Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Шортанбай жырларының нұсқаларына талдау

Бұл жинақ 1993 жылы профессор Тұрсынбек Кәкішевтің басшылығымен «Айқап» баспасы жарыққа шығарған кітапша негізінде дайындалып, жаңадан табылған шығармаларымен толықтырлған «Шортанбай Қанайұлы. Қай заман?» атты Фолиант баспасынан  2011 жылы жарық көрген жазушы Кәмел Жүністегінің қатысуымен дамытып дайындаған кітабын негізге ала отырып толықтырылды.

Бұл нұсқаны қайта қарауға негіз болған,ҚР Ұлттық академиялық кітапхана қорындағы сирек кітаптар мен қолжазбаларының Кітап музейінде сақталған Шортанбай өлеңдерінің қолжазбасы. Оны ғалым-зерттеуші Сайпулла Моллақанағатұлы тауып алып, кирилл әрпіне аударып, дайындады.Жаңа қолжазба Шортанбай өлеңдерін екі топқа жинақтап берген, бірінші бөлігі «Шортанбай сөздері» деп, екіншісі «Шортанбайдың бала зары» деп аталады. Қолжазбаны тапсырған адам туралы: «Музей книги Казахстана, Поступил от Гилманова С.Г., Акт №102, 26.09.1980, цена 25.00, Фонд РК, Инв. 701.» деген дерек бар. Ақын жырлары 1930 жылғы дәптерге жазылған.

Шортанбай  жырларын тағы бір сүзіп шығуға молынан мүмкіндік берген дүние, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылған кітаптың  құндылығы еді. Профессор шортанбайтанушы Қанипаш Мәдібаева жетекшілігімен шыққан Шортанай Қанаұлы. Шығармалары Алматы, Ана тілі  баспасы 2013 жылы кітабының ерекшелігі мұндай сын-зертетулер, мақалаармен бірге Шортанбай жырларының бірнеше нұсқасын қатар жариялаған. 1870 жылы ВВ.Радлов басқан «Зар заман, Заман ақыр» жырларынан бастап ашылады. Одан кейін 1890 жыды Қазанда қайта басылып шыққан «Бала зарының» факсимилесі, 1993 жылы профессор Тұрсынбек Кәкішевтің басшылығымен «Айқап» баспасы жарыққа шығарған кітапша түгел басылған. «Бес ғасыр жырлайды» мен ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының қолжазба қорына Т.Ысмайылов тапсырған нұсқада осы томдыққта жинақталған. Бұдан бөлек, қолымызға авторы белгісіз, кирилл әрпімен терілген және 1993 жылы профессор Тұрсынбек Кәкішевтің басшылығымен шыққан кітапшадан алшақ кетпейтін тағы бір қолжазбаны Сарыағаштық шежіреші-жазушы Сейіт-Омар Саттарұлы жіберді.

Осы еңбектерді оқи отырып, бірінде жоғын екіншісімен салыстырып, төмендегідей Ақынның таңдамалы жинағын оқырандарға ұсынып отырмыз.

Зар заман

Аңғарған оқырманға 2011 жылы жарық көрген ақынның «Қай заман? Кітабындағы «Зар заман» толғауындағы отызыншы жолынан кейін, ой аяқталмай тұрғаны байқалады. Соңғы табылған мына шумақ:

Сөйте ме деп ұлымыз,

Кете ме деп дініміз

Отар заман болар деп,

Сол себептен қорқамын – ақын ойын ашқандай болды. Бұл – бірінші олжамыз.

Жыраудың өлеңдерін көптеген ақын сөзімен айтанда «санасы бар адамдардың» есінде соқтап, солардың жырлауымен жеткені белгілі. Бірнеше нұсқаны салыстырғанда бір жол, тіпті бір әріп болсада бірін бірі толықтырып, кейде тіпті мағынасын  ауыстырып тұрғанының куәсі болдық. Мысалы:

Дуан басы, болыс тұр,

Кәпірдің сөзін мақұлдап деп өте шығады. Түсінікті. Алайда жаңа табылған қолжазбадағы, «Шұлғып басын изейді» деген жол қосылғанда, сурет айқындалып, образ жарқырап шыға келді.

Осы жырдағы  «арам сулы» мен «арам сідік» әр нұсқада  бірізді келмейді. Мағынасы бір болған соң, «сулы»  сөзі өзгертілген жоқ. Алайда: «Адам азар болар деп» деген жаңадан қосылған жол, жоғарыда айтқан «арам сулыны» айқындай түсті.

Одан әрі қарай оқысақ,

Алуан-алуан жан шықты,

Қайыры жоқ бай шықты деп, айталды. Осы екеуінің ортасында, Коншин-Қоянбай  нұсқасынан алынған:«Арам, араз хан шықты» жолы айтушының  қаперінен түсіп қалғанын білдіреді.

Негізгі мәтінге түспеген тағы да мына жолдар, жырдың толықтырып тұрғаны оқырмандардың өзі  бағалай жатар.

Жарлы-кедей, жоқ-жітік,

Қайтып көрер күнін деп.

Немесе

Ай мен күннің арасы

Танда мақшар болғанда.

Осындағы Ай мен күннің арасы бір нұсқадан табылғанына қуанып едік, оның  бейнесін ашатын: «Келе жатыр жақындап» деген мына бір жолды Мұхтар Әуезовтің Зар заман ақындары деген мақаласынан  ақын өлеңінен келтірген  үзіндісінен оқып  шумағымыз түгенделді. Сонымен:

Ай мен күннің арасы

Келе жатыр жақындап. Бұл басқа  нұсқаларда кездеспейді. Дегенмен, Ақын Аймен күнді Бала зарында сөзге алады.Онда:«Алақандай Ай мен Күн, Ғаламның орта жарығы» деп келтіреді.

Жаңадан қосылған екі жол:Жаһаннам деген тозақта, Шайтан болар жолдасы» Т.Ысмайылов тапсырған нұсқада жүр, оның алдындағы мына шумақ:

Кәлиматың шаһадат

Тамам кісінің расы.

Тәуба, таупых келтірмес,

Азған елдің молдасы

Оның айтқан сөзінің

Асылы болмас расы- Радловтың жазғандарынан шықты.

Ал, осы жырдың соңғы қайырымы:

«Мұстақаб қылмас Құдайым,

Ол залымның дұғасын.

Сақта, Құдай, сонан деп,

Сол себепті қорқамын!»

Бұл жерде мағынасына қарай отырып, «Мұқып» деген сөз «Мұстақаб»,  негізге алған мәтіндегі «тәубесін» – «дұғасын» деген сөзбен ауыстырдық. «Мұсатайап» деп те қолданады.Өйткені залымның тәубесіне сенбегендік емес, соңғы табылған  нұсқадағы ой көңілімізге орнықты көрінді. Және бұл жолдарды Радловтың жазбасынан көріп көңіліміз соған құлады. Мұстахап-  таңдаулы, ең көркем амал.  Діни терминде Алланың Елшісінің (с.а.у)  кейде жасап, кейде жасамаған іс-әрекеттері.  Мұның үкімін жасағанға сауап, жасамағанға күнә жоқ.

Ғалым, филология  ғылымының  докторы Мұхамедрахым Жармұхамедұлы   М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының қолжазба орталығындағы қор №592 (жинаған Б.Жақыпбаев)  қолжазбаны негізге ала отырып, өз мақаласында бірнеше жырдан үзінді келтіреді. Осы жырдағы мына жолдарды  осы негізге ала отырып жалғастырдық.

Бұдан басқа ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының қолжазба қорына Т.Ысмайылов тапсырған нұсқада осылайша берілген күйін сақтадық.

Мұның өзі – қар заман.

Қарлығының белгісі:

Ұл сыйламас атасын,

Арам сідік болған соң,

Атасы бермес батасын.

Қазы, болыс, хан қойды,

Қайдағы бір нехақсыз шатасын.

Өзі қылғанына өкінбес

Күнде сонан татарсың!

Қасиет қалмас бойында,

Арамға баулыр баласын.

Әр нәрсе болса Алладан,

Нәпсі жақын баладан.

Құда,тамыр, дос кетер,

Ине жүрмес арадан.

Ол дүниенің азабын,

Бұл дүниенің қазабын,

Көргенімді айтайын.

Сол заманның кезінде

Қыз сыйламас анасын.

Бой жеттім деп шаштасар,

Салыстырып денесін.

Старшын қойған болыпты,

Пысықсыған немесін.

Көзіңді ойып барады,

Күнде тесіп төбесін.

Ақсақалдан әл кетті,

Алмайды оның кеңесін.

Қазақ сеннен көп кетті,

Тәңірім болғай демесін.

 

Жасы кіші інісі,

Сыйламайды ағасын,

Алысып жыртар жағасын.

Біріне-бірі көпсініп,

Көмек қылар баласын.

Қой деп айтса қоя алмас,

Ақсақалдан ұялмас,

Шабысар тұра қалаға.

Қаныққан соң жалаға,

Көшеде жүрген көп тілмаш,

Мінгізіп шабар шанаға.

Дұшпаным менің осы деп,

Алып келер ауылына –

Өзінің туған бауырын.

Келген соң ол кімді аяр,

Жығып салар дүрені,

Қызыққан соң параға.

 

Көшіп кетер жерің жоқ,

Жау айбынар ерің жоқ,

Сөйтіп қалдың бүгінде,

Құтылмастай бәлеге.

Қапа болып тұрарсың,

Түсесің күнде жазаға.

Асың жұқпас бойыңа,

Әрне түсер ойына,

Жалмауыз болды ұлығың,

Қазақ, сенің сорыңа

Азып, тозған кезіңе.

Қондыгерге хат жазып

«Қондыгерге хат жазып»- қолдағы нұсқалардың бірінде «Қайлықарға» деп алынған. М. Мағауин қазақ түркі патшасын қондыгер деп түсінгенін жазады. Осыған тоқтау керек.

 

Жырды жақсы оқығандардың ойына бірден түсетін, «Жарадан аққан іріңдей» деген жолдар жақсы таныс. Ақынның мақаласын талдағандар да осы бейнелеп айтқан сөзге жиі оралып, талдап жатады. Бір қызығы соңғы табылған қолжазбада жарадан емес, «Жауырдан аққан іріңдей» деген  жол шықты. Мұны алғанымыз, Лютштің жазып алған (240-241 беттерде) «Жауырдан аққан іріңдей дейді. Ақын көзімен салыстырып қарасақ, жауыр, яғни аттың ері тоқымынан қажалып арқасы ойылып қалатын жауырдың іріңдеуін айтуы көңілге қонады. Жара деп  ұсақ жара болуы мүмкін, бірақ қасіреттің ауқымын көрсеткіміз келсе «жауырды» қолданған дұрыс секілді. Соңғы қолжазба осыны дәлелдейді.

Бұл жыр алдындағы жинақта: «Басың сотқа ілінбей»деп аяқталады. Бұл да жақсы, ал жаңа нұсқада: «Өлместің қамын қыл, Басқа бәле ілінбей» деп келеді.

 Ақ таяғын ат қылып

 Әдет қылар қорлығын дегендегі қорлығы, қолжазбаларды салыстыра қарап  «зорлығына» ауыстырылды. Осындағы:

«Ит есебі көрмейді,

Әке менен шешені» жаңадан қосылды.

 

Негізге алған мәтіндегі: «Құда-тамыр, келерде» жолы былайша өзгерді:Құда-тамыр, дос кетер, Ине жүрмес арадан.

Радловтан мына шумақ қосылды:

Бұл дүниенің қазабын,

Ол дүниенің азабын,

Көргенімді айтайын,

Сондай нәрсе бар қиын, және:

 

«Жиырма тоғыз әліптен

Арап, парсы хәріптен

Шариатты шығарып» -та Радловтан  қосылды.

 

Үстіне, етіне шекпен киігізіп, мағынасы бірдей, дегенмен, етіне сөзін таңдадық. «Бес ғасыр жырлайды» жинағында М.Мағауин Шортанбай жырларының кейбір тұстарын алып тастағанын көп нүктемен берген. Ол кезде атеизм идеологиясына сай, мына жолдардың түсіп қалғанын білдік:

Мүңкір менен Нәңкүрге

Күнәсын жазып сұратты,

Күнәлі құлды шығарып

Жеті тамұққа қаратты,

Пейіштен қорды шығарып,

Иманды құлды ойнатты.

Әзірейіл жаннан жазғырып,

Қолын қандай  қайнатты.

 

Бала зары

Мына жолдар Сайпулла Моллақанағатұлы тапқан нұсқада қосылды. Оны Бала зарының  ІІ – нұсқасы ретінде жарияладық. Атамыз адам пайғамбар деп басталатын жырды түгел өзгертуге қолымыз бармады. Өйткен ол жыр кезінде  Қазанда баспа көрген.  Жалпы Қазан баспасында шыққан Бала зарын кітабында тым қысқарып не болмаса қатты  цензурадан өткені көрініп тұр.  Бұл туралы Серік Қирабаев та «Қазанда 1888 жылы шыққан  «Бала зар» деген кітабы, жалпы көлемі – 1300 жолдай өлеңдер. Ғылым академиясы қорындағы  қолжазба нұсқаларымен салыстырғанда кітаптағы көп өлеңдер бұрмаланып, кейде ұйқасы болымсыз, кейде жолы ауысып басылған. Сірә, татар  баспаханасының қызметкерлері түсінбей, шатастырған болуы мүмкін» дейді.

Ауылдың малы бұралқы,

Ақылы жоқ жаманға.

Жөн екен деп тыңдамас,

Насиқат айтсаң наданға.

Қас болар пасық -сұмырай,

Жақсылық қылған адамға.

Ол бендеде мейір жоқ,

Қайыр болмас сараңда.

Абыройы жоқ жігіттен,

Айуан артық жаһанда.

Алыс жақын тамырың,

Абайласаң жоламас.

Атасын алдар баласы,

Не десең болар заманға.

Қашпайды деп сенбеңдер,

Қайқы тұяқ қабанға.

Қойма қорек толғанда,

Қонақтан сірә аянба.

Ұлым бар деп мақтанба,

Өзіңнің болсын аяңда.

Бірліксіз тұрмыс у мен тең,

Ерлі-байлы араңда.

Өлсең бол аулақ ондайдан,

Кесапат көп адамда.

Көзіңді ашып қарасаң,

Ай мен күн жаһан жазығы.

Үстімізде аспан жаратқан,

Тәңірдің күші барлығы.

Кәрілік пен кедейлік,

Бір келсе үлкен тарлығы.

Кемдік  емес кедейлік,

Оның да бар-ды нарлығы.

Опа жаққан әйелдің,

Ойында бар-ды қарлығы.

Сол әйелдің қалмайды,

Өле өлгенше паңдығы.

Қартайғанша кетпейді,

Адамның сірә қамдығы.

Ас қояры кең адамның,

Айырылмас астан таңдағы.

Батыр болып бай болсаң,

Жігіттің үлкен жандығы.

Қолыңнан құсың қашырсаң,

Қайтып қонбас қолыңа.

Жақсы менен жанассаң,

Келді ісің оңынан.

Жаман менен жанассаң,

Пәле ертесің соңыңа.

Дұшпаның қарар оңыңа,

Дос қуанар соңыңа.

Жаманға түссе жұмысың,

Жағаңнан алар сорыңа.

Әркім тайып жығылар,

Өзіңнің қазған орыңа.

Көп ішінде аз болсаң,

Әрне түсер ойыңа.

Жұрт ішінде жоқ болсаң,

Мін тағылар бойыңа.

Басқа адамға білінбес,

Жақсылық болмас сорыңа.

Жасырсаң да жұпардың,

Иісі келер мұрныңа.

Текті құс қарар Қырымға,

Ит айналар жырымға.

Парақорлар қызығар,

Берсең жалғыз тиынға.

Бұзық ниет жігітті,

Бұрылады деп сүйінбе.

Бұталы жерде бұлтарар,

Жұмысың түссе қиынға.

Лашын деген бір құс бар,

Сілтесең кетер Қырымға.

Жапалаққа кез болсаң,

Қашып қонар қиырға.

Тойға барсаң арсызбен,

Таласарсын орынға.

Замана кетті қырынға,

Бұрынғы шіркін заманың,

Иісі де келмес мұрныңа.

Биттей нәрсе қалсайшы,

Бұрынғы заңнан ырымға.

Осындағы курсивпен берілген жолдар ғалым Қажым Жұмалиевтің де  мақаласындағы мысалға алған жырларының бірінде кездеседі. (Жұмалиев Қ. ХҮІІІ-ХІХ ғсырлардағы қазақ әдебеиті –Алматы, «Мектеп» 1967 ж.) Оның толық мәтінін Қанипаш Мәдібаева Шортанбай Қанайұлының шығармаларында түгел жариялаған екен, біздер оны осы жинақтан таптық.

Өкінсең жоқ келері

 Бұл ең көп өзгерген жырдың бірі. Ғалым, филология  ғылымының  докторы Мұхамедрахым Жармұхамедұлы М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының қолжазба орталығындағы қор №592 (жинаған Б.Жақыпбаев)  қолжазбаны негізге ала отырып, бірнеше жырынан  үзінді келтіреді.

Жырдағы «Бетіңнен кетсе бедері» деген сөздің орнына осы нұсқадағы «бедені» деген сөз жарасымды көрдік. Бедені – көрік, келбет, кескін мағынасын береді.

Қоянбай-Коншин мұрағатына алынған, оны Мұхтар Мағауин Жұлдыз журналында жария еткен Шортанбайдың бәйіттері кезінде жаңалық болып елге тараған. Осы бәйіттерді қарап отырып,  Өкінсең жоқ келерінің заңды жалғасы болып табылатын Тоғызыншы бәйітті түгел қостық.

Бәйітте:

Құрбыңнан таяқ жемейсің,

Құда болсаң теңліге дейді.

Келесі бір нұсқада, «дүр жерге» дейді. Негізге алған соңғы жинақта Құда болсаң  бір елге деп айтылған. Ойлана келе, теңлігені мақұл көрдік. Өйткені осы жырда «Асқанға құда болмаңыз» деген жол бар. «Асқан» мен «дүрдің» арасында аса айырмашылық жоқ болуы себепті «теңі» сөзінен шыққан «теңлігені» таңдадық.

Сонымен бірге: «Көктемде қонсаң шым жерге», «Жайлауда қонсаң бір көлге»-ден гөрі  шынайы деп шештік.

«Көк ала шатыр нарменен,

Мың қанашалар  пұлменен

Он піркәншік құлменен

Сапар қылсаң бір елге, деген соңғы жинақтағы екі жолдың  шешімін бәйіттен таптық:

Қырық қара нар пұлменен,

Он піркәншік құлменен,

Көк ала шатыр тіккізіп,

Жалғандағы бір қызық,

Анықтап оқысаңыз, айтушының өлеңнің мағынасын сақтаса да, жолдан жаңылысқанын байқаймыз.

Арқадан дәурен

 

Деп алынған жырды да мына жолдармен толықтырдық:

Онда қазақ баруға,

Кетірер ме мына жау?

Алдыңда тағы Қоқан бар,

Кәпірден жаман тамақсау.

Қанар кәпір халқыңды,

Көп жасады неліктен?

Көтерілді керемет,

Кәламдегі әріптен,

Тәубесі қабыл бір жан жоқ,

Біздің қазақ кәріптен.

Сөйлеген сөзі жалған-ды,

Жинаған малы арам-ды,

Шайнаған асы арам-ды.

Кім мұсылман, кім кәпір,

Бір Аллаға аян-ды.

Он екі құйрық қырық шалғы,

Ұяда сұңқар таранды.

Дос кісіге қас қылсаң,

Өз бойыңа жаман-ды.

Атасы ұлға нанбады,

Көңілі қатып қалған-ды,

Пірлерден кетіп керемет

Патшадан кетіп ғаделет,

Ақырзамантаянды.

 

Бұл жолдардың жаңалығы:

Алдыңда тағы Қоқан бар,

Кәпірден жаман тамақсау деген жолдар еді. Оны Сайпулла Моллақанағатұлы тапқан қолжазбадан кездестірдік.

 

Көбеймейді батасыз

Күн шықса намаз қаза деп,

Біле тұра жатасыз, деген жолмен ауысытырылған мына шумақ, жеткізушінің түрлендіре айтқаны деуге болады

«Күн шыққан соң

Намаз қаза боларын

Біле тұра жатасыз» . Екеуінің бірін таңдау қажеттігін болған соң,  алдыңғысын қалдырдық.

23 жолдан тұратын бұл жырдың бағын бәйіт ашты деуге болады.

Төрт түлікті түгендеген жолдармен толықтырдық. Толықтыра келгенде жырдың жолы 38 жолға жетті.

 

Ер басына күн туса

Бісміллада соңғы сөз,

Әліп пенен би болар.

Жиырма тоғыз әріптің,

Үшіншісі ти болар, шумағы жаңадан қосылды.

Мына жолдар да:«Мейір кетті пендеден, Айырды  теңге мейірден», «Ғаділдік кетті билерден» де жаңа жолдар.

 

Насихат сөздер

Шортанбайдың өлер алдында қатын-бала,ел-жұртына арыздасып айтқанында бәршама өзгерістер болды.

 

Байды Құдай атқаны –

Жабағы жүнін сатқаны.

Кедейің қайтіп күн көрер,

Жаз жатақта жатқаны.

Жаздай арық қазғаны,

Күздей пішен шапқаны,

Аш жалаңаш бейнетпен,

Жүдеп арып талады,

Оны-мұны тапқанын,

Бір ешкісі бар болса,

Шығын деп тілмаш алады.

Ол «шығынын» бермесе,

Төбесін ұлық ояды,

Кедейге салып шығынын,

Араны бидің толады.

Жалғыз сиыры бар болса,

Соғымына сояды.

Қағаздатып бұзауын,

Ноғайына қояды.

Борышқа белден батырып,

Жалғыз сиырын сатады.

Кедейге салып шығынды,

Негізі байдың тоймайды,

Қылымсыған қатыны.

Қызыл көйлек киеді,

Өзінің  байын билейді,

Сөйтіп байын менсінбей,

Көрінгенді сүйеді.

Осы мінез болған соң,

Дозаққа пенде күйеді.

Елубасы, онбасы,

Ол – сайтаның жолдасы.

Ендігі байға мал бітсе,

Ит кәпірдің олжасы.

Шайдан басқа асы жоқ,

Жақыннан басқа қасы жоқ

Ендігінің мырзасы.

Залымдардың сырласы.

Осы жырда Сәбит Мұхановтың мақаласындағы жыр шумақтарының үзінділерінен алып, толықтырдық. Бұл еңбек Мұқанов С. Қазақтың ХҮІІ-ХІХ ғасырлардағы әдебиетінің тарихындағы очерктер, 2 басылымы, Алматы: «Арыс» 2002 ж.

Осы еңбекте қолдағы дүниемізді толықтыратын мына жолдарға кездестік:

Қуандық жатқан сары бел,

Шағалалы шалқар көл,

Үйрек-қаздай қалқытты.

Сары қымызын ішуші ем,- осылайша

Аралап келіп түсуші ем,

Алтай менен Қарпықты- деген қайырымның шырайын шығарды.

Және жазушының мақаласындағы мына жол:

Қамсыз жүріп қамалған,

Жасын иіп тәңірім,

Өзің оңда халқымды.

Тарылып тыныс алқынды,

Зармен бітті өмірім,

Жарылқа енді артымды! ақынның өлер алдындағы арыздасуының соңғы шумағын жапты. Өйткені Сәбит Мұқанов:«Өмірден ақтық көз жұмарда да Шортанбайдың тілегі  өз қара басы емес, ақырет қамы емес, халық қамы, халық тілегі: «Өлер зарын» Шортанбай былай аяқтайды дейді» деп осы жырды келтіреді. Біздерде  ақынның өлер алдындағы ел-жұртына арыздасып айтқанына қосып қойдық. Мүмкін іздестіре келе түпнұсқада қолымызға тиіп, түгел түгендеп оқитын болармыз.

«Тездедің» – «тіздедің» деп бір әріп арқылы мағынасы ашылды. «Күшің жеткен адамды, Мұнша неге тіздедің?» Бұл – шөгіп жатқан түйені тұрып кетпеу үшін алдыңғы аяғының біреуін не екеуін кейде төрт аяғын тізесінен астына қарай бүктіріп байлау. Тамаша теңеу.

Зар заманның сөзі осы деп басталатын 20 жолдық жырда «Атты кердең өсірген, Арқаның тарлау  шөбі екен» деген сөз бар. Тарлау – Арқада өсетін бидайық сияқты, малды тез оңалтатын шөп.

Заманақыр кезінде

Осылай басталатын жырда Екі үлкен егесіп, Қошқардай басын теңесіп деп әрі қарай ой аяқталмай қалады. Соңғы қолжазбадан:Сүзісуге ұялмас, Ел болуға сия алмас» деген жолдар шықты.  Сонымен:

Екі үлкен егесіп,

Қошқардай басын теңесіп,

Сүзісуге ұялмас.

Ел болуға сия алмас» осылайша әдемі сурет қалпына келді.

В.Радлов жазып қалдырған Абібі ақ сәруәрдайын, Абу Бакр, Омардайын деп басталатын  «Заман ақыр» жыры оқырман назарына түспей жүр. Бұл жырдың жаңалығы, ақынның әлеуетін көрсететін үлкен ой  бар. Сол себепті, қай кездерде де жарық көретін жыраудың жинақтарында   лайықты орны болуы тиіс деп шештік. Жыр Қанипаш Мәдібаева жетекшілігімен шыққан Шортанай Қанаұлы. Шығармалары Алматы, Ана тілі  баспасы 2013 жылы кітабынан алдынды. Мәтінге аздаған түзетулерді салған Кәмел Жүністегі.

Ақша мен сауданың  көрініс табуы

Шортанбай жырларындағы  сауда-саттық, ақша тұрғысында сол замандағы әлеуметтік-экономикалық сауда қатынастарының қалыптасуына зейін аударғанымыз мақұл.

Ол туралы Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов зерттеулерінде жақсы түсіндіріп өткен.

«Шортанбай шығармалары ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарында кеп шыққан бір ағынды көрсетеді. Қазақ өлкесі бір жағынан отарға жер еріп, саудаға, жәрмеңке-базарға малын беріп, өндіріс капиталының тұтынушысы болып,  өз топырағаныда өндіріс капиталының агенті болатын сауда капиталын,  жылмаң капиталды да (ростовщической капитал) туғызып тастаған еді. Жері кетуші, көп алым-шығын төлеуші, саудагердің, жылмаң капиталдың сорғысында боп (бұзауға ақша ап) қалушы, жем болушы сол көпшілік болатын» деп жазады М.Әуезов.

Ал Сәбит Мұқанов сауда-саттықтың күшейіп, қазақ даласына ақшаның жайылуын былайша түсіндіреді. «Қызыл қозы», «қызыл бұзау» саудамен баюшыларға төте жол еді. Өйткені  ақшасы барлар кедейлерге күздігүні бір қозының қақын қарызға беріп, жаз шыққан соң олардан екі не үш қозы етіп алатын. Бұл көріне талау еді. Залым туған сұмырайлар, Осылай жұртты еміп тұр,-дейтіні сондықтан».

Шортанбай – өз заманын тек сырттан бақылаушы ғана болған жоқ, оны өзінше жөндемекші, түзетпекші болып талпынған адамның бірі деп қорытынды жасайды.

 

Айгүл УАЙСОВА

 

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу