Басқы бет / Сыр-сұхбат / Білгеннің жауы – білмеген

Білгеннің жауы – білмеген

momynovӘшірбек Момынов – тарих ғылымының докторы. Орта Азиядағы  исламның қазіргі жағдайы мен тарихы, діни ортадағы теологиялық пікірлерді, араб жазуындағы ескерткіштер мен қолжазбаларды, Орта Азиядағы Әбу-Ханифаның теологиялық-құқықтық мектебін, көшпе­лілер арасындағы қожалар шежіресі, әулиелер мен қасиетті  орындарға  зиярат жасау мәселелерін зерттеуші ғалым бір кездесуімізде «еліміз­дегі ислам тарихына төнген қауіп кеңес кезіндегі дінге қарсы зоба­лаңмен бірдей» деген еді.

Сонда қауіп қайдан келіп тұр деп есептейсіз?

– Білімсіздіктен. Түсінуге тырыспайтындығымыздан, оны білдірмес үшін жылтырақ, әсіре қызылға ұрынатындығымыздан. Оған қоса ислам фундаментализмі шықты. Олар елдің тарихынан хабары болмай тұрып өз ықпалын жасап жатыр. Діни эгоизм тұрғысынан келіп исламды Құран, хадис, жихадпен ғана байланыстырып басқа да рухани байлығына көз жұмып отыр.  Қорқыныштысы, соңғы жылдары  ислам дінінен қол үзіп, надан қалған ұрпаққа  Құран аяттарын субьективті интерпретация жасап, Пайғамбардың хадистерін өзінің қолайына жаға­тынын алып, өзгесін ысырып тастап сананы улауда. Мәдени, зайырлы мемлекеттердің тарихын жоққа шығарып тамырынан ажы­ратқысы келеді. Ол аздай орта ғасырда діннің Батыс Түркістанда толық енгеніне қарамастан, кейбір «данышпандар» қазақтарда ислам он жеті – он сегізінші ғасырда  келді, Оның өзінде де «жаман мұсыл­ман» болды деп «өтірік» айтады.

Бұған ғылым, білімдар ғалымдар  не дейді?

Соңғы табылған деректермен салыстырсақ, халықтың діни сауаты  мықты болды, қадір тұтып қастерлейтін киелі орындары да мешіті де жеткілікті болды. Ауызша тарихынан бөлек жазбаша мұрасы да қолында болды. Патшалық Ресейдің  зерттеушілері  бұл мәселені қолға ала бастағанда кеңестер келді де олардың  ірі шығыстанушыларының назары көбіне араб елдеріндегі жазбаларда болды, ал Орта Азия, Батыс Түркістандағы  ислам таралуына қатысты деректерге, ескерткіштерді  «діни» деп жойып жіберді. Діни ілімді ұстаушы қожа-молдаларды қоғамға зиянды элемент ретінде қуғынға ұшыратты. Ақыр аяғында толық дінсіздікке қол жеткізді. Осы кезеңнің үңірейген қуысын толтыру оңай болмаса да алғашқы нәтижелеріміз жоқ емес… Ең бастысы, халықаралық ірі ғылыми орталықтары қызығушылық білдіруде. Жақында ҚР БҒМ Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, Берн университетінің Шығыстану институты, Швейцария, Өзбекстан ҒА Шығыстану  институты, АҚШ Индиана университетімен бірлесіп «Исламдану және Орта Азиядағы әулеттердің арғы тектері: Ысқақ бабтың  жылнамалық және шежірелік мұралары: текке байланысты ескерткіштер мен діни әулеттер: Насаб-нама және Ысқақ баб жөніндегі киелі кітаптардағы қожалар тобы» «Исламизация и сакральные родословные в центральной азии: наследие Исхак баба в нарративной и генеалогической традициях: генеалогические грамоты и сакральные семейства: насаб-нама и группы ходжей, связанных с сакральным сказанием об Исхак бабе» деп аталатын үлкен еңбекті  баспаға дайындадық. Одан басқа да ғылыми зерттеулеріміз жарық көрді. Кітаптың жаңалығы – 1991 жылдан бері табылған  жазбаша ескерткіштер мен бірге  Ауғанстан, Ташкент  кітапханаларында сақталған тарихи ескерткіш жазбаларын толық енгіздік. Васийат-нама-йи Маулана Сафи ад-дин Урунг-қуйлаки, Насаб-нама («Арқуқ» редакциясы), Та’рих-нама («Қайалик»), Тард­жума-йи насаб-нама («Ташкент»), Насаб-нама
(«Қара-Асман» редакциясы), ‘Абд ал-‘Азиз ибн Катта-хваджа. Насаб-нама-йи манзума, сонымен қатар Мұхаммад ибн  әл Ханафия, Ысқақ-баб, Абд ар-Рахым-баб, Абд ал-Джалил-баб ұрпақтарының шежіресінің жарық көруі алдыңғы сұрақтарыңыздың жауабы болады. Тек қана басып қоймай ғылыми түсініктеме беріп, толықтай сарапталып зерттелуі шығыстану, оның ішінде ислам тану саласындағы айтарлықтай  еңбек болмақ. Тағы бір жайт тек  ислам мәдениеті ғана емес он төртінші ғасырдағы Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстан өңірін билеген хандар мен елдің саяси өмірі мәдени дәстүрлерден де хабардар етеді.

Ысқақ баб Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидің бабалары  емес пе?

– Иә, ағайынды Ысқақ баб, Әбдіжәлил баб оның ағалары  Әбді­рахым баб тарихи тұлғалар. Өкінішке орай, бір жақты пікірлердің көлеңкесінде қазақ топырағында ислам дінін әкелген қожалардың тарихына тар шеңберде қарауды әдетке айналдырдық. Жалпы Мұхаммед Пайғамбар және төрт сахаба шадиярлардың ұрпақтары саналатын «Қожалар» барлық Орта Азия халықтарының ортасында болған.  Оларды «ақ-сүйек» деп атайды. Өздерін – қаралардан үстем ұстауымен ерекшеленеді. «Қара» сөзінен шошуға болмайды, бұл шын мәнінде – «негізгі халық», «көпшілік», деген мағынаны беріп, хасс, хавасс -«таңдаулы», «элита» деген сөздің антонимі. Парсы тілінен  орыс тіліне өткен «қожайын», «ұстаз», мағынасын берсе, В.А.Лившиц деген профессор ғалым үнді тілінен енген «рухани ұстаз» деген мағына беретін сөз бар дейді. Түркімен арасында олар «аулиат», Ферғанада «төрелер», өзбектер арасында «саййидтар», «шахтар», «шалар» Хорезмде «махтұмзада», Түркістанда «қожалар» деп аталады. Сібір татарлары арасында да бар екен, яғни  Қожалар кең тараған феномен. Бұлардың көп таралуын,  алғашқы миссиясы – ислам дінін таратумен байланыстырады. Біз Шығыс халқының  тарихына үңіліп, зерттегіміз келсе Пайғамбар ұрпақтары өмірімен бірге қарастыруымыз керек. Ақ сүйектерді ортазиялық этнографиялық топ ретінде қарастырған ғалымдар олардың араб тілінде сөйлемейтінін, өздері тұрып жатқан елдің  тілін, мәдениетін ұстанатынын жазған.

Бұл әулеттердің көшпелі де отырықшыл елді мекендерге тез сіңіп кететін себебінің  бірі  олардың  тайпалық құрылымының жоқтығы, өзге  тайпалар ортасында жеке дара өмір сүруі, содан кейін олардың  шыққан  тегінен гөрі  ислам ілімін қаншалықты меңгергеніне сай құр­меттелгеніне байланысты.

Қазақ көшпенділері арасында олардың  рөлі қандай болған?

– Жалпы қазақта үш жүзге жатпайтын он бес ру бар. Оның қа­тарына төре, қожа, сунақ, көлеген, төленгіт, қараша, құрама, қалпақ, қырғызәлі, ноғай-қазақ, шала-қазақ, қатаған, қотан, қарақойлы, созақ кіреді. Олардың ішінде қазақ қоғамында  алғашқы екеуіне ғана  ерекше статус берген. «Жеті жарғыға» сәйкес  хан не төре, сұлтан және қожаның өлімі үшін қарапайым адам өліміне қарағанда жеті есе артық құн төлеген. Құнанбай Өскенбаев 1879 жылы қажылыққа барған сапарында Мекке қаласының басшысына өз елі туралы «тіріміздің билігі – төреде, өліміздің   билігі – қожада» деген куәлік сөзін айтуға  болады. Түсіндіре кетсек зайырлы өміріміз бен рухани өмірімізге жауапты  тұлғаларды бір сөзбен айтып өткен.

Шежіре таратушылардың айтуынша қазақтар арасында 17 ата қожа бар.  Аққорған, Ақ-қожа, Бақсайыс, Хорасан, Дуана, Сейіт, Қылышты, Сабылт, Қылауыз, Жүсіп-қожа, Қарахан, Керейіт, Шәріп-қожа, Қырық-­садақ, Түрікпен-қожа, Сунақ  және Смаил-қожа. Соңғы кездерде халықаралық деңгейде қожалар әулетіне ерекше қызығушылық бай­қалады. Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетейін, Мұхаммед Пайғамбардың қызы Фатиманың Хұсаиннан тараған ұрпақтарды саидтар деп атайды. Қазақтар арасында «сейіт қожа» деген атаумен белгілі. Хасанынан тараған ұрпақтары шарифтер деп атайды. Пайғамбар ұрпақтарының әлем тарихындағы ролі үлкен. Ислам әле­міндегі ірі династияларды құрайды. Мароккада қазіргі күнге дейін  шарифтер, Иорданияда (иорданияның хашимиттік корольдігі)  Хұсаин  ұрпақтары билік басында.  Орта Азиядағы үш хандық: Бұхар әмірлері, Қоқанд және Хиуа хандары саййидтардан болған. Ресейлік ғалым Сергей Абашинның Өзбекстан элитасындағы саййид қожалардың  басымдығы жайлы мақаласы кең талқыланды. Жапонияда «Ислам әлеміндегі саййидтар» деген ғылыми конференция өтпекші.  Шамамен  отыз-қырықтай зерттеуші қатысып, саид қожалардың саяси  тарихы, мәдениеті,  қазіргі уақыттағы ролін сөз етпекші. Сейіт ұрпақтарының көрнекті өкілдері де  қазақтарға кең танымал. Бірақ әңгіме жалпы ислам тану мәселелері болғандықтан оған тоқталып өтудің қажеті жоқ.

Қожалардың қазақ елінде ислам таратудағы ерекшеліктерін айта кетсеңіз?

– Қазақ елінде ислам таралуында қожалар жергілікті мәдениетке,  наным-сенімге қайшылық жасамаған. Қазақтың өзіндік шығу тарихын жоққа шығармай, мәдениетін құрмет еткен. Көптеген діни тұлға­ларымыздың ел аузында аты мен хаты қалған, топырағында  кесенесі  қалған.  Мұның  бәрін кесіп тастау мүмкін емес қой. Сол тұлғалардың өмірін зерттеп ілімін үйренсек, мұрасын құрметтеп зиярат етсек, бұл – Аллаға шерік қосқан емес.  Меккеге қажылық сапар  мен зияратты бір деңгейге қою да, теңеудің өзі де надандықтың, діни сауатсыздықтың белгісі. Қажылық басқа, зиярат басқа. Құдайдың жекелігін, парыз, ғибадаттарын қажылықты зиярат мәселесімен шатастыруға болмайды. Жергілікті жерлердегі әулиелердің басына зиярат ешқашан қа­жылық дәрежесіне жетпейді. Әрқайсысының өз орны бар. Адамның рухани өмірін шектеп, тарихи ғұламалардың өмірін, ислам жолындағы  қызметін жоққа шығару қиянат.

Он бес жылдық зерттеу кезінде әртүрлі жазба шежірелер,  жәдігерлер табылды дедіңіз ғой, сол туралы айтып өтсеңіз.

– Жеке иеліктегі қырықтан астам  қожалар шежіресі шықты. Олар­дың көбісі орама күйінде, толық суреттемесі кітапта келтірілген, сонымен қатар бабалардан қалған қасиетті Құран кітаптар, жайнамаз, шапандары мен бас киімдері де табылды. Мұның барлығы  бабаларының дін жолындағы қызметі жайлы айтады. Кейбіреуінің кеңестер заманында мылтық оғының ішінде сақталған. Мұның бәрі ұрпағы үшін мәліметтері жетті. Тозығы жетіп үлбіреген мөрлері басылған жазбалардың ұрпақтары үшін қаншалықты қымбат болса  ғалым үшін,  қазақ елінің тарихы үшін құны жетпес  жәдігерлер. Мұны сақтаған ұрпаққа алғысымызды білдіреміз. Тағы айта кететін жайт, осы жылдары көптеген қожа отбасыларында болдым. Ақса­қалдарымен кеңесіп, ақылын тыңдадым. Тегімен келетін қасиет болса, онда сол қасиеттің жойылмағанына, қарапайым халықтан ерекшеленіп тұратын текті тәкәппарлықты  мінезді аңғардым. Бәлкім қай халықтың арасында болмасын судай сіңіп кетсе де шоқтығы бөлек болып өзгелер  мойындаған ақсүйектігі де осында болар…

Өзіңіз де сол қожалар тұқымынан боларсыз?

– Қап-қара қазақпын. Қожалар тарихы тек қана ұрпақтары үшін ғана емес кез келген адамға қызықты болуы тиіс. Әркім өз руын зерттейді деген  пенделік пікірден алысырақ болайық. Тарихымызды зерттеуде де  кең парасаттылық керек деп ойлаймын.

– Кешіріңіз, пенделік пікірдің қылаң бергені рас, шынымен де білім мен мәдениетіміздің кемшін соғып жатқандығынан болар.

– Әңгімеңізге рахмет.

Айгүл УАЙСОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Шаяндағы Қосым ишан мешіт-медресесінің беймәлім тарихы

Жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әдіһам Шілтерхановтың қирап жатқан Аппақ ишан медресесінің қалай мәдени мұра ретінде мемлекет …

4 Пікір

  1. Бердалы ОСПАН

    Исламды қазак халкын басқаруға пайдаланғысы келiп Санкт-Петербургте баспа ашып содан Кұранды басып шығарып қазақ арасына тараткан, исламды кең тарату ушiн татар саудагерлерiнен алынатын салықты азайткан Патшалык Ресейдiн саясатын айту керек. Момынов бул жөнiнде бiлмегенi ме? Бұл туралы атақты қазақ ғалымдары Құдайберген Жұбанұлы мен Ермұхан Бекмахан жазған.

    • Бұл сұхбат осыдан он шақты жыл бұрын алынған еді. Мүмкін мен ол жайыныда білмей, содан сұрамаған болармын. Егер қолыңызда өзіңіз білетін деректер болса, қуана жариялар едік.

  2. Жәнібек Аллаярұлы

    Әшірбек ағамыз қазақ арасындағы қожалардың шежірелік тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеп жүрген еліміздегі шығыстанушы ғалымдардың бірегейі. Оралға келген сапар барысында ғалым ағамызға Ресей мұрағаттарынан әкелген XVIII ғасырдағы қазақтың белгілі хан, сұлтан, би, батырларының мөрлеріндегі араб қарпімен түскен жазуларды оқытып алғанбыз. Соның ішінде, аталған дәуірде өзіндік ізін қалдырып, қоғамдық-саяси өмірде көзге түскен Қосым қожаның мөріндегі жазуды тәржімалап берген еді. Қазіргі уақытта мұрағаттық жазба деректер негізінде Қосым қожаның өмірі мен қызметіне қатысты ғылыми жұмыс дайындалу үстінде…

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған