Басқы бет / Білген Шайыр айтады /   Құлымбет қожа ишан

  Құлымбет қожа ишан

Оңтүстүік Қазақстан облысы, Отырар ауданы Көк сарай елінің тумасы. Құлымбет қожа ишан — Қожахмет қожа баласы, Нұрман қожа немересі, Қорасан қожа, Ұлық баласы. Төреқожа ақынның жиені. Анадан жалғыз. Екінші анасынан – Патша қожа, Сайыпжамал.Үшінші анасынан – Бегім қожа. Атам – ғұлама, зор парасат иесі, ақын, әулиелігі де бар болатын. Ортаға сыйлы. Ағайын – туысқа қамқор, жанашыр, Атымтай жомарт жан еді. Бала-шағасына қаталдығы да, талапкерлігі де бар болатын.

Құлымбет – (Құл Мұхаммед) ишан бұл атамыз Сырдың орта ағысында Түркілер арасына «Ислам аша» келген қауымның ішінде бірінші шахидтық дәрежені иеленген,ел арасында Хорасан ата-деген атпен белгілі болған Абд ул-Жалил ибн Аб ар-Рахман атты ұлық заттың тікелей ұрпағы. Бабамыз жас кезінде Арқаға барып медресе ашып халыққа әліп-биден бастап пенделік міндет пен Ұлық Алла арасындағы байланысты таныстырумен өмір өткізген жан екен. Бабамыздың қаншалықты исламды тереңдеп оқығаны бізге мәлім болмағаны мен осы бір азған жазған ғазалынан Алланың құлшылығына тікелей кіріскен, мойындаған, халыққа жеткізгісі келіп құлшынап тұрған жанның исі аңқып тұр.

Аллаға көңіл жад қойдым,

Сауап ісін көп беріп,

Күнәлі ісін ап қойдым- өз аузынан күнәлі істерден аяқ тарттым деп айту үшін аттың басындай жүрек пен айнадай таза көңіл керек. Бүгін айтқан сөзімнің ертең үдесінен шыға алмай қалмаймын ба деген қауіп жоқ. Бұл соңғы бір неше ғасырда еш кім мойнына алмаған, аузымен айтпаған, айтса да өте кем адамдар, хас-тар айтқан калам. Бұл кісі біраз жерге пірлік қылған.

БҰЛ ДҮНИЕ, ОЛ ДҮНИЕНІ ҚАБАТ ОЙЛА

(насихат )

Сарайға келіп, кеткен Адам-Ата,

Аллаға күнәкар боп қылған қата.

Үш жүз жылдай далада жылап жүрді,

Қатесіне өзінің болып қапа.

 

Жылаған соң күнәсі кешірілді,

Құдайдың рахметі көп, кешірімді.

Күнәсіне тәуба қып жылаған соң,

Күнәсі жазып қойған өшірілді.

 

Бұл дүние мысалында – алтын сарай,

Сарайға қонып, түстеніп кеткен талай.

Ішінде кетпестей боп біз отырмыз,

Күні жетіп, кетерміз біз де солай.

 

Жүгі барлар кетеді алып жүгін,

Жүгі жоқтар кетеді алмай түгін.

Біреу хошуақ боп кетер, біреу ғамкін,

Екі айналып басыңа келмес бұ күн.

 

Пайғамбарлар сарайға келіп-кеткен,

Қандай боп кетеміз деп хасірет еткен.

Егінді жақсы еккендер көп алады,

Ақырет мысалында екен егін еккен.

 

Егінді екпегенді қор қылады,

Қызметі жоқ Құдайға құр барады.

Қызметсіз боп жүрмегі дұрыс емес,

Пайғамбарға үмбет, Құдайға құл болады.

 

Қызметін қыла бермек – құлдың ісі,

Қызмет қылмақ – азамат ұлдың ісі.

Бүл дүние мысалында ақыреттің,

Қалағанын алады – пұлды кісі.

 

Білесің бүл дүниеде қалмасыңды,

Ажал жетсе, қоймайды, бармасыңды.

Күнәңе ілгергі өткен тәуба қылып,

Ғұзыр айтып алдына сал басыңды.

 

Білесің бүл дүниеден кетеріңді,

Қызметсіз болсаң білмейсің не етеріңді.

Бұл дүниеден кетесің тұрарың жоқ,

Ақырет кететұғын отаның-ды.

 

Бұл дүниеден кетпестей, қалғаны жоқ,

Бұл сөзімнің бәрі де шын, жалғаны жоқ.

Бұл дүниеден кетеді елдің бәрі,

Иманымен кеткеннің арманы жоқ.

 

Жақсы болсаң жәннаттан жай аласың.

Хордың қызын құшақтап, таянарсың.

Жақсы болсаң, жәннаттан жай береді,

Қызмет қылмақтан несіне аянасың.

 

Жәннаттан жай аласың – Алтын сарай,

Сарайыңды аласың қызметке қарай.

Жәннат кірсең қызметке хор береді,

Бұ дүниеде қылмайсың қызмет қалай?

 

Қолыңа гаухарыңды ал, құры кетпей,

Жылап-еңіреп тәубе қыл, ажал жетпей.

Жақсылар қатарыңа қосып қояр,

Рахым қылып, бір Алла ғазап етпей.

 

Бүл дүниеден кетеді тамам бәрі,

Фәни болып кетеді, ғалам бәрі.

«Әд-дүнийа фәнийун» – деген хадис,

Фәниде бақи болып тұрмақ, қані.

 

Иман бер, ғарши-күрси, лаух-қалам,

Фәни болып кетеді баршасы һәм.

«Куллу мән алейһа фән» – деген аят

Бақи болып қалады Аллах-Тағалам.

 

Фәни болып кетеді пейіш, тозақ,

Фәнилығы олардың болмас ұзақ,

Тарафты алған алтауы фәни болды,

Дәйімде фәни болмас, басқаға ұсап.

 

Қағаздың шығып қалдым аяғына

Енді мұның жазайын қаярына.

Тәубе қылсаң кешеді күнәңізді,

Кешпейді деп келмесін қиялыңа.

 

«Қууа нәфсукум уа аһликум наара» деген аят,

Қызмет қылдыр бала-шаға, айалыңа.

Хорасан Құлмұхаммед мұны жазған

Жыршы емеспін, айтамын аздан-аздан.

Аяғыңды басыңдар аңдап-аңдап,

Алдыңда құдығы бар терең қазған.

 

Қүдыққа түсіп кетсең шыға алмайсың,

Шығуға ешбір лаж қыла алмайсың.

Бас қамыңды қыларсың есің болса,

Мен айтқанмен болса да тіл алмайсың.

 

Жақсы болсаң қыларсың бас қамыңды,

Қылмасаңдар көрерсің сасқаныңды,

Жаман болсақ тозаққа сап қояды,

Тастасаң да төбеден аспаныңды.

 

Фарсы емес, арабы емес, сөзім түркі,

Жалған емес, сөзімді қылма күлкі.

Расы аз, қулығы көп бұ заманның,

Қарасаң мысалында дүние – түлкі.

 

Аузымен сөз айтады айшығы бөлек,

Қулыққа бір-бірімен болды көмек.

Сыртынан жұрттың қамын жеп жүретін,

Анда-санда табылар ақылы зерек.

 

Кей адамды қарасаң, гаухар, алтын,

Сөйлегеннен біледі сөздің фарқын.

Бү дүние, о дүниесін қабат ойлап,

Екі дүниеде болады жүзі жарқын.(52-б)

 

Осы қағаз беремін Асан сізге,

Тары жазып беремін айтса сізге.

Мұндай қылып сөз айтпақ сізге мүшкіл,

Сізге мүшкіл болғанмен ансан бізге. (ансан-жеңіл. парсыша)

 

Асеке, қолыңдағы балаң Тайыр,

Тайырдың жаңсылығы жұртқа зайыр.

Қағаздағыны қыларсың, есің болса,

Қылмасаң, хош келерсің бізге хайыр.

 

АЛЛА ДЕГІЛ, БИДАУАМ

 «Әс-ситту би-раббикум» дейді Алла

Рухи майан нәфсің билә,

Уағдаңа опа қылып, айтқыл сәна:

Алла дегіл, бидауам!

Әлмисақта уағда

Періштеге берілген.

Мұсылман, кәпір рухтары

Бәрісі де көрінген.

Мұсылман айтқан «билла» деп,

Қызметіне бұл уақта

Дүрыс емес ерінген.

Алла дегіл, бейдауам!

Жазып алып періште,

Қалды сонда тас болып,

«Қалу билла» айтпаған

Кәпірге кетті қас болып.

Қияметтің күнінде

Мұсылмандар қуанып,

Кәпірлер қалар пәс болып,

Алла дегіл, бейдауам!

Бұл уақытта қара тас –

«Кағбат-уллаһ» қойылған,

Сол уақтағы уағдамыз,

Тастамаңдар ойыңнан.

Қияметтің күнінде

Кәпірлер көріп азапты,

Мұсылмандар тойынған.

Алла дегіл, бейдауам!

Бұл уақта қара тас

«Хажыр ал-асуад» атанған,

«Кағбат-и Аллаһ» салмаққа

Ибраһим Халилуллаһ бата ал

Құлшылық қылып Аллаға,

Қалмаңыздар қатардан.

Алла дегіл, бейдауам!

Тастама тілден зікірін,

Болмасын бөтен пікірің,

Нығметінің қыл шүкірін,

Алла дегіл, бейдауам!

Тастама Алланы ойыңнан,

Мойныңа қызмет қойылған.

Тірлікте қызмет көп қылған,

Қияметте тойынған.

Алла дегіл, бейдауам!

Қызметке қылма бақылдық,

Аллаға қыл жақындық.

Іс қылмаңдар ғафылдың,

Алла дегіл, бейдауам!

Қызмет қылың мақтанып,

Қуанып кетерсің аттанып.

Ғарасатқа барғанда,

Жаның тұрар сақтанып,

Алла дегін бейдауам!

Қызметіңнен қалмаңдар,

Лағнатын Алла алмаңдар,

Жамандыққа бармаңдар.

 

Аллаға қылма жамандық,

Қызметке қылма шабандық,

Басыңа болар амандық,

Алладегіл, бейдауам!

Қызметіне Алланың

Ілгері қарай еңбекте,

Дүниеде жалған тұрмайды,

Пенде – туған өлмекке,

Алла дегіл, бейдауам!

Қызметін қыл Алланың,

Тұрмайды пенде жалғанда,

Қызметті көп қылыңдар,

Көрерсің рахат барғанда.

Алла дегіл, бейдауам!

Жәннаттан жақсы жай алып,

Болмайсыңдар арманда,

Алла дегіл, бейдауам!

Құдайдың бір есімі болар Жаббар

Жаббар есімі болар Қаһһар.

Қаһарынан өзі сақтар,

Алла дегіл, бейдауам!

 

ҒАФІЛ БОЛМА ҚҰДАЙДАН

Он сегіз мың ғаламның

Дүниеден бәрі көшеді.

Жанып түрған шамшырақ

Ақыры бір күн өшеді.

Ажал жетіп ауырса,

Дүниеден пенде кешеді.

Төрт шаһаряр, Хақ сәруар

Дүниеден өтті олар да,

Ойлашы, қандай кісі еді,

Қызметін қыл Алланың,

Күрішің ақыры піседі.

Мейлің патша, кедей бол,

Шәрбат суын пенде ішеді.

Ісіңді қыл ойлап, ұялмас,

Ажал жетіп бір күні,

Әзірейіл соңына түседі.

Ажал жетіп өлген сон,,

Кебінге орап тәніңді,

Киіміңді шешеді.

Табытқа сынап, көтеріп,

Сиятұғын өзіңнің

Азырақ жерді теседі.

Жалғыз өзі кетеді,

Мал-жанынан кешеді.

Ғафіл болма Құдайдан,

Ақыры көзің өшеді.

Жақсы, жаманың Құдай (ғана) біледі,

Қайыр-хош, енді деседі.

 

дайындаған Шерәлі БІЛӘЛ

 Құл Мұхаммед (Құлымбет) қожаның немересі

суретті түсірген Сұлтан Сейіт

Сондай-ақ, оқыңыз

Сейітжаппар төреге хат

 Майлықожаның туылғанына 185-жылдығы қарсаңына  Майлы қожаның бір сайлаудың сарсаңы жайлы Мырзахмет бабаның туған бөлесі Қасымханның …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған