Бір суреттің сыры

Шіркейлінің топырағы түлеткен тұлғалар

Шіркейлінің де баска ауылдардай терең бай тарихы бар. Сондықтан мен Шіркейліні Қарағандының Қарқаралы ауданындағы қазіргі Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің (бұрынгы Жарлы) ауылымен салыстырар едім. Бұл ауылдан үш Кеңес Одағының батыры, бір Еңбек Ері, Қалыбек Қуанышбаев бастаған үш халық әртістері шыққан екен. Қазақтың Қалтайын дүниеге әкелген Шіркейлі де одан кем емес, Күдері Қожа Көшекұлы, тек Сыр елі емес күллі мұсылман әлеміне белгілі Тапал ахун (Нұрмағанбет), ақын-діндар Мұхамеджан – Қара молда, Кеңес Одағының батыры (Жаппасбай Нұрсейтов, Еңбек Ері Балдырған Мұстафаева, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Қызкенже Пірішова, оган екі мәрте сайланған Қыдырқожа Майлықожаев пен Бексұлу Синаева, СОКП съездерінің депутаттары Жаңабай Азаматов пен Орынкүл Сүлейменова, ақын Әбіраш Жәмішов пен көптеген танымал ғалымдар осы Шіркейлінің тумалары.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Қазақстанның халык жазушысы, драматург Қалтай Мұхамеджанов 50 жасқа толған мерейтойын туған жері Шіркейліде атап өтгі. Кеңшар басшысы, директор Жаңабай Азаматов салтанатты жиналысты:

Елу жас құтты болсын есіңе алған,

Жетсем деп сол елуге етгің арман.

Бір жылың бір күнге есеп болмай тұр ғой,

Сол үшін тұрақсыз ғой дүние жалған!

Емініп күні ертең алпыс келер,

Шашыңды қара бурыл жалын шалған.

Әбекең елу жасқа келіп кеткен,

Жетпіске жақындап тұр ерен тарлан, – дей келіп:

Туса ұл талапты боп атасынан,

Жүйріктің дейді оны ізін басқан.

Еңбектің еркін жолы көрініп тұр,

Шығады деген сол ғой асыл тастан.

Ойланып, ойды, қырды барлап көрші,

Жазсаң бір жан сүйетін қызық, дастан, – деген өлең жолдарымен ашады.

Қалтай ағамен бірге келген Мұхамеджан Қаратаев, Әбілда Тәжібаев, Тахауи Ахтанов, Дулат Исабековтер совхоз директорына шексіз ризашылығын білдірді. Жазушы Тахауи Ахтанов құттықтау сөзінде: «Қалтайдың талантының қайнар көзі туған топырағында екеніне көзім жетті. Қасиетті Шіркейлі топырағында емеурінін төгіліп тұрған сөз маржандарымен беретін жандар баршылық екен. Осындай елден талантты Қалтай тумағанда кім туар? Біраз азаматтардың уытты, әзіл сөздерін жазып алған болдым. Олардың көптігі соншалық, бәріне үлгермедім», – деп ағынан жарыла сөйлегенінің куәсі де болдық.

Енді біздің ауылдың айтқыштарына қарай ойысайық, Шіркейлі ауылының көсегесін көгерткен іскер басшы, ақиық ақын Асқар Тоқмағанбетовтің сөзімен айтсақ:

Салмағы бар қаңбақтай,

Қаттылығы жаңғақтай.

Күні-түні көз ілмес,

Күзеттегі солдаттай.

Жаңабай Азаматовты елі еркелетіп «Жакошка» деп атап кеткен. Ашуы қалай тез келсе, қайтуы одан да жылдам Жәкеңнің жынына тап болғандардың одан қорғанатын бір-ақ құралы бар – боқтап-боралап, тіптен сабап жатса да тек үндемеу керек. «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деген тағылымды қалқан етсеңіз болды, оның ашуының шуақты шағы да тез келеді. Ауылдағы болып жататын құдайы, той, құран оқыту сияқты әртүрлі мусипаттар «Жакошканың» тікелей қатысуынсыз, оның қамқорлығынсыз өтпейді. Содан да болар оны ешкім жамандамайды, қайта сыртынан әртүрлі мақтау, мадақтау «жарыстарын» жиі өткізіп тұрады. Бірде «Жакошканың» ақылдылығын, ақындығын, тапқырлығын жарыса мақтап жатқанда бәрінен де елді елең еткізген Сайып ағаның сөзі болыпты. Ол: «Сіздер «Жакошканы» ақылды деп жатсыңдар ғой. Себебін ешқайсың да айтқан жоқсыңдар. «Жакошканы» ақыл құдыққа салып тұншықтырып алғандықтан, оның денесінің су баратын жерінің бәріне де ақыл суы сіңген», – деген екен.

Ал Артықов Сайып ағаның бітім-болмысы да ерекше еді. Күндіз-түнгі тынымсыз еңбекпен әбден шынықкан, күнге күйген Сайып ағаны Африкадан келген қара нәсілдіден айыру да қиын болатын. Ауылда осы күнге дейін «Сайып носки» деген сөз тарап кеткен. Өмірі жалаң аяқ  жүріп үйренген ағаның аяғы көн тақа болып қатқандықтан, жазда жалаң аяқ, қыста тас галошпен жүре беретінін де көзбен көрдік. Медицина ауылынан бейхабар болып өмірден өткен Сайып аға сексен жастан аса өмір сүрді. Дәрісі – еңбек, тағамы – айран, қатық пен сол кездегі ауаның тазалығы да ұзақ ғұмырына жақсы әсер еткен болар.

Ауыл ақсақалдары Емберген, Жүзбай, Ыдырыс, Құдайберген, Әріп, Сиқым, Қожақан, Әбусағат, Беркен, Әріпхан, Әбен, Сәрсенбай, Алмағанбет, Сәрсенәлі, Ертай, Иманғали, Әли, Оразәлі, Нұрғали, Баязит, Сұлтан, Қалмағанбет, Кенжебек,Үббіқожа, Құлтай, Ибрагим, т.б. өнегелі өмір жолдарымен Шіркейлі тарихында ерекше орын алатын есімдер.

Ауылдың ортасынан сағасын Шіркейлі каналынан алатын Қожарық, – бірнеше жүздеген шақырым жердің суландыру жүйесінің күретамыры. Ауыл тұсынан өтетін арықтың екі жағы бау-бақша, әртүрлі жеміс-жидек ағаштарымен тамылжып тұратын. Бұл істе де ауыл ақсақалдары алдыңгы сапта тұратынды. Емберген ағашы, Ертай талы, Нұрғали бауы, Қиянбай қыстауы, Қожақан бауы, Әріпхан жоңышқалығы, Ыбырайым ағашы, Қошай көлі, жайлау, мешіт т.б. деген атаулар осы кезге дейін қолданыста. Түртіп қалсаң, шежірені шерте түсетін ақсақалдар да баршылық еді.

Ауыл шетіндегі жоңышқалықта Сиқым әке, Қожақан ата, Әріпхан аға үшеуі бел орақтарын қайрау үшін үзіліс жасап тұрғанда қасында облыстан келген уәкіл бар. Жаңабай аға Азаматов ат басын ақсақалдарға тірейді. Облыс уәкіліне қарттарды таныстырып, «Ал, жағдайларыңыз қалай, облыс уәкіліне айтатындарыңыз бар ма?»- деген сауалын Сиқым әке іліп әкетеді де, совхоздың жетістіктеріне нақты цифрлар келтіріп такпақтай жөнеледі, кейбір келелі мәселелерді де қозғап, оны шешу жолдарына да сілтеме жасайды. Қарапайым ауыл ақсақалынан бұндай дәйекті дәлелдерді күтпеген уәкіл дән риза болып қоштасады. Олар кеткеннен кейін Сиқым әкем құрдасы Қожақанға: «Қалай сөйледім?» -деп мақтанышты емеурін танытады. Тұлпардың тағасындай сұлу мұртын бір сипап алып, Қожақан әке: «Әй Сиқым! Тай-құлындай тебіскен құрдас едік, облыс уәкілінің алдында бұдан кейін сөйлемейтіндей соңғы жан тәсіліміңді білдіргендей сайрадың. Хош! Қасыңда жәутеңдеп мен тұрдым. Ең болмаса сен де уәкілдің алдында ауызыңның дәмін ал деп, бір ауыз сөз айтқызбадың-ау, ең өкініштісі, уәкіл мына Әріпхан екеумізді керең, не мылқау деп кетті ғой. Совхоз туралы біз түгіл директор Жаңабайға да сөз калған жоқ-ау»,- депті. Елге тарап кеткен ақсақалдардың осындай зілсіз әзіл, уытты сөздері осы кезге дейін ұмытылмай, ұрпақтан- ұрпақка берілуде.

Талай ақын-жазушылар мен ғұлама-ғалымдар оқыған ауыл орталығындағы орта мектепке ақын Әбіраш Жәмішов есімі берілген. Мен де сол мектептің түлегімін. Ауылға барсам мектепке соғып, ұстаздарым Дүйсенбай, Әбілқайыр, Әмірғали, Байназар, Дайрабай, Сапарбек, Баймұрат, Мыңжасар, Әуезхан, Сәрсенбек, т.б. еске аламын. Аруақтарына тағзым етемін. Өткен жылдардың бірінде мектепке соқсам, ауданнан инспектор Тоқшылық Әлиев тексеруте келіп жатыр екен. Үзіліс кезі болатын. Мектеп директорының оқу ісі жөніндеғі орынбасары Біләл Махашов Әуезхан ағайға: «Әуеке, инспектор сіздің өткен жолғы сабақтан дәлелді қалғаныңыз жайлы анықтаманы сұрап, ауданға алып кететінін айтты», – дегенде, Әуезхан аға еш ойланбастан: «Анықтама емес, өзімді алып кетсе де дайынмын» – дейді. Сәлден соң Біләл: «Әуеке, инспектор сіздің сабағыңызға кіремін деп отыр», – дегенде, Әуезхан аға тағы да ойланбастан: «Сабағыма кірсе де, тамағыма кірсе де дайынмын, тамағыма кірсеңдер, сабағымды ауыстырыңыз, үйге барып Шырынкүлге (жұбайы) ет астыра берейін», – дейді. Бәрінің күткендері де осы жауап еді. Түскі мезгіл де жақын болғандықтан бәріміз ағаның дастарқанында қауыштық. Әуезхан ағаның суырып салма ақындық таланты да жұртты тамсандыратын. Аға ұрпақтары да еліне елеулі азаматтар болып өсіп келеді.

Біздің ауылда ақын болмаса да, соған беріле еліктеушілер де аз емес-ті. Солардың бірі – Елубай Айдаров. Қолынан газеті түспейтін, көп жыл совхозда механизатор болған Елекең қара сөздің өзін шұбырта айтып, өлеңдей қабылдайтын. Бірде ақындықтан «шаршаңқыраған» Елекең драма жанрына ауысып, бір жиында «250-300 адам қатысатын пьеса жаздым» дегенде, інісі Кеңес Асқаров: «Аға, сонда бәріміз де сахнаға шығып кеткенде көрермендерді көрші совхоздардан тасимыз ба?» – депті.

Елекең аспай-саспай: «Қарағым, өнерде шек болмайды, оның да есебін табармыз» -деп жайбарақат жауап беріпті.

Күріш бітік өсіп, оны орып жинау науканының кызып жатқан кезі. Қызу еңбек дүбірі. Облыс, ауданнан келген уәкілдермен Жаңабай аға атпен күріштікті аралап, комбайншылармен сөйлесіп жатады. Кезек Айыпқожа Дауанов бастаған комбайншылар тобына келеді. Жәкең уәкілдердің алдында мақтанғысы келіп,олардың табыстарының жоғарғы екендігін өз ауыздарынан естіртейін деп: «Айыпқожа айлық қанша?» деп сұрағанда, ол оң қолын тамағының астына тақап тұрып, орысшалап «дах…» депті. Айыпқожаның ойында ештеңе жоқ, уәкілдің алдында Жаңабай ағаның беделін көтеру үшін мына жерімізге дейін лықа тойып тұрмыз дегені гой.

Жақып Ыдырысов (1908-1980жж.) Күдері ақынның тікелей ұрпағы. Қалтай ағаның немере ағасы. Ұжымшар бастығы, аудандық партия ұйымында нұсқаушы, көп жылдар бойы Бесөзек ауылдық кеңесінің төрағасы сияқты лауазымды қызметтер атқарған. Акынжанды Жақып аға Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін, бабасы Күдерінің, Тұрмағанбет, Қуаныш, Асқарлардың өлеңдерін жатқа айтып отыратын. «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің тұрақты тілшісі болған ағаның өлеңдері мен сын мақалалар жинағы 2004 жылы «Қиял сапарында» деген атпен жарық көрді. Жақаңның айтқандарынан бір-екеуін келтіре кетейік. Жакаң зейнеткерлікке шыққаннан кейін ауылдық Кеңес төрағалығын Байділда Баймырзаевқа өткізеді. Барлық құжаттарды, мөрді қабылдап алған Бәкең: «Жақа, осы қызметте көп жыл істеп, материалдық жағынан да жаман болган жоқсыз. Соның сыры неде?» – деп сұрағанда, Жақаң: «Ақша алатындар тізіміндегі көрсетілген сомалардың қамшылар жағын алып қалып отырсаң, оған ешкім де ренжімейді, өзің де жаман болмайсың», – депті. Оған түсініңкіремеген Бәкең: «Қалай?» – деп қайта сұрағанда, Жақып аға: «Тізімдегі 108 сомның 8 сомы сенікі дегенім гой», – деген екен.

Тірлікте Жакыптың көңілінен шықпай, тіпті ретсіз тілі де тиген бір інілері қайтыс болғанда көңіл айтуға келген Жақаң далада бұрқырап қайнап жатқан қазанның қасына келіп, тостағанын ұсынып: «Жүгірмек келгірдің қанды көбік сорпасынан бір ұрттап барып, «құлынымдап» көрісейінші», – деп ішке кіріпті. Жақып Ыдырысов, Жаңабай Азаматов пен Орман Нұрхабаевтардың арасындағы әзіл-оспаққа толы зілсіз, сансыз қақтығыстарын қазіргі ел ағалары Әнуар, Дүйсенбай, Серікбайлар осы уақытқа дейін тамсана айтып отырады.

Өмірбақи мал бағып күн көрген Қожарып әкеміздің айтқандары риясыз ақ, көңілінен шығып, сыртқа қарағанда аңқаудың сөзіндей болып көрінгенмен, шырылдаған шындыққа негізделгендіктен де ұмытылмайды. Аудан, облыстан басшылар келіп қатысатын жиналыстан қалмайтын Қожарып әке басшылардың бет-жүзіне қарамай шындықтың шымылдығын жайып салады екен. Тапал ахунның (Нұрмағанбет) кенже ұлы Самамаддин аға көп жыл ферма меңгерушісі болған. Ауыл орталыгында облыс басшысының қатысуымен кезектен тыс маңызды мәселелер қарайтын жиналыс болатын уақыт жақындайды. Кеңшар директоры Ж.Азаматов Самамаддин ағаға Қожарып әкені жиналысқа қатыстырмауды, қатысқан жағдайда сөйлетпеуді тапсырады. Жиналыстың хабарын ферма меңгерушісінен бұрын естіген Қожекең атын ерттеп орталыкқа баруға дайындалып жатады. Қожекеңнің жиналысқа қатыспауын тоқтата алмайтынын білген Самамаддин (Сам) аға онда сөйлемеуін өтініп, әзер дегенде уәдесін алады. Ауылдың шетіндегі шабындықтың ортасынан өте бергенде Қожекең: «Самжан, көптеген шөмелелер фермаға тасылмай далада қалып қойган екен-ау»,-деп жиналыста өкінішпен айтатын сөзіне материал жинай бастады.. Сөйлемеуге берген уәдесін қайта-қайта есіне салып, жалынып-жалпайып Самамаддин аға Қожекеңді зорға тоқтатыпты. Бұрын Тереңөзек ауданында «Контонская коммуна» деген колхоз болған. Сонда мұғалім болып жүрген бір ағай ішіңкіреп алып, жол шетінде бейжай тұрған Қожекеңді қамшымен тартып-тартып жіберіп, атпен шауып кете барады. Сонда Қожекең:«Қап мылтығым болғанда атып тастауым керек еді»,-деп өзіне-өзі ренжіпті. Сырт карағанда Қожекең адамды ата салу жай бір күнделікті шаруадай болып көрінгендей  қызықтырады  ғой бұл сөз.

Иә, Қалтай ағаның туған жері Шіркейлінің айтқыштарының кейбіреулеріне ғана тоқталдық. Елге келгенде ерінбей, жалықпай ауылдастарына түгелдей ат қойып шығатын Мүсәлла әжені, сөйлетіп жіберсең, тоқтауы киын Сиқым әкені, ойына келгенді өлең жолдарымен өре беретін Опашты тауып алып әңгімелесетін. Қалағаның кез келген шығармаларында туған ауылының әсем табиғаты мен азаматтарының алыстан көзге ұрып тұратын мінездерінің, уытты сөздерінің, жүріс- тұрыстарының көрініс беріп тұратыны да содан да болар. Қазақстанның классик жазушысы Тахауи Ахтанов айтқандай, осындай киелі топыраққа кіндік қаны тамған Қалтай ағаның шындыққа негізделген толассыз калжыңдарының нәрі, бастауы- туған топырағында екені де риясыз шындық.

 Қазбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,  ҚМУ-дың профессоры

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған