Майлықожа

Әр істі ақылдылар абайлайды

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

Бұлт шөгіп жаңбыр жауса тау мен тасқа,

Мұзда ерік қалмайды су болмасқа.

Жақсы мен жаман адам бірдей болмас,

Әр қайсысының әр ықылым парқы басқа.

 

Қара тастан пайда боп шығар алтын,

Жылы суық болады, ыстық салқын.

Жаратқан неше түрлі мақұлықат қып,

Бірінің арзан, бірінің қымбат нарқын.

 

Үстінен алтын тақтың патша тайған,

Ұядан не сұңқарлар қанат жайған.

Бір үйде қанша адам болғанымен

Ойласаң бір-біріне бәрі мейман.

 

Ұядан не қырандар талпынысқан,

О да жоқ шабытынан артық ұшқан.

Тобынан озып жүрген не жүйріктер

Жете алмай мәһәліне алқынысқан.

 

Әуелі су да екпіндер тасарында,

Екпіннен кем-кем қайтар басарында.

Кітаптан «Мұхия қисас» болмас керек,

Кісіге пайдасы жоқ асқанның да.

 

Бітеді көкке терек әуеленіп,

Бітпеген жақсы болса мәуе нағып?

Парығы адамзаттың сол сияқты,

Тұрады мәуе ағаштар жерге бағып.

 

Кісіге пайдасы жоқ асқанменен,

Көңілі кейбіреудің аспанменен.

Созылып не жүйріктің пайы кеткен,

Тірісінде озып боп, жер басқанмен.

 

Бүркіттің түрін берген қарақұсқа,

Құдайдың құдіреті қандай ұста.

Бүркіттің алған аңы түлкі, қасқыр,

Қарақұс жемтік іздеп болған нұсқа.

 

Әр істі ақылдылар абайлайды,

Не білер пайымы жоқ, ақылы қысқа?!

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу