Ғақлиат

Абайдың қара сөздері (11-20 сөздер)

Сайын Назарбекұлы

Он бірінші сөзге саяхат

Бұл сөз – ұрлық пен бұзақылық туралы. Он бірінші сөзді оқып отырып, біздің заман мен Абай заманының айырмасы жоқ па деп қаласың.

Абай замандастарының аңқаулығы мен біздің заманның сайлаушыларында ешқандай айырма жоқ. Біз жай ғана сыпайы сынайтын болсақ Абай батырыңқырап айтқан.

…Сонша ауыл-аймағыммен сойылыңды соғайын, дайыңды айтайын деп, қай көп бергенге партиялас боламын деп, Құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп басын, ауылын, қатын-баласын сатып жүр…

Абайды осындайлар қатты қиналтады. Егер олар жоқ болса, бай малын бағып, кедей жоғын іздеп талап пен тілеу үстінде бейбіт өмір сүрер ме еді дейді…

Ел осы екі бүліктер қылығымен әлкеке түспек. Солардың дауымен өмір сүрмек.

Азамат анты мен  сертінің, адам санасындағы адалдық атты қасиеттердің құнын сондай адамдар жоққа шығарып кете бермек пе?

Ұрыны да, бұзақыны да тыюға болар еді.

Соларға еретін байлар мен жоқ жерден байлық іздейтіндерді қалай тяюға болады? Бұл сұрақ шешімі табылмай келеді…

Абай, данышпан Абай сол сұраққа жауап таба алмайды…

Он екінші сөзге саяхат

Әлемдік тіршілік пен күнделікті тұрмыс мәселелері – Абай ойларының негізгі арқауы. Дегенмен Абай адам жанының рухани сұраныстарын да қағыс қалдырмаған. Жаратылыс барын, Жаратушы барын және оған құлшылық ету, ғибадатты болу қажеттілігін мақұлдаған.

Абай: «Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз» – деп, шүкіршілік қылғандай болады. Бірақ Абай жүрекке жетпеген ғибадат пен біреуге еліктеген ғибадатшылыққа қарсы. Бұл сөзінде Абай ғибадат қылу мен ғибадатты болудың арасын анықтауға, халыққа түсінік беруге тырысқандай. Ғибадатты болу, ғибадатты болғанда да жүрекпен сезіне орындау қажеттілігін баса айтады. Әйтпесе оның хаққа жол еместігін түсіндірмекке ниеттенеді.  Абай бұл тақырыпқа өз өлеңдерінде де көңіл бөлген екен.

Алла деген – сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа жол емес.

Хаққа сену, жаратушыға табыну тек қана таза ынта арқылы, шынайы көңіл арқылы іске асыруды уағыздайды.

Абай: «Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласымен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды» – дейді.

Он үшінші сөзге саяхат

Он үшінші сөз мағынасына ой жүгірте отырып, біз Абайдың діни, адами болмысын байқағандай боламыз.

Абай имандылық жолындағы мұсылмандардың, адамгершілік жолындағы адамдардың өздері мойын ұсынған ақиқатына адалдығын талап етеді. Бұл қасиеттердің оңайлықпен жүрекке орнамасы белгілі. Бұл қасиеттер жүрекке махаббат болып егіліп, көңілге сенім болып орныққанша, қаншама уақыт шығындау керек, қаншама өмір сүру керек. Көргендерден қаншама тәлім, оқыған білім, естігеннен ғибрат алмақ керек. Абай сондай қасиетті жоғалтпау қажеттігін, әр адам өз ақиқатын қорғай білуін арман етеді. Өлім қатері де сол жолдан айныта алмайтындай сенім мен наным керек екендігін ескертеді. Бұл барлық адал адамдардың, мұсылмандар ішіндегі сунилерінің ұстанымы.

Сенім – адам қасиетінің негізі. Абай «қылыш үстінде серт жоқ» деген қағидаға қарсы. Ол мақалдың мұсылмандар үшін, ақиқат жолындағы адамдар үшін жат қылық екенін ескертеді. Осындай мақалдардың жасанды мінезді, жалған қылықты жандарды өмірге әкелерін пайымдап, олардың «жүзі құрсын» деп, жазғырады.

Бұл сөзде тек қана сенімнің иман бола алмайтыны, иманды ұстап тұру үшін, білім мен ғылым қажеттілігі түсіндіріледі.

Он төртінші сөзге саяхат

Абай бұл сөзіндегі ой толғауын жүрек деген адам денесінің ең қадір тұтатын мүшесімен, жүректі кісі, батыр кісі деген адамзат ардақтысының іс әрекетін шендестіреді.

Адамдар бір-бірімен амал-айла арқылы қарым-қатынас жасаса, онда жүрек далада қалады. Ондай кісі жүрек қасиеттерін пайдаланбақ емес. Оларға жүрек сезім шаттығын сезінуге емес, тек қана қан айдап тұратын, дәрет шығарып тұратын бір дене мүшесіне айналып кетеді.

Жүрек сезіміне бой алдыра алмайтын жандар: ғашықтық, мейірбандық, кешірімшілдік, бауырмалдық секілді адамды адам түріне келтірер, ағайынды ағайын түріне енгізер қасиеттерден ада болмақ.

«Жүрекке бағынбай амал-айлаға бағынып кеткендер  сол қасиеттерден айрылады, олар басқалардың азғыруы мен марапаттауына көнгіш болмақ,» – дейді Абай.

Бұндай адамдардың жалпы адам пенделерінде кездесіп тұратынын Абай білмеген жоқ. Білді. Сондықтан да Ескендір дастанындағы Ескендір патша образын әлгі қасиеттерден ада етіп сомдаған. Ескендір басқалар сезімімен санаспайды. Ол тұқымдастар тек қана өз басына абырой, өз атына атақ іздейді.

Абай сондайлар үшін төмендегі жолдарды жазған болар.

Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?

Бір бес күннің орны жоқ аптығарға.

Қай қызығы татиды қу өмірдің

Татуды араз, жақынды жат қыларға?

Абай осылайша толғана барып: «…Әйтпесе Құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгіл, әуелі, адам ба өзі?» – дейді.

Он бесінші сөзге саяхат

Абайдың осы сөзін, дәлірек айтсақ осы даналық ақылын әр ошақ басы шаңырақ астындағы бар балаға жаттатып, әр күні кешке қарай баланың ата-анасы «Абайдың он бесінші қара сөзі не деуші еді?» деп сұрап отырса ғой, шіркін. Сонда жеті жасар жеткіншек: «Егерде есті кісінің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айына бір, өзіңнен есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай  өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» – деп тақылдап тұрса!..

Әрине, өмірдің қызығы көп. Талай адам басқаларға өз қызығын ұсынып жатады. Өмірді қызықтау барлық адамға тән қасиет. Бірақ бұ тірлікте ылғи басқа біреудің қызығын қызықтасқаннан гөрі өз тындырған шаруаңды қызықтаған қызықтырақ екенін ескерткіміз келеді. Егер Сіз бір шаруаны өте жақсы тындыра алатын болсаңыз, онда сіз тек қана сол шаруамен айналысқаныңыз жөн. Сіздің шеберлікпен, махаббатпен тындырған сол шаруаңыз өзіңізге де, басқаларға да қуаныш сыйлайтын болады.

«Өмірден өз орнын табу» деп осыны айтады.

Өмірге қызығу, өз қызығыңды басқаларға ұсыну, осыларды істей жүріп өзіңнен-өзің есеп алып отыру, міне Абай дананың бізге қалдырып отырған мұрасы, «өзі өлсе де, өлді деп есептетпейтін» сөзі. Абай:

Өмірдің алды – ыстық, арты – суық,

Алды – ойын, арт жағы – мұңға жуық.

 

Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,

Көрге кірсең, үлгілі жақсы атақпен.

Арттағыға сөзің мен ісің қалса,

Өлсең де, өлмегенмен боласың тең.

Абайдың осы сөздері, өлең сөздері осы қарасөз жалғасы іспетті. Жас шағыңда өмір дегеніміз қызық пен ойын, сауық пен саран секілді. Сені ылықтырады. Егер ақыл жетіп өзіңді-өзің тежемесең, есеп алмасаң онда өмірдің арты – суыққа, мұңға айналады екен.

«Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,» – дейді Абай. Абайдың айтып отырған махаббаты қай махаббат? Біздіңше өзіңнің өмір мақсатыңды анықтап алып, сол жолда елге істемек қызметіңе деген махаббат. Сол ісіңе жақсы махаббатпен сүйсіне кірісенде ғана сен «көрге жақсы атақпен кіре аласың». Сонда ғана артыңда ісің менен сөзің қалмақ, сондай кісі өлсе де өлмегендей…

Абай махаббаты жөнінде ой саларлық тағы бір шумағын келтірейік:

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?!

Он алтыншы сөзге саяхат

Он алтыншы сөз, Абай қара сөздерінің ішіндегі ең қысқасы екен. Бұл сөз әр пенденің Алла тағала алдындағы міндеті жөнінде. Адамдардың өз діні алдында (басқа тілді болған жағдайда) тілін жаттықтыруы қажеттігін, көп дінді ортада жүрсе дінін таза ұстауы, ойлануы, үйренуі қажеттігін естеріне түсіреді.

Абайдың өз оқушыларына меңзеп отырған тіл жаттықтыру, үйрену атты тапсырмалары бірден-ақ түсінікті секілді. Құран сөздерін дұрыс айту үшін, тіл жаттықтыру, түсініксіз сөздер мағынасын дұрыс түсіну үшін, арнайы жаттығуларды қажет етері сөзсіз.

Ал дінін таза ұстау, ол туралы ойлану тапсырмасының астарында не жатыр? Біз көп жағдайда бұл сөздерге мән бермей, Абай сөздерін көңілмен емес, көзбен оқып өте беретін секілдіміз. Абай солай боларын ерте байқаған. Дінді таза ұстау – бұл күнде барлық діндар адамдардың бас ауруына айналатын мәселе болғалы тұр. Арабстанда қанша мемлекет бар, біздер үшін дін тану жолында соншама жол бар болып шықты.

Әлем бойынша, мұсылман дінінің бір ортақ институты ашылып, сол орталық барлық мұсылман елдерінің ерекшеліктерін ескере отырып, барлық сұрақтар бойынша бір ортақ шешімдер мен тезистер шығарып, дінімізді, сол арқылы бәрімізді бір тұтас күшке айналдырар кез де туар. Үміт те ақталар.

Біздер, қазақстандық мұсылмандар, сол күнге дейін, барлық талас тудырып жататын дін тазалығы туралы сұрақтар бойынша шешімді еліміздің діни басқармасының ыңғайында шешкеніміз дұрыс болар еді деп ойлаймыз.

Нағыз діндарлар, қай дінде болғанына қарамай, кісі қызыққандай таза жандар деп ойлаймыз. Адамға солар санасындай санамен, сондайлар сеніммен  Жаратқанға құлшылық етуден асқан ләззатты нәрсе жоқ та болар.

Санасы мұсылман жанның Құдайға құлшылық ету сәті, бес уақыт намазы – өмірден ерекше өз үлесін алатын кезі.

Абайдың Құдайға құлшылық деген сөзін оқи отырып, менің өз санама ерекше әсер еткен бір оқиға түсіп отыр. Жасы тоқсан бестегі бір науқас қарт кісінің  көңілін сұрауға бардым. Әлгі қарт: «Бүгін тәуірмін. Сайын, мені сүйемелдеп тұрғызып жіберші. Үш күн оқи алмадым, намазымды оқиын, сағынып қалдым ғой!» – деген еді.

Абайдың жалпы адам балаларынан Жаратқанға сенімі, қандастары мен қарындастары қазағынан талап етіп отырғаны осындай құлшылық.

Он жетінші сөзге саяхат

Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?

Бір бес күннің орны жоқ аптығарға.

Қай қызығы татиды қу өмірдің

Татуды араз, жақынды жат қыларға?

Абай осылай деген екен бір өлеңінде. Татумен араздасуға, жақыныңмен жат боларға бұ тірліктің еш қызығы татымайтынын, тіршілік қызығы бірлікте екенін мысал арқылы түсіндіреді.

Абай қайрат, ақыл, жүрек үшеуін айтыстырады. Үшеуінің таласын тыңдап: «Қайрат, сенің адам баласына тигізер пайдаң да көп, залалың да соншалық. Ақыл, барлық адам жақсылықты да, жамандықты да ақылмен істейді. Егер таза ұстаса, ізгі қылықты болса, үлкеннен ұялтатын, кішіге рахым еткізетін, жақсылыққа сүйіндіретін – жүрек!» – дейді, үшеуінің дауларын шешуге сөз алған ғалым.

Біз Абайдың осы мысал аңызын оқып отырып түсінгеніміз – әр түрлі адамдар түгілі, бір адам басындағы қасиеттердің де бір-бірімен ниеттес бола бермейтіндігі.

Ғалым әлгілерге, үшеуің бір болып, ізгі ниетті жүрек айтқанына бағына өмір сүрсеңдер – өздеріңнің иелеріңді бақытты етесіңдер деген тұжырым жасайды.

Біздің қосымша айта кетеріміз, Сіздің ішкі дүниеңізді мүмкін замандастарыңыз танымас, мойындамас. Сіз атақты бола алмауыңыз да мүмкін. Бірақ Сіз өзіңіз Абайдың адамшылық стандартына шақталып, қайратыңыз бен ақылыңызды ізгі жүрегіңізге бағындыра өмір сүріп, еңбек етсеңіз, ой ойлап, сөз сөйлесеңіз, өзіңізді өзіңіз іштей мақтап, «Мен Абай армандаған адамдаймын!» дей аласыз.

Абай адамдарды қандай түрде көргісі келеді, міне, он жетінші сөздің басты міндеті осыны анықтап беру болса керек. Ойшыл бабамыз дегеніне жеткен секілді.

Абай, қайраты мен ақылын ізгі жүрекке бағындыра жұмыс істеген адамды, басқаларға үлгі тұта: «Табанының топырағы көзге сүртерлік – қасиетті адам!» – деп баға береді.

Абайдың осы қара сөзіндегі асыл ойды ақыл таразысына салып қарасақ «қасиетті кісі» дәрежесіне жетуге әр кімнің де мүмкіншілігі бар секілді.

Он сегізінші сөзге саяхат

Абай бұл сөзін халық арасында «кербез» атын таратуға тырысатындарға арнапты. Өзіне табиғат бермеген сәнді қолдан жасамақ болып әлекке түсетіндерді, кедейлігін жасырып, бар болып көрінуге тырысатындарды сөз етеді. Бұл сөздер бар тірлігін отбасына, өз басына пайдалы еңбекке емес, әркімге еліктеуге тырысып, қор болатындарды ойлай отырып жазылған секілді.

…Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым дегеннің бәрі де – ақымақтық.

Бұл – Абай сөзі. Абай  – ойы.

Орынсыз кербездікке құмарларды тек қана Абай емес, басқа  адамдар да көрмей жүрген жоқ, көріп жүр. Бірақ олар «ақымақсың» деп айта алмайды, өйткені олар Абай емес.

Абай ғана айта алған. Абай солар үшін жаны күйгесін айтып отыр. Жаны күйген Алласын қарғардың кебі ғой…

Абай қара сөздері өлеңдерімен үндестік тауып толығып отырады:

Бір ғылымнан басқаның бәрі бекер асқанға,

Өйткен адам жолығар кешікпей-ақ тосқанға, –  деп келетін өлең жолдары жоғарыдағы сөзімен толық қабысады.

Абай бұл сөзінде адамның ішкі жан дүниесін байытуға күш салады.

Он тоғызыншы сөзге саяхат

Қазақ халқының «есті адам» дейтін сөз тіркесі бар еді. Сол сөз тіркесінің мән-мағынасына біз Абайдың он тоғызыншы сөзін оқығаннан кейін, зейін қоя бастадық.

Абай адам пенделері тіршілікте болып жатырған жақсы нәрселерді ескеріп жүрсе, жаман нәрселерден сақтанып жүрсе, оқыса, тоқыса, білгені көп болады, білімді адам болады дейді.

«Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады,» – дейді Абай.

Естігендеріннен, көргендеріннен өзіне пайдалы ештеңе ала алмайтын болса, шыға беріп қайта қалпына келетін болса, Абай ондай кісілерден қатты торығады.

«Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хаким айтқан екен, сол секілді сөз болады,» – депті, Абай.

Біздің ойымызша, Абайдың бір хаким деп отырғаны өзі болса керек.

Әйтпесе әлгі шошқа бағу туралы мысал сөзді біз басқалар еңбегінен кездестіре қоймаппыз.

Жиырмасыншы сөзге саяхат

Жиырмасыншы сөз адам бойында кездесер аса бір қауіпті, аса бір жағымсыз қасиетті талдауға арналған. Ол қасиет аты – жалығу.

…Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл аз ба, көп пе жалығады… Бұл сөзді Абай айтып отыр. Бірақ жалығудың өзі ақыл  мен ойдың жемісі екенін ескертіп қояды.

Бұл сөзін Абай: «Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет (арабша олжа, табыс)  екен деп ойлаймын,» –  деп қорытындылап, оқушыларына бастаған ойын аяқтап тастауға қалдырады.

Абай санап өткен адам басында кездесіп жататын, жоғарыда саналып шыққан, уақиғалар  ақылы жеткен адамды аз ба, көп пе жалықтырады екен.

Абайдың бұл арада жазбай кеткен біраз ойы бар секілді.

Ақылды адам өмірді біраз қызықтағаннан кейін ойланбай ма?

Мен неге сонша ойнап кеттім, неге орынсыз күлкіге, мақтанға құмарланып алдым? Маған кербезденген күндерім не берді?..

Өз қылығына, өз ісіне күндердің күнінде өзі разы болмаған ақылды адам міндетті түрде дұрыс жолға түсер болар. Ал егерде ол өзгермесе онда ол Абай айтқан ақымақтық пен қайғысыздықтың рахатын көріп жүргендердің бірі болмақ.

Жалғасы. басы: http://kozhalar.kz/20196808-abajdyng-qara-sozderi-5-10-sozder

 

 

 

 

 

 

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу