

 

Үстінде қоймас еді киімдерін,

Жатады есін білмей, шашып бәрін.

Қаншама жапқанменен, шара болмай,

Лажысыз ашылады бәдені оның.

 

Осылайша бірнеше күн дем салып жүрді,

Көңіліне Бәрсисаның шайтан кірді.

Азғырып, неше түрлі ой ойлатып,

Хайламен мигір етеді неше түрлі.

 

Айтады: «Бұл – отырған назнин гүл,

Патшаның қол жетпейтін қызы дүр бұл.

Осындай қылует жайда сұқбат құрып,

Көңіліңнің құрсын да етіп һишарат қыл.

 

Тәубе ет, кәне, өтін деген анық,

Тәубе етсең, қылған күнәң кетер жанып».

Ақыры азғырмаққа мақұл етті,

Көңіліне осы түрлі қиял салып.

 

Ол қызға Бәрсисаның ғашығы кетіп,

Һәр заман тұрар еді көңілін елтіп.

Ақыры мүддағасын ғасыл етті,

Қылуетте патша қызымен сұқбат етіп.

 

Осылайша ойнап жүрді біраз заман,

Бұл істі білмес еді еш бір адам.

Құдайдың құдіретімен патша қызы,

Бір күні буаз болды Бәрсисадан.

 

Бәрсиса мұны көріп қайран қалды,

«Халық білсе, қайтемін» деп көңіліне алды.

Тағыда Абиз шайтан мигір етіп,

Көңіліне осы түрлі қиял салды.

 

Бұл қыздың буаздығын патша білсе,

Онан соң қасап қылып, сені өлтірер.

«Бәрсиса патша қызымен ойнапты» деп,

Сыртыңнан таба қылып әр кім күлер.

 

Өлтіргін онан дағы қызды тұрып,

Қойған жоқ бұл күнәларды һешкім біліп.

«Қызыңды жын әкетті» деп айтарсың,

Әгарда патша сұраса, сауал қылып.

 

Көңіліне бұл қиялды мақұл алып,

Өлтірді, отырғанда қызды барып.

Сыртынан һижырасының бір жер қазып,

Білдірмей қыз өлігін қойды салып.

 

Өзінің һижырасына қалды кетіп,

Сол заман Абиз шайтан келді жетіп.

Ол қыздың көйлегінің бір етегін,

Шығарды тысқарыға нышан етіп.

 

Түсіне атасының енді барып:

«Әй, патша, қызыңнан, тұр, хабар алып.

Бәрсиса зинаменен буаз қылып,

Өлтіріп және қойды жерге салып».

 

Патша мұны естіп, қайран қалды,

«Бұл қалай түс болды» деп көңіліне алды.

Қызының бір хабарын білмек үшін,

Һижыраға патша өзі, бәрі барды.

 

Жолықты Бәрсисаға хабар беріп,

Қызының халін сұрады ішкері еніп.

Патшаға Бәрсиса айтты: «Ол қызыңды,

Бір күні алып кетті жындар келіп».

 

Патша мұны естіп қайтып келді,

Қызының өлгеніне қайғы жеді.

Патшаның үш ұлының үлкенінің,

Бір күні Абиз шайтан түсіне енді.

 

Түсінде осылайша  деп айтады сөз:

«Ол қызды жын алған жоқ, білің һәр кез.

Бәрсиса зинаменен буаз қылып,

Һам және халық білер деп, өлтірді тез.

 

Сыртына һижырасының көмді жана,

Білмекке көмген жерін бұл –  нышана.

Етегі көйлегінің шығып жатыр,

Табасың көп кешікпей, барсаң анға».

 

Үш күн осылай деп хабар берді,

Сенбей «шайтани» деп жүрер еді.

Үлкенін азғыруға шара таппай,

Екінші ағасының түсіне енді.

 

Түсінде осылайша деп айтады сөз:

«Табасың көп кешікпей, барсаң өзің.

Етегі көйлегінің шығып жатыр,

Сыртында һижырасының болса көзің».

 

Мұның да түсіне енді үш күн келіп,

Сенбей жүрер еді «шайтани» деп.

Ақыры кіші ұғылының түсіне енді,

Екеуін азғыра алмай уәйім жеп.

 

Түсінде осылаша деп айтты хабар:

«Һәр кісі көп кешікпей, барып табар.

Етегі көйлегінің шығып жатыр,

Сыртына һижырасының барсаң әгар».

 

Оның түсіне енді үш күн барып,

Ойлады «бұл қалай» деп көңіліне алып.

Екі үлкен ағасына мағлұм етті,

Осындай түс көгенге қайран қалып.

 

Олар һам «осындай түс көрдік» дейді.

«Бұл қалай болды» деп ойлар еді.

Түсінің һақиқатын айтпақ үшін,

Алдына атасының бұлар келді.

 

Үшеуі атасына айтты келіп,

Айтады: Түсімізде мұндай еніп.

Бұл істі Бәрсисаға лайық көрмей,

Айтқалы сізге келдік, хабар беріп».

 

Патша айтты: «Көріп едім мен де бұрын,

Осындай айтып еді барлық түрін.

Сенбей, «шайтани» деп қойып едім,

Кезегін келтіре алмай һешбір мұның.

 

Үшеуің атқа мініп, жылдам барып,

Қараңыз айтқан жерге назар салып.

Әгарда, қылған ісі рас болса,

Алдыма Бәрсисаны келгін алып».

 

Үш ұғылы мұны естіп атқа мінді,

Қасына неше жігіт ертіп жүрді.

Сыртына һижырасының жақын келіп,

Баршасы аттан түсіп, назар қылды.

 

Өлігін көмген жерден ашып алды,

Рас болды Бәрсисаның қылған ісі.

Һижыраға келгендердің бәрі барып,

Ұстады Бәрсисаны заулы салып.

Ол қыздың өлігі мен екеуін һам,

Патшаның құзырына барды алып.

 

Патша айтты: «Бәрсиса, қызым менің,

Буаз болып тауыпты сенен өлім.

Ілгері барғанымда, жалған айтып,

«Қызыңды жын алды» деп айтып алдың.

 

Қызымды өлтіріп, сен, айлап залым,

Кінасы өлтіргендей, қанша мұның?»

Бәрсиса қылған ісін мойнына алып,

Ырза боп, шығармады һешбір үнін.

 

Патша айтты жалатларға әмір етіп:

«Дараға ас, Бәрсисаны бұл күн елтіп.

Құн нақық зина қылған күнәсі үшін,

Дүнядан шерменде боп қалсын кетіп».

 

Жалатлар Бәрсисаны алып жүрді,

Естіп, һәр тараптан халық жиылды.

Сол заман дар басына арқан салып,

Аспаққа Бәрсисаны даяр қылды.

 

Көрінбей өзгелерге Абиз келіп,

Жолықты Бәрсисаға сәлем беріп.

Өзінің ахуалынан сауал етті,

Өлімге жетіп тұрған халін көріп.

 

Бәрсиса айтты: «Дұғаңмен ғамал қылдым,

Кеселге һәрміз келді дем сап жүрдім.

Ақыры иман, нәпсім тілін алып,

Патшаның қызыменен сұқбат құрдым.

 

Өлтірдім ол қызыны һам бір себеппен,

Кеп тұрмын оның үшін бұл жерге мен.

Жақында дараға асылып, өлсем керек,

Болмаса бір мархаббат өзіңізден».

 

Абиз айтты бұл істен хабар етіп:

«Келгенім неше бәләнт таудан өтіп.

Басыңды бұл өлімнен құтқарайын,

Көрсетпей өзгелерге алып кетіп.

 

Иіліп бір мәртебе сәжде айт маған,

«Тіліңе ал, қайтқаным» деп бір Алладан.

Өлімнен құтылған соң, тәубе етерсің,

Сірә да бұл айтқаным болмас жаман».

 

Бәрсиса сәжде қылды басын салып,

Алладан «қайттым» дейді тілін алып.

Мартад боп иманынан ажырады,

Шайтанның алдауына көңілі нанып.

 

Абиз айтты: «Шайтанмын, білің мені,

Хайламен азғырмаққа келдім сені.

Зина мен құн нақық, сәжде еткізіп,

Бұт-пәрасат кәпірлердей қылдым дейді.

 

Жоқ болды Абиз шайтан бұл сөзды деп,

Жаллатлар Бәрсисаны ұстады кеп.

Ажыралып иманынан қалғанына,

Не пайда, қапа болып өкінді көп.

 

Жалатлар дарға тартты әмір етіп,

Тәнінен жаны шықты уақыты жетіп.

Жетпіс жыл тынбай қылған ғибадаттан,

Зәредей пайда болмай қалды кетіп.

 

Осындай хайла қылып шайтандығын,

Ойлады азғырмақтың қайғы-қамын.

Шайтанның алдауына кірмеңіздер,

Халынан ғибарат алып Бәрсисаның.

 

Ғазезіл бұл күнде һам көп азғырар,

Әр түрлі ой ойлатып аһуа қылар.

Бір Құдай өз пазылымен сақтамаса,

Мигірінан һеш адам жоқ мойын бұрар.

 

Бұл сөзді ойласаңыз кім айтқанын,

Үшбудүр Юсупбек атым менің.

Үш жүз бен бір мың төртке оны қосып,

Әбжаттың есебіне назар салың!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған