Басқы бет / Білген Шайыр айтады / Аппақай, амал бар ма мына сорға?

Аппақай, амал бар ма мына сорға?

Атақты қоңырат Қоныс датқаның қызы Аппақай жалғыз ағасы Беркiмбайдың айтқанын тыңдамай түбi қара кетелiк ояз тiлмашымен қашып кетiп бара жатқанда, жолда ұшырасып қалған Мәделi ақынның айтқаны:

Аппақай, амал бар ма мына сорға?

Құс едiң аспандағы түстiң торға,

Үстiнде көк арбаның селкiлдейсiң,

Көшкенде жақпаушы едi тарпаң жорға.

 

Аппақай, ашыды ма сенiң миың,

Үстiңе қынамалап кидiң киiм.

Түскiн де арбадан, ауылыңа қайт,

Жанында Жартытөбенiң отыр үйiң.

 

Аппақай, кеткенiң бе жетiлмей-ақ,

Сырбаздың былқылдаушы ең етiндей-ақ,

Қоныстың ен дәулетiн ылайладың,

Дарияның ағып жатқан шетiндей-ақ.

 

Атыңа үш тұмсықтап қаққан тағаң,

Мойныңда қынамалы киген жағаң.

Айта кет, Аппақай жан, бiр сырыңды,

Есiңнен шыққаны ма жалғыз ағаң?

 

Насиқат көп айтсам да ұға алмадың,

Боларын мұндай iстiң бiле алмадым,

Май салып ауызыңа бал емiзген

Есiңе ата-анаңды бiр алмадың!

 

Аппақай, есеймей-ақ ерге кеттiң,

Төменнен жай таба алмай өрге кеттiң,

Қайыр қош, ендi аман бол, қарындасым,

Көз көрмес, аяқ жетпес жерге кеттiң.

 

Аппақай, ел iшiнде өстiң ерке,

Әйелсiң шашың ұзын, ақылың келте,

Көзiңе Қамбар болып көрiне ме

Қалбайған қарға бұтты қара кете?!

      

АТЫНАН  АППАҚАЙДЫҢ  ҚАРАСПАСАҢ…

Аппақайдың тiлмашқа қашып кетуiнiң арты үлкен дауға айналады. Қара кете тiлмаш арғын Құлтума дегенге барып уақытша сонда паналайды. Арада біраз уақыт өткен соң ол кiсi араға түсiп Мәделi қожа арқылы оларды Беркiмбаймен татуластырады да, табысқан күйеубаласы қайынағасына Қайысаяқ деген атақты жүйрiк атын мiнгiзедi. Мiне сол тұлпарды Беркiмбай астына мiнiп келе жатқанда ескерусiз қалған Мәделiқожа былай дейдi:

Ел қайда Желтиместен ары аспасаң,

Ат қайда Құлшоқынмен жараспасаң?

Аяғы торышаның қою тартты

Атынан Аппақайдың қараспасаң!

 

Сонда Беркiмбай астындағы жүйрiк арғымақтан қарғып түсiп, сол жерде аттың шылбырын ақынға ұстата салған екен.

***

Ел ішінде осы бiр оқиғаға қатысты әңгiменiң бiршама өзгертiлген нұсқасы да сақталған. Онда Аппақайдың ағасымен тiлмаштың татуласқаны былайша баяндалады:

… Аппақай қашып кеткен соң араға бiраз уақыт салып, сондай келеңсіз жағдайда күйеуге тиген қыздың тұрып жатқан ауылының үстінен ойда жоқта бір жақтан жолаушылап келе жатып ағасы Беркiмбай мен Мәделiқожа өтедi. Аппақай бұларды көре сала ағасының астындағы аттың шылбырына оралып, үйiне түсулеріне жалынады. Ақыры оларды қонақ қылып, ағасына ат мiнгiзiп, тiлмашпен татуластырады.

Қайтар жолда аты шабан тартқан ақын серігі Беркiмбайға жоғарыда келтiрiлген бiр ауыз өлеңдi айтып, қарындасы берген Қайысаяқ деген атақты жүйрікке ауысып мiнiп алған екен делінеді.

Сондай-ақ, оқыңыз

Қисса Салсал (жалғасы)

Жаяуға Омар Баба тіпті жүйрік, Ғұмырын өткеріпті жаяу жүріп. Ысқақ пайғамбардан кереметті киіз алып, Ысмайыл …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған