Ғақлиат

Абайдың қара сөздері (5-10 сөздер)

Бесінші сөзге саяхат

Абай бесінші сөзінде әрекетсіздік пен талапсыздықты мойындатар, қулық пен айлаға алдандырар біраз қазақ мақалдарын іріктеп алып, сол сөздердің ел тәрбиесіне қаншалықты теріс әсерін тигізіп тұрғаны туралы ойлану қажеттігін дәлелдейді. Сол мақалдардағы айтылғандарды пайдасына асырмақ болып пайдаланатын кісілер туралы ашына толғайды. Осы мақалдарды сынау арқылы еңбек етуді (мал табуды) уағыздайды.

Абай қазақтың біраз мақалдарын тізіп келтіреді де, сол мақалдардағы сұрампаздық, қайыршылық сарындарын табады. Сол мақалдарды келтіре отырып, Абай өз өкінішін білдіреді. Абай өкініші осы мақалдарда қазақ «…тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін…» неге қам жемейді, қазақ мақалдары соларды іздеу жолында неге туындамайдыға соғады.

«Бұлардың жас баладан ақылының несі артық? Бірақ, жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?» – дейді.

Абай бұл сөзінде адамдар қылығын зерделеу арқылы жаратылыс пен Жаратушы туралы пікірін аңғартқан. Абайдың Жаратушы Алла туралы, о дүние барлығы туралы ойлану қажеттігін,  адамның әр іс-әрекеті, ойы мен сөзі бүгінгі күнгі ұят пен ертеңгі күнгі тозақ деген түсінікті есте ұстау керектігін түсіндіре алған.

Алтыншы сөзге саяхат

Абай қандастарының, бауырларының, жалпы айтқанда елінің адамгершілік қасиеттері мен ұяты мол болғанын арман еткен адам..

Абай бұл сөзінде «Өнер алды –  бірлік, ырыс алды – тірлік» атты қазақ мақалының көлеңкелі жағына қатты шүйіледі. Абай түсінігінде бәрін ортаға салу бірлік емес.

…Ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ… Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал?

«Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік?..

Сөз түсінетін адамға «Жан итте де бар» деген қандай ауыр сөз!

Тек қана тірлікті қымбат санаудың адамның адамдық қасиеттерінен бездірер нәрсе екенін, адамдық принциптерден алшақтатар нәрсе екенін ескертеді.

…Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады.

Бұ заманда адамның әр іс-әрекетіне «ұят» деген кісілік көрсеткіші араласып, өз дауысын толық пайдаға асырушы, о заманда «тозақ» деген азап барын мойындап одан қорқа өмір сүруші Абай іздеген «толық адам» қасиеттерін бойына сіңірген адам болса керек.

Абайдың бұл сөзде марксизм мен коммунизм негіздерін жоққа шығара отырып, сана жоғары болу қажеттігін ескертеді.

Бұл сөзде адамдардың рухани бірлікке шақырар ортақ азығы болу қажеттілігі анықталады. Көкірегі тірі, көңілі ояу боп өмір сүруді уағыздайды.

Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,

Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып… деген сөзді Абай тектен-тек ойдан шығарған жоқ. Ондай адамдар бұ заманда да жетерлік.

…Кеселді, жалқау, қылжақбас,

Әзір тамақ, әзір ас,

Сыртың –  пысық, ішің – нас,

Артын ойлап ұялмас, –

болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық…

Абайдың жағымсыз кейіпкерлері осындай тұрпатты адамдар. Қандай қорқынышты кісілер. Олар тек қана өзінің емес, басқалар өмірін ластауға да ұялмайтын адамдар.

Ең қорқыныштысы – солар қолына тиген билік. Әлгі қасиеттерімен ел басына жіберілетін «құрметті қайраткерлер», ішінің настығын байқатпай, пысықсынып ел сөзін сөйлегенсіп, алып қал, жұлып қал принципімен өз ісінің артын ойлап жатпай, адам мен табиғат сұранысы деген негізгі тірлік қағидаларынан аулақ өмір сүреді.

Әйтпесе тірімін деме, одан да өлімнің өзі артық деп, әлгіндей тірілерге өте ауыр салмақ артады

Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Надандық… Еріншектік… Залымдық,» дейді.

Абай білім-ғылымның жоқтығы адамдарды надан етеді, қор етеді дей келіп, оны хайуандыққа теңейді.

Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.

Залымдық – адам баласының дұшпаны.

Жетінші сөзге саяхат

Жетінші сөз – Абайдың жан туралы толғанысы. Адам жаны мен хайуан жаны туралы түсінік.

Бала жаны білімге құмар келеді.

Ересек болғанда неге сол баланың «білсем деген» құмарлық қасиетін сөндіріп аламыз?

Ол жанның тамағы еді.

Біз тән сұранысын қамдап жүріп, жан тамағы туралы неге ұмытамыз? Біз сұранып, ізденіп ғылым тапқандардан үлгі алып жан тамағын неге қамдамаймыз?

Бұл сөз кез-келген адамның, кез-келген мемлекеттің даму, жетілу бағдарламасы десе боларлық сөз.

…Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?

Жанды тәнге билеткен жерде көкіректе сәуле сөнеді, көңілде сенім қалмайды дейді Абай данышпан.

Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек…

Жанды тәнге билеткен жерде жүректегі «жылы жүрек» атты нәрсе оянбай қалатынын қазіргі заман адамдары дәлелдеп берді. Бұл қасиет, әсіресе, билік пен байлыққа қолы жеткендер жүрегінен тезірек жоғалатын секілді.

…Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда…

Жанды тәнге билетіп, надандығымызды желсөзділікпен бүркемелегенде, жылы жүрек мұздайды, көкірек сәуле шашпайды, көңілде сенім қалмайды дейді данышпан Абай.

…Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. …білсек екенбіз деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп тпласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз.

Сегізінші сөзге саяхат

Сегізінші сөз – ерекше қасиетті сөз!

Өйткені бұл сөздегі Абай сынаған кейіпкерлерді барлық заман адамдары «бұлар – дәл біздің замандастарымыз» дейтініне сенімім мол.

…Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?

Біреу – болыс, біреу – би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді…

Абай бұ кісілер туралы тек қана қара сөздерінде емес, өлең сөздерімен де толғанған екен.

Ойға түстім толғандым,

Өз мінімді қолға алдым.

Мінезіме көз салдым,

Өзіме өзім жақпадым…

…Көрінгенге қызықтым,

Ғаділетті жүректің

Әділетін бұзыппын;

Ақыл менен білімнен

Әбден үміт үзіппін;

Айла менен амалды

Меруерттей тізіппін…

Өлеңдегі ой да, қара сөздегі ой да бір мақсатты.

Адам өміріне, қоғамға адамдық, ақыл, ғылым, білім секілді қасиеттердің берерін байлар бойына сіңіру үшін оқып, тоқып жатпайды. Өйткені байлар әлгілерді байлығымен сатып алады дейді.

Абай сөзін шындыққа шығарар бұ заманда мысалдары да жеткілікті.

Баста білімі болмаса да, сатып алған дипломы бар. О да өзін инженермін дей алады. Жүргізушінің куәлігі бар, бірақ машина жайын ұқпайды. Ел құрметі жоқ болса мейлі, сатып алған «құрметті азамат» атағы бар. Ел басқара алмаса несі бар, жауап берер орынбасары бар.

Абай кейіпкерлерінде ақылды кім үйренбейді, насихатты кім тыңдамайды? Алғашқылары болып болыс пен би аттары аталыпты. Солардың соңына ұры-залым мен сұм-сұрқия тіркеліпті.

«Қой жүнді қоңыршалар күнін көре алмай жүр. Білім, ғылым кедейге керегі жоқтай-ақ» деп назырқайды.

Тоғызыншы сөзге саяхат

Абайдың тоғызыншы сөзін оқығанда, адам пенделерінің қылығына бола өкініштен Абайға жаның ашып кетеді. Бұл жерде Абай кісілігі бұл сөздегі торығу сөздері жалпы жерді екі аяқпен басып жүрген, саналы адам, Алланың өз қолымен жаратқан пенделеріне деген өкпеден туған.

Тек қана Абай адамдарды данышпандықпен, өз межесімен өлшеп, сонымен көргісі келеді. Абай дәрежесіне жете алмайтындар қалайша Абайша ойламақ?

Қалайша саналы тірліктен Абай өлшемімен өмір сүрмек?

Ол мүмкін емес…

Бірақ Абай адамдардан (тек қана қазақтардан емес) бұ жобасынан жоғарырақ тұғырда көргісі келеді.

Мен өзім тірі болсам да, анық тірі емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін.

Абай тек қана қазақ басындағы кемшіліктерді емес, жалпы адамзат басындағы келеңсіздіктерді түгел білген, таныған. Абайдың И. Крылов еңбектерін түгелге жуық аударуы, Ескендір патшаның көзіне құм құюы, Онегинді жүрегі сөнген адамды өз халқына танытуы соны аңғартады. Абайдың ащы сөздері тек қана қазақ халқының емес, жалпы адамзаттың еншісі. Адам пендесінің діни кітаптардағы, мектеп оқулықтарындағы, жазушылардың жағымды кейіпкеріндегі қылықтарды таба алмай торығуы.

Осы жол авторы да сондай бір толғану кезінде «Адамды Құдай жаратты дегенге сенейін десем, Құдайды аяймын, адам маймылдан жаралды дегенге сенейін десем, адамды аяймын,» деген екен…

Адамдардың адамға тек бет пішінімен емес, жан-дүниесімен де ұқсап тұрғанына не жетсін…

Абай ізденеді. Ол жақсы адамдардың қандай болатынын көрмек болып, шет елдер мен жат жұрттарға сапар да етпек болады.

Бірақ ол өзінің ерекше жаратылған ақылымен жалпы адамзат проблемалары барлық жерде бірдей екенін байқаған да болар.

Содан барып сол ойды түсінікті ету үшін өлер кезде: «…әттеген-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай аттана алады.

Абайдың барлық жазғаны, қайғысы, азап шектірері өзінің не Тобықтының қайғысы емес. Ол әлемдік дәрежеде ойлана отырып, толғанады. Қайғы-қасірет туралы сөз жазып отырып, өз басындағы батпандаған ауыр қайғыны есіне алмауы, сатқындық туралы ой толғап отырып, өзіне опасыздық еткен жандар туралы сөз кірістірмеуі… соның дәлелі…

Оныншы сөзге саяхат

Оныншы сөз – нағыз ұстаздар сөзі. Адамдар ұрпақ өсіруге міндетті, мүдделі. Құдай солай жаратқан.

Енді Абайдың оныншы сөзінен үзінділер алсақ:

…Біреулер Құдайдан бала тілейді…

…Тірлікте өзің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды?

…Қартайғанда асырасын десең, о да – бір бос сөз. Әуелі – өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші – балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма? Үшінші – малың болса, кім асырамайды?

…баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары – о да екі талай.

…Хош, Құдай тағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе?

…Әуелі, балаңды өзің алдайсың.

Абай бұл еңбегінде ата-ананың балаға үйретер жаман қылықтарының бәрін теріп шығады.

Ата-анасы баласына біреу сені сатып кетеді деп, сенімсіздікке үйретеді дейді. Баланы не бір күнәһарлыққа үйрететінін, қу бол, сұм бол деп, тіпті біреулерді боқтатып, тентектікке үйретіп жүретіндер әдетін сынға алады.

Сондай ойлыларға бала не үшін қажеттігін түсінбейді.

Бала атаның жаны десек, мал – адамның тәні. Бұл сөзінде де екеуі қабаттала айтылады.

Құдайдан мал тілейді, бергенін алмайды деп сөгеді. Мал табу үшін деннің саулығын берді, сананың ақылын берді. Осыларды орнына жұмсап, адал еңбек ету қажеттігін кім мал таппайды, кім бай болмайды дейді.

Ал мал тапқандарға, бай болғандаға өкпесі бөлек. Малдың арқасында неге ғылым іздемейсің? Өзің болмасаң, сол малды жұмсап неге балаңа ғылым білдірмейсің?

 

 

 

 

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған