Басқы бет / Жаңалықтар / «Қожалар шежіресіне» қосымша – І

«Қожалар шежіресіне» қосымша – І

Сейт Омар Саттарұлының  «Қожалар шежіресі» жарық көргелі  көп болған жоқ.  Осы тақырыпты зерттеушілерді елең еткізген оқиға  ретінде де, қарпайым оқырмандар үшінде елеулі оқиға болған басылым екені сөзсіз. Енді жаңа кітап айында айтылған ұсыныс-пікірлермен және ағайындардың жылы лебіздерін де жеткізуіді жөн көрдік.

 

Шежіреміз қолымызға тигенде қуанғандардың біріміз. Қомақты  дүниенің жарық көруіне  ат салысып, тілектес болып жүрген ағаларыңыз ретінде Сейіт Омар Саттарұлына алғысымыз ерекше. Ондаған жыл бойына  ел-елді аралап, ағайындардың басын қосып, батыстағыны шығыстағылармен ұштастырып, Арқада қалғандарды оңтүстіктегі бауырларымен қауышуына себепкер болған шежіреші бауырымыздың еңбегі ұшан-теңіз.

Отарлықтың қамытын киген қалың қазақтың ортасында жүріп, сол елдің иманның қалқаны, рухының шамшырағы болып өткен біздің арғы ата-бабаларымыз еді. Үш ғасырлық қысымның құрсауында жүрсе де  бабалар жолынан ажырамаған,  діні мен діліне адал болған қожалар әулетіне соңғы жетпіс жыл өте ауыр болды. Еліміз егемендігін алып, тегімізді тануға мүмкіндіктің шеті шыққанда Сейітомар бауырымыз бастаған көзі ашық көкірегі ояу азаматтардың «атқа қонғаны» қуантады. Атқа мініп, қол бастаған жоқ, бірақ, атқа мініп жол бастады. Ел-елді аралап, тынбай сұрастыра жүріп,  қожа деген жерден дерек іздеп,  ұмытылып  келе жатқан жадымызды оятуға себепші болды. Оның бір нәтижесі – қолдарыңыздағы Шежіре кітап. Бұл жәй кітап емес, бәріміздің басымызды қосып, бір-бірімізді танып, тамыры тереңде, тарихы хаттаулы, әруақты ата-бабаларын құрметтеген, жайқалып өркен жайған текті ұрпақтың бірі екенімізді сезінуге сеп болатын жәдігер.

Бұл ислам тарихын, қазақ сахарасындағы қожалардың тарихын зерттеймін дегеннің қолына ұстата қоятын қомақты дүние.

Атыраулық Сахибеден Бекенов ағаларыңыз.

 ***

Сейт  Омар Саттарұлының  «Қожалар шежіресін»  оқығаннан туындаған ойлар

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уасәлләм):

«Тегіңді таны да, туысқандарыңмен қатынаста бол. Аллаға ант, бір адам мен келесі бір адамның арасында әлбетте, бірдеме болады. Егер араларында туыстық барын білгенінде, әлгінің болуынан әрине, қайтарған болар еді»;

– «Қайсыбір кісі біле тұра өз әкесінен басқаның (баласымын) деп жарияласа, кәпір бопты, ал кімде-кім өзін тектік қатынасы болмаған бір қауымнанмын деп жарияласа, тозақтан орнын дайындай берсін», – дейді.    Хадис

Ата-бабаларымыздың сан ғасыр аңсаған арманы, еліміздің Алланың жарылқауымен егемендікке қолы жеткен бүгінгі күні, орыс елінің отарында болған үш жүз жылда жоғалтқанын іздеп, шаң астында қалған жәдігерлерді  аршып, тарихымызды саралау – бүгінгі ұрпақтың кезек күттірмейтін көптеген міндеттерінің бірі және бірегейі. Осы салада өскелең ұрпақтың «Өткенін білмегеннің болашағы бұлыңғыр» екенін түсініп, келешегі үшін тарихты  зерттеуде атқарып жатқан еңбегі аса зор. Осы саланың бір парасы – шежіре. Шежіре  туралы сөз қозғағанде әр елдің өзіндік өмір сүру ерекшелігі мен  әдет-ғұрпына байланысты тамырының тереңдігі, ұзақтығы әр түрлі деңгейде есте сақталған. Мысал үшін, қазақ бауырларымыздың толыққанды шежіресі ұзаса  15-16 ғасырға дейін үзілмей сақталса, аржағы бұлыңғырланып, үзіледі. Сондықтан да халықта «жеті атасын білмеген – жетесіз» деген мақал қалыптасып, жеті атасын толық талдап, ар жағына аса көңіл аудармаған секілді. Ал орыс халқы жерлестікпен бауырласып, өзінің ата-бабаларын іздемегендіктен,  бұл халық өзінен жоғары екі-үш атасынан басқаны  іздемейтін секілді. Ал қожалар аталатын елдің толық шежіресі Ибраһим (ғ.с.) бастау алып жүзге тарта атаны қамтиды. Өсімдік екеш өсімдік те тамырының тереңге бойлауы мен саулығына қарай әлді болатыны секілді, пенде де өзінің шығу тегін терең білген сайын одан рухани нәр алып, еңсесін көтереді. Шежіре арқылы кейінгі ұрпақ  бабаларын таныса, солардың өмірдің өзегіне дұрыс жол сілтейтін артына қалдырған даналық сөздері мен елінің намысы мен ұрпағының қамын ойлап іске асырған амалдары, ұрпағы үшін адамгершілікке бастайтын даңғыл жолымен танысады. Алланың ақ жолы Исламды уағыздау мақсатында бабаларымыз, мұсылман  мемлекеттерінің аумағына бір немесе бірнеше отбасы болып қоныс аударып, сол ел тұрғындарымен бауырласып, туысып, тұрақтап қалғандықтан, елдің арасында аз халық сияқты көрінгенмен, түбі Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.),  хз-ті: Алиден (р.ғ.), Абубакір Сыддықтан (р.ғ.) және Омардан (р.ғ.) бастау алатын қожалар атымен танылған үлкен қауым. Аллаға шүкіршілік, мен қожалар туралы жазылған оншақты шежірені оқып  сараладым.   Бұларда бір атаның   ұрпақтары  немесе бір облыста, ұзаса бірнеше облыста тұратын қандастарымыздың шежірелері қамтылған. Сейт-Омар бастаған бауырларымыз жазған шежіре Орта Азия, Қазақстанда тұратын қандастарымыздың шежіресін қамтыған. Қандастарымыз бір ауданда, бір елде, тіпті бір мемлекеттің аумағында тұрмағандықтан олар туралы толық ақпарат жинау өте үлкен еңбекті қажет етеді. Міне, осы тұрғыдан қарағанда, Сейт Омардың  «Қожалар» шежіресін жинақтап шығаруға ұшан-теңіз еңбек сіңірілген. Шежіре жазушылардың мақсаты – «Қожалар» тарих сахнасына кешелі-бүгін ғана ілескен, немесе  кейбір тарихтан хабары аздар ойлағандай «ат төбеліндей» аз халық еместігіне көз жеткізу. Жазба шежіресі үзілмей, Ибраһим (а.с.) басталатын, кемі екі жарым мың жылдық тарихы бар халық екенін танытумен бірге, бабаларымыздың ел аузында аңыз ретінде айтылатын Аллаһ берген ерекше қасиеттерін негіздеп, ұрпағына ұсына білген теңдесі жоқ туынды. Шежіре Орта Азия, Қазақстан аймағында тұратын қандастарымызды толық қамтыған деп сенімділікпен айта алмасақ та, олардың көпшілігі осы шежіреге енгізілген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Тегіңді таны да, туысқандарыңмен қатынаста бол» деген хадисінде айтылғандай, қандастарымызды танып-біліп жүруімізге өте зор маңызды туынды. Дана халқымыз «Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ» деп атқарылған еңбекті жоғары бағалаған.

Дегенмен, кемшіліксіз жаратылыс жарату бір Аллаһқа ғана тән. Аллаһтың жаратқаны ғана кемшіліксіз, ол ешқандай толықтыруды, түзетуді қажетсінбейді. Яғни, Жалғыз иеміздің жаратқаны мінсіз. Пенденің атқарған ісі толықтыруды, бірлі-жарым кемшін тұстарының түзетілуі қалыпты жағдай. Десе де, шежіре жазумен айналысатындардың естерінде болсын деген мақсатпен бірлі-жарым байқалған әттеген-айды еске салған абзал сияқты. Шежірені оқығанда, көпшіліктен гөрі жеке тұлғалар өзіне қатысты жеріне  көбірек назар аударып талдайды. Осыдан да туындыны жалпылай қарастырғанда байқалмайтын, ойға алған үлкен мақсаттың іске асуына маңызы шамалы тұстары  көпшіліктің көзіне түсе бермей, жеке тұлғалардың көңіліне қаяу түсіреді. Мен жіберген шежіреде: Қара қожа-Кіші Қожжан-Айна қожа, Өтен қожа, Күзгібек (л.а.Күзгі), Есім-делініп. Айна қожадан тараған ұрпақтар толық таратылып, Содан кейін Айнаның туған інісі Күзгібектен  (л.а. Күзгі) тараған ұрпақтар таратылған еді. Ал сөзге тиек болған шежіренің  319-320 беттерінде  Нұрпейісов Көшенбай Игенбайұлы, Ауданбай ағадан келген шежірені Қожжанқожа бабамыздың ұрпақтары бойынша зерделегенде төмендегідей болды. Бұл жерде бұрынғы шежіреде бар аты аталғандар көрініс тапқан жоқ дей келіп, Айнақожадан бұынғыларын іздемегенде, Айна қожадан бастап оның ұрпақтары:Зейнеәбден-Тоқа-Ақшолақ-Қадриялар шежіреде жазылмай, Пазылдан бастап, одан   туғандар  таратылған. Ал Пазылдың туған інісі Әбдіманапты (л.а.Мәнтақ) Тоқа-Ақшолақ-Әбдіманап  (л.а.Мәнтақ)-деп, Қадрия көрсетілмей одан әрі оның балаларын таратқан. Сол сияқты Қалқа, Нақып, Ахмағанбет, Әкімдердің аталары көрсетілмей бұлардың балалары таратылған. Айнақожаның Баймағанбетінен тараған ұрпағы Хамитқожа мен Айна қожадан басталған бабалары көрсетілмей, қызы Рақатжан жазылып, оның балалары жиендерге Көшмұхаммедтің (л.а.Көшкен) Достайынан тараған ұрпақты, Рақатжаннан туған жиендер қатарына жазып жіберілген. Мәктүптен бірге туған Көшмұхаммедпен (л.а.Көшкен) Естайдың аталарын көрсетпей, балаларын  жазған. Көшмұхаммедтің (л.а.Көшкен) әкесінің аты жазылмай, Мәктүптен Естай ғана таратылған. Әрі қарай  Күзгібек (л.а. Күзгі) бабамыздың ұрпағы Байқожа-Нұрхандар жазылмай, олардың ұрпағы Сыздық және оның ұрпағы екі рет жазылған, Омардан тараған Әбдірештің шежіресі де осының кебін киген. Осындай жағдай Шәріпжамал (л.а.Сәкен)нің, Жиенқожаның, Әбдіжамалдың ұрпақтары жазылған шежірелерде  де орын алған.  Шежіре  жалпы көпшіліктің ғана игілігі емес, жеке тұлғалардың да бабалары көрсетілетіндіктен олардың да игілігі. Осыдан да әркім шежіреден, өзінің  бабаларының  үзік-үзік екі үш атасын ғана оқуды емес, кемі Пайғамбарымыз бен хз-ті Әлиге (р.ғ.), Әбубакір Сыддыққа (р.ғ.) және Омарға (р.ғ.) дейін үзілмей жеткенін жан-дүниесімен қалайды. Шежіреде жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді түзету керек. Шежірені жазған азаматтар шежірені дайындауда пайдаланған құжаттар мен шежіреде жазылғанды мұқият салыстырып, көрсетілген кемшіліктер басқа аталардың ұрпақтарын таратқанда жіберілуі мүмкін ғой.

Шежірені өткеніміздің куәсі деп дәріптейтін, ата-бабаларын таратқанда жіберілген бірлі-жарым қателіктерді, олардың көңілі үшін, түзеудің жолын қарастырып, осы  шежіреге қосымша ретінде шығарылса нұр үстіне нұр болар еді. Қадірлі Сейт-Омар Саттарұлы бауырымыз бұл жөнінде ойланып, атқарылған зор іске көлеңке түсіретін қатені түзетудің жолын қарастырып, оң шешеді деген үміттемін.

Жаратушы жалғыз иеміз еңбектеріңнің жемісті, шығармашылықтарыңның табысты болуын нәсіп етсін!  Ел игілігі үшін атқарған жұмыстарыңа зор алғыс білдіріп, табыс тілеуші

                                                                                                                                                                               ағаларың Ауданбайқажы Ахметжанұлы.

Астана

***

Өткенде ағайындардың басы бір қосылып қалғанда  жаңадан жарық көрген Шежіре әңгіме болды. Бірлі-жарым азаматтар «біздің атамыз түсіп қалыпты», не «толық айтылмапты» дегендей назын айтып қалды. Жасы үлкен ағасы ретінде ол ағайынға: «Кезінде аталарымыздың атын айтуға қорқып жүргенде мынадай Шежіреміз жарық көріп, құдайға  шүкір бар екенбіз деп көңілді бір демедік. Осыншама еңбектеніп, заманның жылт еткен жылы қабағын, қоғамның кеңдігін пайдалана қойып, ата-тегіңнің  тарихын жарқыратып шығарып қолыңа ұстатқан азаматты әкем десең болмай ма?!»дедім.

Бүгінде үш атасын ғана білетін, жасында жетім қалып әулетінен көз жазып қалғандар, жасымда әкем не атам осы аңызды айтушы еді, басқа дерек  жоқ деп алдымызға келіп жатқан ағайындар аз емес. Олардың өз тегін табуына көмектесіп жүрген жайымыз бар. Бұл ретте Сейітомар да талай әулетті табыстырып, дерек жоқ деп күдер үзіп отырғандардың үмітін  жағып,  сауапты істің басында жүр. Оның біразы осы кітапқа жарық көрді. Бұл үшін де  шежірешіге мың алғыс. Бұл басылым барымызды бағалайтын, әлі де ізденетін тұсымызды көрсететін кітап.

      Ергеш (Зайлилдаваддин)  ӘБДІРАЗАҚҰЛЫ, Оңтүстік Қазақстан облысы

***

Менің жасым елуге жетсе де, ағаларымның алдында бала сезінетін, ағасы бар бақытты ұрпақпын. Сол ағаларым Қожалар шежіресін жинап,  үлкен іс тындырды. Сол үшін  басымды иемін.  СейітОмар аға елдің ішінде жүретін, барамаған жері, баспаған тауы жоқ, танымайтын қожасы жоқ – жүрегі үлкен, және жаңалыққа жақын жүріп, білгенімен бөлісуге асық тұратын абзал ағамыздың бірі. Өзі бас болып, болашақ  ұрпақтың бағына мол қазынамызды түгендеп берді. Бұл еңбек әргі-бергі тарихымызды жік-жіктеп түсіндіріп беріп, қожа аталатын  пайғамбар ұрпақтарының мұрасы мен тарихтағы ізін де халық алдындағы міндетін де ашып, жөн көрсетуімен құнды. Қадірлі Ақсақал кезінде менімен де хабарласқан еді. Бірақ ол кезде қылышты әулетінің шежіресі толық болмағаннан кейін үлкен кітапқа қосуға тартынған едім. Сол олқылықтың орнын толтырып, жақында «Хазіреті иман Әли ұрпағы сайд Бұрханиддин Қылышты қожалар әулетінің толық  шежіресін»  жинақтап жатырмыз. Құдай қаласа, алдағы уақытта жарық көреді ма деп отырмыз. Егер хабарласып жатқан ағайындарға алдын ала ризалығымызды білдіреміз.

Тағы айтайын дегенім, СейітОмар аға тек қана республикамыздағы емес, оның сыртында жүрген қожалардың  басын құрап, бір жинаққа толтырып берді. Бұл  үлкен жұмыс. Одан бөлек ағайын туғандарды аралап, олардың көкірегінде тарихқа деген құштарлықты оятып, ізденемін дегенге жөн көрсетіп жүр. Абзал ағаларымыз аман жүрсін!

Қуанышбек БЕГІМБЕТОВ, Қызылорда облысы,

Жаңақорған ауданы, Қожакент ауылы

+77025402066 қалта телефоны

***

 Редкий случай, когда человек начинает свою творческую жизнь после выхода на пенсию. Еще реже, когда он улучшает качество своей работы от публикации к публикации. Поздравляю своего коллегу, соавтора Сейтомар-ата Саттарова с выходом новой его книги!

Аширбек МУМИНОВ

 Астана

 

Сондай-ақ, оқыңыз

«Қисса-сүл-әнбийя-и»

Насируддин Бұрһануддин Рабғұзи – XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған