Ғалымның хаты

Сыздық сұлтан

Мәделіқожаның үш атақты замандасы

«Қоқан қорықты ұрысты көре-көре,
Әр кілтін қорғанның бере-бере,
Иқанның бір ұрысында ерлік қылды
Баласы Кене ханның Сыздық төре.

Хандығы Әлімқұлдың кие болды,
Сыздықтың сол ерлігі жүйе болды,
Орыс барып Тәшкенді алар жылы
Қайтқан баққа бес-алты ай ие болды».

Майлықожа 1

Майлықожа жырларында есімдері аталатын, көпшілікке белгілі болған үш атақты замандасының ішінде ең танымалы, заманында даңқы жер жарғаны атақты Сыздық сұлтан екендігі дау тудырмайды. Мысалы оның есімін ақын нағашысы Мәделіқожаның қартайып, денсаулығы сыр беріп, оның үстіне екі жаужүрек інісі Кенжехан мен Уәлихандар дүниеден озып, көңілі құлази бастаған шағында келіп көңілін сұраған өлеңінде:

Сыздық, Назар, Момынбек
Сырлас едің бетер соңы боп
Солармен қатар құрбы едің, – деп атап өтеді.

Сыздық сұлтанның жауынгерлік өнерін, қас батырлығын досы да, жауы да мойындағаны белгілі. Оған «Кенесары и Садык» кітабының кіріспе сөзін жазған орыс тарихшысы Е.Т. Смирновтың «последний боец за независимость киргизского народа»2 деп берген бағасының өзі-ақ қайда жатыр десеңші! Сыздық сұлтанның Қазақстанның күнгейін орыс отаршыларынан қорғаймын, кәпірлерге бермеймін деп жауға қарсы жортқанында атының тұяғы тимеген жер қалмады десе болады. Ақыры туған елі түгелімен Ресей империясына бодан болғанында қайсар төре Орта Азияның үш хандығы – Қоқан, Бұқар, Қиуа мемлекеттері жағында күресін жалғастырып, олар да орыстарға тәуелді болған соң, Қашғарға өтіп кетіп, бұл елді қытай әскерлері алған соң ғана барып 17 жыл қылышын қынына салмаған сұлтанның рухы біршама басылып, ата жауынан кешірім алып, қалған өмірін Шымкент маңындағы Ханқорған деген жерде өткізеді. Өмірінде бар көргені соғыс болып, дүние-малға қызықпаған Сыздық төрені жұрт құшақ жая қарсы алып алдына мал салып беріп, ол соның есебінен күнін көреді. Осы кездері оған «Повинную голову не секут, не рубят. Великий Государь прощает твою прежнюю вину. Мы тоже прощаем. Живи в наих владениях, где пожелаешь»3 деп кеңдік жасаған орыс ұлықтарының шын мәнінде қаншалықты кешірім жасағаны, басына бостандық бергені жайлы соңғы жылдары ғана анық белгілі болып отыр. Мысалы, Өзбек Республикасының Мемлекеттік бас мұрағатында Сыздық сұлтанның 1879 жылдың 12 қазанымен белгіленген Ташкент пен Құрама оязына 15 күнге барып келу үшін рұқсат сұрап Түркістан генерал-губернаторына атына арнайы жазған арызы, оған бауыры Ахмет төренің кепілдік беретіні айтылған4 және оның Ақмола оязына 5 айға жіберуді өтінген тағы бір арызы бар екен. Оның осы екі арызына қатысты орыс ұлықтарының жазғандарымен танысып шыққанда олардың Сыздық төрені әскери тұтқын ретінде қарастыруын қоймай, сұлтанды, Мәделіқожаның сөзімен айтқанда «ұзын арқан-тұсауды кең құрып тұр» етіп жетектеп жүргенін бірден түсінуге болады. Мысалы, Сыздық сұлтанғае қалаған жерге қоныстануына рұқсат бергенімен орыс әскери шінеуніктері ерекше қырағылық көрсетіп кеңсе аралық хат алысу барысында «Садык уже настолько стар, что едва ли может предпринять что либо враждебное Русскому Правительству. Впрочем, при водворении Садыка, следовало бы обязать Ахмеда письменным поручительством в том, что он обязывается следить за Садыком. В случае [если] он будет жить неспокойно, немедленно донести под опасением ответственности по закону, как за сокрытие преступления»5 деп өздеріне жан-тәнімен қызмет еткен Ахмет төреге де ала көзбен қарауларын бір сәтке де тоқтаспастан, інісіне ағасын аңдытып қойғанын көреміз.

Бір кереметі сұлтанның бұл арызын орыс тіліне аударып берген Сейітжаппар төре Асфендияровтың өзі екен. Бұл деректің арқасында сол кездері қазақ төрелерінің өзара сыйластығы қандай болғаны жөнінде де мағлұмат алудың сәті түсті.6 Тағы бір айтып кететін қызық жай, осы секілді құжаттардың ішінде Сыздық сұлтанның Қашғардан ауып келіп, оны күтіп алған орыс офицерлеріне берілгенінде тапсырған қару-жарағы – қосауыз мылтығы, орыс атты әскерлерінің винтовкасы мен қылышын, Ұлы князь Николай Константиновичтен қайтырып беруді өтінгені жөнінде де деректер сақталған екен. Мұның арты біраз кеңсе аралық хат алысуға айналып кетеді де, бірақ, өкініштісі, қару-жарақ егесіне қайтарылғаны жайлы сөз қозғалмайды. Ал енді Сыздық сұлтан жайлы әңгімемді тарих беттерінен орын алған, оның қолбасшылық өнеріне кір келтіретін бір оқыс оқиғаны талдаумен жалғастырсам деймін. Мұнда әңгіме Созақ қамалын полковник Черняев бастаған орыс әскерлерінің қалай алғаны жайлы болмақ.

Ресей тарихшыларының мәліметтеріне сенсек алғашқы мәрте Созақ қамалы орыс отаршыларының қолына 1863 жылдың мамыр айында өткен болып шығады. Оның қалай алынғаны жөнінде олардың жазбагерлері былай деп жазады:

«При приближении отряда Черняева к Сузаку там вспыхнуло восстание против кокандских властей. Население Сузака заставило кокандский гарнизон сложить оружие и объявило о своем желании принять русское подданство. Их примеру последовали казахи Биштамгалинского рода, кочевавшие в районе Чолак-Кургана и Сузака».7

«В начале марта 1863 г. генерал-губернатор Безак приказал начальнику своего штаба провести рекогносцировку района от Джулека до города Туркестана… Операция, проводившаяся исключительно с разведывательными целями, обернулась неожидан-ным результатом. Казачий отряд Черняева шел по заснеженной пустыне под густыми снегопадами, потом под палящим степным солнцем и к концу мая дошел до крепости Сузак. В это время там вспыхнуло восстание против кокандской власти – повсеместно жестокой и разорительной. Своей артиллерией Михаил Григорьевич поддержал восставших; Кокандский гарнизон сложил оружие, а население Сузака попросилось в российское подданство».8

Бір қызығы, алғашқы автор, Н.А. Халфин, Созақ халқының орыстың қол астына сұранғанын қуана жазып кеткен соң, «Неожиданные успехи отряда Черняева (хотя он и не «занял окончательно» Сузак) вызвали беспокойство Безака, опасавшегося недовольства Министерства иностранных дел. В донесении правительству оренбургский генерал-губернатор отмежевывался от действий Черняева»9 – деп шегіншектеп, Созақтың арғы тарихын аузына қайтадан алмай, келесі 1864 жылы орыс әскерлерінің Мерке, Әулие-Ата, Түркістан, Шымкентті қалай басып алғандары жөнінде әңгімесімен ары қарай өрбітеді.

Сол секілді, қол жеткен басқа да орыс деректерінде Созақтың екінші мәрте алынғаны жөнінде мәлімет кездеспеді. Тек полковник Веревкин бастаған орыс әскерлерінің Түркістанды қамағанын кезінде бұл соғыскер Созақтың ақсақалдарынан астыртын хат алғанын ауызға алып өтіп,10 онда екұшты сөздер жазылғанын, Сыздықтың қаланы тастап шығып Шолаққорған түбінде тұрғанын, сұлтанның ойында не барын білмейтіндерін, Түркістан әкімі Мырза-Дәулетпен екеуінің арасы нашар деген сөздер бар болғанын баяндап кеткен. Бұдан ары орыс офицері Сыздық сұлтан Суындық асуынан 120 «кольчужник»11 сауыт құрсанған сарбазбен өтіп, оның жолын кесіп, тосып алуға аттанған есаул Савиннің отрядын жер қаптырып, қалаға 1864 жылдың 10 маусымында аман-есен кіріп кеткенін айтып өтеді. Олай болса орыс әскерлері Созақты жаулап алған болып шықпайды. Қамал жау тылында, өз тағдыры өзінің қолында болған күйі қала берген болады.

Ал енді полковник Черняевтың Созақты бірінші рет 1883 жылы алғаны туралы жазғаны – қаланың халқы көтеріліп қоқандықтарды өздері қуып шығып, орыстарға өз еркімен қуана-қуана берілгендігі қаншалықты шындыққа жанасады, осыған әңгіме басын бұрсам деймін. Бірақ, алдымен, кішкене шегініс жасап алмасам тағы болмайды.

Қазақ хандығының тарихы қарсылас, бақталас елдің өкілдерінен қалған мәліметтерге сүйеніп жазылғаны, әлі де толықтырылып жатқаны белгілі. Бұлай болуының себебі жазба әдебиетіміздің, оның ішінде әсіресе тарихымызға қатысты қолжазбалардың болмағандығы қолбайлау болып, амалсыздан сырт жерде жазылған құжаттарға жүгінуімізге мәжбүр етіп жатқаны құпия емес. Ал енді ол дерек көздеріндегі мағлұматтар қаншалықты ақиқатқа сай келеді, мәселе сонда болып тұр. Әрине, шет елдердің жазбагерлері ең алдымен өз мүддесін ойлауы заңды құбылыс және көбінше өздеріне тәуелді болған халықты мүсіркеп, жарылқап жатпайтыны да түсінікті жай. Сол себепті біздер олардың қолжазбаларымен танысарда өте мұқият болуымыз керек. Өйткені жолай айтылған сөздердің ішінен кейде астарлы мағыналы, бұрын беймәлім болған нәрселердің ұшы ілініп қалатын кездері болып тұрады. Мысалы, полковник Черняевтың тәкаппар, өзімшіл болғанын, «ақбоз аттың үстінде» отырғанды жақсы көретіні, үнемі алда, бірінші қатарда жалғыздан жалғыз болғысы келетін әдетін замандастарының біразы сыдыртып болса да айтып кеткені белгілі. Мұны, жоғарыда аты аталған орыс тарихшысы Н.А. Халфин да бұл офицердің Шымкентті алмақшы болып жасаған, орыс әскери әдебиет көздерінде үнемі «барлау» деп көрсететін бірінші жорығы жайлы жазып өткен тұсында әдейі тырнақшаға алып, ашып айтып кетуді дұрыс деп санайды және онысын былайша жазып кеткен:

«Попытка Черняева овладеть Чимкентом окончилась полной неудачей. Встретив упорное сопротивление, Черняев был вынужден в конце июня снять осаду. В донесениях Дюгамелю он называл свой поход «рекогносцировкой Чимкента» и заявлял, что намерен через некоторый срок занять этот город».12

Черняевтың хаттамаларында осылайша өз әрекеттерін әсірелеп, жеңіске оңай, болар-болмас шығынмен жеттім деп жазатын тұстары жетіп жатыр. Оның Шымкенті бірінші барғаннан ала алмай қайтып кеткені секілді кейін Ташкентті де тура солай «барлап» қайтқаны да тарихтан белгілі. Орыс жазбаларында 1863 жылы Созақ пен Шолаққорған жаққа аттанар кезде оның алдына бас штабтың қойған тапсырмасы – тек барар жолды барлап қайту ғана болғаны ашық айтылады. Алайда ол мұны қанағат тұтпай, қамалды оп-оңай алдым деп сүйіншілеп қайтады. Неге олай істейді, мәселе осында. Шындап келгенде Черняев мұндай қулыққа салынып орталыққа, Ресей астанасы Петербордағы императорға Қоқан хандығын алу иттен арзанға түседі, аз ғана қолмен алуға болады деп көрсеткісі келген. Ақыры осы сықылды әрекеттерінің арқасында ол көздегеніне жеткен. Себебі, алғашқыда оның Созақты «алдым» деген сөзінен ат-тонын ала қашқан Орынбор генерал-губернаторы Безак пен полковник Веревкин секілді ұлықтар, ақыры Петерборға барлық болып жатқан жағдайларды біржақты етіп жаза отырып, императордың 1864 жылы шабуылға шығып Жаңақоқан линиясын орнату жөнінде бұйрық шығаруға итермелейді. Ойындағысы орындалған соң Черняевтың қолдары шешіліп ол әп-сәтте әскербасы болып шыға келеді. Ал енді оның Созақ қамалын «алғанының» шындықтан өтірікке әлдеқайда жақын тұрғанын Сырдарья облысының әскери губернаторы генерал-майор Н.И. Гродековтың 1887 жылы қызметі қысқартылып жұмыссыз қалған сұлтан Ахмет Кенесаринге орыс үкіметінің алдында атқарған қыруар еңбектерін ескеріп 750 сомдық өмірлік пенсия беру жөнінде жазған өтінішіндегі мына бір сөздер растайды:

«В том же году султан Ахмет с своими киргизами участвовал в рекогносцировке полковника Черняева к Сузаку и Чулак-кургану, входивших в состав Туркестанского бекства».13

Түбінде латынның Recognosco (көру, қарап шығу), кейіндері немістің Rekognoszierung деген сөзііне айналған, бүгінгі орыстың регонсцировка деген ұғымы – қарсылас жақ туралы түрлі барлау мәліметтерін жеке штаб офицері немесе офицерлер тобы өздерінің жасап қайтуын білдіреді. Және бұл сөздерді жазған жай бір орыстың қарапайым шінеунігі емес, өзі де талай қан майданды басынан өткерген білікті әскери тұлға. Егер де Гродековтың полковник Черняевтың жасаған «ерлігіне» көзі анық жетіп тұрған болса, ол міндетті түрде оның Созақты 1863 жылы ойда-жоқта алғанында Ахмет төренің де сол жолы атқарған қызметін «өз қырғыздарымен барлауға қатысты» деп ғана келте қайырып қоймастан, өздеріне шын берілген төрені барынша мадақтап шыға келер еді. Оның үстіне Ахмет төре де өзінің әкесі Кенесары хан мен Сыздық сұлтан туралы кітабында сол жолы Созақтың қоқандықтарды қуып шығып Черняевты құшақ ашып қарсы алғаны жөнінде тіс жармағаны бекер емес болар. Жалпы, полковник Черняевтың, басқа да орыс офицерлерінің кейбірде бармақтарын бүгіп қалатындарын Ахмет төренің ағасы Сыздық сұлтанның күрес жолы туралы жазылған сол естеліктегі14 басқа да көріністерден байқауға болады. Мысалы, Черняевтың әскері Шымкент маңындағы Қосдиірмен деген жерде жеткенде оның жіберген барлаушы атты казактарының Сыздық сұлтанның сарбаздарымен қақтығысып қалғанын полковник ешжерде аузына алмайды. Себебі сұлтан жауынгерлік серілігін көрсетіп полковник өз тарапынан қанша жауынгер жұмсаған болса, ол да сонша жігіт жіберіп отырып, ақыры екі жақ қоян-қолтық шайқасып ешкімде таза жеңіске жете алмай кері қайтады. Алайда Черняев бұл теке-тірес жайлы естеліктерінде тіс жармауды жөн көреді, өйткені бұл жолы ол жауын ойсырата жеңіп, тырқырата қуып жібере алмаған болатын. Біз мұны оның тәкаппарлығына жатқызсақ та болады, бірақ бұл шын жауынгерге тән серілікке жатпайтыны айтпаса да түсінікті. Есесіне бұл полковник қазақ батырлары туралы кіжіне «оларда кім келген батыр атанады, бір қойдың етін жеген де, бір мес қымыз ішкенде батыр болып шыға келеді» деп жазады. Бұл оның қазақтардың күнделікті тіршілікте біреуді мадақтап айтып жататын жай сөз екенін түсінбей, шын қабылдап өзінше сынағаны болса керек. Сол секілді Ақбұлақ басында болған үлкен шайқаста да Сыздық сұлтанның ту ұстап орыс солдаттарынан 100 қадам жерде қардай жауған оқ астында бір сағаттай тұрғаны жөнінде Черняев те, соған куә болған басқа да орыс жауынгерлерінің ешқайсысы да аузына алмай кетуді жөн көрген. Ал енді өздері көрсеткен ерліктерді бірінің аузынан бірі іліп алып қайталай бергенде олар кейде алдарына жан салмайтыны және бар… Мүмкін қазақтар жағынан көрсетілген көзсіз ерліктерді орыс соғыскерлері, әсте, далалықтарға тән жабайылыққа жатқызған болса керек.

Енді сөзімнің арқауы Созақ кентіне қайта оралып, бұл қамалды орыстардың қалай алғаны жөнінде қазақтардың өздерінің ішінде сақталып қалған бір сирек естеліктен алынған үзіндімен жалғастырсам деймін. Оны 2015 жылы Созақ ауылының 80-нен асқан тұрғыны, руы тарақты Тәуекел атаның өз аузынан естіп, жиені Жақияға жаздыртып алғаным бар-ды. Бұл әңгімені қария өзінің атасы Бүркітбайдан бала кезінде естіген екен. Қалай десек те бұл естеліктің түбінде бір ақиқаттың жатқаны ақсақалдың сөз саптасынан-ақ аңғаруға болады.15

Ералы ОСПАНҰЛЫ, суретші, Шымкент қаласы

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу