Басқы бет / Білген Шайыр айтады / Шымкентті патша алғанда ақын Мәделі қожаның қоштасуы

Шымкентті патша алғанда ақын Мәделі қожаның қоштасуы

  Ақ патша әскері Шымкентті 1865-ші Тышқан жылы сейсенбі күні түстен кейін алған екен. Сонда қазақтың бір қатары үркіп Жиделі Байсын жерге ауамыз ба, дегенде Мәделі қожа Жүсіпқожаұлының  айтқан жыры.

Айналайын Әзірет,

Әулиенің кені еді.

Тоқсан тоғыз машайық,

Отан қылған жер еді.

Жұрттың пейлі кеткен соң,

Нә шүкірлік өткен соң,

Машайықтар бас болып,

Қожа Ахмед әулие,

Меккеге қарап жөнеді.

Әзіреті Қара тау,

Мал салушы едік сыртыңа,

Жар болушы еді Әзірет,

Сан сиынған мұртына.

Әзірет мұннан кеткенді,

Зиярат Мекке еткенді.

Он жылдан соң келермін,

Көшіп кеткен жұртыма.

Көндіре алды Орыс та,

Шолақ қорған,Созақты.

Алдына барған қазақтан

Алғанын қайта бермеді,

Қазақ қалды азапқа.

Алдағанын білмеді.

Әулиелер жай қылған,

Қара бір таудың көбесі,

Күндік жерден көрінген,

Әзірет Сұлтан төбесі.

Бейдәрет бармас қасына,

Құс қонбаған басына,

Орыстың шығып ойнады,

Қамшыдай қатқан немесі.

Әулиелер жай қылған,

Қара бір таудың бұлағы.

Дін мұсылман амалды,

Қыла алмады мұндағы.

Біздің қазақ бейшара,

Киіктің жетім лағы.

Тұрқым, көркім ұқсайды,

Түркілер тонын қомсайды.

Бұғыз алды таңдайды,

Медет бер деп жылайды,

Тескен тауға барсаңда,

Алғанын орыс қоймайды.

Дін мұсылман жоқ болды.

Есіткеннің құлағы,

Падшадан қуат болмады.

Орыс келіп алған соң,

Жылаған адам көп болды.

Кәпір болды бегіміз,

Барма еді бізде кегіңіз,

Кәпірге қайрат қылмадың,

Осы ма еді теңіңіз.

Орыс келіп жақсылар,

Араласты пұлымыз.

Айналайын Әзірет,

Орыстың қалдық қолында,

Қуббайы жасыл тоныңыз

Қор болды бей сар соңыңыз,

Айналайын Әзірет,

Ата жолмен қойыңыз.

Әзіретті алған соң,

Жасын көзім тауысты,

Орыс алды қонысты,

Мұсылманның ішіне,

Орыс қойды болысты.

Он тоғыз кентін алып тұр,

Күллі қазақ налып тұр,

Құдайдан қайтпай бұл орыс,

Ташкенге қолын салып тұр.

Отырған мен жақсылар,

Қайсы бірін айтайын,

Тоқпағым мен Піспегім,

Өңімдей болды-ау түстегім,

Орыс шықты тауыңа,

Қиын болды түспегің.

Әуле ата,Талас-ай,

Осында жатқан Алаш-ай,

Орыста қалды-ау қор болып,

Мұсылманның баласы-ай.

Қайысқан қапта, құрты, май,

Қаптай жатқан жұртым-ай,

Енді сені көру жоқ,

Қапы қалдың бұл күні-ай.

Бүйірлі Билі көлім-ай,

Жуалы, Шақпақ белім-ай,

Орыс келіп бүлдірді-ау,

Мамыр боп жатқан елім-ай.

Сол елдің бәрін жапырған,

Жолбарыстай ақырған,

Бір күні қашты орыстан.

Қазақтың шошып денесі-ай,

Түзілді, қараң қашысы-ай.

Қара сақал, Дәу баба-ай,

Өзіңді басты жау баба-ай.

Қоғалы майдан Көк бұлақ,

Пісілуші еді көп саба-ай.

Көк беттеулі Күрең жай,

Түрленуші еді көктемде-ай,

Көк сайлықты жері бай,

Пірімдей еді асыл жай,

Қайсы бір қияр жерімді,

Кәпірде қалды ой тоба-ай.

Машаттың басы Иір су,

Қалмаушы еді бие ту,

Қайтіп бір қыям жерімді,

Замана жаман болды қу.

Ақ судың басы Аршалы,

Қыздар киер паршаны,

Орыста қалды ау қайран жер,

Жоқтай-жоқтай шаршады.

Үш биіктің жайлауы,

Балдыберек басы еді,

Өлкесі жатқан бетеге,

Арқасы өркеш тас еді.

Қымызы күшті арақтай,

Ішкен бір адам мас еді.

Жаңғақты менен Қоғалы-ай,

Қара төбе,Обалы-ай,

Мекен қылған жерінен,

Жаңылдың неден тобаны-ай.

Қара мұрттың қасында,

Ақ жаулық сайдың сайлары-ай,

Жайлаушы еді үстілерін,

Көктің ұлының байлары-ай.

Мамыр болған жерімнің,

Бұзылар болды айраны-ай.

Қорғанның биік дуалы,

Тастап бір кеткен қулар-ай,

Туысында табысқан,

Қасымбектің сұңқары-ай

Имамберді, Әжібек,

Зиялының іскері-ай,

Шапқан сайын өрлеген,

Жұртқа бәйгі бермеген,

Тәжіні қолдан ілмеген,

Қара-да-байыр тұлпары-ай.

Қардың суы кетпеген,

Есіл ғана тауым-ай.

Дем алып өткен үстіне,

Көшіп түскен қауым-ай.

Мұнар кетпес басынан,

Біз жайлаушы едік қасыңда-ай.

Әсіл бір таудан бездірді,

Орыс деген жауым-ай.

Имамберді, Мұсабек,

Арылар қайтіп тұманың,

Күдер үзіп жұртынан,

Ұзап кетті қасыңнан,

Қамығады-ай көңілім,

Алыс кетті дегенге,

Мың кісілік біреуі,

Дұшпанның еді тарауы,

Үш датқаның жайлауы.

Ала таудың төрінен,

Сауырға түсті үш датқа,

Көрмеймін деп орысты-ай.

Көзі қыймай қонысты-ай,

Аударып еді іргесін,

Ата мүлік жерінен.

Әзіз Төле әулеті,

Ойланбай ғапыл болысты-ай,

Үш датқаның соңынан,

Қыдырбай деген бай келді,

Бір жылда заман құбылды.

Түрлі-түрлі ай келді,

Көк алалы көп жылқы,

Тебінде өскен мың  жылқы,

Қай жерден табар жай енді.

Аптап соққан аңызақ,

Самал тұрса іркілер,

Халыққа түскен қауыптан,

Атанның белі бүгілер.

Ерлер кірсе ұрысқа,

Жаман жаннан түңілер.

Көк алалы көп жылқы,

Орыстың көзі тігілер.

Қайырлы байдың жиғанын,

Қайда апарып сіңірер.

Сансыз бабтар жай қылған,

Сайрам деген қаламыз,

Орыс алды жұртыңды,

Шырақшы болған мұртыңды,

Болмады баба панаңыз.

Қара бастау қуйылған,

Теке судың саласы-ай,

Баба Дәуріш ер деген,

Уәлілердің саласы-ай,

Әуелі орыс келгенде,

Бір сап болған панасы,

Екінші сап келгенде,

Келмеді еркін шамасы.

Орысқа тұрыс бермеді,

Шымкенттің берік қаласы.

Аяқ асты болғаны,

Шымкенттің баласы.

Әсірет қайғы сөзіміз,

Есіл ғана Шымкент,

Сасқанда мойнын созады,

Үйренген жастан көзіміз,

Қуаты жоқ шөбінің,

Көк ала майса саз еді,

Қымыз ішіп керілген,

Аяқ басуға ерінген,

Қыздары болған ханыша,

Келіншектер наз еді.

Нашар келсек өзіміз,

Ойнап өскен жер болды,

Жатсақ тұрсақ сөзіміз,

Есіл ғана жұртымның,

Не болар билік сөзіне.

Әуелі орыс келерде,

Мұсылман кәпір таласып,

Ат бауыры қан сасып,

Қызыл сеңгір баурында,

Сайда толған кесік бас,

Шахид болған бір пара,

Ашық шыққан кішік жас

Масаттың басы Күреңсай

Жайнаушы еді кілемше-ай

Гүлдер өскен сол жерді,

Орыс алды-ау Құдай-ай.

Солтырабад, Жалғандық

Біз бұл істе аң қалдық.

Тәшкенді орыс алған соң,

Жағаны ұстап таңқалдық. Сирек қолжазбалар қорына 1934  жылы Қазанғап  Байболов ақын өткізген. Жалпы сөздің ұрынысына қарағанда өлең бірнеше қолдан өтіп, дәуір талабына сай, жатқа айтушының біліміне сай көптеген өзгеріске ұшыраған. Дегенде ұзын-ырғасында сөз жүйесі мен мақсатты сақтап қалған екен. Негізінде бұл өлеңді Әсекең марқұм Майлықожаның шығармасы деп ақынның шығармасына қосып келді. Бірақ ол бары жоғы 28-қатар өлең еді. Мына нұсқада өлең толық, әрі десе бас аяғын теңгере қараған адамға белгілі бір ойды, бір тарихи көріністі, тарих тағлымын толықтай баяндай алатын болған соң Мәделіқожа шығармашылығына қосып отырмын. Жырдың басы «Әзіреті Қаратау»деп басталуы керек еді. ҚР Ғылым академиясы, сирек қолжазбалар қорындағы нұсқаға өзгеріс енгізгенім жоқ. Менің әкемнің ағасы белгілі шежіреші Орынбек Рахымбекұлы айтып отыратын. Бірақ дер кезінде жазып алып қалмадық. Ақын Кенжеқожа Байболов Қазанғапты

«Қазанғап ақын Жаныста,

Тау суындай қаптаған» деп дәріптейді. Бұлар замандас ақындар, демек Қазанғап өз дәуірінің бір білермені болған деп түсінсек, сол атамыздың жазып қалдырғанын түп нұсқа ретінде қарауымызға тұра келеді.

Сейітомар САТТАРҰЛЫ

 

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Қисса Салсал (жалғасы)

Жаяуға Омар Баба тіпті жүйрік, Ғұмырын өткеріпті жаяу жүріп. Ысқақ пайғамбардан кереметті киіз алып, Ысмайыл …

Бір пікір

  1. Муминов Әшірбек

    Мәдәлі қожа шығармаларын араб жазуында шығару қажет болып тұр

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған